• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2011

«Өмірім – ұрпағымдікі, тапқаным – халқымдікі», – дейді кәсіпкер отандасымыз Ярмұхаммед Искендиров

516 рет
көрсетілді

Жомарттық – мұқтаж адам­дарға қалтқысыз, шын-пейілмен, ада­л жүрекпен қайырымдылық жа­сау десек те, мұндай мәрттік екі­­нің бірінің қолынан келе бермейтін асыл қасиет. Атам қазақ: «Жақ­сы­ның жақсылығын айт, нұ­ры тасы­сын», – дейтіні ел ішін­­де жүрегі мейірім мен шапа­ғат­қа толы, жүр­ген жерінде қам­қор­лық пен жо­март­тық жасап, ха­л­ықтың алғы­сы­на бөленіп жүр­ген адам­дарды жұртшылық танып-біліп құрмет­теп жүрсін деген да­на­лық. Бүгін біз әңгіме еткелі отырған Яр­мұхаммед Искендиров те ха­лық­қа қайырым­ды­лық жасаудан шарша­майтын жан-жүрегі ізгілікке толы, жара­ты­лысы дара тұлға. Бізді таң­дан­дырған да, баурап алған да Ярмұхаммед ағаның осы қасиеті. Пешенесіне жазылған тағ­дыр­­дың жазуымен кейіпкеріміз 1950 жылы Қытай Халық Рес­пуб­л­ика­сы­ның Құлжа қала­сын­да шаруа отбасында дүниеге келді. Әкесі Өміржан мен анасы Әмина сегіз перзент сүйген адам­дар. «Ба­лалы үй базар», дегенімізбен, көп бала­ны асырап жеткізу оңай болма­ған­дықтан, әкесі Өміржан диқан күн шапа­ғы атқанда егіс басына аттанып, күн ұясына қон­ған­да қышлаққа әрең оралатын. Анасы Әмина құдай қосқан қоса­ғының тілеуін тілеп, құрсағынан тараған бө­бек­терін бағып, ша­ңы­рақтың берекесін айрандай ұйытты. Әртүрлі себептерге байла­ныс­ты Қытайдан КСРО-ға қо­ныс аударулар 1963 жылға қарай тоқтап қал­ға­ны белгілі. Міне, сол көшпен, яғни 1962 жылы Искендировтер әу­леті қазақтың ең құнарлы аймақ­тары­ның бірі Оңтүстік Қазақстан облы­сының Ермоловка, қазіргі Бер­ген Исаханов ауылына көшіп үл­гер­ген еді. Дархан даласындай қо­нақ­­жай қа­зақтардың арасына тез сіңіп кеткен Өміржанның отба­сы бұл жер­де мал шаруашы­лы­ғын үйі­ріп әкетті. Қазақ бала­ларымен бір атаның баласындай тіл та­быс­­қан Ярмұхам­мед мектепті көр­ші Ақ­да­ла ке­ң­шарын­дағы қа­зақ-орыс ин­тер­на­тын­да жатып оқыды. Пән­дер­дің ішінде математика саба­ғын жан-тә­ні­­мен жақ­сы көрді. Бұл Яри­дің саналы ғұмырында үлкен көмек болды. Ортасынан ерте есейген жас өрен сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін, Сарыағаштағы зоо­тех­ни­калық техникумға құжат­тарын тапсырып, оқуға түскені­мен, оны орта жолда тастап кетуіне жас­тық­тың албырт сезімі кедергі келтірді. Қазақтың бота көз, оймақ ауыз, қи­ғаш қас, сүм­біл шашты талдыр­маш қызын көріп, ғашықтық дертіне ұшыра­ды. Оның үстіне аты да анасына ұқсас Әлима болып шық­пасы бар ма. Жас ару да сегізінші сы­нып­тан кейін өнер оқу орда­сы­на тү­сіпті. Бірін-бірі тапқан екі жұп албырт сезімнің құшағында бә­рі­не көздерін жұма қарап, шаңы­рақ кө­теруге бел буды. Жастық­тың мөл­дір кемесінде табысқан екеуі бүгін­гі таңда алпыстың асқарына шықса да әлі күнге сол кездегі бұ­лақтай таза сезімдерінен бір сәтке де ажыраған емес. Жарық дүниеге 5 ұл, 2 қыз әкел­ген Ярмұхаммед пен Әлима олар­дан 19 немере сү­йіп, ар­дақты ата, асыл әже атанып отыр. Бар­ған жерінде мәрттігімен көзге түсіп, көптің қамқоршысына ай­нал­ған Ярмұхаммедті қалың ел еркелетіп «біздің Яри», деп атайды. Бұл атауға ол да әбден үйреніп алған. Өзінің бойында саудаға деген, соның ішінде тамақ әзірлеу тех­нологиясына деген айрықша қабі­леттің барын байқап, 1978 жылы осы саланы меңгеруге ден қойды. Бұл бастамасын Шым­кент қала­сын­дағы тамақ әзірлеу комбина­ты­нан бастауды жөн кө­ріп, сонда жұмысқа орналасты. Ойлағанын­дай аталмыш сала оның табиғаты­на жақын болып шықты. Тамақ әзір­леу, сұраныс ту­дыру және оны өткізе білу қа­білеті арқылы Яри бірден бас­шы­лар­дың назарына ілікті. Оның қо­лынан шыққан буы бұрқы­раған дәмді астың сұраушылары көбе­йіп, жолдың арғы бетіндегі та­мақ әзір­леу асханаларының жұмыс­тары тоқ­тауға дейін жетті. Көптің ықы­ла­сына бөлен­ген жас жігіт енді мұны жеке кәсіпке айнал­ды­руды жөн кө­ріп, кәуап әзірлеу ісін қолға алды. Оның бұл қабілетіне қызық­қан маңайын­дағы кафе бас­шы­лары әкім­шілік қызметке ша­қы­рып, Яри ендігі өмір жолын кафе, мейрамхана жұ­мыс­тарын бас­қару­ға арнады. Қа­зақ­стан өз тәуел­сіздігін алған жыл­дары Яри елімізге келіп, ауыл адам­дары­нан тері, жүн, темір өнімдері шикіза­тын жинаған қытай саудагерлерімен жұмыс жасап, 2001 жылға дейін осы сауда саласын басқарып келді. Яри өзінің өмірін саудагерлік жол­ға, кәсіпкерлікке арнағаны­мен, ақшаға құнығып, адамдық құнды­лық­тарды жоғалтпаған, керісінше қолында барды бөліп беруге ұмты­латын қарапайым да ерекше жан. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын Яри бала күні­нен футбол ойынын жанындай жақсы көргенімен, айту­лы шеберлікке жете алмаса да, фут­болға үлкен жанашыр бола білді. Дүние жүзінде футболдың үлкен өнер екенін жақсы түсінген ол рес­пуб­­ликадағы спортқа қабілетті ба­ла­­лар­ды жинап, 1999 жылы өз күші­­мен футбол командасын құрып, оны қаржыландырып тұрды. Спорт саң­лақ­тары қанаттанды-ау деген шақ­та еліміздегі ұйғыр эт­но­сының басын қосып, футбол жа­рысын өт­кіз­ді. Ар­тынша 25 спорт­шыдан тұ­ра­тын команда Қы­тай Халық Рес­пуб­лика­сын­да, Өз­бекстанда өнер көрсе­тіп, ха­лық ықыласына бөлен­ді. Ха­лық­ара­лық деңгейдегі футбол ойын­­дары­на ар­н­алып жұмсалған шы­ғын­ның бә­рін Яри өзі көтерді. Осылайша жастардың футболға деген ынта­сын оятып, намысын қам­шылады. Қазақ, ұйғыр, орыс, тағы басқа ұлттардан құралған “Яри” атты футбол командасы 3 жылға дейін өмір сүрді. Балалардың есеюі мен қар­жы­лық қиындықтарға байла­ныс­ты команда құрамын таратуға тура келді. Алайда ойындағысын орында­май тынбайтын қайсар мінезді Яри Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын ресми атап өткенде, футбол команда­ла­рын қайта іріктеп Алматы қала­сын­да халықаралық деңгейде үлкен тур­нир өткізіп, одан түскен қар­жы­ны Түркістанның 1500 жыл­дығына аударды. Осы турнирге Алматы әкім­дігінің жауапты өкілі мен әй­гілі футбол майталманы Ти­мур Сегізбаев қатысты. Биылғы жыл­­дың 15 мамырында ел Тәуелсіз­дігінің 20 жылдығына арналған фут­бол турнирі тағы да жалғасын тапты. Бұл тәуелсіздік мерекесінің ерекше ата­лып өтілуіне қосқан үлес­тің бірі болды. Оған респуб­ли­каның түк­пір-түкпірінен жиналған футбол құрамалары қатысты. Атам қазақтың: «Сегіз қырлы, бір сырлы», деген қанатты сөзі дәл Яриге айтылғандай. Тұла бо­йында өнер тұнған ол сирек сала – режиссерлікті меңгерген табиғи дарын. Шіркін-ай, десеңші! Бұл өнерді біліммен ұштастырғанда, осы салада маманданғанда, бүгін­гі күні еліміз та­маша режиссермен толығар еді. Олай дейтініміз, ол ашқан “Яри” ки­но­студия­сы­ның туындылары қо­ғам­да үлкен сұра­нысқа ие. Бір қуантар­лығы – Яри бұл кәсіпті ақша табу­дың кө­зі­не емес, еліміздегі өзекті мә­се­­ле­лер­дің алдын алу­ға, жастарды тәр­бие­леу құра­лы­на айналдырып отыр­­ған­дығы. Оның «Азапталған жү­­рек» атты екі сериялы көркем фильмі есірткіге салынып кеткен жас­тарды саламат­ты өмірге бейімдеуге негізделген. Бұл фильм Шым­­кент қалалық те­ле­арнасы ар­қы­лы қалың көрер­мен­нің наза­ры­на ұсынылды. Н­ашақорлық еліміздегі қаны сорғалап тұрған тақырып. Ресми мәліметтер Қазақстанда 54 мыңға жуық нашақор тіркелгендігін рас­тай­ды. Ал тізімде жоқтары қан­ша­ма. Әр нашақор қоғаммен қатар мың­даған ата-ананың зарлы үні, ауыр қайғысы болып отыр. Осы ащы шындық Яриді де бей-жай қал­дырмады. Ол бұл қоғамдық дерт­тің алдын алудың ең тиімді жол­­дарының бірі – мағыналы фильм­­дер екенін түсінді. Бұл заман та­лабы. Себебі, қазіргі жастар кітап алып оқығаннан гөрі дайын фильмді көру­ге құмар екенін ешкім де жоққа шығара ал­май­ды. Сон­дық­тан да Яри ерінбестен жо­ғары­дағы фильмді Шым­­­кент­тегі бар­лық мектептермен келісіп көр­сетіп шық­ты. Мамандар тарапы­нан да жо­ғары баға­ланған «Азап­тал­ған жү­рек» көркем фильмі Алматы қа­ла­сында өткен «Шәкен жұлд­ыз­дары» кино бәйге­сі­нің ал­ғашқы ашылуында үздік фильмдер қа­тарынан көрінді. Бү­гін­де «Яри» киностудиясы көпші­лік қауымға «Последние табуны Шым­кента», «Тоба», «Муки и сердца» сияқты әлеуметтік та­қы­рып­та­ғы туын­ды­ларымен қа­тар, Шым­кент те­леарнасындағы «Next» бағ­дар­ла­масы арқылы етене таныс. «Бітер істің басына, жақсы ке­лер қасына», дегендей, әрқа­шанда қайырымдылық жасаудан жалық­пайтын, кең жүректі Яриді Алма­ты мен Оңтүстік Қазақ­стан облы­сы­ның халқы кеңінен тани­ды. Мұндай құрметке ие болу екінің бірінің пешенесіне жа­зылмаған. «Ұстазсыз дүние тұл», дегендей, өткен жылы ақ­жарқын Яри 33 жылдан кейін өзі оқыған мектеп-интернаттың түлек­терін, сынып­тас­тары мен мұғалім­дері­нің ба­сын қосып, Шымкент қала­сында мерекелік шара өткізді. Балалық бал дәурені өткен білім ұясында сабақ берген, бүгіндері жарық фәниден өтіп кеткен ұс­таз­дарын еске алу мақсатында 25 минөттік деректі фильм түсіріп, мектеп-ин­тернаттың мұрағатына тарту етті. «Шыр айналған дүние-ай!» дегендей, заман көшінен қал­май­тын Яри қазіргі таңда Астана қа­ласының тұрғыны. Ата-баба­сы­нан дарыған сауда және кәсіп­кер­лік ісін дамыта отырып, Қазақ­стан­ның бас қаласында «Ақ ша­ңы­рақ-1», «Ақ шаңы­рақ-2» мей­рам­ханасы мен «Қайнар» кафесін ашып, мұнда да елорда тұрғын­дарын тіл үйіртер дәмді астары­мен таңдай қақтыруда. Қонақжай Яри қонақ күтуден еш жалыққан емес. Өмір­де шаршауды білмейтін, жалқау­лық­пен жаны қас Яри балалары мен немерелеріне ақыл-кеңесін айтып, ұлағатты тәрбие беруді де өзіне міндет етіп жүктеген. «Жетім көрсең жебей жүр» дегендей, дархан жүректі Яри тағ­дырдың тәлкегімен ата-ана қам­қорлығы мен мейірімінен ажырап қалған балалар мен ден­саулығы шектеулі балаларға жәрдем беріп тұруды өмірлік кредосына айнал­дыр­ған. Шым­кент қаласындағы балалар үйі Яри келгенде бір қуа­нып қалады. Шариғат жолындағы зекет беру мен садақа беруді ол әр қада­мын басқан жерінде жа­сай­ды. Жоқ­тық­тың зардабын тарт­қан адамдар­ға қол ұшын созуды бір сәтке де тоқтатқан емес. Яри – қазақтың күйеу бала­сы. Сөйтіп, ол бәйтерегі кең жай­қа­лып, немере сүйіп, әулетіне бе­реке және бақ пен құт қон­дыр­ған азамат. Барша ғаламның иесі Алла­ның елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) пай­ғам­барымыз да өзінің күйеу бала­сы Әлиді ерекше құрмет­те­ген. Яри біреуге аға атанып, біреуге жезде болып, қазақ халқының құрметіне бөлене білген біртуар тұлға. Ата-баба салты – кә­сіп­­керлікпен айна­лы­сып, барша ша­ңырағын асырап қана қоймай, Құдай қосқан қоса­ғын да ырыс-берекеге бөлей білді. Асыл жары Әлима да отағасының қабағына қарап, денсаулығын ой­лап: “Яри ауырмасын, ол біздің шаңырақ­тың бақ-дәулеті,” – деп айтып оты­ра­ды. Жастайынан музы­ка өнеріне жа­қын Әлиманың та­мыл­жыта ән са­ла­тыны күміс кө­мей­лігі бар.Өз сө­зін­де Яри: «мені ғашық қылған да осы өнері» деп, қалжыңдап қояды. Қазақтың: «Жігіттің жақсы­сы нағашыдан», деген сөзі бекер болмаса керек. Яридің нағашы атасы Ғани батыр кезінде Шың­жанда жер­гілікті халықты қына­дай қыр­ған гоминдань әскер­лерін ауыз­дық­тап, зәресін ұшырған тұл­­ға екен. Кейіпкеріміз, міне сол кісінің жиені болып келеді. Дәурен МҰҚАНОВ, Алма СЕРІКҚАЛИ. Астана.