Гүлге оранған қала
«... Аралап туған жерді бірқанша күн,
Айтылмаған ақберен сырды аңсадым.
Қырмызы гүлге оранып, тұлғаланып,
Нұрланып кетіпсің ғой нұр Зайсаным!» деп белгілі ақын, осы жердің тумасы Құмарбек Сыдықұлы айтқандай, еліміздің шығысындағы қасиетті де киелі өлке нұр Зайсанға аяқ бассаңыз, ең алдымен орталық алаңнан бой көтерген Бәйтеректі көресіз. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне аудан әкімі Серік Зайнулдиннің бастамасы бойынша іске қосылған еңселі де сәнді монумент елдегі тыныштық пен ынтымақтың салтанатын паш еткендей. Қалаға Қарабұлақ ауылы жағынан кіре берісте «Зайсан» деген үлкен жазуы бар айшықты қақпа қонақтарды жатсынбай қарсы алады. Бұл қақпа түнде де самаладай жарқырап тұрады. Дәл осындай қақпалар аудан орталығының Желтоқсан, Жангелді көшелерінің бойына да қойылып, көз тартатын баннерлер менмұндалайды. Ол-ол ма, жағымды бастаманы қолдап кеткен ауыл әкімдері де кіндік қаны тамған туған жеріне дәл осындай қақпаларды орнатып үлгеріпті. Бұдан екі жарым ай бұрын ауданға іссапармен келгенімізде, екі айлық тазалық апталары өтіп жатқан. Аудан әкімі Серік Зайнулдин екі ай бойы әр ауылды аралап, көшелер мен аулаларды тазарту жөнінде тапсырмалар берді. Өзі бақылап, артта қалған ауыл әкімдеріне ескерту жасады. Айнабұлақ ауылы көш бастағанын көзбен көрген едік. Енді қарасаңыз, барлық ауылдар ажарланып, келбеттене түскен. Ол жайлы кейінірек.
Зайсанның орталық көшесінде ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған саябақ қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналыпты. Саябақ іші гүлзарға көмілген. Бақ ішіндегі қос аққу, елік, көшенің оң жағында маң басып кетіп бара жатқан түйелер мүсіні қандай әсем десеңізші. Көше қиылыстарында орнатылып жатқан бағдаршамдар, түнгі қаланың сәулетін еселеген көше шамдары да аудан тұрғындарының игілігі үшін жасалған игілікті шара. Қазір облыс орталығынан ауданға аптасына екі рет «Ан-24» ұшағы қатынайды. 500 шақырымдық жолдың бағасы небәрі 5 мың 500 теңге. Ұшақтың қалған шығынын облыс әкімі Б.Сапарбаевтың шешімі бойынша облыс бюджеті көтеріп алады екен. Сөз реті келгенде айта кету керек, күміс қанатты әуе кемелері Өскеменнен Семейге, Үржарға да қатынап тұрады. Зайсан әуежайы сәнді, кезінде оны осындағы іскер азаматтар сақтап қалған. Әуежайдан қалаға дейін ағаш көшеттері отырғызылып, гүлдермен көмкерілген.
Көкжиегі кеңейген кәсіпкерлік
Аудан әкімі Серік Зайнулдин аудан экономикасы жайлы деректерді жатқа соғады. Ол осы өңірдің тумасы. Ұзақ жылдар бойы кеңшар басқарып, аудан әкімінің орынбасары, бір жарым жылдай аудан әкімінің міндетін атқарып, үш жарым жыл Катонқарағай ауданын іскерлікпен басқарған, өңірді түлетіп, шаруасын шалқытқаны үшін «Құрмет» орденімен марапатталған. Міне, бір жылдан асты, кіндік қаны тамған ауданына басшылық жасауда.
Қатаң талап қоятын, принципшіл басшы, сөзге шебер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азамат. Ол шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету жөніндегі Елбасы тапсырмасын орындау бағытындағы атқарылып жатқан істермен таныстырды.
– Ауданда 66 тіркелген шағын және орта кәсіпорын бар. Тұрғындарға 6 базар, 159 сауда үйлері мен дүкендер, 4 тойхана, 22 дәмхана, 8 асхана, 12 шаштараз, 5 тігін шеберханасы, 7 қонақ үй, 4 фотосалон, 4 косметикалық қызмет көрсету салоны, 24 наубайхана, 12 май сығатын цех, 8 автокөлік жөндеу шеберханасы, 17 дәріхана және басқа да орталықтар қызмет көрсетеді. Өткен жылы облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Болат Нұрасыл басқаратын «Икеп» шаруа қожалығы ұн шығаратын зауытты пайдалануға берді. Жеке кәсіпкер Ғ.Салбанов минералды су шығару цехын іске қосты. Отандық өндірісті дамыту, қазақстандық үлесті арттыру бағытында «Зайсан сулары» ЖШС-нің минералды сулары, «Рахат» кондитерлік цехының кондитерлік және нан тағамдары, «Құлынды су» серіктестігінің ауыз суы, «Бекзат» серіктестігінің лимонад және газдалған тәтті сусындары және басқа да тағамдар аудан тұрғындарының іздеп жүріп алатын тауарларына айналды, – деп аудан әкімі біраз жайлардан мағлұмат бере кетті.
Үстіміздегі жылдың ақпан айында еліміздің индустриялық картасына Зайсаннан бір құнды жоба енгізіліпті. Ол – белгілі кәсіпкер Қуат Әбжанов басқаратын «Шығыс-СМУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің темір-құйматас бұйымдарын жасайтын құрылыс комбинаты. Сонымен бірге, «Бота» шаруа қожалығы да тұқым сақтайтын қойма құрылысына несие алған. Өңірде құрылыс жұмыстары қанат жайғандықтан, жергілікті кәсіпкерлер темір, құйматас және кірпіш, пластикалық есік, терезе өнімдерін, ағаш материалдарын мол шығаруға құлшыныс танытуда.
Зайсандағы сүт зауыты
«Нұр Отан» ХДП Зайсан аудандық филиалы төрағасының орынбасары Қазбек Биқадамов, Зайсан қаласының әкімі Марат Уәлиев бізді қаланың кіреберіс жағындағы сүт зауытына алып келді. Бір қабатты еңселі ғимараттың ішіне енгенімізде, жинақылықты байқадық. Сүт зауытының директоры Айдар Барысовты бұрыннан танимыз. Кезінде ұзақ жылдар мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болған. Соңғы 15 жылдан бері кәсіпкерлікпен шұғылданады. Аяқ алысы жаман емес. Оның қонақ үйі, мейрамханасы, көлік жуатын орны бар. Енді содан түскен пайданың барлығын жиып-теріп, кіндік қаны тамған өлкеде сүт зауытын салды, аманшылық болса, жерлестерін жұмыспен қамтамасыз етпек. Абыройлы да өнеге тұтатын іс емес пе?!
– Сонау тоқсаныншы жылдары түріктер Қарабұлақ ауылында сүт зауытын салып бергені көпшілікке мәлім. Алайда сол кезде есеп дұрыс болмай, күніне 20 тоннадай сүт жиналмай, артынша кәсіпорын жабылып тынды. Ал бағалы жабдықтар Глубокоедегі бір кәсіпкерге бұйырды. Сапалы сүт өнімдерін шығаратын бір зауыт қажет екені белгілі. Бұрын бос тұрған ғимаратты 1 млн. 600 мың теңгеге сатып алдым, оны жөндеуге 22 млн.теңге жұмсадым. Ал ішіндегі қажетті құрал-жабдықтар (көбі ресейлік) алуға 26 млн.теңге қаржы кетті. Банктен несие алған жоқпын, оның пайызын өтеу деген қиынның қиыны, жиған-тергенімді туған өлкемде кәсіпорын ашудағы мақсат – жерлестеріме жұмыс тауып беру, туған елге қызмет ету, – деп ағынан жарылды алпыстың асқарына биыл шығатын Айдар Барысов.
– Сүтті қайдан аласыздар, қуаты қанша, неше адам еңбек етеді? – деп сауал тастады қала әкімі Марат Уәлиев. Сірә, ол қала бюджетіне түсетін қаржыны іштей есептеп тұрса керек.
– Тәулігіне 6 тонна өнім өндірсек жаман емес. Егер екі ауысымда еңбек етсе. 24 адамды жұмысқа орналастыра аламыз. Жалақылары да ойдағыдай болатын шығар, – дейді Айдар Барысов.
15-16 тамызда Зайсан қаласында облыстағы барлық аудан, ауыл әкімдері, кәсіпкерлер мен іскер адамдардың қатысуымен алқалы жиын өтеді. Оны облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі жүргізбек. Мұндай бір пайдалы жиын өткен айда Көкпектіде өткен. Өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы аудан әкімдеріне үнемі экономиканы дамыту, ауданда жұмыс орындарын ашу, ауылдарды өркендетіп ағаш көшеттерін отырғызу, сенбіліктер өткізу, мал басын асылдандыру жөнінде нақты тапсырмалар беріп отырады. Ал пайдалы кеңес неге Көкпектіде немесе Зайсанда өтпек? Оның өзіндік сыры бар. Аталған екі ауданда бұл күндері жоғарыда аталған тапсырмалар бойынша көп істер тындырылған.
Көзайымға айналған Көкжыра
Дайыр ауылдық округінің әкімі Болатбек Балғабаев үш ауылда бір орта, екі орталау мектептің бар екенін тілге тиек ете келіп, Мүкарама мектебіндегі жылыжайдың қыс бойы өз оқушыларын көкөніспен қамтамасыз ететіндеріне тоқтала кетті. Айтқандай, ақпан айында жылыжайды көргенбіз, ол туралы «Егеменге» жазғанбыз да. Округте мал басы көбейіп келеді, 18 шақырым жол жөнделіп, ауылдарды көркейту жұмыстары жүріп жатыр. Қазір Көкжыра мен Жамбыл ауылдарына бара қалсаңыз, танымай қаласыз, көшелер жөнделген, ақын Нұрлан Мәукенұлы атындағы саябақты шәкірттердің өзі күтіп баптайды. Кәсіпкер Ақан Өтебаев 10 млн. теңгеге мешіт салып жатыр. Дайыр ауылындағы Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Әкрам Өтебаев атындағы көше де жөнделген. Осы ауылдың тумалары Серік Ақтанов, Серік Рамазанов, Манарбек Бошақов, Әділбек Омариев өз қаржыларына ауылдарында көшелерді жөндеп, саябақ салуда.
Көкжыра ауылы өткен жылы облыстық байқауда «Үлгілі ауыл» деген номинация бойынша көш бастапты. Үлгілі ауылға ат басын тірегенімізде, ең алдымен көзге түскені еңселі мешіт болды. Мешіт құрылысын аудандық мәслихаттың депутаты Ербол Келгенбаев өз қаржысына тұрғызыпты. Енді таяу күндері ол есігін ашпақ. Ербол Келгенбаев құны 4,5 млн.теңгелік клуб құрылысын да аяқтап қалыпты.
– «Туған елге – тағзым» акциясы бойынша ауданның іскер азаматтары ауылдарды көркейтіп, құрылыс салуға белсене араласуда. Асар жасап екі көшені жөндеп бітірдік. Өзім білім алған Көкжыра орталау мектебін көрсеңіз, еріксіз риза боласыз, – деді іскер азамат Ербол Келгенбаев.
Мектеп директоры Назигүл Әлімбаева қарсы алды. Дәл кіреберісте қос «Аққу» жүзіп жүр. Қатар-қатар сап түзеген алқызыл кан ағаштары гүлдерін көтере алмай майысып тұр. Балалар алаңы, сырғанақ, алтыбақан орнатылған алаңқай да көз тартады. Мектеп ауласында 1500 түп орамжапырақ, 0,25 гектарға сәбіз егіліпті. Қарағаш, қараған, бозқараған, алма ағаштары майысып тұр. Мектеп ұстаздары мен жоғары сынып оқушылары 1,2 гектар картопты күтіп-баптауда. Көкөніспен өзімізді толық қамтамасыз етеміз, дейді ұстаздар.
Дайыр ауылындағы Мүкарама орта мектебінің ауласы кан ағашының гүліне малынған. Мектеп директоры Анарбек Дүтбаев сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Саналуан гүлден жануарлардың бейнесін кескіндетіпті. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы бақ та көркем. Саржыра, Жарсу, Айнабұлақ, Қарабұлақ, Қаратал ауылдарында көшелер жөнделіп, ағаш көшеттері отырғызылыпты. Реті келгенде айта кеткен жөн, биыл зайсандықтар 20 мың түп ағаш отырғызып, өнеге көрсетті.
Облыста көш бастады
Ауданның экономикасы дамып келеді. Оған мысал ретінде, үстіміздегі жылдың бес айында экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштердің рейтингісінде ауданның облыста көш бастағанын айта кетудің жөні келіп тұр. Әлбетте, бұл – бұрын-соңды қол жетпеген табыс. Бұдан бірнеше жыл бұрын бұл өңірден мұнай мен газдың мол қоры табылған. Қазір бірнеше компаниялар мұнайды зерттеп, өнім алудың әртүрлі амалдарын қарастыруда. «Тарбағатай мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2005 жылы құрылған. Оның жетекшісі Б. Еламановтың айтуынша, мұндағы екі жүзден астам жұмысшы айына 70 мың теңге табыс табады. Аудан әкімі С.Зайнулдин егер мұнай мен газды игеру дұрыс жолға қойылса, айналасы бірер жыл ішінде бұл өңірге темір жол желісінің тартылуы мүмкін екенін айтады. Зайсаннан алпыс шақырым жердегі Майқапшағай кедені арқылы Ресей мен бізге қарай күн сайын ондаған жүк тиеген көліктер ағылып жатады. Егер темір жол тартылса көрші Қытаймен сауда-саттықтың одан әрі дами беретіні даусыз. Ал Зайсанның көмірін жиырма жылға таяу уақыт бойы шекара бойындағы төрт аудан тұрғындары пайдаланып келеді.
Қазір ауданда 80 мың ірі қара, 15 мыңнан астам жылқы, 170 мыңнан астам қой-ешкі бар. Ауданда 4 мың тоннадай ет, 20 мың тонна сүт, 255,6 тонна жүн өндірілді. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2 млрд. 555 млн. теңгені құраған. Биыл 14107 гектарға егін егіліпті.
– Күрделі құрылыс назарда. Зайсан қаласында 60 пәтерлі тұрғын үй, Тасбастау ауылында 34 тұрғын үй былтыр пайдалануға берілді. Мына аудандық әкімдік пен Бәйтеректің жанынан бой көтеріп жатқан аудандық прокуратураның ғимараты да сәнді болады деп ойлаймыз. Заманауи талапқа сай үлкен спорт модулі, тұрмыстық қалдықтар тасталатын орын биыл аяқталуы тиіс. Алдағы күндердің еншісінде Майқапшағай ауылы маңынан кеден қызметкерлеріне арналған жаңа бір ауылды тұрғызу, аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратын, «Халық банкі» кеңсесін салу міндеті тұр. Ауылдардағы жолдарды жөндеу, ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жаңа құрылыстар да бой көтермек. Ауыл спортына көңіл бөлінуде Денсаулық сақтау, мәдениет саласында да жетістіктер бар. Ең бастысы, аудан тұрғындарының еңсесі көтеріліп, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына лайықты тартулар әзірлеп жатыр, – дейді аудан әкімі Серік Зайнулдин.
Иә, әкім айтса айтқандай, Зайсан жері, Зайсан елі нұрлы болашаққа сеніммен қарайды. Ал сенім болған жерде алынбайтын асу жоқ.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Суреттерде: аудан әкімі С.Зайнулдин; Тәуелсіздік алаңы; Көкжырадағы мешіт.