Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді
Қазақстан Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын (АӨҚО) дамыту идеясынан бас тартпайды. Сондықтан агенттікті Ұлттық Банктің құрамында Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығын дамыту комитеті етіп қайта ұйымдастыру оны жан-жақты және кешенді түрде іске асыруға мүмкіндік береді. Бұған АӨҚО тағдыры, жоспарлары және перспективалары жөнінде бізбен осы мәселені талқылаған ҚР ҰБ Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығын дамыту комитетінің төрағасы Дархан НҰРПЕЙІСОВ сенімді.
Мүмкіндіктер кеңейіп отыр
– Дархан Қадырбайұлы, сұрағым ерекше болып көрінбес, дегенмен де: агенттіктің атын комитет етіп өзгерту – бұл формалдылық па, әлде нақты мәртебені ауыстыру ма немесе жаңа міндеттерге, өкілеттіліктерге, функцияларға болжам жасайтын дамудың жаңа бір кезеңі ме?
– Бізге бұл сұраққа үнемі жауап беру қажет болады, яғни бұл тек қана АӨҚО уәкілетті органының ғана емес, кез-келген құрылымның мәртебесі өзгерген кезде туындайтын қисынды сұрақ. Сондықтан ең басты сұраққа жауабым: Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы жұмыс істейді. Мемлекет Басшысының 2020 жылға қарай Азиядағы ең ірі қаржы орталықтары ондығының құрамына кіру туралы мақсаты маңыздырақ бола түсуде. Комитет міндеттерді, өкілеттіліктерді, функцияларды толық көлемде таратылған агенттіктен мұраға қабылдап алып отыр. Бірақ құрылымның Ұлттық Банкке қайта бағынуына байланысты алға қойған міндеттерді іске асырудың мүмкіндіктері кеңейе түспек.
Естеріңізге сала кетейік, кезінде ҚР Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) өкілеттіктерінің жеткіліксіздігі мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Сондықтан қазіргі кезде АӨҚО дамыту жаңа кезеңге аяқ басып отыр деп айтуға негіз бар, өйткені барлық функция бір уәкілетті мемлекеттік орган, еліміздің бүкіл қаржы жүйесін дамытуға жауапты – Ұлттық Банкке жұмылдырылды. Тиісінше комитетте алдымызға қойылған міндеттерді іске асыруға мүмкіндіктер ашылуда. Қаржы жүйесін реттеуді еліміздің орталық банкіне шоғырландыру әлемдегі іс-тәжірибеге сәйкес келеді. Мысалы, мұндай тәжірибе Ұлыбритания, Австралия, Канада, Сингапур, Бахрейн де бар.
– Комитеттің ағымдағы кезеңдегі негізгі міндеттері қандай?
– Ұйымдастыру немесе қайта ұйымдастыру кезеңі қысқа болды және ол аяқталды: құрылым, команда, нормативтік база қалыптастырылды. ҚР ҰБ Директорлар кеңесінің 2011 жылғы 6 мамырдағы қаулысымен Комитет туралы ереже бекітілді. Біз қазір өзгеріп отырған талаптарды ескере отырып, АӨҚО дамытудың жаңа тұжырымдамасын жасауды бастадық. Әрине, тұжырымдамамен жұмыс бүгінгі күні жалғасып отырғанымен, қазірдің өзінде комитет қызметінің үш принципті бағыты анықталып отыр: мемлекеттік қызмет көрсету; ел халқының инвестициялық мәдениетін және қаржылық сауаттылығын көтеру; исламдық қаржыландыруды дамыту. Яғни комитет – бұл мәселелерде Агенттік міндеттерін құқықтық жағынан жүз пайыз мұрагер ретінде қабылдап алып отыр. Алда әдіснамалық тәсілдер өзгертілуі, түзетілуі мүмкін.
Бірінші бағыт бойынша функцияларды нақтылайтын болсақ, онда біздің қызметіміз АӨҚО қатысушыларымен – бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылармен жұмыс жасауға бағытталған. Комитет заңнамада белгіленген тәртіппен заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді, қайта тіркеуді жүзеге асырады, тиісті куәліктер, сондай-ақ салық төлеуші куәліктерін береді. Тіркеу туралы шешім және сол тіркеудің өзі 1 күн ішінде өтеді. Яғни біз осы құжаттарды бере отырып, «бір терезе» қағидаты бойынша іс-қимыл жасаймыз, бұның өзі АӨҚО қатысушылары үшін өте тиімді. Бүгінгі күні олардың саны 34 компанияны құрайтынын атап өткім келеді. Комитет сондай-ақ АӨҚО қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан аумағына келген шетелдіктерге және азаматтығы жоқ тұлғаларға визалар беру жөніндегі өтініштерді ресімдейді. Қазіргі кезде АӨҚО қатысушылары болып АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Болгария, Ресей, Украина, Өзбекстаннан бағалы қағаздар нарығы саласы бойынша 15 шетелдік маман тартылып отыр. Шетелдік компаниялар үшін құжаттарды ағылшын тілінде ұсыну көзделген. Комитет сондай-ақ оларға кеңестер береді, ақпараттық, құқықтық көмектер көрсетеді.
Комитеттің маңызды функциясы – АӨҚО қатысушыларының елдің еңбек заңнамасын сақтауына мемлекеттік бақылау жасау. ҚР Бас прокуратурасымен келісілген тексеру кестесіне сәйкес уәкілетті лауазымды тұлғалар 2010 жылдың екінші жартыжылдығында және ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында АӨҚО қатысушы 13 компанияда тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша еңбек заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 11 ұйғарым шығарылды. Анықталған құқық бұзушылықтар тәуекел дәрежесі орташа және елеусіздер қатарына жатқызылды. Комитеттің функциясына АӨҚО қатысушылары еңбек заңнамасының нормаларын бұзған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау кіреді.
Қаржылық сауаттылық сабақтары тоқтатылмайды: жаппай оқытатын боламыз
– Комитет халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі бағдарламалар бойынша Агенттіктің барлық жобаларын жалғастыруда ма?
– Бұл қызмет толық көлемде сақталған, өйткені халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру табысты дамуының кепілі бола отырып, қаржы нарығының тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді және сол арқылы қаржылық тұрақтылық үшін алғышарттардың туындауына жол бермейді. Бұл мәселе бұрынғыдай көкейкесті: Қазақстан халқы қаржы институттары мен құралдары, оларды беру және пайдалану ережелері туралы төмен деңгейде хабардар етілген, бұл қаржы институттарына деген сенімнің төмен екендігін білдіреді. Бірақ бұрынғы барлық жобалар мен бағдарламалар сақталған жоқ. Ұлттық Банк ревизия жүргізіп, ең маңыздыларын сақтап қалды. Бұл бірінші кезекте қаржыландыру мәселесіне байланысты: агенттік іске асыратын халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағдарламасы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылғандығы белгілі. Қазір бұл жобалар Ұлттық Банктің бюджетінен қаржыландырылатын болады. Бұл ретте Ұлттық Банктің ақпараттық ресурстары шеңберінде қаржылық сауаттылық негіздерін жеткізудің қосымша арналарын алғанымызды атап өту қажет. Оқытудың ең басты қағидаты: халықтың барлық топтары – жас баладан бастап үлкендерге дейін осы ақпаратты жеткізу.
Бұл кешігу емес, эволюция
– Бұл мәселеге мүмкін, көптеген адамдар көңіл аударатын болар: біз өңірлік қаржы орталығын дамыту туралы көптеген жылдар бойы айтып келеміз, ал толық көлемде өзіміздің қор нарығымызды дамыта алмай отырмыз. Осы кезде басқалар алға ұмтылуда …
– 3-4 жылда АӨҚО Еуропаның, Жаңа Әлемнің, Азияның ірі әлемдік Қаржы орталықтарымен қатар болады деудің қисыны келмейді деп ойлаймын. Олардың үлкен даму тарихы бар, олардың бәрі кіші сауда алаңынан бастап аймақтың немесе әлемнің қаржы орталығына дейінгі жолдан өтті. Қаржы орталықтарын және олардың GFCI (Global Financial Centres Index – Қаржы орталықтарының ғаламдық индексі) рейтингтеріне сәйкестігін талдау бәсекеге қабілеттіліктің ағымдағы рейтингтері нақты аймақтың тарихи дамуымен өзара тығыз байланысты екенін көрсетті.
Әлемде бірнеше жаһандық қаржы орталықтарын бөліп көрсетуге болады: Нью-Йорк, Лондон, Токио, Франкфурт, Париж. Қалыптасқан өңірлік деңгейдегі ірі халықаралық қаржы орталықтарына Гонконг, Сингапур, Цюрих және басқаларын жатқызуға болады. Серпінді қалыптасып жатқан өңірлік орталықтарға, атап айтқанда, Сидней, Сеул, Куала-Лумпур, Дубай, Дублин жатады. Өз кезегінде, ірі, экономикасы қалыптасу үстіндегі елдердің Шанхай, Бомбей, Мәскеу меншікті халықаралық қаржы орталықтарын құру үшін жоғары әлеуеті бар. Кейбір елдерде дамыған халықаралық қаржы орталығының белгілері болмағанымен, ұлттық қаржы нарығын осы заманғы өңірлік қаржы орталығына айналдыру үшін белсенді саясат жүргізуде. Олардың қатарына Варшава мен Алматыны жатқызуға болады. Бұл орталықтар Мәскеумен қатар бір-біріне тікелей бәсекелес болып табылады, өйткені бұрынғы социалистік мемлекеттердің бір аймағында капиталды тарту орталығы мәртебесіне жетуге ұмтылады.
Жалпы, әрбір халықаралық және өңірлік орталықтардың өзіндік табысты даму үлгісі және табысқа жету факторлары бар, олардың болуы белгілі бір даму кезеңдерінде маңызды. Бірақ жалпы, барлық табысты орталықтар қалыптасудың негізгі кезеңдерінен өтті. Бұл ретте олардың табысы мемлекеттің қолайлы инвестициялық ахуалды, бизнес-ортаны, фискальді режімді, инфрақұрылымды және басқа маңызды жағдайларды қалыптастыру жөніндегі мақсатқа бағытталған жұмысы арқылы қамтамасыз етілген.
Егер, АӨҚО даму тарихына назар аударатын болсақ, оның міндеті бастапқыда болған алғышарттардан туындады. Ғаламдық алғышарттардың бірі – жалпы елдің қарқынды өсуі. Яғни тек «таза» қаржылық ортаны құру туралы ғана айтуға болмайды. Қаржы орталығының қалыптасу міндеті көп деңгейлі, кешенді. Біз оның бірнеше аспектілерін атап көрсетеміз: заң шығару, инфрақұрылымдық, әлеуметтік. Бүгінгі күні алғышарттар ретінде оларды нақты деп айтуға болады. Бірақ нақтылық ретінде – нақтылы түрде көрсетудің әр түрлі дәрежесі бар. Егер заңнамалық база талап қойылатын базаға барынша жақын болса, онда инфрақұрылымдық және әлеуметтік аспектілер қаржы орталығының мәртебесіне сәйкес келетін стандарттардан әлі де алыс.
Қаржы орталығының қаржылық емес аспектілері
– Қаржы орталығы анықтамасына сәйкес қаржылық емес құрамдас бөлікке жауап бермейді. Сірә, АӨҚО-ның әзірленіп жатқан жаңа тұжырымдамасын іске асыру үшін басқа құрылымдарды тарту керек не заңнаманы өзгерту қажет. Атап айтқанда, Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы және қаржы орталығын дамыту туралы екі заң үйлестірілуі немесе біріктірілуі керек шығар?
– Сондықтан Алматының өңірлік қаржы орталығы ретінде қалыптасуы жөніндегі міндет бұған дейін болғандай қаржы нарығын дамыту және брокерлік компанияларға қызмет көрсету ғана емес, міндет одан да ауқымдырақ: бүкіл қаланың инфрақұрылымын дамыту болып табылады. Осы міндетті шешуде барлық мемлекеттік органдарды, ең алдымен Алматы қаласының әкімдігін үйлестіру маңызды. Әрине құрылымына АӨҚО дамыту жөніндегі комитет кіретін Ұлттық Банктің рөлі мен мәртебесі қысқартылған агенттікке қарағанда едәуір жоғары.
Біз сондай-ақ бұл мәселеде сындарлы көзқарас қажет деп санаймыз. Мұндағы шешімдердің бірі Алматының ерекше мәртебесі туралы заңды жетілдіру болып табылады. Тұжырымдамалық мәселелерді барынша үйлестіру үшін не осы заңдарға түзетулер пакетін қатар қарау, не заңдарды біріктіру сияқты бірнеше нұсқа ұсынылады. Бұл тек ұсыныстар екендігін атап өту керек. Бірақ осы заңдарға өзгерістер енгізу қаланың қаржы орталығына айналуына мүмкіндік бермейтіні түсінікті. Туризм, экономика, көлік салаларын, салық саласын реттейтін басқа да заңнамалық нормаларға өзгерістер енгізілуі, демек көптеген министрліктер мен ведомстволардың осы жұмысқа қатыстырылуы қажет.
Бірыңғай листинг сауда алаңдарын теңестірді
– АӨҚО арнайы сауда алаңының тағдырын анықтап алғымыз келеді.
– Есіңізге сала кетейін, бастапқыда ол эмитенттер және сауда-саттыққа басқа да қатысушылар үшін онда жеткілікті жеңілдікпен жағдайлар жасау үшін құрылған болатын. Ол KASE негізгі алаңынан салық жеңілдіктерінің болуымен және басқа бірқатар артықшылықтармен ерекшеленеді. АӨҚО даму барысында біз оларды бүкіл қор нарығына таратсақ деп шештік. Бұл мақсатта бірыңғай листинг ережелері қабылданған болатын.
Сондықтан, бүгінде арнайы алаң заңды түрде бар болғанымен, біз еліміздің бүкіл ұйымдастырылған қаржы нарығы туралы айтып отырмыз. Тиісінше барлық жеңілдіктер және артықшылықтар бүкіл еліміздің қор нарығына таратылады. Мұндай жағдайда бұдан әрі арнаулы сауда-саттық алаңының қызмет ету қажеттілігі жоқ деп санаймын.
– Қазақстандық қор биржасының мәртебесі: ол – АӨҚО құрылымы ма әлде еліміздің қор нарығының дербес, басты ойыншысы ма дегенді нақтылап алғымыз келеді?
– KASE не АӨҚО құрылымында, не Ұлттық Банктің құрылымында бола алмайды. Бұл – қызмет, бұрын – ҚҚА арқылы, енді – Ұлттық Банк арқылы мемлекет реттейтін жеке қаржылық институт. Кез келген заңды тұлға ретінде биржа дербес қаржы институты мәртебесін сақтайды, әрі бұл мәселеде қандай да бір өзгерістер болмайды. Бір ғана болуы мүмкін өзгеріс реттеуші қоятын талаптардың өзгеруімен байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ Ұлттық Банктің бұрынғыша KASE құрылтайшыларының құрамында екенін және алтын акцияның иесі екенін есіңізге сала кетейін.
Реттеушінің міндеті қаржы институттарына жағдай жасау, қызметінің қауіпсіздігін және бұдан әрі дамуын қамтамасыз ету болып табылатынын айта кетейін. АӨҚО-ның міндеті өңірлік орталық мәртебесіне сәйкес келетін бұдан жоғары талаптарды қоя отырып, қор нарығы және KASE дамуына ықпал ету. Сонымен бірге АӨҚО қызметінің биржаның дамуына қатысты қандай да бір қорытындысын жасауға болады деп пайымдаймын. Себебі KASE-нің АӨҚО пайда болғанға дейінгі қызметінің айырмашылығы айтарлықтай. Оны қор нарығына қатысушылар да атап өтуде. Атап айтқанда, биржаның инфрақұрылымы едәуір жақсарған, жаңа листинг ережелері қолданылуда. KASE мәртебесі принципті өзгерген: егер АӨҚО-ға дейін бұл баяу дамыған коммерциялық емес ұйым болса, қазіргі кезде жаңа бағыттарын белсенді дамытып отырған және екі жыл бойы табыс әкелуші коммерциялық ұйым болып отыр. Әрине, дағдарыс жылдары дефолт орын алды, бірақ KASE-ге шыққан жаңа эмитенттер – компаниялардың саны азайған жоқ. Осы компанияларға қаражаттарын салған инвесторлардың зардап шеккені түсінікті, алайда мұның бәрі үлкен сабақ болып, қазіргі кезде эмитенттер мен брокерлерге мүлдем өзгеше, бұдан жоғары талаптар қойылуда.
Басымдықтарды айқындаймыз
– Бүгінгі таңда АӨҚО дамытудың қандай да бір сандық өлшемдері бар ма?
– Әрине бізді сандық көрсеткіштер толғандырады, өйткені АӨҚО 2020 жылы Азияның 10 жетекші орталықтарының бірі болу міндеті – біз үшін басты міндет. Бірақ сандық өлшемдер белгілеу – комитеттің басымдығы не қызметі, мемлекеттік органның міндеті де емес. Қазір біз үшін бастысы – АӨҚО дамыту тұжырымдамасын айқындау болып табылады. Тұжырымдаманы айқындағаннан және де орталықты дамыту бойынша іс-шаралар жоспары белгіленгеннен кейін ғана біз сандық көрсеткіштерді қарастырамыз, талдаймыз әрі бағалаймыз. Эмитенттердің, брокерлердің, инвесторлардың сандары, көлемдері, айналымдары туралы мәселелер тек қана Қазақстан қор биржасын дамыту мәселесіне байланысты.
Эмитенттерді тарту міндеті – реттеушілердің міндеті емес. Бұл – биржаның міндеті. Бұл жерде KASE өкілеттіктері кең, әрі мүмкіндіктері зор. Мәселен, соңғы уақытта ғана халықаралық биржа ретінде бағаланып жүрген және ірі шетел ойыншыларын белсенді тарта бастаған Гонконг биржасы белсенді алдын алу қызметін атқарды: кездесулер, конференциялар өткізді, эмитенттермен әрі инвесторлармен жұмыс істеді. Оның қазіргі көрсеткіштері – осы қызметтің нәтижесі. KASE мұны жақсы түсінеді және даму әрі эмитенттерге қолайлы және қызықты болатындай жағдайлар ұсыну үшін осы бағытта қадам басуда.
Біз өз тарапымыздан бұл үшін құқықтық деңгейде жағдайлар жасайтын боламыз.
– АӨҚО қандай бәсекелестік артықшылыққа ставка жасайтын болады?
– Біз басқа қаржы орталықтарының бәсекелестік артықшылықтарын талдадық. Мәселен, ХВҚ талдамалық зерттеуіне сәйкес Сингапурдың бәсекелестік артықшылығы тиімді географиялық жағдайы болып табылады: Азияның жылдам өсетін аймағында; ол – Солтүстік Америка мен Еуропаның қаржы нарықтарының арасындағы байланыстыратын буын. Варшавада – Еуропалық директиваларға толық сай келетін құқықтық режимнің болуы; биржаның баға белгілеу тізіміне енгізу бір мезгілде басқа еуропалық биржалардың тиісті тізіміне қосуға рұқсат беру болып табылады. Мәскеуде – ыңғайлы географиялық жағдайының, көлемі жағынан ірі экономикасының және бай табиғи ресурстардың болуы.
Алматы қаласының бәсекелестік артықшылықтары – саяси еркіндіктің болуы; ел экономикасының жақсы қарқынмен дамуы; дүниежүзілік деңгейдегі қаржылық қызмет көрсетуді қажет ететін ірі компаниялар санының көптеп пайда болуы; капиталдың ауқымды ағындарына және халықаралық инвестицияларға қол жеткізу; Қазақстан экономикасына инвестициялауға және осында өздерінің бизнестерін жүргізуге мүдделі халықаралық инвесторлардың болуы.
АӨҚО GFCI индексіне қосылмаса да, біз осы индекстің критерийлерін біздің көрсеткіштерімізбен салыстырып жатқанымызды атап өткім келеді. Бірқатар позициялар бойынша АӨҚО рейтингтің ортасында (атап айтқанда, салық салу деңгейі, жоғары білікті шетел мамандарын тарту талаптары, тіркеу, листинг ережелері бойынша) немесе одан жоғары позицияда тұр. Мысалы, нарықты ІЖӨ-ге қатысты капиталдандыру бойынша. Дегенмен, халықтың саны сияқты көрсеткіштер бойынша біз рейтинг қатысушыларының көбіне жол береміз.
Қаржы нарықтарын заңнамалық реттеу, білікті, әлеуметтік және бизнес-инфрақұрылым қызметкерлерін дайындау саласындағы жетекші қаржы орталықтарының жақсы тәжірибесі АӨҚО-ны одан әрі дамытудың бастау алар жері болуы мүмкін. Назарларыңызды тағы бір жағдайға аударайын: біз өзіміздің мақсатымыз – Орталық Азияда жетекші позицияға шығу деп отырғанымыз жоқ, біз бүкіл Азия туралы айтып отырмыз. Яғни мақсат биік, міндет ауқымды. Сондықтан біз салық салу режімін одан әрі ырықтандыру, қолайлы инвестициялық ахуал жасау; валюталық реттеудің тиімділігін арттыру бойынша жұмыс істеуді жалғастырамыз. Бізге, яғни елімізге ықтимал тәуекелдерді төмендету, қолайлы еңбек және иммиграциялық режимдер жасау, ыңғайлы көлік және ақпараттық инфрақұрылымдар құру, білімнің деңгейін және сапасын арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде жұмыс істеуге тура келеді. Және бұл стратегиялық міндет – тек қаржы ведомстволарының ғана емес, барлық мемлекеттік министрліктер мен ведомстволардың міндеті.
– Әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңызға табыс тілейміз.
Әңгімелескен Алевтина ДОНСКИХ.