• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2011

Жасампаз жылдар жемісі

478 рет
көрсетілді

Ресейдің үш өңірімен шектесетін Солтүстік Қазақстан облысының 75 жылдығы  Тәуел­сіз­діг­іміз­дің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр­ғанын  қызылжарлықтар аса қуанышты сезінулі әрі жақсы ырымға балаулы. Қазақ­стан­ның ең теріскейінде, суық желдің өтінде орналасқан облыстың тарихы 1936 жылдан бастау алады. Қарағанды облысынан бөлініп, жеке отау тіккен Солтүстік Қазақстан облысына 25 аудан еніп, орталығы Петропавл болып бекітілді. 1939 жылы Солтүстік Қазақстаннан  Ақмола облысы енші алды. Оның қарамағына 6 аудан берілді. 1944 жылғы 16 наурызда қайта ұйымдастырылған Көкшетау облысына тағы 6 аудан қосылды. Облыстың қазіргі шека­ра­сы мен әкімшілік-аумақтық құрылымы Тәуелсіздік жыл­да­ры аумақты басқаруды реформалау нәтижесінде белгіленді. Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Президентінің 1997 жылғы 3 мамырдағы Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облы­сы­на  Көкшетау облысының ау­ма­ғы енді. 1999 жылғы 8 сәуірде Ең­бек­шілдер, Зеренді, Щучье аудандары мен Көкшетау қаласы Ақмола облысына қо­сылды. Қазіргі уақытта облыс құрамын­дағы 13  аудан  700-ден астам селолық елді мекен мен ауданға қарасты 4 қалаға және 208  ауылдық округтерге біріккен. Облыс тарихын ел тарихынан бөле-жара қарауға болмайды. «Елу жылда ел жаңа» дегендей Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде жаңа да жасампаз мемлекетке айналған кең байтақ елімізбен бірге Солтүстік Қазақстан облысы да жаңа­рып, көркейе түсуде. Елбасының жыл сайынғы жолдауларын облыс жұртшы­лығы зор ықыласпен қарсы алып, Президентіміз белгілеген жаңа міндеттерді орындауға бар күш-жігерін жұмсап келеді. Нәтижесінде облысымыздың эко­но­микасы өркендеп, әлеуметтік-мәдени саласы елеулі жетістіктерге ие болды. Облыс аумағының 60 пайызы ауыл ша­руашылығына пайдаланылады. Эко­но­миканың негізгі саласы – ауыл шаруа­шылығы. Облыс диқандары республика бойынша жиналатын дәнді дақылдар өні­мінің 25-28 пайыздан астамын өн­ді­ру­ді дәстүрге айналдырды. Соңғы жыл­дары дәнді дақылдар алқабы 19 пайызға ұлғайтылып, 3,9 млн. гектарға жеткізілді. Озық технологияларды қолданып, егіншілік мәдениетін жетілдірудің арқа­сында астық берекелігі арта түсті. Был­тыр­ғы қуаңшылық жылдың өзінде әр гектардан 10,5 центнерден өнім алынып, 4,1 млн. тонна астық жиналды. Бұл – республика бойынша жиналған астық­тың 31 пайызы. Облысымызда мал шаруашылығы да  жақсы дамып келеді. Соңғы жылдары мал басы мен құс саны едәуір өсті. Облысымыз жан басына шыққанда сүт пен жұмыртқа өндіруден – республикада бірінші, еттен – екінші орынға ие. Кеңес Одағы кезіндегі қорғаныс өнер­кәсібінің ірі зауыттары 90-шы жыл­дардың басында жабылуға шақ қалған болатын. Елбасының жан-жақты қол­дауы­ның арқасында бейбіт өмірге бейімделіп, айтарлықтай табыстарға жетті. Соң­ғы он жылда  өнеркәсіп өнімдерін шығару көлемі 46,7 пайызға өсті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рын­да­ғы қиыншылықтардың салдарынан өңіріміздегі тұрғын үй құрылысы құл­ды­рап кеткен болса, 2003 жылдан бастап бұл салада да қайта өрлеу басталды. 2005 жылдан бастап жүзеге асырыла бас­таған тұрғын үй құрылысын дамы­тудың мемлекеттік бағдарламасының нәтижесінде көп жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған мыңдаған адамдар жайлы баспаналарға ие болды. Өзге жылдарды айт­пай-ақ қояйық, былтыр 1059 пәтер салынып, пайдалануға берілді. Бұл – 2000 жылмен салыстырғанда 7 есеге көп деген сөз. Елбасының биылғы Жолдауында әлеу­меттік салалар, оның ішінде білім беру ісіне, әсіресе қазақ мектептеріне бірінші кезекте көңіл бөлінгені еліміздің бо­лашағына деген қамқорлықтың жарқын көрінісі екені сөзсіз. Осы кезеңде білім беру саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Салыстыру үшін мысал келтірейік. 1991 жылға дейін Петропавл қаласында бір ғана қазақ мектеп-интернаты болса, қазір балаларды ана тілінде оқытатын 6 орта мектеп жұмыс істейді. 2006 жылы ашылған дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының шәкірттері мемлекеттік тілмен қатар орыс, ағылшын, түрік тілдерін үйренеді. Бос орындары бар орыс мектептерінің жанынан қазақ сынып­та­ры мен шағын орталықтар ашыла бастады. Ал, қаламыздағы № 17 жаң­ғы­ру мектебінде оннан астам ұлт өкіл­дерінің балалары жалпы білім беру стандартына сәйкес білім алумен бірге әрқайсысының ана тілін, тарихын, мәдениетін меңгеруіне барлық жағдай жасалған. Бұрын ешқашан қазақ мектептері болмаған аудан орталықтарының барлығында ана тілімізде оқытатын орта мектептер ашылды. Қазіргі кезде қазақ балаларының 62 пайызы өз ана тілінде білім алуда. Ал бұдан 20 жыл бұрын бұл көрсеткіш небары 20-25 пайыз ғана болатын. Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер көп. Елбасы бекіткен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарла­ма­сы аясында жылына 10 мың литр қан плазмасын дайындайтын қан орталығы, бір ауысымда 500 науқасты қабыл­дай­тын жаңа емхана салынып, тұрғындарға қызмет ете бастады. Кардиологиялық орталық ашылып,  жергілікті дәрігерлер жүрекке ашық ота жасау ісін қолға алды. Аудандарда да  денсаулық сақтау мекемелері салынып, іске қосылды. Мә­де­ниет саласы да ілгерілеп келеді. Жерлес жазушымыз Сәбит Мұқановтың 100 жыл­дық мерейтойында  шаңырақ көтер­ген қазақ сазды-драма театры – Тәуел­сіз­­дігіміздің белбаласы. Оның ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен жазушының жары Мәриям Мұ­қанова қатысқанын солтүстікқазақстан­дық­тар ұмыта қойған жоқ. Театр ұжымы ұлттық өнерімізді биікке көтеріп, ана тіліміздің, мәдениетіміздің өркендеуіне зор үлес қосып келеді. 2008 жылғы  та­мыз­да Президент Н.Ә.Назарбаев облы­сымызда іссапармен болғанда  «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша күрде­лі жөндеуден өтіп, қалпына келтірілген «Абылайдың ақ үйі» мұражай кешенін ашып, жұртшылық алдында тебірене сөз сөйлегені – бәріміздің есімізде. Бүгінде «Абылайдың ақ үйі»  республикамыз­дың барлық аймақтарынан, сондай-ақ таяу және алыс шетелдерден келіп, қы­зыға тамашалайтын  киелі орынға ай­налған. Әміршіл-әкімшіл кеңес заманы тұсында саяси қуғын-сүргін құрбаны болған ұлы ақын, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың есімін мәңгі есте қалдыру, артында қалған бай мұрасын насихаттау шаралары кең өріс алған. Қожаберген жырау, Батыр Баян, Шал ақын, Шоқан Уәлиханов, Тоқсан би, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсі­репов, Иван Шухов, Евней Бөкетов, Мұ­рат Айтқожин сынды даңқты жерлес­теріміздің есімдері жас ұрпақ үшін де ерекше қастерлі саналады. Өз халқының туған жерге оралуына үлкен қамқорлық көрсетіп отырған үш мемлекеттің бірі – Қазақстан. Еліміздің тәуелсіздігімен тұстас басталған Ұлы көш керуені әлі күнге дейін жалғасып келеді. Президентіміздің бастамасымен қолға  алынған көші-қон бағдарламасы арқасында Қызылжар өңіріне мыңдаған қандастарымыз көшіп келіп, орнықты. Баспана беріліп, тұрақты жұмыстармен қам­тамасыз етілді. Облыс әкімі С.Біләловтің Елбасымыздың бұл бағыттағы тапсырма­ла­рын ойдағыдай орындап, ата-баба қонысына аңсай жеткен бауырларымыз үшін жан-жақты жағдай жасалуда. Об­лыс орталығынан 15 шақы­рым­дай жерде шеттен келген ағайын­дарымызға арналған жаңа ауыл бой көтерді.Ол Бәйтерек деп аталады. Мұнда Президент бекіткен «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша 140 тұр­ғын үй салынып, атамекенге келіп жат­қан отандастар игілігіне берілді. Тағы бір жағымды жаңалық,  облыс әкімінің бас­тамасымен  «Ұрпақ қоры» бағдарла­ма­сы жүзеге асырыла бастады. Ол демо­графиялық ахуалды жақсартуды діттейді. Бұл бағдарлама бойынша қазірдің өзінде төрт және одан көп сәбиді дү­ниеге әкелген 156 отбасыға екінші дең­гейдегі банктерден арнаулы депозиттер ашылып, әр балаға 160 айлық есептік көр­сеткіш мөлшерінде қаражат салын­ды. Бұл қаржылай көмек бала кәме­лет­тік жасқа жеткенше еселеніп отырады. Қазақстанның «Солтүстік қақпасы» аталатын Петропавл қаласының қазіргі келбеті де әлдеқайда ажарлы. Шаһардың бұрынғы бейнесі сақтала отырып  қа­зіргі заман талабына сай абаттан­ды­рылуда. Қаланың орталық алаңында Қа­зақстан Республикасының рәміздеріне арналған сәулетті композиция бой көтерді. Ел өңіріндегі айтулы мереке – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай  елді мекендер мен шағын ауыл-селолар да  көріктене түсті.  Мереке жақындаған сайын «20 игі іс» акциясы кеңінен  өріс алып,  кәсіпкерлердің, зиялы қауым өкіл­дерінің туған ауылдарына деген қам­қорлығы ересен. Аймақ басшы­сы­ның осынау бастамасы Мағжанның  туған ауылы – Сартомардан басталып, бүгінге дейін 300-ден астам шара  атқарылды. Тәуелсіздігіміздің әр жылы жалынды еңбекке, жасампаз іске толы. Оны сол­түс­тікқазақстандықтардың күнделікті өмірінен де, тыныс-тіршілігінен де  анық байқауға болады. Торқалы тойға толымды тартулармен бару  бәріміздің асыл парызымыз деп білеміз. Қайролла МҰҚАНОВ, өлкетанушы. Солтүстік Қазақстан облысы.