• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2011

Мәрт мінезді азамат еді

779 рет
көрсетілді

Жайқалтып егін, мыңғыртып төрт түлік мал өсіруге таптыр­май­тын жер, қолайлы өңір «Қазақтың Швейцариясы» Көкшетау­дай-ақ бол­сын! Ақындар жырға қосқан таби­ғаты сұлу, суы балдай жер жәннаты құнарлы топырағымен ғана емес, қа­зақ тарихы мен мәдениетіне, эконо­ми­касының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, өшпес із қалдырған, жұртшылық жадында ұмы­тыл­мас­тай сақталып қалған ел азаматтары, намысты ұл-қыздарымен де мақтана алады. Солардың бірі — белгілі мем­лекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков. Ерекеңнің ерен қа­жыр-қайраты, адамгершілік асыл қасиеттері, ұйымдастыру­шы­лық зор қарым-қабілеті, мәрт мінезі жайлы туралы көп айтуға болады. «Тау алыстаған сайын биіктейді» демекші, арада қанша уақыт өтсе де, оның нар тұлғасы алмастай жарқырай түсері анық. Қарапайым агро­ном­дық­тан облыстық партия комитеті­нің бірінші хатшысы, министр ла­уазымына дейінгі еңбек сатыла­ры­нан өтіп, ғұмыр­на­масы соқтықпалы, соқпақсыз бұралаң­дар­ға, асу-белдерге толы болса да, адалдық, әділ­дік бағытынан еш айныған емес. Мен шағын естелігімде осынау жа­ны жайсаң замандасымның, ұста­зым­ның біз сияқты шәкірттерін қа­на­тымен су себелеген қар­лы­ғаш құ­сап жетелеп өсіргені, зор ағалық қамқорлық көрсеткені, білікті маман, азамат қатарына жеткізгені жайлы әңгі­ме­лемекпін. «Жақсының жақсылығын айт-нұ­ры тасысын» дегендей кейінгі ұрпақ үл­гі алатын өнегелерін айту артықтық етпес. Өткен ғасырдың 50-жылдары қазақтың қарадомалақ балаларының Мәскеудің Тимирязев атындағы ау­ыл шаруашылығы ака­де­миясына оқу­ға түсуі өте сирек-тін. Ере­кең Кеңес Одағындағы іргелі оқу орнын 1953 жылы агроном мамандығы бой­ынша ойдағыдай тәмамдап, Николаев МТС-на жұмысқа келді. Мен Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы инсти­ту­тын 1954 жы­лы аяқтап, агроном ма­мандығы бойынша жұмысқа орна­лас­тым. Ұжымшарлар жаппай кең­шар­ларға айналдырылып, тың жә­не тыңайған жерлерді игеру науқаны­ның жаппай басталып кеткен сәті. Бір жыл болмай жатып Ерекең МТС директорына жо­ғарылатылды. Бір кезде Октябрь ауданын­да «Марьевка» кеңшарын ұйымдастыруға жіберіліпті деген сөзді естіп, атақ-даң­қына сырттай қанық біз бір көруге ынтық болып жүрдік. Аз уақыт іш­інде жаңадан шаңырақ көтерген кең­шарды алдыңғы қатарлы ша­руа­шы­лық қатарына қосты. Айрықша атап өтетін бір қасиеті, кеңседе отыруды білмейтін. Үнемі қиын учаскелерден табы­лып, күрделі мәселелердің тез де жедел шешілуін өзі бас болып қадағалайтын. Тез арада әлеуметтік-мәдени нысандар мен ғимараттар бой көтерді. Жас мамандардың ор­нығуын, бірінші кезекте баспана­лар­дың тұрғызылуын басты назарда ұстады. Бір көз жеткізгенім, әкім­шіл-әміршіл режім­нің, өктем уақыт­тың талаптарына мойы­нұсына бермейтін. Әр істі барынша ашық, жа­риялылықпен шешіп, халықпен ақ­ыл­дасып отыратын. Демократқа тән кеңдігі кесіп айтатын кесек мінезімен толығып, өзгелерден ерекшелендіріп тұратын. Жұ­мы­сының бастан асып жатқанына қара­мас­тан жас­тарға деген қамқорлығы ерен бо­латын. 1961 жылы Ерекең облыстық ау­ыл шаруашылығы басқармасын басқаруға, сонымен қатар облатком төрағасының бірінші орынбасар­лы­ғына жіберілді. Мен облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіндемін. Жастар мәселе­лері түрлі бағыттарда өрбіп жататын. Ол кездері тыным дегенді көрмейтінбіз. Тың игерушілер сырттан ағылып келіп жат­қандықтан, үй-жай, мәде­ни­ет, спорт орын­дары жетіспей жата­тын. Мәселелердің бірде-біреуі ұж­ымшарлардың қатысуынсыз шешілмейтін. Мүйізі қарағайдай дирек­тор­ларды тыңдату да оңайға соға бермейтін. Осындайда Ерекеңнің көп көмегі тиді. Облысты аралап келгеннен кейін мені жастар жетекшісі ретінде шақырып алып жергілікті жағ­дайдан мол мағлұмат беретін. Жастар жайына қатысты проблемаларды қозғап, толғақты мәселелерді қол­мен қой­ғандай саралайтын. Ой-пі­кірлерімді сұрас­тырып, ақылдасып отыратын. 1963 жылы Тимирязев ау­да­ны отау тігіп, мені ауатком төр­аға­сы етіп жіберді. 2 кеңшар Көкшетау, екі кеңшар Қостанай облысынан, бір кең­шар Преснов, сегіз кеңшар Ок­тябрь ауда­нынан қосылды. «Қырық құрақ» ауданның қиындығы жетіп артылатын. Аупартком, өндірістік ау­ыл шаруашылығы басқармасы Сулы стансасындағы ПМК-ның жа­тақ­ха­на­сында, ауатком Сулы элева­торының зерт­ханасында орналасқан. Бірде ауданға Ерекең іссапармен келді. Обкомның екінші хатшысын қарсы алып, аудан орта­лы­ғымен та­ныстырдық. Жұмыс орнымызды көр­геннен кейін ойланбастан: «Жақ­сылық, жүр, элеватордың дирек­то­ры­на барайық», деді. В. Турищев кабинетінде екен. Ерекең амандық-сау­лықтан соң: «Сіз кімсіз?» деп сұ­рақты төтесінен қойды. Анау сасып қалып, жөпелдемеде не деп жауап берерін білмеді. Бір кезде: «Эле­ва­тор­дың директо­ры­мын» деді. «Элеватор кімдікі?» «Мемлекеттікі». «Олай бол­са, деді, Ерекең оған мені нұсқап, мына аудан басшысы мемле­кеттің өкілі. Оның зертханада отыруы дұ­рыс па?» «Еркін Нұржанұлы, мен бәрін түсіндім», деді ол генерал алдында қалт тұрған сарбаз құсап. «Біз қазір шаруа­шы­лықтарды ара­лай­мыз. Қайтып келгенше кабинетті босатып қойыңыз. Бірде-бір жи­һазға тиісуші болмаңыз», деп әңгімені келтесінен қайырды. Айтпағым, Ере­кеңнің екі сөйлемейтіні, кесіп айта­тыны, уәдеге беріктігі, мәселені төтесінен қоятыны. Ерекең үшін үлкен, кіші деген мә­се­ле­лер болмайтын. Оған тән мем­лекеттік көз­қарас пен адамгершілік қасиеттердің небір тылсым сыр­лары нақты іс арқылы өріліп жа­татын. Әсі­ресе, жаны да, ары да таза, жұмысқа берілген, өз кәсібіне білікті ма­ман­дарды таңдауға мейлінше та­лапшыл болатын. Темірдей тәр­тіп­ті бірінші орынға қоятын ол өтірік айтуға, жа­л­ған сөйлеуге жаны қас еді. Дүниеге қызықпайтын. Ең­бек­тегі, өмірдегі ұстазымыз бойы­мызға да­рытып кеткен жақсы мінез мен қасиеттерді одан әрі ұштай түсуге ұмтыла­тын­быз. Кө­к­шетау, Қы­зылорда облыст­а­рында басшы­лық қызметте жүргенде елге, халық­қа жасаған жақсылығын айтып-жеткізу қиын. Адамгершілік құндылықтар кері ысы­рылған бүгінгідей заманда Ере­кең секілді біртуар азаматтың нар тұл­ғасын, мәрт мінезін, өзгеге ұқса­май­тын болмыс-бітімін аңсайды екенсің. Жақсылық ЫСҚАҚОВ, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы. Петропавл.