АЯЗ БЕТ ҚАРАТПАЙ ТҰР
Жыл ауысар шақтағы оңтүстікте 10 градусқа дейін жылы болып, соның өзі көктем келіп қалғандай әсер еткені бар еді. Тіпті кейбіріміз қыстың суық болғаны жөн ғой десіп, табиғаттың алдамшы ойынына ілесе жөнелгендей болдық қой. Қазақтың “кәрі құдасы” сонымызды сезген болуы керек, оңтүстік облыстарда қар жауып, ептеп күн де суытты. Ал шығыс және солтүстік облыстарда аяздың бет қаратпай тұрғанына екінші аптаға кетіп барады. Мұндай жағдайда бәріміз алдымен ауылдарға жол қатынасы бар ма екен, малды ауылдар жем-шөптен қысылып қалмап па, қалалардағы көп қабатты үйлердің жылуы қалай екен дейтін сұрақтарға жауап іздей бастаймыз. Тілшілерге берілген тапсырма да осы сұрақтарға байланысты еді.
Павлодардан – Фарида БЫҚАЙ:
– Қыстың аты – қыс қой. Осылай болуы керек те. Қақаған суық пен аязға баяғыдан етіміз үйренген. Ерте күзден-ақ сақадай-сай дайындала бастаймыз, – дейді павлодарлықтар. Соңғы үш-төрт күнде қақаған аяздың беті қайта қоймады. Күндіздің өзінде 30-32 градустан, түнде 40 градусқа дейін аяз болып тұр. Қар да қалың түсті. Алыстағы елді мекендер, ауылдар тұрмақ, облыс орталығының өзінде де жүріп-тұру қиындай бастағандай. Бірді-екілі болмаса, аяздың ызғарынан ыққан ба, әншейінде арлы-берлі ағылып кеп жататын қымбат жеңіл көліктердің де қарасы азайыпты. Осындай аязды күндердің алдын алып, жалпы облыс бойынша төтенше жағдайлар басқармасы арқылы арнайы штабтар құрылып, кезекшіліктер ұйымдастырылып, күні-түні жұмыс жасауда.
Қалаішілік жолаушылар тасымалдайтын автобус бағыттары, трамвай жолдары, сырт жаққа шығатын байланыстар болсын барлығы түгелдей бақылауға алынды. Облыс орталығының көшелерін қалың қардан тазалауға 134 техника жұмылдырылыпты. Қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің осы салаға қарасты жұмысшылары күні-түні, яғни 24 сағат бойы кезекпен жұмыс жасауда.
Алыстағы Ертіс, Железинка, Шарбақты, Лебяжі аудандарынан бізге келіп түскен мәліметтерге қарағанда, қалың қар бүркеніп жатқан ауыл-ауылдарда да жағдай орнықты, қыстың ызғары қатты болса да мал-жан аман, қора-қопсы жайлы, үй жылы екенін білдік. Қамданған қапы қалмайды деген осы.
Ең шалғай болып табылатын Железинка ауданының әкімі Жанат Шұғаев аязды күндерге қарамай, ауыл-ауылдарды аралап, бір көріп қайтқанын, демалыс уақыты болса да барлық ауыл әкімдері, аудан әкімдігінің қызметкерлері кезекшілік жасап, қар қалың жауған, ауа райының қытымыр күндері оқыс бір жағдайдың орын алып қалмауына баса назар аударуда екендерін, сондықтан барлық жағдайды қатты бақылауда ұстап отырғандарын айтты. Алыстағы Ертіс ауданында да қатты аяз күндеріне орай аудан әкімі аппаратының басшысы Байшота Шыңғыстың айтуынша, жалпы аудан бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылыпты. Түске қарай аяздың беті қайтқанымен, кешке қарай күшіне енетін әдеті. Ауылдықтар да қыр-сырын жақсы біледі. Аудандық азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызмет құрылымдары бірлесіп жұмыс атқаруда. Қазір “Нұрал” жауапкершілігі шектеулі кәсіпорны барлық техника күштері арқылы жолдарды қардан тазартуда. Ертіс өзені маңайында отырған ауылдарға да ескерту жасалыпты. Қыстың ызғары қанша қатал болса да, бәрінен бұрын елдің іші аман-есен екенін айтқан аудандардан келіп түскен хабарларға көңіліміз толды. Күн жаманы кетер дейді қазақ. Ал далада әлі де сары аяз адамдарды сынайын дегендей әне, одан сайын сақылдап күшіне еніп барады.
Петропавлдан – Өмір ЕСҚАЛИ:
Солтүстіктің сақылдаған сары аязы жұртшылықты біраз алаңдатқанымен, табиғаттың тосын мінезіне дайындық жұмыстары алдын-ала жасалғандықтан, күтпеген оқиғалар орын ала қойған жоқ. Жаңа жылдың алғашқы күндері температура күрт төмендеп, оған суық жел, сырғыма боран қосылып, сақтық шаралары тіпті нығайтыла түсті. Ерекше маңыздағы нысандар, емханалар, мектептер бақылауға алынып, жылумен, жарықпен жүйелі қамтамасыз етілуі қатаң қадағаланды. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатымен 581 адам, 356 техника кез келген жағдайға сақадай-сай әзір тұрды. Барлық бағыттар бойынша 153 жылу қосындары әзірленді. Мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері күні-түні кезекшілік ұйымдастырып, күшейтілген құрамда жұмыс істеді. Жол бойларында жанармайы қатып қалған 4 көліктің иелеріне дер кезінде көмек берілді. Бұл күндері өрт сөндірушілер де тыным тапқан жоқ. Олар 18 өртті дер кезінде өшіре біліп, бірнеше адамды ажал тырнағынан құтқарды. Мәселен, Жұмысшы кентінде болған тілсіз жауды ауыздықтау барысында 5 айлық сәбидің өмірін сақтап қалды.
Өкінішке қарай, жаңа жылда қайғылы оқиғалар да орын алды. “Сақтансаң сақтаймын” деген қарапайым тәмсілді қаперіне алмаған адамдар түрлі жазымдарға душар болды. 3 қаңтар күні Ғ.Мүсірепов ауданына қарасты Буденное ауылында суыққа тоңып өлген 30 жастағы ер адам табылған. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ақпараттарына қарағанда, жолға шыққан, көше кезген 9 адам үсікке шалынып, 6-уы көз жұмған. Рузаев кентінде өртке оранған үйден ер адамның мүрдесі шыққан. Петропавл қаласындағы Бензострой кентінде өрт жалмаған үйдің ішінде қалған ер адам ащы түтінге уланып өлген. Шағын аудандардың бірінде жылыту жүйелерін жөндеп жатқан 49 жастағы тұрғын қайғылы жағдайға ұшыраған. Мереке күндері облыс орталығындағы медициналық айықтырғышқа күніне 25-40 мас адам жеткізілген. Бірқатары туған-туыстарына табыс етілген. Төтенше жағдайлар мен түрлі оқиғалардың алдын алу жұмыстарын тиімді атқарудың арқасында бұл күндері бірде-бір өте ауыр қылмыс тіркелген жоқ.
Ал ауа райын болжаушылар болса аяздың бірнеше күнге созылатынын, соған орай сақтық шараларын бәсеңдетпеуді айтып отыр.
Қостанайдан – Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА:
Қостанайда кеш түскен қыс қаһарына мініп тұр. Өткен жылдың аяғында басталған аяз әлі сынған жоқ. Бөрідей ұлыған боран да ауық-ауық қайталап соғады. Кеше күні бойы ақ түтектен қарға адым жер көрінбеді.
Бірақ “кәрі құдаң” қыс қалай қатуланса да қостанайлықтар еш нәрседен қиналып отырған жоқ. Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл, Рождество мерекелерінде облыс қалалары мен ауылдық елді мекендерде электр энергиясы желілері мен жылу құбырларының апатсыз, тоқтаусыз жұмыс істеуі қамтамасыз етілді.
– Мұның барлығы да қысқа жаздай-күздей жүргізілген ұқыпты дайындық жұмыстарының арқасында мүмкін болды. Қыстан қысылмаудың коммуналдық шаруашылыққа қатысты екі себебі бар. Алдымен жылу жүретін құбырлар мен электр желілерін сапалы жөндеу керек. Сосын қарызың болмаса қыс қиындығын сезбейсің. Біз осының екеуін де қамтамасыз еткенбіз, – дейді облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы төрағасының орынбасары Ольга Печаткина.
Сонымен қатар облыста көмір мен мазуттың жеткілікті қоры жасалған. Ал электр энергиясы мен көгілдір отынның ақысы алдын ала төленген. Сондықтан үйі ұядай жылы қостанайлықтарға қыстың аяз бен қары кедергі емес.
Ал қыс айларындағы қауіптің бірі жолдарда кездесетіні аян. Бірақ боран қалай ұйтқып соқса да Қостанай өңіріндегі жолдарда жолаушылар таситын автобустар мен басқа да көліктер тоқтаған жоқ.
– Біз желтоқсан айының 25-нен бастап ауданаралық, облысаралық жолдарда кезекшілік ұйымдастырдық. Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің ауа райы құбылысы туралы алдын ала ескертуін ескеріп отырамыз. Боран күшейген кезде жолаушылар көлігін үлкен жолдарға шығармауға кеңес береміз, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының төрағасы Болат Нақанов.
Кеше күн-түні соққан боран кезінде аудан және облысаралық үлкен жолдардың қарын 17 техника тынымсыз тазалады. Алыс рейстерге жүретін автобустар мен басқа да көліктер сапарын тоқтатқан жоқ, жолаушылар жол азабынан ада.
Шығыс Қазақстан облысынан – Оңдасын ЕЛУБАЙ:
Алтайдың алты айға созылатын арқыраған ақшұнақ аязды қысы нағыз күшіне енген сыңайлы. “Бір апамнан бір апам сорақы” дегендей, мұның алдында да аяз қатты қысып, түнге қарай ауа райы 38-39 градусты көрсетсе, міне, бүгін төртінші күн Өскеменде сынап бағанасы түнде 40 градустан асып түсті. Өткен сенбі күні жоғары оқу орындарының үшінші курс студенттеріне дейін сабақтарына бара алмады.
Иә, биылғы қыстың беті жаман. Жыл басында ауа райын зерттеуші синоптиктердің басшылары “қыс жылы, қар жұқа болады” деп сәуегейлік танытқан. Жақында ғана Зайсан ауданындағы дос-жарандарға телефон шалып, аман-саулықты сұрағанда, ең бірінші естігеніміз: “Міне, екі аптадан асты, қалың жауған қар үйдің төбесінің шатырына дейін жетті, қар тазалаумен алысып жүрміз” деп алаңдаушылық білдірген еді. Қар қалың жауған соң облыс орталығын аудан, қалалармен жалғастырып жататын күре жолдың да тынысы тарылып, қатты боран-шашыннан тіршілік нысанының жабылып қалатыны белгілі. Иә, Кенді Алтайда қыс қатты...
Облыстық әкімдік жанынан құрылған төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның соңғы отырысы сегізінші қаңтарда өтті. Оны облыс әкімінің орынбасары Серік Тәукебаев жүргізді. “Ауа райы қатты суытпақ, оған әзірміз бе, шалғайдағы ауылдарға азық-түлік жеткізу жағы күн талабына сай ма?” деген сауалдарға жауап қайтарылды. Соңғы екі-үш күнде төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің шешімімен соляркамен жүретін көліктерге кешкі 16.00-ден таңғы 9-ға дейін тосқауыл қойылды. Ол кеше алынып тасталды. Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай, Үржар, Аягөз аудандарының түкпірде жатқан ауылдарына азық-түліктің мол қоры аяз түспестен бұрын жеткізілген. Бүгін Күршім-Қалжырға жол жабық. Бірақ бұл ауылда азық-түліктің қоры жеткілікті. Жалпы, аязды күндері ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің облыстық департаменті мен “Қазақавтодордың” басшылары өз жұмыстарына жауапкершілікпен қараған. Департаментке қарасты 74 түрлі маркалы қар тазалағыш, қар күрейтін техника демалыссыз жұмыс істеп тұрды. Қазір барлық аудандарға жол ашық деген хабар айтылды мәжілісте.
Біз кеше шалғайдағы екі ауданның басшыларымен тілдескен едік.
– Катонқарағай ауданына қар қалың түсті. Таулы аймақтарда қар қалың жауғандықтан, қар көшкіні қаупі сейілмей тұр. Біз, әсіресе, Печи ауылы маңынан өтетін Бұқтырма өзеніндегі мұздың қатпауы салдарынан су деңгейінің көтерілуіне алаңдап отырмыз. Облыс әкімі Б.Сапарбаев қауіпті жерді аралап көрген, тиісті қаржы бөлінген. Демек, апаттың алдын аламыз. Ал азық-түлік шалғайдағы ауылдарда жеткілікті, себебі жол ашық, – деді бізбен тілдескен Катонқарағай ауданының әкімі, жақында ғана еңбекте қол жеткен жоғары табыстары үшін “Құрмет” орденімен марапатталған Серік Зайнулдин.
– Зайсан ауданына қатты аяз келіп жетті. Биыл ауданға қардың жылдық мөлшерінен артық ылғал түсті. Барлық ауылдарға автокөліктер қатынауда, газет-журналдар жеткізіліп жатыр. Қыстан қысылмай шығамыз деген ой бар, – дейді Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Қазбек Биқадамов.