• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2011

Жаңа командаға барады

313 рет
көрсетілді

Футбол Елімізде мемлекет пен жеке кәсіп­керліктің әріптестігі ая­сын­да тұңғыш рет өтетін Спорт форумының қарсаңында Атлант мұхитының ар жағынан қуанышты хабар келіп жетті. Осыдан үш жыл бұ­рын Бра­зи­лияға футбол ойнап, шеберлігін шыңдауға аттанған балалар­дың ішіндегі Рауан Сариев деген отанда­сы­мыз жақында Белу-Оризонти қаласының «Атлетико Минейро» клубымен 3 жылдық келісім-шартқа қол қойды. Р.Сариев – Қазақстаннан Бра­зи­лия­ның «Оле Бразил Клаб» ака­демиясында оқып, жаттығу үшін барған 26 баланың бірі. Осы кезге дейін ол «Оле Бразил» командасы­ның сапында Сан-Паулу штатының Паулиста лигасында ойнаған. Енді жаңа командамен келісім-шартқа отыр­ғаннан кейін Сариев осы елдің А серия­сында өнер көрсететін болады. Отандасымыздың жаңа клубы 1908 жылы құрылған Бразилия­ның ежелгі командаларының бірі. Оның сапында кезінде ұлттық құраманың негізгі қақпашысы болған Клаудио Таффарел, Андерсон Полга, Жилберто Силва, Амантино Манчини, Жулиано Белетти, Сисиньо мен басқа да аяқдоп шеберлері өнер көрсеткен. Қазір команда А сериясында 13 орында тұр. Команда матчтарын Белу-Оризонтидің 80 000 адам сыятын «Минейро» стадионында өткізеді. Клубтың қазіргі президенті Алешандре Калил, ал бапкері Кука деген азамат. Рауанның өзі 1994 жылы Алматы облысы, Ескелді ауданы, Қара­бұлақ ауылында туған. Тұң­ғыш жаттықтырушысы Ахмет Барзукаев деген кісі. Бразилияға бар­ғанда ол 1993 жылы туған жергілікті балалардан жасақталған «Оле Бра­зил» коман­дасын­да негізгі құрамда 3 жыл ойнап, 30-дай гол со­ғып үл­герген. Оның айтуынша, Бразилияға барған 26 баланың ал­тауынан басқасы өздерін жасыл алаңда жақсы қырынан көрсету үшін барын салып ойнап жүр. Солардың арасында Мұхтар Қалым­бетов, Берік Шайхов сияқты балалар бар. Ал алтауы тәртіпке шыдай алмай, осы жерге келген жылы-ақ елге қай­тарылған еді. Хоккей «БАРЫСҚА» БАС БАРМАҚПЕН БАҒА Астанада шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы жо­лын­дағы халықаралық турнир мәресіне жетті. 9 тамыз күні басталып, 4 күн бойы «Қазақстан» спорт сарайында өткен турнирде жергілікті «Ба­рыс» Ресейдің «Югра», «Амур», Өскеменнің «Қаз­цинк-Торпедо» командаларын артқа қалды­рып, бас жүлдеге ие болды. Аталған сында «Барыс» бір-ақ рет жеңілді. Турнирдің екінші күні олар Хабаровскінің «Амур» клубынан ұтылған болатын. Содан кейін ресей­ліктердің Өскемен командасын қалпақпен ұрып аламыз деген үміті желге ұшты. Бұл ойында Қиыр Шығыстың клубы «Қазцинк-Торпедо» команда­сынан 2:0 есебімен жеңіліс тапты. Міне, турнирде бірде ұтып, бірде жеңіліп жатқан командалар арасында бәсеке қызып, ең соңында бірінші орын алып, 6 ұпай жинаған «Барыс» пен 5 ұпаймен екінші орында тұрған Ханты-Мансидің «Югра» ұжымдары финалда кездесетін болды. Ал үшінші орын үшін кездесу топта үшінші орын алған «Амур» мен ең соң­ғы орынды иеленген өскемендіктер арасында өтті. Сөйтіп, финалда «Ба­рыс» тағы да былтырғы ойын өрнегін көрсетіп, қарсылас­тарынан басым түсті. Ал «Амур» осы жолы «Қазцинк-Торпедодан» есесін қайтара алды. Биылғы турнирде «Барыстың» шабуылшысы Брэндон Боченски 4 шайба соғып, сұрмерген атанды. «Барыстың» қақпашысы Виталий Еремеев болса, «үздік қақпашы», Томми Варг («Югра») – «үздік қорғаушы», Иржи Новотны («Барыс») – «үздік шабуылшы» атанды. Дастан КЕНЖАЛИН.