Елбасы Н.Назарбаевтың еңбек рыногының тиімділігін арттыру, тұрмысы төмен және жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты мемлекеттік бағдарламаларға тарту жөнінде тапсырмалар бергені белгілі. Сондықтан да халықты жұмыспен қамтуды іске асыру барысы «Нұр Отан» ХДП-ның айрықша қадағалауында. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының іске асырылу тетіктері де партия белсенділерінің қатысуымен пысықталған. Партия жанында жобаның орындалуына мониторинг жүргізу жөніндегі сарапшылар тобы да жер-жерде белсенді жұмыс істеп жатыр.
Сәрсенбі күні партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына қатысып отырған бірқатар мекемелерді аралап көрді. Нұрлан Зайроллаұлы ең алдымен кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі сервис орталығында болды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл орталықтың ең алдымен Шығыс өңірінде іске қосылғанын тілге тиек етті. Сервис орталығының міндеті – мемлекеттік 4-ші бағдарламаның жүзеге асуын қамтамасыз ету. «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бұл орталықта ауылдан келген және қаладағы кәсіпорындардың өкілдері тереңдетіп білім алады. Оларға білімі мен білігі келіскен маман кадрлар дәріс береді.
– Мамай батыр ауылында «Хан О.Е.» шаруа қожалығы жаңа жылыжай кешенін іске қосуда. Аманшылық болса, осы ауылдың 66 адамы жұмыспен қамтамасыз етілмек. Көкөніс өсірудің қыр-сыры жеткілікті көрінеді. Қыс мезгілінде көкөніс өсірудің технологиясымен біз жете таныстырылып жатырмыз, – дейді осы ауылдың тұрғыны Қарлыға Қабыланқызы.
Жоба шеңберінде кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталығы шағын және орта бизнеске демеу қолын созуда. Облыстың 640 кәсіпкеріне несие берілетін болды. Ол үшін 1 миллиард 356,3 миллион теңге қаржы қарастырылған. Сервистік орталықта аймақтық комиссия бизнес-жобаларды іріктеп, типтік жоспарды бекітеді екен. Сервис орталығы аталмыш бағдарламаға қатысушылардың терең білім алуын көздейді. Өңір басшысы келген қонақтарға осылар жайлы кеңірек мағлұмат берді.
Бұдан кейін Нұрлан Нығматулин бастаған топ Өскемендегі №1 кәсіби лицейге атбасын бұрды. Бұл жерде құрылысшылар мен электр жөндеушілер, кондитер тағамдарын жасайтын мамандар әзірленеді. Шырайлы Шығыста тұтастай алғанда 92 мамандық бойынша білім беріліп жатыр. Н.Нығматулин оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысып, шеберханалар мен лабораториялардағы білім алып жатқан жастармен әңгімелесті. Лицей директоры Құмарбек Сандыбаев бұл жерде 4 уақыт тамақ тегін берілетінін, болашақ жұмысшылар үшін кітапхана, спорт залдары қызмет көрсететінін айтты. Биыл 228 түлек аяқтап, оның 170-і жұмыспен қамтамасыз етілсе, ал қалғандары жоғары оқу орындары мен колледждерде білімдерін жалғастырып жатыр екен.
– Партия Төрағасы Н.Назарбаев жұмысшы жастардың білімі мен білігін қатар жалғастыруға үнемі көңіл бөледі. Сіздер тегін тамақтанып, тегін білім аласыздар. Қазір бізге керегі ұстаз бен дәрігер, электрмен дәнекерлеушілер екенін назарда ұстаған жөн. Сондықтан біз сіздерден үміт күтеміз, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары кездесу кезінде.
Мамай батыр ауылында «Хан О.Е.» шаруа қожалығы өндіріс көлемін кеңейту үшін Үкіметтен жеңілдетілген несие бойынша 198 миллион теңге алыпты. Комиссия мақұлдаған бизнес-жоспарға сай жылыжай мен тоңазытқыш қоймалары салынады. Бұл жерде облыс әкімі мен партия Төрағасының бірінші орынбасары жылыжай кешені жобасының тұсаукесерін жасады. Ақтаудан келген кәсіпкерлер де ашық алаңда жылыжай салуды бастап кетіпті. Қожалық төрағасы Олег Хан кәсіпкерлерге жасап отырған қамқорлығы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен алғысын білдірді.
– Мен Өзбекстанда ұзақ жылдар тұрып, ол жақта да көкөніс өсіруді қолға алған едім. Бірақ дәл Қазақстандағыдай, оның лидері Н.Назарбаевтай ауыл адамдарына ерекше қамқорлық жасайтын жағдайды көрген емеспін. Мамай батыр ауылында жұмыс істеуге барлық жағдай бар. Алдағы уақытта жолдар салынып, электр, жылу, су жүйелері тартылмақ, – деді кәсіпкер.
– «Жұмыспен қамту-2020» әлеуметтік маңызы бар жоба Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асуда. Осы мақсатқа тек биылдың өзінде ғана республикалық бюджеттен 40 миллиард теңге бөлінген. Болашағы айқын бағдарламаның жүзеге асуы мыңдаған жерлесіміздің жаңа мамандық алуына, жаңа жұмыс орындарына орналасуына жол ашып отыр, – деді Нұрлан Нығматулин ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.