Еуропада мерекелік демалыстар жалғасуда. Австрия астанасы тұрғындары біразға созылған Жаңа жыл және бірқатар діни мейрамдарға орай үзілістен шығуға асығар емес.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның мәжілістер қызметі де ресми түрде демалыста болғанмен, Ұйым Хатшылығы өз жұмысын біртіндеп жандандыруда. Осындай мереке күндері арасында қазақ дипломатиясы ЕҚЫҰ-ға төрағалығына байсалды кірісіп кетті.
Келесі аптада, яғни 14 қаңтарда Қазақстан төрағалығымен өтетін Венадағы Тұрақты кеңестің алғашқы мәжілісіне қызу дайындық жүріп жатыр. Оқырмандар есіне сала кетейік, Тұрақты кеңес – ЕҚЫҰ-ның әр аптаның бейсенбісі сайын Венадағы елшілер деңгейінде жиналатын шешім шығарушы орган. Оның жұмысына қазіргі төрағаның өкілі басшылық етеді.
Әдетте, жыл басындағы алғашқы Тұрақты кеңес – ЕҚЫҰ қауымдастығы, әсіресе, дипломатиялық топтар айрықша қызығушылықпен күтетін оқиға. Себебі, оның мәжілісінде төрағалықтың жыл бойына жоспарланатын әрекеттер бағдарламасы таныстырылады. Мәжіліс басында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңес қатысушыларына арналған бейнежолдауы беріледі. Кеңес отырысына ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қатысып, Қазақстанның Ұйымдағы төрағалығы кезіндегі басым бағыттары туралы баяндама жасайды.
1 қаңтар күні ЕҚЫҰ Хатшылығының баспасөз және қоғамдық ақпарат бөлімі Қазақстан төрағалығының басталуына орай халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз релизін таратты. Онда: “Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығын қабылдап, ЕҚЫҰ құндылықтары мен қағидаттарын қалтқысыз ұстанатындығын, барлық мүше мемлекеттер мүдделерін ескеретіндігін, сонымен қатар, еуразиялық кеңістіктің қауіпсіздігіне нақты үлес қосатын маңызды үнқатысу алаңы ретіндегі ЕҚЫҰ рөлін дамытатындығын растайды”, делінген.
Бөлім ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың сөзін келтіре отырып, “Қазақстан Ұйымда төрағалық ететін алғашқы Орталық Азиядағы ел және бұрынғы Кеңес Одағы республикасы. Бұл мүше мемлекеттердің тең құқыққа ие екендігі туралы қағидаттың күшінде екенінің дәлелі, сонымен қатар, стратегиялық маңызды өңірде және ЕҚЫҰ кеңістігінде Қазақстан рөлінің артуда екенін мойындау болып табылады”, – деді.
“ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан бейтараптық және үйлесімділік қағидаттары негізінде Венадан Шығыс пен Батысқа созылған Ұйымға мүше мемлекеттер ұстанымын жақындатуға, Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістіктегі ынтымақтастықтың нығаюы мен қауіпсіздіктің бекуіндегі Ұйым рөлінің өсуіне жағдай жасамақ”, – деді.
Сөзін жалғастыра келе ол: “Қазақстан “Корфу үдерісін” жалғастырады және ұзақ қақтығыстар өңіріндегі ахуалды тұрақтандыру мен оларды шешудегі, халықаралық көлік дәліздерін дамытудағы, толеранттылық пен өзара түсіністікті нығайтудағы ЕҚЫҰ жұмыстарына жаңа серпін беруге ұмтылатын болады. Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 65 жыл, Хельсинки қорытынды актісіне 35 жыл және жаңа Еуропалық Париж хартиясына 20 жыл толуы қарсаңына келетін ЕҚЫҰ саммитіне дайындық пен оны ұйымдастыруға қатысты барлық ЕҚЫҰ серіктестерімен белсенді жұмыс жүргізетін болады”, – деді.
Атап өтерлік қызық жәйт, 14 қаңтардағы алғашқы Тұрақты кеңес отырысын ЕҚЫҰ-ның Интернеттегі YouTube арнасы арқылы тікелей эфирден немесе жазба түрінде көруге болады. Ол үшін www.youtube.com/osce адресіне кіру қажет.
Ал Тұрақты кеңес мәжілісі қарсаңыңда Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының ашылуына орай Вена қаласындағы Хофбург император сарайында салтанатты концерт қойылады. Оған еліміздің бір топ атақты өнер шеберлерінің қатысуы күтілуде. Яғни, Еуропа Қазақстанның саяси бастамаларымен танысып қана қоймай, сонымен қатар, мәдени жетістіктерін тамашалайтын болады.
ЕҚЫҰ штаб-пәтерінде Қазіргі төраға Қанат Саудабаев Ұйым Хатшылығы, институттары, тыстағы миссиялары басшыларымен мәжіліс өткізеді. Оқырмандарымызға белгілі болғанындай, қазіргі таңда Ұйымның бірнеше институты қызмет етеді, солардың ішінде Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро, БАҚ бостандығы жөніндегі өкілінің офисі, Аз ұлттар жөніндегі Жоғарғы Комиссар және т.б. бар. ЕҚЫҰ-ның төрт негізгі аймақтарында шоғырланған 18 миссиясы жұмыс істейді. Олар Балқан түбегінде (Албания, Босния және Герцеговина, Черногория, Хорватия, Сербия, Косово, БЮР Македония), Шығыс Еуропада (Беларусь, Молдова, Украина), Оңтүстік Кавказда (Әзірбайжан, Армения, ЕҚЫҰ-ның Минск конференциясының тақырыбы болып табылған жанжал (яғни, Таулы Қарабақ мәселесі) жөніндегі Төрағаның Жеке өкілінің офисі) және Орталық Азияда (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан).
Венаға сапары аясында еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшысы, сондай-ақ Австрия Республикасының басшылығымен, осы қалада орналасқан БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар жетекшілерімен кездеседі деп жоспарлануда.
Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ – Венадан.