Өндіріс ошақтары көптеп шоғырланған аймақтар айналасының экологиясы әдетте алаңдатарлық жағдайда болатындығы аян. Жетпіс жылдан астам мыс алыбы атанып келе жатқан Балқаш қаласының төңірегі сондай қалыпта демеске болмайды. Осындағы кәсіпорындардан ауаға көтеріліп, топыраққа сіңіп, суға шөгетін залалды заттар зардабы жергілікті тұрғындарға талайдан бері батып отыр. Су демекші, дәл іргесіндегі көлдің соның салдарынан тазалығы төмендеп, аумағы тарылып, балығы азаюы тағдырын болжаусыз күйге ұшыратпақтығы қоса қатер.
Қоршаған ортаны қорғауға, көпшілік көңілін мазалаған мәселенің шешімін табуға қолданбай жүрген мемлекеттік, қоғамдық іс-шаралар аз емес. Зауыттар да өз тараптарынан экологиялық талаптарды орындауға, сақтауға, жайсыз ахуалды түзеп, жақсартуға ынталы. Ықпалы байқалып та келеді. Мәселен, бұдан үш жыл бұрын зиянды қалдықтардың шығарылымы 594 мың тонна болса, былтыр 400 мың тоннаға дейін азайды. Мұның ішінде күкірт ангидриді салыстырмалы уақыт аралығында 582 мың тоннадан 92 мың тоннаға кеміді. Бұған күкірт қышқылы өндірісінің іске қосылуы үлкен септігін тигізді. Сол арқылы ауа мен суды ластаушы заттардың таралуы бірден 80 пайызға қысқарды. Алайда, өңірдің экологиялық сауығуы әлі де көп күш-жігерді қажет етеді.
Айта кету керек, Балқаш аймағының экологиялық мәселесі ұдайы жұртшылық назарында. Қазақстан Халықтық коммунистік партиясы бастамашылығымен өткен сенбіде ұйымдастырылған қоғамдық тыңдау соның бірі болды. Оны ашқан ҚХКП ОК-нің бірінші хатшысы Владислав Косарев адамдардың өмір сүру ортасының қалыпты жағдайын сақтау, қорғау жылдан жылға өзекті болып отырғандығын, Балқаштағы бұл кезекті шара соған арналуын атады.
Тақырыпты талқылауға қатысушылар өз ой-ұсыныстарын ірікпей ортаға салды. Облыстық экологиялық департаментінің бас маманы, Балқаш қаласы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор Айнұр Төлеуованың айтуынша, кәсіпорындарда эколог мамандар бар, арнаулы зертханалар құрылған. Бірақ нақты жұмыс нәтижелері әзірге оншалықты байқалмай отырғандығы айтылып, осы орайда мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс істелуі керектігіне назар аударылды. Ал Теміртау және Балқаштағы «Отражение», «Экоорталық» үкіметтік емес ұйымдарының жетекшілері Елена Ваганова, Надежда Плаксина өз сөздерінде табиғатты аялап, жанашырлық жасауға бағытталған іс-қызметке көпшілікті жұмылдырудың, қоғамдық қозғалыстарды қамтудың маңыздылығына тоқталды.
Мәселені талқылауда кен қазбасы алынған соң тасталып кеткен шахталар мен кеніштер төңірегін қайтадан жарамды қалыпқа келтіру, табиғат қорғау инфрақұрылымын жетілдіру, аршылған жерлерден көтерілер шаң-тозаңға қалқасын боларлықтай жан-жағынан жасыл желек белдеуін құру туралы сөз қозғалды. Тыңдауда көтерілген мәселелер бойынша қарар қабылданды. Ол ел Үкіметі мен Парламетіне ұсынылатын болды.
Айқын НЕСІПБАЙ,
Қарағанды облысы.