Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бакке екі елдің достық қарым-қатынасын нығайту ісіне қосқан елеулі үлесі үшін «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын табыс етті.
Атақты тапсыру рәсімінде Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов мәртебелі мейманға атақты беру туралы шешімнің 2011 жылдың 19 тамызы күні қабылданғанын атап өтті. Одан әрі ол Астананың даму деңгейі мен екі ел арасындағы достық және ынтымақтастығы туралы ойларымен бөлісті. «Біз сіздерді әрқашан Отанымызда қарсы алуға қуаныштымыз. Астана – Отанымыздың жүрегі, Астана – тәуелсіздігіміздің белгісі, Астана – ол посткеңестік кеңістіктегі ең әдемі, сәулеті мен дәулеті жарасқан қала. Астана – Ұлт көшбасшысы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаласы», – деді ол. Одан кейін қала әкімі екі ел президенттерінің достық қарым-қатынастарының арқасында Қазақстан мен Корея елдерінің саяси және экономикалық ынтымақтастығы жылдан-жылға дамып, соңғы кездері екі елдің сауда айналымы артып келе жатқанын атап өтті. Ол қазір елімізде 300-ден астам бірлескен кәсіпорындардың жұмыс істейтінін, соның нәтижесінде Қазақстанға Кореядан 4 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылғанын жеткізді.
Осыдан кейін салтанатты шарада Астана қаласы мәслихатының хатшысы В.Редкокашин Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бакке қаланың құрметті азаматы атағын беру туралы шешімді оқып бергеннен кейін, Елбасы Н.Назарбаев мәртебелі мейманға «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын тапсырды.
Дастан КЕНЖАЛИН, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.