• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Бизнес 19 Мамыр, 2017

PR-форумда бүгін мәдени коммуникациялар мәселесі талқыланды

301 рет
көрсетілді

Бүгін Алматыда ХІІІ Халықаралық PR-форумының жұмысы аяқталып келеді. Intercontinental қонақ үйінде өтіп жатқан шара биыл «Сынаққа толы PR жылы» тақырыбын талқылап отырғанын бұған дейін де баяндағанбыз.

Форумның екінші күні «Мәдени коммуникациялар: бизнестің мәдениеті қоғам ахуалына әсер ете ме? Мәдениет арқылы бедел мен брендті көтеру» атты пленарлық мәжілістен бастау алды. Көтерілген тақырыпқа ARTиШОК театры ұсынған арт-перфоманстар қызықты серпін берді.  Бүгін әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, ішкі корпоративтік қатынастар мен компанияға деген ниеті жақсы аудиторияны мәдени және шығармалық жобаларды қолдау арқылы тапқан қазақстандық кейстер ұсынылды. Сол сияқты «Компаниялар неге мәдени жобаларға қолдау көрсету керек?», «Мұның компаниялардың беделін көтеруге тигізетін пайдасы қандай?» деген сауалдар қойылып, жолы болған тосын бастамалар форумға қатысушылардың назарына ұсынылды.  Қоғамның өмірі мен санасы мәдениет саласының тамырларында бүлкілдеп жататыны белгілі. Сондықтан мәдени саясатты саналы түрде жүргізу кез келген мемлекет үшін аса маңызды.  Мәселен, Еуропада мәдениет әлмисақтан үлкен индустрия санатында. Еуроодақтың 8,3 миллион азаматы осы саладан нанын тауып жеп отыр.  British Council мәдени және өнер жобаларының жетекшісі Галина Корецкая бізде мәдениет пен ақша табу деген түсінік қабыспайды деп есептейді. Көбінесе мәдениет рухани құндылықтар тұрғысынан ғана қарастырылады.  Осыған қарамастан мәдениет – адамға салынатын капитал екені сөз болды. Спикердің ойынша бізге өзіміздің, яғни Қазақстанның мәдени экономикасының моделін дамытудың кезі жетті.  Спикерлердің бірі – «Сбербанктің» маркетинг пен коммуникацияларды басқару жөніндегі директоры Олегжан Бекетаевтың да мысалдары қызықты болды. Банктің мәдениетті қолдаудың батыстық үлгілерін көшірмей-ақ, оны осы ортаға бейімделу арқылы жүргізген жұмыстары жергілікті клиенттердің сеніміне ие болуға септескен. Олегжанның ойынша, мәдени жобалардың бәрі бірдей көп қаражатты керек етпейді. Кейде дұрыс бағытталған аздаған инвестицияның өзі үлкен табыс әкеліп, жұрттың назарын аудара алады.  Ал Tengri FM радиосының директоры және The Spirit of Tengri фестивалінің ұйымдастырушысы Мадина Уморбекова шығармашылық адамдары бір мезетте әрі бизнесмен әрі өнерпаз бола алмайтындығын, сондықтан мәдениет саласы іскер орта мен мемлекет қолдауынсыз жеке-дара дами алмайтындығын айтады.  Сонымен Қазақстандағы PR күндер аясында өтіп жатқан форум қатар секциялардың жұмысына ұласты. «Жұрттың көз алдында жүрген тұлғалардың имиджін жасау», «Жақсы пиаршы деген брендтің байрағын көтеремін деп белді үзіп алмаудың жолы қандай?», «Қазақстан мен Ресейде вирустық контентті жасау және оны таратуға арналған технологиялар» тақырыптарындағы шеберлік дәрістері мен пікірталастар пиаршылардың мүдделілігін туғызды.  Айнаш ЕСАЛИ,  «Егемен Қазақстан».  АЛМАТЫ