«Қара майор» фильмі экранға жол тартпай тұрғанда-ақ көпшілік елімізде ауған соғысы ардагерлеріне арналған фильм түсіріліп жатқанынан құлағдар болған. Мұны жерлесіміз, қазақтың батыр қызының бірі Мәншүктің экрандағы бейнесімен мәңгі жадымызда жаңғырып тұрар сүйікті актрисамыз Наталья Орынбасарованың баласы, ресейлік режиссер Григорий (Егор) Михалков-Кончаловский Алматы облысындағы Тамғалы тау шатқалында түсіріп жатқанын, ондағы рөлдерді Қазақстан мен Ресейдің белгілі актерлері қатар ойнайтынын, Үкіметтен фильмді қаржыландыруға 5 млн. АҚШ доллар бөлінгендігін, тағы осы сияқты басқа да жәйттерді басылымдар жарыса жазған сәттердің енді, міне, қорытындысы мен нәтижесін көрер сәт те келіп жетті.
«Қара майор» деген халық атауымен ел арасына кеңінен танымал Борис Төкенұлы кім дегенде, жұрттың есіне кеңес кезеңінің жарқыншақ жаңғырығы іспетті жан-дүниені талықсытар ауған азабы арқаға аяздай батар еді. Ол Қапшағай қаласында дайындалған ерекше тапсырма жүктелген отрядтың командирі болып бекітіледі. Кез келген ұланның көкірегінде елдік, ерлік деген ұғым қай кезде де біте қайнасып, бойдағы күш-қайраттың сол кескілескен шайқаста мейлінше өршеленіп, өмірдің өзегіне, өрнегіне айналған талай мысалына қаныққанбыз. Борис бауырымыз да кешегі күннің, кеңестік жүйенің ер-жүрек жауынгері болып есептелгенмен, тарих беттерінен қаһармандық бейнесі жоғалмайтын, батыр бағландарды баулуда Бауыржан аталарынан кейінгі өшпес өнеге болып танылатын, қайсар, қабілетті жан ретінде халық жүрегіне қашанда жақын тұлға болып қалатыны талас тудырмайды. Кеңестік дәуірдің тасасында көп игілік танылмай, тар жерге таңылып қалып жатты.
Соның бірі – елге деген адалдық пен әділдік, сол жолдағы табандылық пен жанқиярлық әрекеттер еді. Борис Төкенұлының батылдығы күні бүгін соңғы тынысы біткенше жан алысып, жан беріскен соғыстағы сандаған қазақтың патриот ұлдарының бойына таққан тұмарындай қастерленуі бекер емес.
Кеңестің кесегі басып қалған сол қайсарлық рухынан енді алып мұнара тұрғызатын кез келді. Бүгінгі тұсауы кесіліп отырған фильм кейінгі ұрпақтың рухани кірпішінен қаланған сондай мұнараның «бісмілләсі» деген абзал шығар. Қашанда «тәй-тәй» басқан алғашқы сәттердің сүрініп-қабынып жатуы – өмір заңдылығы.
Ендеше, біздің де ауған трагедиясын өзгеше екпіні мен бояуын сақтай отырып баяндайтын балапан туындының қанатқақты әрекетіне тек алдағы самғар биіктеріне сәттілік тілеу парызымыз. Әйтпесе термелеп, тереңіне терезенің жарығын түсірсек, кедір-бұдырсыз жол емес, ауқымды да күрделі тақырыпты тақымға басып отырып, бірді-екілі тұста анайы қылықпен адамның езуіне күлкі үйіртемін деушілік аса тапқырлық бола қойған жоқ.
1981 жылдың қазанында Ауғанстанға кіріп, ел басқарушы Ахмед Шах Масудтың резиденциясын басып алуға рұқсат алған ол жауынгер достарымен бірге Пандшер шатқалында нағыз батырларша жауларымен шайқасып, өзіне жүктелген маңызды операцияны мүлтіксіз атқарып қайтады. Ауған соғысындағы ерліктің бүгінгі Қазақ еліне түк те қатысы жоқ, ол кешегі кеңестік жүйемен бірге тарихтың қалың қойнауына өткен тақырып деген пікірдің кейде жаңсақтықпен айтылып қалатыны тағы рас. Алайда тарих таңбасы тартпаға салынбас десек, кешегі сол қан майданда қалың қазақтың да шеккен қасіреті аз болмағанын кейінгі өренге жеткізудің өзі үлкен ғибрат болып саналуда. Мәселен, «қара майор» атанған қазақ жігітінің есімін ұлықтау мақсатында атыраулық жұртшылық бір кемеге оның атын беріп құрмет көрсеткен. «Спецназ ГРУ СССР» деген кітаптағы тізім бойынша төртінші орынды нық иеленген қазақ жігітін сол кездегі кеңестік саясаттың өзі осылай жоғары көтеріп мойындаған. Ендеше, Мәскеудің мықтылары санасып отырған қазақ офицері жайында бір емес, бірнеше фильм түсіріліп жатса да артық етпесі белгілі. Басты кейіпкер – Марат Аюмовтың жас шағын Берік Айтжанов, ал қазіргі кезін Сейдулла Молдаханов ойнайды. Өткен шақ пен бүгінгі уақыт кейіпкер басынан қатар өрбитін оқиғада режиссер қазақ жауынгерінің бойындағы адамгершілік қасиеттерді ашып көрсетуге тырысып бағады. Марат парсы тілін жетік біледі, ауған халқының салт-дәстүрлері мен заңдарын сақтауды меңгерген ол басына төнген қауіп-қатерге қарамастан Ауғанстанға «Ескендір Зұлқарнайынның жолымен» атты деректі фильм түсіруге барған қазақстандық және ресейлік шығармашылық топты есірткі плантациясы қожайынының құрған қақпанынан аман алып шығады. Оқиға желісі адамды өзімен бірге алға жетелеп отырады. Алматыдан Ауғанстанға дейінгі жолдың арасында 80-ші жылдар елесі, Ауғанстанда дұшпандармен болған ауыр шайқаста өзі қатты жараланып, ал досы Андрей Островскийдің (Денис Никифоров) қаза тапқан сәті сынаптай сырғып, мазасыз күй кештіреді. Мұның өзіндік тағы бір себебі бар. Сәуле есімді қызға қос жауынгер қатар ғашық болады. Бір аяғынан жарақат алып, әскери қызметте қалу-қалмауы сын тезіне түскенде жанында онымен қайғысын бірге жұтып, қасіретін бірге шеккен Сәуленің жүруі қазіргі адамдар арасындағы қайырымдылық пен мейірім мәселесін тағы бір қаузап өтуге түрткі болады. Мәйіті ауған жерінде қалған досының артынан қайтадан іздеп барып, рухына тағзым етіп қайтуына сүйген жарының өзіне деген осынау кіршіксіз сезімі әсер етеді. Жау оғынан аяғы қатты жарақат алғанда өзіне қолұшын созған аяулы бір жанның жақсылығын ешқашан ұмытпайды. Ауғанстанға оралуының себебі, бір жағынан өзін өлімнен құтқарған сол адамға ризашылығын жеткізу болса, көпті көрген қария оның бұл сәтті қаншама жылдар бойы асыға күтіп келгенін сезеді. Соғысқа аттанып бара жатқанда досы Андрейге Сәуле бір сырғасын сыйға тартқан еді. Арада қаншама жылдар өткеннен кейін әлгі сырғаны қарияның Маратқа ұсынуы фильмнің қорытынды түйініне жақындатады. Ауғанстан сапарынан оралған Марат Сәулеге сол сырғаны қайта табыстайды. Жалқы сырға сыңарын табады. Режиссер осынау көркем шешім арқылы өмірдің барлық мән-мағынасын түйіндейді. Адам жанын жегідей жейтін мазасыз ойлар тұңғиығына қаншама тағдыр тұншығып жатыр. Бірақ Марат сынды адамгершілік парызын алдыңғы орынға қоятын адамдар мұндай тығырықтан қай кезде де жол тауып шығады.
Режиссер Егор Кончаловский көрсетілім алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Бұл картина менің ең күрделі, ауқымы жағынан да айтарлықтай, қазіргі заманғы кинематография тілімен түсірілген дүнием болып есептеледі. Қазақстанда болған осы күндерімнің шығармашылығыма тигізген әсері толайым. Шынын айтқанда, бұл жерге мен қатты бауыр басып кеттім. Мұнда әлі талай жобаларға қатысамын деп ойлаймын», деп алдағы біраз іс-жоспарларымен бөлісті. Оның бір парасы Қазақстанмен тікелей байланысты. Айтпақшы, фильмнің түсіріле бастағандағы атауы «Ауғандық» болатын. Бүгінде оны «Нағыз полковник» деп те, «А»-ға оралу» немесе «Қара майор» деп те әрқалай атайды. Атаудан айып іздемейміз. Әйтеуір елдің аузында жүрген сол фильмнің ұл-қызға ұлағат ұялатар ұстыны болсын, ал қалғанының бәрі жай нәрсе деген ой ғой біздікі.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
Астана.