• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2017

Зейнетақы жүйесіндегі жаңғырулар

245 рет
көрсетілді

биылғы жылы да жалғасатын болады Тәуелсіз Қазақстанда әлемдік экономикалық дағдарыстың әсеріне қарамастан, мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып, қарқынды дамып отырған саланың бірі – зейнетақы жүйесі. Еліміз егемендік алғаннан бастап халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында бұл жүйеде жаңғырту кезең-кезең бойынша жүзеге асып келеді. Мемлекеттің бұл бағыттағы қамқорлығын жұрт көріп-біліп, сезініп отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында зейнетақы реформасын жүзеге асыруға байланысты Үкіметке нақты тапсырмалар бергені белгілі. Соған сәйкес, 2014 жылы маусым айында «Зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бекітіліп, қазіргі уақытта осы ма­ңыз­ды құжатқа байланысты ауқым­ды жұмыстар жүзеге аса бастады. Бұл жұмыс Жаңа жылда да жал­ғасатыны сөзсіз. 2017 жылы зейнетақы жүйесінде қандай өзгерістер болады? Төлемдер мөлшері арта ма? Зейнетақыны есептеуде өзгерістер бар ма? Көптің көкейінде осындай сауалдардың ұялап жатқаны айдан анық. Зейнетақы жүйесін жаңғырту дегеніміз, қазақстандықтардың өмір жасын ұзарту деген сөз. Тұжы­рым­дамадағы басты мақсаттың бірі – осы мәселе. Бүгінгі таңда ел халқы­ның орташа өмір сүру жасы – 67. Ал­дағы уақытта одан әрі ұл­ғайтуға қа­зір қарқынды қам-қарекет бар. Оған да қол жеткізетін күн алыс емес. Зейнет жасына жақындаған адам «Ертеңгі күнім қалай болады екен?», «Зейнетақымды тұрақты және үздіксіз алуыма мемлекет кепілдік бере ала ма?» деген ойдың жетегінде болатыны сөзсіз. Тұжырымдамада бұл да жан-жақты қарастырылған. Онда зейнеткерлік жасқа жеткен қазақ­стан­дықтарды лайықты зейнетақымен және зейнетақы жүйесінің ұзақ мер­зімді қаржы­лық тұрақтылығын қам­тамасыз ету көзделген. Сондықтан Жаңа жылда да, одан кейін де зейнет жасына жететін адамдардың алаңдауына ешқандай негіз жоқ, мемлекет тарапынан заң жүзіндегі барлық игілік жасалатын болады. Төлемақылар тек зейнет жасына жеткен адамдарға ғана төлен­бейді, оның түрі көп. Оның ішінде мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуына байланысты да төленетін төлемақылар бар. Мұның бәрі заң жүзінде қатаң ескерілген. Еңбек зейнетақысынан бөлек әлеуметтік зейнетақы да заңдық нормалар бойынша бекітілген. Әлеуметтік зейнетақының ең басты ерекшелігі неде? Мұндай зейнетақы зейнет жасына жеткен, бірақ қажет­ті еңбек өтілі жоқ адамдарға төле­неді. Оларға тағайындалатын зейнет­ақы­ның мөлшерін жалақыдан есеп­теу мүмкін емес. Сондықтан зейнет­ақы­­ның ең төменгі деңгейінде белгі­­лене­ді. Қалай болғанда да, Қазақ­стан­да кез келген адам қандай жағдай болса да мемлекеттің әлеу­мет­тік қам­қор­лығынан тыс қал­май­ды деген сөз. Тәуелсіз елімізде әлеуметтік сала­дағы жаңғырту жұмыстары көп деңгейлі зейнетақы жүйесін сақ­тай отырып жалғаса береді. Бұл үш кезеңнен тұрады. Оның бірінші кезеңі аяқталды. Қазір екінші кезең­нің жаңғырту жұмыстары жүзе­ге асуда. Ал, үшінші кезең 2018 жыл­дың 1 қазанынан басталмақ. Жаңғыртылған зейнетақы жүйе­сін­дегі ең басты және негізгі өзгеріс не? Ол – базалық зейнет­ақы. Түсінікті тілмен айтқанда, мемлекеттік база­лық зейнетақы төменгі еңбек өтілі мен табысының мөлшеріне қарамас­тан зейнет жасына жеткен бар­лық азаматтарға тағайындалады. Бұл кедейлікті қысқартуға және қазақстандықтардың зейнетақы жүйесіне қатысуын ынталандыруға бағытталған қадам. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнет­ақы азаматтар тек жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде және зейнетақы жүйе­сіне қатысу өтіліне байланыс­ты тағайындалады. Олардың жүйе­ге қатысу өтілі кемінде 10 жыл бол­са, ең төменгі күнкөріс дең­гейі­­нің 50 пайызына тең болатын әлеу­­мет­тік зейнетақы берілетін бола­ды. Егер жүйеге қатысу өтілі 20 жыл­ды құраса, онда базалық зейнет­­ақы­ның мөлшері ең төменгі күн­­көріс деңгейінің 70 пайызын құ­рай­­тын болады. Ал қатысу өтілі 35 жыл­­ды құраса, ең төменгі күнкөріс дең­­ге­йіне тең есептеледі. Бір сөзбен айт­қан­да, адамның еңбек өтілі не­ғұр­лым көп болған сайын базалық зей­нет­ақы да солғұрлым көп болады. Тауық жылында зейнеткерлікке шығатын қазақстандықтарды осындай жақсы өзгерістер күтіп тұр. Олар үшін тағы бір жағымды жаңа­лық – биыл Қазақстанда зейнет­ақы көлемі өседі. Денсаулық сақ­тау және әлеуметтік даму министр­лігі таратқан мәліметке қара­ғанда, 2017 жылғы 1 қаңтарда базалық зейнет­ақы­ның көле­мі 9 пайызға ұлға­йып, 12 802 теңге көлемінде бола­ды. Ал шілде айында тағы 11 пайыз қосылмақ. Зейнетақының орташа дең­гейі шамамен 60 167 теңгені құрай­ды. Соны­мен бірге, әлеуметтік жәрдем­ақы­лар­дың бар­лық түрі бойынша да 7 пайызға өсім болады. Ал келесі жылдың 1 қаң­тарынан бастап қазақ­стан­дық­тар­д­ың ең төменгі күнкөріс деңгейі қай­та қаралады деген жоспар бар. Әлеуметтік саладағы кезең-кезең бойынша жүзеге асатын осындай өзгерістерді оңтайлы орындау үшін қосымша қаражат қажет болатыны анық. Қаржы қарастырылғаннан кейін базалық зейнетақылар мен асыраушысынан айырылуына байланысты төлемдер және басқа да әлеуметтік жәрдемақылар өсетіні сөзсіз. Оның да нақты мөлшері белгі­лі болып отыр: 2018 жылы 63 млрд теңге, 2019 жылы 88 млрд тең­ге елі­міздің әлеуметтік саласын­дағы жаңғыртуға бөлінетін болады. Тағы бір жаңалық, келесі жылдан бастап, базалық зейнетақы белгілеу тәртібі өзгертілмек. Мұның себебі, зейнетақы жүйесінде жаңа жинақтаушы құрам қосылатын болады. Ол – жұмыс берушілерге тікелей байланысты. Олар ұжымын­дағы еңбек ететін адамдар үшін жинақтаушы зейнетақы қорына бес пайыз жарна аударуы тиіс. Бұл талап 2018 жылдан бастап жүзе­ге асатын болады. Жұмыс беруші­лердің міндетті түрде төлей­тін бес пайыздық жарнасының артықшы­лығы бар. Оның мәнісі мынада, егер олар үздіксіз 60 ай төлем жасайтын болса, арнайы шотқа жинақталған қаржы түгесілген күннің өзінде зейнеткерлердің алаңдамауына болады. Өйткені, шоттағы қаражат тау­сыл­ғанымен, олардың өмір бойы зей­нет­ақы төлемін алуына кепілдік бар. Осы тұста тағы бір кепілдік туралы айтуға тура келеді. Бұл да Қазақ­­­стан­­дағы жинақтаушы зейнет­ақы жүйесінің бірден-бір ерек­ше­­лігі. Керек десеңіз, дамыған елдер­дің өзінде мемлекеттің зейнет­ақы жинақтарының сақталуы­на кепілдік беретін тікелей жауап­кершілігі жоқ. Ал, Қазақстанда осындай кепіл­дік бар. Қазіргі әлемдік экономика­лық дағдарысты және құнсыздану жағдайын барынша ескере отырып, Қазақстанда зейнетақы жинақ­тарын сақтау жауапкершілігін мемлекет өз мойнына алып отыр. Міне, еліміздің әлеуметтік саласында, оның ішінде зейнетақы жүйесінде осындай оң өзгерістер мен серпілістер бар. Мұның бәрі қазақстандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатындағы игілікті іс. Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»