• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2017

Бұл – халықаралық қоғамдастықтың жоғары сенімі

143 рет
көрсетілді

Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен сыртқы саясатта да айтулы табыстарға қол жеткізді. Өткен жылдар бедерінде өзіміздің өміршең бастамаларымызбен де әлемдік қоғамдастыққа кеңінен танылдық. Сондай танымалдықтың нәтижесінде ЕҚЫҰ секілді беделді халықаралық ұйымға да төрағалық еттік. Енді міне, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланып, осы жаһандық ұйымда жұмыс істейтін боламыз. Осы орайда біз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М.ӘШІМБАЕВПЕН әңгімелескен едік. – Мәулен Сағатханұлы, Қазақстан 2017-2018 жылдарға беделді халықаралық ұйым – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Міне, енді сол жұмысқа кіріскелі отыр. Еліміз үшін оның маңызы қандай? – Жаңа 2017 жылы еліміздің алдында жауапкершілігі жоғары аса үлкен мақсат-міндеттер тұр. Соның бірі – Қазақстан 1 қаңтардан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігі жұмысына кіріседі. Біріншіден, бұл – біздің еліміз үшін үлкен абырой. Екінші жағынан, мұны халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанға көрсетілген сенімі деп қабылдауымыз керек. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігі Қазақстанға не береді деген мәселеге келсек, жалпы, бұл шешімді БҰҰ-ға мүше мемлекеттер қабылдады. Осы шешім арқылы Ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстан Республикасының бейбітшіліксүйгіш көпвекторлы саясатына жоғары бағасын беріп отыр. Сондықтан, бұл әлемдік қоғамдастықтың еліміздің тәуелсіздік алғаннан бері қарайғы жылдарында қауіпсіздік саласы бойынша жүргізген сыртқы саясатына берілген баға болып табылады. Сонымен бірге, бұл – Қазақстанның көтерген бастамаларының халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау табуының нақты көрсеткіші. Еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтті. Ал тәуелсіздікті әрі қарай нығайтудың бірден-бір жолы – әлемдегі іргелі мемлекеттермен стратегиялық қатынастарымызды дамыта беру және сол қарым-қатынастарды жаңа деңгейге шығару. Екіншіден, Қазақстан өзінің екі жылдық мүшелігі барысында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – АҚШ, Ресей, Қытай, Франция, Ұлыбританиямен және он тұрақты емес мүшелерімен ірі халықаралық бас­тама-жобаларды көтере отырып, соларды жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істесе, біздің қарым-қатынасымыз жаңа деңгейге көтерілетіні анық. – Еліміздің сыртқы саясатындағы негізгі мақсаттың бірі – көршілес мемлекеттер арасында қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету екені белгілі. Осыған байланысты не айтар едіңіз? – Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты бағыттың бірі – мемлекеттік шекарамыздың периметрі бойынша тұрақтылық пен қауіпсіздік белдеуін қалыптастыру. Ашығын айтқанда, соңғы ақпараттар бүгінде Ауғанстандағы жағдайдың қиындап бара жатқанын көрсетеді. Осы елдегі проблемалар біздің елімізге де әсерін тигізуі мүмкін. Сол себептен, Орталық Азия мен Ауғанстанда тұрақтылықтың болғаны Қазақстан мүддесіне сәйкес келеді. Қазақстан өзінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігі кезінде осы мәселелерге баса назар аударуы тиіс, соған жұмыс істеуі қажет. Қазақстанның көтеретін басты мәселелерінің тағы бірі – Орталық Азия мен Ауғанстанда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету және осы өңірлерді дамыту болмақ. Егер біздің еліміз аталған мәселелерді БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде көтеріп, сол арқылы Орталық Азия мен Ауғанстандағы кейбір проблемалар шешімін тауып жатса, ол Қазақстанның қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан үлесі болар еді. Ал Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болып отыр. Сондықтан, еліміз өзінің жұмысы барысында Орталық Азия елдеріне қатысты өзекті де өткір мәселелерді көтеру арқылы олардың шешілуіне ықпал ететін болады. – Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымы жөнінде де хабардар етсеңіз. – Ұйымның Қауіпсіздік Кеңесі 15 мүше мемлекеттен тұрады. Жаңа айтып өткендей, оның бесеуі тұрақты, ал оны тұрақты емес мүшелер. Олар қаралатын мәселелердің барлығына қатысуға және дауыс беруге өкілетті. Ең басты айырмашылық – тұрақты мемлекеттердің белгілі бір мәселелерге байланысты вето қоюға құқығы бар. Бірақ, вето өте сирек қолданылады. Қазақстан алдағы екі жылда өзінің міндетін абыроймен атқаратынына сеніміміз мол. – Еліміз басымдық ретінде қандай мәселелерді алға шығарғалы отыр? – Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі қызметінде негізінен Орталық Азия мен Ауғанстандағы мәселелерді басымдық ретінде қойып отыр. Мұнда терроризммен күрес, экологиялық және басқа да мәселелер көтеріледі. Соңғы жылдары Елбасымыз бірқатар халықаралық бастамалар көтергенін көпшілік жақсы біледі. Соның бірі – 2016 жылы Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік саммитінде жария етілген «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі. Мемлекет басшысы сол манифесінде аса өзекті халықаралық мәселелерді айта келіп, оларды қалай шешу қажеттігін атап көрсеткен еді. Еліміздің мүшелікке сайлануы Елбасымыздың манифесінде көтерілген мәселелерді жүзеге асыруға жол ашып отыр. Қазақстан сол мүмкіндікті кеңінен пайдаланатын болады. Мемлекет басшысы 2015 жылы, сондай-ақ терроризммен күрес жүргізуге байланысты бірқатар бастамалар көтеріп, ұсыныстар білдірген болатын. Еліміздің Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікті атқаруы барысында осы мәселелер де назардан тыс қалмайды деген ойдамыз. Қазақстандық дипломаттар Президенттің халықаралық деңгейдегі бастамалары мен ұсыныстарын жүзеге асыруда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы жүйелі жұмыс істеуді жоспарлап отыр. – Мәулен Сағатханұлы, Қазақстан тағы қандай нақты жұмыстар атқарады? – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымында тұрақты комитеттер жұмыс істейді. Мүше мемлекеттер сол тұрақты комитеттерде ұсыныстар дайындап, үйлестіру жұмыстарын жүргізеді. Осындай комитеттердің үшеуі Қазақстанға тапсырылып отыр. Оның біріншісі – Ауғанстан мәселелеріне қатысты комитет. Екіншісі – ДАИШ және «Әл-Қаида» террористік ұйымдарына қарсы күресті үйлестіруге бағытталған комитет. Үшіншісі – Эритрея-Сомали деген комитет. Осы үш комитетке де Қазақстан төрағалық етеді. Атап өтуіміз керек, осы үш комитет те Ұйымдағы өте маңызды құрылымдар саналады. Сондықтан біз мұны елімізге көрсетілген зор сенім деп қабылдаймыз. Оның үстіне бұл бізден аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. – Ал шешімдер қалай қабыл­данады? – БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі – санкцияларды жариялауға құқығы бар халықаралық деңгейдегі бірден-бір орган. Сондықтан, Қауіпсіздік Кеңесінің кез келген қарарының маңызы мен мәні өте зор. Қазақстан Орталық Азия мен Ауғанстанға байланысты қарар қа­былдауды өзінің нақты жоспары ретінде қарастырып отыр. Еліміз осы мәселемен айналысуды жақын күндері бастайды. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі кезінде атқаратын жұмыстарының еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына, халқымыздың болашағына тікелей қатысы бар. Еліміздің Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануын да, жоғарыда аталған маңызды комитеттердің сеніп тапсырылуын да халықаралық қоғамдастықтың Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа деген шынайы сенімі мен құрметі және Елбасымыздың әлемде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған баянды бастамаларына білдірілген қолдау деп қабылдаған жөн. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»