• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
07 Қыркүйек, 2011

Азаматын ардақтады

481 рет
көрсетілді

Өткен сенбіде Ұлттық академиялық кітапханада көр­некті жазушы-публицист, Халықаралық телевизия және радио академиясының академигі, белгілі жазушы Сұлтан Оразалының туғанына 70 жыл толуына орай «Қазақ өркениеті және Сұлтан Оразалы» атты ғылыми-прак­ти­калық конференция өтті. Конференцияға Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, академик С. Қирабаев, ақын Ф.Оңғарсынова, сондай-ақ Парламент депутаттары мен жоо рек­торлары және профессор ға­лым­дары қатысты. Бірнеше та­қы­рыптар бойынша өрбіген жи­ын­ның жұмысында Сұлтан Ора­залы Қазақстандағы көркем те­ледидардың негізін салушылар­­дың бірі ретінде ғана емес, әде­би-драмалық бағдарламалардың да алғашқы ұйымдастырушысы есебінде әңгіме қозғалды. Ел тәуел­сіз­дігін баянды ету жолындағы қызметі жай­лы да баяндамалар жасалды. Со­нымен бірге, конференцияда «Тіл комитетінің ірге­та­сын қа­лап, тіл саясатының кө­шін бас­тау­шы», «Көсемсөз шебері, теледраматург, әдебиет зерттеушісі», «Баспагер, автор құқы­ғын қор­ғау­шы» атты тақырыптар да қамтылды. Мұхтар Құл-Мұхаммед айтып өткендей, Сұлтан Шәрiпұлы  ұлт­­­тық тележурналис­ти­ка­ның ал­ғаш­­­қы қарлығашы, Қазақ­стан­да­ғы көркем телевизияның негізін салушылардың бірі бол­ған. Қа­зақ теледидарының негi­зiн қала­сып, бастапқы қиыншы­лықтарын қара нардай, белi қай­ыспай тарт­қан жандардың бiре­гейi ретінде тоқталып өтті. 1964 – 1984 жыл­дар аралығында оның қаламынан жүз­деген әдеби бағ­дарламалар мен телепьеса туып, көгілдір эк­ранда қойылды. Олар­­дың ішінде «Сұхбат», «Қымыз­хана», «Кездесу», «Шұғыла», «Ай­тыс», «Ха­лық қазынасы» си­яқты хабарлар циклы мен «Кек», «Оты­рар ой­ра­н­ы», «Өлім фаб­ри­касы», «Қаш­қын» телеқойылым­дары халыққа кеңінен танылған еді. Бұл жөнінде Мұхтар Құл-Мұ­хаммед: «Бір өзі ұлттық теле­ди­дардың тұтас мектебін қалып­тас­тырған Сұлтекеңнің үлкен еңбе­гіне біз басымызды иіп, рахметімізді айтамыз. Сұлтан Оразалы тек теледидар саласында қыз­мет істеп қана қойған жоқ. Ол – теле­дра­матургияның негізін са­лушы. Жазғанына қарап отыр­сақ, Сұл­те­кең ғылымға да түрен салған адам. Ғабдол Слановтың «Дөң ас­қан» романы бойынша кандидат­тық диссертация жазды. Мен оны докторлық диссер­та­ция­ға бергісіз дүние деп білемін», – деді. Конференция аясында Сұл­­тан Оразалы – елімізге кеңінен та­ныл­ған теледраматург, әдебиет зерттеушісі және көсемсөз шебері турасында баяндамалар жа­сал­­ды. Оның қаламынан ондаған мақалалар, 300-ге жуық әдеби телехабар, «Қазақ зиялылары ту­ралы антология» топтамасы мен 25 бейнефильм, «Шындық және көркемдік шешім», «Тіл тағды­ры – ел тағдыры», «Жүректің көзі ашылса», «От первого лица», «Авторды қорғау – ру­ха­ниятты қолдау» атты кітаптары жарық көрді. «Абай елі» альбом-шежіресі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде әлемнің 75 еліне та­рады. Ол Ғабиден Мұстафин ту­ралы 30 жыл жинаған деректерiн жаңғыр­тып, фильм түсiрдi. Сон­дай-ақ, Салық Зиманов, Тахауи Ахтанов, Сапар Байжанов, Қуа­ныш Сұл­танов, Әбіш Кекілбаев және бас­қа елiне елеулi азаматтар туралы деректi фильмдері қазақ руха­ния­­тына қосқан үлкен үлесі болатын. С.Оразалы Қазақстан Прези­дентінің «Алтын барыс» белгі­сі­нің иегері, Президент сыйлы­ғы­ның және Абай атындағы халық­ара­лық әдеби сыйлықтың лауреаты. Жұлдыз БАЙДІЛДА.