• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
07 Қыркүйек, 2011

Тұлғалар туралы толғамдар

669 рет
көрсетілді

Өлеңдерді ғана емес, мақалалар мен ес­те­лік-эсселерді де ақындар жазса ғой, шіркін!.. Белгілі ақын әрі журналист Ұлықбек Ес­­дәулеттің «Астана полиграфия» баспасынан жарық көрген «Әбілхаят» деп аталатын эссе­­­лер, естеліктер, жолжазбалар мен еркін баяндаулар кітабын (туындының жанрлық си­патына автордың өзі осындай айдар тақ­қан екен) оқығанда осы ойға беки түсесің. Кітаптың «Зерде», «Таным», «Пайым» деп аталатын үш бөлімнен тұратын өрім атау­ларының өзі-ақ оқырманды қызықты әлемге жетелей түскендей болады әрі жи­нақ­пен танысқан кезде ол үмітің толық ақта­лады. Себебі, ақиық ақынымыздың өзі осы кезге дейін ұдайы халқымыздың талантты тұлғаларының ортасында жүріп, шығарма­шы­лық қызметпен жемісті айналысып келеді. Ал нәзік сезім иесінің, сыршыл сурет­кердің үнемі тарпаң тұлпарлар іспетті та­лант­ты тұлғалар ортасында жүруі де, бай­ып­тай қарасақ, ұлтымыз үшін үлкен олжа екен. Оған осы кітап куә. Өйткені, автор сондай тұлғалармен бірге жүрген кездегі көрген-түйгендерін жадында ұстап, енді міне, уа­қыт өте келе, солардың бәрін жүрек сүзгі­сі­нен өткізіп, мөлдіретіп қағазға түсіре білген. Сол арқылы бүгінде біз сол дара дарын иелерінің өздерінен де, өзгеше қы­лық­тарынан да хабардар болып, бүгінде о дүниелік болып кеткен қайсыбіреулерін та­ғы бір елжірей еске аламыз. Тіпті, осы жазбалар арқылы біз олар­ды қазір де бір сәт өз ортамызда жүр­гендей сезінеміз десек те болады. Естелік сипатты мұндай жазбалар бізге, әрине, осынысымен де қымбат. Ұлықбек Есдәулет – өте білімдар ақын. Сондықтан оның өз оқығандарын зерделеп, осы орайдағы өз пайымдауларын оқырман­дар­мен бөліскені ризашылық сезіміне бө­лейді. Бұл кітап талайлардың көңіл көкжие­гін кеңейтіп, талант табиғатын толығырақ та­нып білуге себін тигізіп қана қоймай, та­лапты жастарымыз үшін шығармашылық бұ­лағының бастауы болуы да ықтимал. Мә­селен, кітаптың «Таным» мен «Пайым» деп аталатын бөлімдеріндегі «Гомер соқыр бол­маған!», «Эзоп туралы езутартар», «Ләйлі қандай болған?», «Дантенің дастанының аты қандай?», «Бетховен неден өлген?», «Атым­тай Чехов», «Сәбеңнің маузері», «Пер­ғау­ындар... пирамидалар... папирустар... елінде», «Румыния қыпшақтары», «Суретші Павел Кузнецовтың «Қазақ сюитасы» (әрине, біз бірсыпырасын ғана санамалап отырмыз) деген тақырыптарының өздері-ақ жаңа деректерге жаны сергек жандардың ешқай­сы­сын да енжар қалдырмас дейміз. Ал «Өткен шақсыз өмір немесе Ыстықкөл драмасы» құжатты хикаяты мен «Қазақстан келешекке крест арқалап бара ма?» деген мақаласын – ақын ғана емес, тамаша журналист, ел тағ­дырына, ұлтымыздың келешегіне енжар қа­рай алмайтын Ұлықбектің ізденімпаз­ды­ғы­ның сәтті табысы және ойшылдық өресінің тағы бір белесті биігі деп айтар едік. Сондай-ақ оқырманның кітаптың «Зерде» деп аталатын бірінші бөліміндегі эссе­лер мен естеліктерден де көп ғибрат ала­рына күмәніміз жоқ. Әрине, бүгінгі қазақ әдебиеті эсселер мен естеліктерге кенде емес. Солардың ішін­де есімдері қазақ қауымына кеңінен танымал тұлғалардың азаматтық қырларын дәл ашып, оны заман сипатымен салғастыра отырып сөз ететін, келешек ұрпақтарға құн­ды мұра болып қалатын дүниелер де бар­шы­лық. Ұлықбек Есдәулеттің мөлтек сыр­лар­дан тұратын жаңа кітабы да осы қатарды өзіндік айшығымен толықтыратын толымды туынды болып шыққан. Адамның тағдыры әрдайым-ақ адамды қызықтырып тұрады. Тіршілік осылайша жалғаса берсе, халқымыздың келешек ұрпақ өкілдері бір кезде: «Шіркін-ай, өткен ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасыр­дың басында өмір сүрген адамдар қандай болды екен? Солардың ішінде осы біздің қа­зақтар қандай болды екен? Олардың мінез-құлқы мен ұлттық болмысы қандай болды екен?» деген сұрақтарды өздеріне қойып, солардың жауабын іздегендей болса, шын­ды­ғына келгенде, оларға жауапты тек көр­кем романдардан ғана емес, ең алдымен ос­ындай шеберлікпен жазылған эссе-есте­лік­терден де таба алатынына күмәніміз болмаса керек. Ұлы деген атауға ие орыс әдебиетінің «алтын ғасыры» ХІХ ғасыр екені рас болса, қазақ әдебиетінің сол «алтын ғасыры», қазір жұрт жиі ауызға алып жүргеніндей, расында да ХХ ғасыр болып қалуы да ғажап емес. Өйткені, жазба әдебиетіміз негізінен осы ғасырда өркен жайғанына қарамастан, бір ғана ғасырда осыншама әдебиет алыпта­ры­ның қатар өмір сүріп, қилы-қилы тағдыр кешіп, аттың жалы, түйенің қомында жүрсе де, жанталаса еңбек етіп, болашаққа осын­ша­ма мол әрі құнды мұра қалдырып үлгер­гені және сол арқылы ұлттық рухымызды өзгеше биікке көтеріп кеткені есті кісіні ойландырмауы да, таңдандырмауы да мүм­кін еместей сияқты көрінеді. Сондықтан да Ұлықбек Есдәулеттің өзімен замандас, сыр­лас, аралас-құралас, дос-жаран болған сондай тұлғалардың бірқатары туралы жаз­балары, сөз жоқ, қызықты оқылатын, көп ақпарат беретін танымды да тағылымды дүниелер болып шыққан. Кітапқа енген эсселер Ұлықбектің өзінің лирикасы сияқты, көлемі жағынан шағын, ойға бай әрі мейлінше тартымды. Тақырып­та­ры тауып қойылып, шешен тілмен төгіл­діре жазылған, әрқайсысы жеке бір новел­ланың жүгін көтеріп тұрған бұл естеліктер халқымыздың талай-талай тау тұлғалы талант иелерінің келбетін көз алдымызға әкеле қояды. Әрі бұл тізімде кімдер жоқ десеңіз­ші? Мақсұтбек Майшекин, Ғафу Қайыр­бе­ков, Сыр­бай Мәуленов, Оспанхан Әубәкі­ров, Кең­шілік Мырзабеков, Шөмішбай Са­ри­ев, Жа­рас­қан Әбдірашев, Тоқаш Бердияров, Мұқа­ға­ли Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Дәуітәлі Стам­беков, Асқар Сүлейменов, Рамазан Тоқ­таров, Иманғали Тасмағамбетов... болып кете береді. Әрі осылар туралы әң­гімелеу бары­сында жол-жөнекей өзге де қан­шама танымал азаматтардың есімдері ау­ызға алынып, дара мінездері мен пендешілік қылықтары бой көр­сетіп жатады десеңізші! Ең бастысы, осы кітапта тек жекелеген да­рынды тұлғаларға ғана емес-ау, тұтас ұлты­мызға тән қазақы мінездер: жан жомарт­ты­ғы, шешендік, әзіл­қой­лық, замандастар мен құрдастардың бір-бірлеріне базына айтып, еркелей білетіндігі, соны екінші біреулерінің түсіне де, көтере де білетіндігі сияқты тамаша қасиеттер нақты мысалдармен өрнек­теліп, ұмытылмас әсер қалдырады. Кім білсін, жоғарыда аты аталған қалам­гер ағаларымызға тән ізгі қасиеттердің көбі сол өткен ғасырда өмір сүрген жандардың өздерімен бірге қалып та қояр ма екен, бәлкім. «Бүгінгі жастар бір-бірімен сол аға­ла­рындай етене араласып, еркелей сыйласа алар ма екен?», «Қазіргі құрдастар мен замандастар бір-бірімен солардай әзілдесіп, еркеліктері мен базынасын тап солардай кө­тере алар ма екен?» деп те ойлайсың кейде. Бұл кітапта осы орайда жаныңды елжірететін деректер, шығармашылық иелерінің дарындылығын, шешендігі мен тапқыр­лы­ғын, сонымен бірге өздеріне ғана тән пендешілік дара қылықтарын көрсететін қызықты мысалдар көп-ақ. Осы кітапты оқу арқылы біз үлкен шығармашылық иелерінің көбінің «бастары қалыпты ноқтаға сия бермейтін» кесек те күрделі мінез иелері екеніне көз жеткіземіз. Өмірде дара мінезсіз дара шы­ғар­машылықтың да жоқ екендігін пайым­да­ғандай боламыз. Төменде осыған бірер мысал келтіре кетпесек, бәлкім, бұл мақаланы жазудың мәні де болмастай көрінді бізге. Оның үстіне, бір мың дана кітап кімге жетеді? Оқырман ең болмаса, газет арқылы «дәмін татсын». Мәселен, сол кезде Арқалықта тұратын белгілі ақын Қонысбай Әбілевке КСРО Жазушылар одағына мүшелікке өту үшін кепілдемені даңқы дүрілдеп тұрған сатирик Оспанхан Әубәкіровтің өзі бермек болады. Сөйтсе, Осағаң марқұмның қолтаңбасы жұрт­тыкінен өзгешелеу екен: «О»-сы қағаз­дың жарты бетін алып, аяғы шимайланып бітетін көрінеді. Досына кепілдеме алу үшін арада жүрген кітап авторы әңгімесін одан әрі былай өрбітеді: «Оқшырайған «О-ға» осқырына қарап қалдым. Обадай болған «О» әрпі көзіме ерсі көрініп-ақ тұрды. – Осаға, мынау шимайыңыз не? – дедім мен. – Ерепейсіз үлкен ғой. – Өзімнің қолым осындай, – деген Осағаң жайбарақат. – Кішірейтіп қойып бермейсіз бе, бұл Мәскеуге дейін баратын қағаз ғой. Біреу-міреу қол емес, құр шимай екен деп сенбей жүрсе қайтеміз? – деймін шырылдап. – Қанша қойсам да қолым осындай! Басқаша қоя алмаймын. Одақтағы ел біледі. Осы қолымды қойып талай кітап жазған­мын, осы қолымды қойып, талай қаламақы алғанмын. Егер бұл Оспанханның қолы емес деп сенбейтін біреу табылса, менің мына мүшелік билетімді қоса апарып көрсетіңдер. Бұдан былай осы билеттің маған керегі де шамалы. Мә, қоса апарып өткіз, – деп «Союз писателей СССР» деген алтын жазулы алақандай қызыл куәлігін кепілдемемен бірге маған ұстата салғаны... «Алмаймын», – деп шыр-пыр болып, жеңгейге қалдырып, қашып шыққандай болғам… «Енді маған керегі шамалы», – деп еді жарықтық... Бір айдан кейін бақилық болды. Дәмі таусылғанын сезіп жүрген екен-ау деп ойладым («Кепілдеме», 27-28 бб.). Ұлттық әдебиетімізде теңдесі жоқ сатирик болған, шығармалары сияқты, өзінің де тұла бойы күлкіден ғана жаратылған Осағаң марқұмның бұл қылығына қалай күлмейсің, қалай сағына елжіремейсің? Әйтпесе, кітаптың ақын Тоқаш Бердияров туралы әңгімеленетін «Тентек Тоқаш» деп аталатын эссесін алайық. Ақын ағасы жа­рыққа шығуын көптен күтіп жүрген кіта­бының сол жылдың жоспарынан тағы да тү­сіп қалғанын білгенде, оның себебін басы­лым­ның редакторы болған Ұлықбек інісінен де көреді де, ауыр тіл тигізіп алады... Мұн­дай­да намысты інісі қарап тұрсын ба, жа­ға­сынан ала түседі. Мәселенің мән-жайына сон­да ғана қаныққан Тоқаш ағасы өзінің жаң­сақ кеткеніне көзі жеткен соң, інісінен табан астында кешірім сұрап, оны «Қа­лам­гер» кафесіне ертіп апарып айыбын жуады... – Тоқа, – дейді енді бір сәтте ағасына деген ашуы тарқап, жайбарақат әңгімеге кіріскен інісі, – Төлеужан Ысмайылов, Төлеген Айбергеновтер туралы айтып беріңізші. Жас кездерінде қандай еді? Солармен де талай жүрген шығарсыз?.. – Нағыз ақындар еді ғой. Жанып тұрған от болатын. Төлеужан, Төлеген, Мұқағали, Құ­даш – бәрі шетінен мықты еді. Ол ұзақ әң­гіме. Солардың бәрін араққа үйреткен мен едім. Бәрі өліп қалды. Мен тірі жүрмін» (39 б.). Ал енді байыптай қараған жанға осы шап-шағын естелікте бәрі де бар. Тентек мінез де, сондай болғанына қарамай, ақиқат­тың алдында тік тұрып, өз кінәсін лезде мойнына алған кісілік те, інінің ағаға деген кішілігі мен кешірімділігі де бар. Тағы бір мысал. Ұлықбек – Мәскеудегі әдебиет институтының студенті. Отбасы бол­са шиеттей балаларымен Алматыда. Ол кездегі жастардың тұрмыс жағдайы да белгілі ғой, алып бара жатқан артық-ауыс ақша кімде бола қойсын? Сөйтіп жүргенде, Мәс­кеудің «Литературная учеба» журналына Ұл­ықбек­тің бір топ өлеңдері жарияланып, соған 150 сом қаламақы қойылған болып шығады. Бұл ол кезде білдей бір инженердің айлық жа­ла­қысы шамалас қомақты ақша. Автор соны алуға барса, редакция оны Қа­зақ­стан Жазу­шылар одағының адресіне жөнел­тіп жіберіпті. Алматыға келген соң іздестіріп көрсе, оны Жарасқан Әбдірашев ағасы сенімхат арқылы поштадан алып, Шөмішбай Сариев досы екеуі «ішіп қойған» болып шығады. «Қалай?» – деп сұрамай ма мұндайда інісі? «– Қалай дерің бар ма, кәдімгідей... – Кәдімгідей? Сонда... пошта оны сендерге қалай беріп жүр? Извещение менің атымда ғой. – Сөз болғаныңа. Баламысың деген! Со­ны да білмей... Кәдімгідей, сенің өз атыңнан сенімхат жазып, өз қолыңды қойып, Жазу­шы­лар одағының мөрін соқтырып, поштаға сол сенімхатты апарып өткізіп, ақша алып, сосын ... кафеге барып, жақсылап тойлап, ішіп қойдық... Басқа біреу емес, сенің өзің­нің денсаулығың үшін... өзіңнің өлеңдерің үшін... Құлағың қатты шулаған шығар? – деп «жұбатады» ағасы інісін («Я, Джамбул Джабаев, доверяю...» (150 б.). Сөйтсе, олар осындай жолмен Шым­кент­тегі Тұрсынай Оразбаеваға, Маңғыстаудағы Темірбек Медетбековке, тіпті, о дүниелік бо­лып кеткеніне ғасырдан асқан Жамбыл бабамызға әлдеқалай алыс жерлерден келген қаламақыларды сенімхат алу жолымен «тойлап қойған» болып шығады. Бұл көп ұлттар үшін жат (мәселен, Еуропа жұрты мұндай әрекетің үшін сотқа сүйреуі де мүмкін), негізінен біздің қазаққа ғана тән қылықтар шығар деп ойлаймын. Адам мен адамның арасын қу дүние мен күншілдік аша бастаған, адам мен адамды көбіне-көп тағы да сол қу дүние мен осы жолдағы мүдделестік қана жақындастыра бастаған мына заманда сол ағаларға тән жақсы қасиеттер сақталып қалар ма екен? Бұл да сұрақтардың сұрағы болса керек. Ақын әрі публицист Ұлықбек Есдәу­лет­тің талантты тұлғалар туралы бұл кітабы оқырманға осы төңіректе ой салуымен де құнды дегіміз келеді. Әбдімүтәл ӘЛІБЕКОВ, журналист.