• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
05 Қаңтар, 2017

Көлігіңіз қандай отынмен жүреді?

320 рет
көрсетілді

Көпшілік бензиннен гөрі газбен жүретін көліктің үнемді екенін айтады. Әрине, оған дәлелдері бензинге қарағанда газ бағасының арзандығы. Тіпті газдың  экологиялық тұрғыдан да зияны аз екендігі рас. Ендеше  жұрттың бәрі неге көліктерін жаппай газға  көшірмей жүр? Әлде өзіндік бір себептері, кедергі-қолайсыздықтары бар ма? Мүмкін, үйреншікті қалыптан айнымаудың салдары болар? Білмекке ұмтылдық. Көліктерді газға көшіруге деген қызығушылық осыдан 5-6 жыл бұрын  біршама «сәнге» айналған  болатын. Есесіне, қазір елімізде газбен жүретін көлік көбейді. Тіпті экологиялық мақсатта көліктерге газ қондырғысын орнату мәселесі осыдан 3-4 жыл бұрын Парламентте де көтерілген еді.  Бірақ бұл Үкіметке жай ғана ұсыныс түрінде айтылғанымен, нақты бір шара ретінде қолға алынған жоқ. Алайда, бұл кездері Алматы сияқты ірі қалалардағы қоғамдық көліктерді газға ауыстыру ісі басталып кеткен. Мұндай үрдістің Алматыдан бастау алуы да түсінікті жайт. Ондағы экологиялық жағдайды былай қойғанда, көпшілік ірі қаладағы ұзаққа созылған жол кептелістерінен болатын бензин шығынын азайтуды көздеген. Қазіргі күні бұл үрдіс Астанада да кең қанат жайып, қаладағы қоғамдық көліктердің көбі газға көшірілді. Сондай-ақ, газға арналған қондырғыны орнататын орталықтарды да оңай табуға болады. Өзіміздің редакция ғимаратының жанында да осындай бір орталықтың барын көріп жүргенмін, тақырыбыма тұздық іздеп сонда бас сұқтым. Тілшілік тапсырмамды тасаға қойып, көлігіме қондырғы қойғым келетінін, соған байланысты кеңес керектігін айтып едім, өзін Арман деп таныстырған пысықай жігіт мән-жайды түсіндірді. Сөзіне қарасақ, қазір көлігіне газбен жүретін қондырғы орнатушылар қатары көп. Керек десеңіз, кезегімнің де бүгін-ертең келе қоймайтынын ескертіп қойды. 10 күн бұрын жазылу керек. Яғни, бұл қызметке сұраныс мол. Мұндай орталықтар қалада көп емес пе, деп сұрағанымда, ол қазірдің өзінде 78 пунктті білетінін, соңғы кезде көбейіп кеткенін, олардың арасында заңды және заңсыздары, сапалы және сапасыз қызмет көрсететіндердің де бар екеніндігін айтты. Бағалары да көліктің қозғалтқышының көлеміне, цилиндр санына байланысты әртүрлі екен. Маған 150 мың теңгеден жоғары бағаға польшалық, 185 мыңға италиялық, 205 мыңға жоғары сыныпты италиялық қондырғыны ұсынды. Әрі бұл жеңілдіктермен белгіленген баға екенін, былайынша 300 мыңға дейін баратынын да айтып, жомарттық кейіп танытты. Және өздерінің орнату тәсілдері заңдық тұрғыдан да талапқа сай болатынын,  қажет болса, рұқсат беру құжаттарын алуға да көмектесе алатынын алға тартты. Газға «қызығып» жүргендердің көбі осы нәрсенің ең маңыздысы – қауіптілік жағын көп сөз ететін. «Қауіптілік жағынан алсақ, әрине, жалпы газ деген қауіпті нәрсе ғой. Бұл енді кәдімгі үйдегі қолданылып жүрген газ сияқты. Өте мұқият, ұқыпты болу керек», деді Арман. Газ қондырғыларының жаздағы ыстықтан жарылып кететіні туралы естігенімді мысалға келтіргенімде, «ол мүмкін емес. Газбен жүретін көліктің газ құятын багы ұқыптылықпен, мұқият ойластырылып жасалған. Жол апаты болған жағдайда да үлкен қысымға шыдас беретіндей жасалған бак күн ыстығына жарылуы мүмкін емес. Ал күн суықта газ қатып қалады дегенге сенемін. Оның өзінде баллондағы газ емес, тек түтіктердегі газ қатып қалуы мүмкін» деді. Сондай-ақ, бұл мәселенің де шешімін табуға болатынын, гаражы барларға ешқандай қиындық тудырмайтынын айтты. Газбен жүретін көліктердің суық күндері от алуын оңайлататын амал тапқандар да бар екен. Оны 10 жылдан бері жүк көлігін жүргізіп жүрген жүргізушіден білдік. «Суық кезде әуелі бензинмен қыздырып аламыз да, сосын газды қосамыз. Бұрынғы көліктерде бензинсорғыштың істен шығып қалуы, свечаның майланып кетуі секілді проблемалар жиі болатын. Ал газда ондай нәрсе болмайды. Қалтаға да тиімді», дейді ол. Мәселен, қыста аяздарда машинаны өшіргенде оны бірден өшірмей арнайы газдың кранын жапса, сосын түтіктердегі газ жанып бітеді де машина өзі өшеді. Тек көлікті от алдырарда газдың арнайы шүмегін ашуды ұмытпаса болғаны. Газбен жүретін машина  тек газ аппаратура сапалы, қымбатқа орнатылған немесе газ аппаратура зауыттан орнатылған болса ғана жақсы. Үнемдісі үнемді ғой, бірақ бензинге қарағанда арзан болғанымен, соған сай газдың жану жылдамдығы, яғни жұмсалу көлемі көп болатынын да ескерген жөн. Қалай болғанда да, газбен жүретін көлік үнемді дегенмен, оған қондырғыны орнату құны қарапайым жұрт үшін қымбат. Өйткені үнемділікті ойлап, «қалтасына қарап» жүргендер ғана газға көшкісі келетінін анық. Ал енді заңдық тұрғыдан сауаты барлардың айтуынша, бензинмен жүретін автокөлік жүйесіне газ құрылғысын енгізу ережеге қайшы. Көп елдерде бұл заңсыз. Мысалы, жапониялық көлік өндірушілерге, жергілікті өкілдіктерге газ орнату туралы өтініш жіберсеңіз, рұқсат етпейді. Өйткені, қауіпсіздікті де есепке алады. Сонымен, қондырғы іздемей-ақ, бірден зауыттан газға арналып шығарылған көлік неге сатып алмасқа деген оймен Астананың бірқатар автосалондарын араладым. Қызығы сол, ондай көлік табылмады. Сұраныс болмағандықтан газбен жүретін көліктерге тапсырыс жоқ екен. Егер сатып алар болсам, әрине, тапсырып беріп алдыратындарын айтты. Көлік сатушылардың айтуынша, жалпы үнемділігіне қарамастан Қазақстанда газ қондырғысы орнатылған көліктердің өтуі қиындау. Бір кездері мұнай саласының сарапшылары қазақстандық автокөліктер 2017 жылы жаппай газбен жүруге көшеді деп болжаған болатын. Бірақ жаппай көшіп кетпесек те, көпшілік жұрттың көгілдір отынға «көз салып» жүргенін көрдік. Бұл үнем мен экологияға оң әсер беретіні анық. Алайда әзірге ел аумағындағы газ құю бекеттері мүлдем аз екендігі де ескеретін мәселе. Олардың жалпы саны алдыңғы жылғы кейбір есептер бойынша 500-ден ғана асыпты, ал қазір нақты қанша екенін санап шығу мүмкін болмады. Бірақ елдің бас қаласы деген Астананың маңайының өзінде мұндай бекеттер жеткілікті деп айта алмас едік. Сондай-ақ, жолыңда қанша бекеттің барын білмей газбен жүретін көлікпен жырақ жолға шығудың өзі қауіпті. Соған байланысты да әзірге газдың пайдасын қала ішіндегі  қоғамдық көліктер мен «Эко такси» сияқты санаулы таксилер ғана көріп жүргендей. Ал өткен жылдың соңында 2017 жылдан бастап газ бағасы өседі деген хабар естідік. Мұның себебі ішкі нарықтағы сұйытылған газдың шекті бағасының объективті түрде қымбаттауына тікелей байланысты болып отыр,  деп түсіндірді мамандар. Жаңа жылдан кейін болуы мүмкін деген бұл жаңалықты жақтыра қоймағанымыз анық. Ақпараттың анық-қанығын білмекке Астанадағы газ құю бекеттеріне барып, баға бағанын бақылап қайттық. Көргеніміз, бұрынғыдай 57-60 теңге. Әйтеуір газ бағасы аяқ астынан «аспандап» кетіп, қалтасын қақса да қымбат қондырғыны орнатып, ендігісі үнемдейміз деп отырғандардың үмітін үзбесе болар. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»