• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2011

Ұлт жоқшысы

458 рет
көрсетілді

Абай: «Өзің үшін еңбек қыл­саң, өзі үшін отта­ған хайуанның бірі боласың; адамдық қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүй­ген құлының бірі боласың» дейді. Өзі үшін емес қазақ үшін, қазақ­тың құндылығын суы­рылған құм­нан алтын іздегендей іздеп, кө­ңіліне тоқып қана қой­май, хатқа түсіріп, қаттап жина­ған, Әлкей Ма­рғұлан үлгісін үлгі тұтқан са­налы жанның бірі – Жағда Ба­ба­лықұлы еді. Ол ақы­рын жүріп, ақырмай сөйлейтін. Бірақ та­мы­рын тап бассаң ағыл-тегіл ой тербеп, арғы-бергі тари­хыңды, әдет-ғұрпыңды, салт-са­наңды қозғап, сөз кенін аршып, көне мәдениетті, жауһар жәдігер­ле­рімізді жаңа үлгімен ұштас­ты­рып, жеті атаңды жеті қазынаңды түгендеп, саят­шы­лығыңды саралап, ұлттық киім үлгілерін суреттегенде... теңізді қойып, мұхитта жүзіп жүргендей болатынсың. Сол сәтте аңыз бол­ған абызың, қазыналы қартың осындай-ақ болар дейтінсің. Ұлттың рухани дүние­сі­нің көш­­­­басында тұрғандарды тү­ген­деп, сергектік танытып жүрген бел­гілі ақын Қасымхан Бегманов сол абыз қартты армансыз сөй­ле­тіп, бүкіл деректерді бүге-ші­гесіне дейін жа­зып алыпты. Оны таяуда «Этно­графпен әңгіме» деген атпен кө­лем­ді кітап етіп шы­ғарыпты. Ал­ғысөзін Жағда Баба­лық­ұлымен кезінде қызметтес бол­­­ған қалам­гер Зәкір Асабаев жазыпты. Сыр-сұхбат түрінде жазылған кітаптың беташарында Жәкең: «Мі­не, тәуелсіздік алдық. Бұдан асқан бақыт бар ма! Балаларыма былай деп өсиет қалдырдым: «Тәу­­елсіздікті көрдім. Мәңгілік тілеймін!». «Мұны бейітімдегі тас­­тың бетіне қашап жазыңдар», – дедім» дейді. Тәуелсіздікті тәу­ел­сіз елдің әр азаматы осылай сезінсе ғой. Кітапта әр сөздің атауын, әр оқиғаны ақын мен этнограф әң­гі­ме үстінде таратып айтып, тайға таңба басқандай түсіндіріп оты­ра­ды. Біз киелі сандар дегенде көбінде жеті санын айтсақ, абыз қарт тоғыз санын да таратады. Көбіміз қаси­ет­сіз деп қарайтын қасқырдың ақ­ылдан кенде еместігін, қас қыл­ма­саң ол да қарсы шаппайтынына мысалдармен кө­зің­ді жеткізеді. Қазір екінің бірі билеп жүрген «Қара жорға» биі­нің тарихына үңі­ліп, тұсау кесу тәрізді салты­мызды саралайды. Қазақ жерінің экологиясының ау­ыр­лығын еске салып, әлемде осы апаттан жыл сайын 15 миллион адам көз жұма­тынын баян етеді. Ұлттық спорт түрлері 500-ден асатынын, жыл­қы­ның ақылы мен айласын, иесіне деген адалдығын мысалдармен дәйектейді. Жылқы атауларын, жыл­қы сүтінен, етінен алынатын тағам түрлерін тарата­ды. Қазақ даласы баяғыдан-ақ жыл­қыға кенде болмағанын, оған мысал деп Жаңаарқа өңірін мекен еткен Са­пақ деген кісінің 20 мың, кей деректерде 30-40 мыңға таяу жыл­қы­сы болғанынан деректер келтіреді. Сөз төркініне келгенде тіпті шешіліп кетеді. Мысалы, көз атау­­лары туралы сөздерді тізбектепті. Ол 300-ден асып жығы­ла­ды. Сол секілді қас, кірпік атау­ла­ры да жи­ырманың үстіне шыға­ды. Көшпелі өмірге ыңғайлап жасаған бесік туралы байлам­да­ры да ерекше. Ақын мен этнограф қазақтың ұлттық қасиеттеріне келгенде за­ман­ға қарай оның қырық құбы­лып, өзгеріп бара жатқанын, ас­ыл­­дың жасыққа айнала бастаға­нын, жігердің жұқарғанын, бір сөзді­ліктің, сөзге тоқтаудың сұ­йы­лып кеткен, жағымпаздық пен са­тым­паздың өршіп тұрға­нын, аға мен іні, әпке мен қа­рын­дас­тың сыйластығы баяғыдай еместігін тілге тиек еткен тұста Жәкең «Құл­дық ұран көбейсе, Қураған­ның белгісі. Құлын, тай­ың ойнаса, Құтайғанның белгісі», деген ха­лық даналығына жүгініп, тіл тағ­ды­рына келгенде ашынып айтқа­ны мынау: «Біз азаттықты, қа­си­етті Тәуелсіздікті әлі күнге дейін жете түсінбей отырмыз. Парақор, ұры, қиянатшыл, суық қолдыларға мүлде жол беруге болмайды... Жерді саттық. Қазақ­тың қолынан жер иелігін мүлде шығарып жіберуге болмайды... Құлдардың ең жаманы әрі қау­іптісі – қарыны тоқ, қайғысы жоқ, қолына тізгін ұстаған, ел тағдыры туралы ойла­майтын... сатқын құл­дар» дейді. Абыз қарт тағы бірде: «Жерді сатамыз дегенді барлық қазақтың ұғымынан алып тастау керек. Жер болмаса біз қаңғып қаламыз. Ұлт болудан қаламыз!», деп дінімізге ала-құ­лалықты енгізіп отырған сырт күштер екеніне мысалдар келтіреді. «Ойын бизнесіне» келгенде тіпті қырандай шаңқыл­да­ған-ақ екен. «Ойын бизнесінде» заңдас­ты­рылған батыстық сұм­дық­тар­дың бір де бірі қазақ та­ри­хында, қазақ мәдениетінде бол­маған бәлекеттер... жезөкшелік базары, жалаңаш билеу түрлері, порно­графиялық кино... Орыс пен қы­тай социализм мен коммунизмді қалай жүргізсе, батыс бізге жа­һандануды солай ұсынып отыр... Жаһандану – жаулап алу емес, жаулану. Алу емес, беру. Ұту емес, ұтылу. Ұлт ретінде қалу емес, ұлт ретінде жойылу. Сенің оларға қарай бейімделуің – жа­һандану. Батысты бейімдеу емес, батысқа өзіңді бейімдеу. Міне, көрдің бе, батыс сенің ұлттық рухыңды алмайды, сен батыстың «шардәрі» рухын қабыл аласың» деген тұста ақын: «Шардәрі» қандай мағынаға ие?» дегенде: «Шардәрі» – қоспа деген сөз. Ана­дан, мынадан қосып бір дәрі жасаса, соны «шардәрі» дейді». «Сонау Көктүріктің Көк туынан кейінгі бүкіл қазақты бірлікке шақырған Көк туды біз енді ғана көрдік. Еңірегенде етегіміз жасқа толып, көз жасымыз көл болғанда көрген Көк ту ғой бұл, қарағым-ау! Ғасырлап қырғын көріп, қа­ны­мыз судай аққанда көрген Көк ту ғой бұл! Ендеше Көк ту ас­тына топтала білуде, топтай білуде шартсыз орындауға тиісті ұлттық парызымыз емес пе?!» дейді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы 16 983 сөз қолда­н­ысын мысалға келтіреді. «Түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, бейнелі тіл – қазақ тілі. Қа­зақтар өзінің шешендігімен, әсем ауыз әдебиетімен де даңқ­ты» деген С.Малов сөзіне жүгініп өзінің қазақ сөзін ерінбей жи­на­ғанына дәйектер келтіріп, «...ең алдымен, қазақты құлдық көз­қа­растан бір жола айыру керек. Қа­зақты қазақ қана құтқарады. Ұлт­шыл болу ұлт намысын қорғау үшін қажет. Ұлтшыл болғанда сауатты ұлт­шыл бол», дейді. Әң­гімеде жер­асты байлығын былай қойғанда, өсімдіктер байлығы­ның өзі ұшан-теңіз екенін меңзеп, дүние жү­зінде өсімдіктердің 500 мыңдай түрі болса, оның 220-сы суда, қалған 280 мыңдайы құр­лық­та өсетінін, мәдени өсімдік­тер­дің түрі 20 мыңнан асатынына дәйек келтіріп, қазақ топыра­ғын­да 6 мыңнан астам өсімдік болса, соның 500-ге жуығы дәрілік өсім­діктер екенін жеткізеді. Осындай құндылықтың құнына жетпей, хи­миялық заттардан жасалған дәрілерге бой алдыратынымызға өкініш білдіреді. Табиғаттан жа­ра­лған адам сол табиғаттың бай­лығын әлетіне жаратса, өмір жасы ұзаратынын, оған өзінің тоқсан жылдан аса ғұмыры дәлел екенін тілге тиек етеді. «Адамға ең қымбат нәрсе ол – денсаулық. Одан басқаның бәрі өткінші. Жи­наған дүние, самсап жатқан ал­тын, алдамшы» дейді. Сөз түйі­ні­не келгенде «Қазақ бір тал сірің­ке­ден бастап, зымыранға дейінгі өз ғылымын өзі ашпаса, мемлекет құра алмайды», деген күдігін де бүгіп қала алмапты. Сүлеймен МӘМЕТ.