• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2017

АҚШ-тың 45-ші президенті

583 рет
көрсетілді

АҚШ-тағы президенттік сайлаудың нәтижесі жария етілген кезде, біреулер алақайлап қуанды, екіншілері сең соққан балықтай есеңгіреп қалды. Сөйтіп, төрт жылда бір өтетін саяси бәсекеде Республикалық партиядан ұсынылған кандидат 70 жастағы Дональд Джон Трамп сайлаушы-таңдаушылардың басым дауысын иеленіп, АҚШ-тың 45-ші президенті болып сайланды. Қазіргі кезде Дональд Трамптың президенттікке сайланғаннан кейінгі және оның ресми түрде қыз­мет­ке кіріскеннен бергі уақыттағы жұ­­мысын, сондай-ақ, айтқан пі­кір­лерін саясаткерлер мен сарап­шылар таразыға салып, талдап жа­тыр. Ол дұрыс та шығар. Өйт­ке­ні, Дональд Трамп әлемдегі ең қуатты мем­лекет – Америка Құ­ра­ма Штат­тарының президенті. Со­ны­мен... Трамптың ұлықтау салтанаты 20 қаңтар күні ел астанасы Вашингтонда өтті. Ұлықтау сал­та­натында сөйлеген сөзінде ол өзі үшін ең маңызды басымдық Америка болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, барлық шешімдерін, оның ішінде сыртқы саясаттағы іс-қимылдарын осындай ұстанымға негіздейтінін атап өтті. Жұмыс орындарын ашып, шекараны нығайтуға да уәде берді. Бұрынғы одақтарды реформалап, жаңаларын құратынын ескертті. «Әрекет ететін мезгіл туды, бос әңгіменің заманы өтті», деді ол. Рәсім аяқталған соң қалыптасқан дәстүрге сәйкес, Конгресс ғимаратында өзі­нің алғашқы жарлығы – Ақ үй үкі­метінің жаңа мүшелерін та­ғай­ын­дау туралы жарлыққа қол қойып, Сенаттың қарауына жіберді. Дональд Трамптың бірер апта бұрын бірқатар беделді басылымға берген сұхбаты біраз елдің басшыларын едәуір алаңдатқаны рас. Сол сұхбатында ол: «НАТО-ның уа­қыты өтті», «Үлкен Қытай» саясатын қайта талқылау керек» және «Германияның босқындарды қа­былдауы апатпен бірдей», деген пі­кір­лер білдірген еді. Президенттің осы айтқандары аты аталған елдердің би­лігіне өкпе-реніш білдіретіндей қатты әсер етті. «НАТО-ның уа­қы­ты әлдеқашан өтіп кеткен, – деді Д.Трамп. – Меніңше, оның екі түрлі негізі бар. Біріншіден, бұл ұйым құрамына көп мемлекеттерді қосып алды. Екіншіден, құрылу мерзімі өте ұзақ». НАТО Еуропа мен АҚШ арасында көпір болып тұрған маңызды халықаралық ұйым екенін жоққа шығара алмаймыз. Трамптың сол пікіріне алғашқы болып Литва президенті Далия Грибаускайте үн қосып, қарсылық білдірді. «Литва 1991 жылы Кеңес Одағынан бөлініп, 2004 жылы НАТО-ға мүше болды, – деді ол осыған байланысты. – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұйым Еуропада бейбітшілікті қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің алғышарты болып келеді. Трампты АҚШ-тың НАТО-дағы міндеттерін дұрыс атқаруына шақырамын. Ол НАТО-дағы көшбасшылық қызметін мойнына алып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауы тиіс». АҚШ президенті беделді басылымдарға берген сұхбатында, сондай-ақ Еуропалық одақты да «неміс тасымалдаушысы» деп сынға алған болатын. Ол Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығу ұмты­лы­сын оң бағалады. Өзге де мүше ел­дер­дің Одақтан шығатынына сенімді екенін жасырмады. Оның айтуынша, мұндай бірлестік көпшілік ойлағандай тым оңай бола бермейді. Ал Германия канцлері Ангела Меркель: «Еуропалықтардың тағ­ды­ры өзіміздің қолымызда. Біз барлық жағдайда бірге боламыз деп айта аламыз», деген назын білдірді. Мұндай пікірлерден француз саясаткерлері де сырт қалмады. Трамп «The Wall Street Journal» басылымында жарияланған сұхбаты барысында Қытайға байланысты «Үлкен Қытай» саясаты қайта талқыға салынатын болады» деген еді. Ресми Бейжің оның осы сө­зіне дереу ескерту жасады. Қытай СІМ-і оның осы сөзіне дереу «Бір Қытай» саясаты қайта талқыға салынбайтынын, Трамптың бұл пікірі 40 жылдан бергі АҚШ – Қытай қатынасына сызат салу болып табылатынын мәлімдеді. Қытай басылымдары «Трамп бұл мәселеде өзінің білімінің таяздығын танытып отыр» деген баға да берді. Дональд Трамп президенттік қызметіне кіріскен екі аптаға жуық уақыт ішінде жиырмаға жуық жарлық пен өкім шығарған екен. Соның бірі – мұсылмандар басым тұратын мемлекеттер аза­мат­тарының АҚШ-қа келуіне уақытша тыйым салатын құжат. Ол елдер – Сирия, Йемен, Иран, Ирак, Судан, Ливия және Сомали. Осы мәселеге байланыст­ы жасаған мә­лім­демесінде АҚШ алдағы үш ай­да иммиграциялық бақылау шара­лары орнатылған соң, жеті ел азаматтарына қайтадан виза бере бастайтыны көрсетілген. «АҚШ иммигранттары басым ел саналады және қысымшылықтан бас сауғалағандарға біздің әлі де жанымыз ашиды. Бірақ біз өзіміздің азаматтарымыз бен шекарамызды да қорғаймыз. Америка қашан да азат әрі батыл адамдардың отаны болған», – деп атап өтеді президент. Оның сөзіне қарағанда, енгізілген бұл шаралар «мұсылмандарға тыйым салу емес». Мұның дінге қатысы жоқ және ол елдің қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге арналған. Тыйым са­латын осындай ереже қырықтан астам мұсылман еліне енгізілмеген. Пре­зидент, сондай-ақ өзінің АҚШ-қа келетін мигранттар ағынын тежеу жоспары аясында Сирияда бос­қындарға арналған «қауіпсіз аймақ» құрмақ ниетте екенін де ашып айтты. Ол Еуропалық одақтың Сириядағы азамат соғысынан шыққан босқындар мәселесімен күресін реттеу және саралау үшін қажет сияқты. АҚШ президенті Сирияда «қауіпсіздік аймағын» құруды мұсылман елдерінен шық­қан босқындар мен басқа да иммигра­нттардан төнетін терроризм қау­піне қарсы тұру тәсілдерінің бірі деп есептейді. «Қауіпсіздік аймағы» туралы өкім миграциялық саясатты күшейтуге қатысты өзге де жарлықтармен бірге шығып қалуы мүмкін. Ал АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама мұндай шаралар АҚШ-ты Сириядағы соғысқа бұрынғыдан да киліктіреді және Сирияда әуе шабуылын жүргізіп жатқан Ресей әскерилерімен қақтығысқа ұрындыруы мүмкін деген қауіп айтады. Дональд Трамп өзінің сайлау науқаны барысындағы кез­де­сулерінің бірінде АҚШ пен Мексика арасындағы шекараны бө­ліп тұратын қабырға-дуал орнату жөнінде уәде берген болатын. Ол осы туралы жарлыққа да қол қойды. Құжатқа сәйкес, елдің Ішкі қауіпсіздік министрлігі құрылыс жұ­мыстарын бірден бастайды. Мұ­ның алдында ол дуалдың АҚШ бюд­­жетінен салынып, кейін құ­ры­лысқа кеткен қаражатты Мехико 100 пайыз қайтарады деген болатын. Деген­мен, құрылыс жұмыстарын Кон­гресс мақұлдауы қажет. Трамп­тың айтуынша, бұл Құрама Штат­тар­дың игілігі үшін салынады. Дуал миллиардтаған доллар үнемдеуге және көптеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Әрі бұл трансшекаралық ұйым­дасқан қылмысты тоқтатады. Заңсыз көші-қонға бөгет болу үшін 3,2 мың шақырымдық қабырға са­лу мәселесін Трамп былтырдан бері көтеріп келеді. Құрылыс жұмыстарына 12 миллиард доллар жұмсалатын сияқты. Дегенмен, мұнымен келіспейтіндер де бар. Олар құрылыс жұмыстарына кететін қаржы тым азайтылып көр­­сетілгенін айтады. Сөз ретінде дуал салуға Мексика бас­шы­лы­ғы­ның үзілді-кесілді наразы екенін де ай­та кетейік. АҚШ президенті елді Транс-Тынық мұхиты серіктестігінен шығару туралы жарлыққа да қол қойған. Сенат АҚШ-тың бұл се­рік­тестікке кіруін сол күйі мақұл­да­­мағандықтан, Трамптың шешімі шарт­ты ғана саналады. Трамп ке­лі­сімнен бас тартуды «америкалық ең­бекшілер үшін тамаша жаңалық» деп атап, Вашингтон серіктестікке мүше елдермен, оның ішінде Австралия, Мексика, Жапония, Малайзия және Жаңа Зеландиямен екі­­жақты келісімдер жасайтынын мәлімдеді. Ал Германия канцлерінің орынбасары Зигмар Габриэль: «АҚШ-тың Транс-Тынық мұхиты серіктестігінен бас тартуы Германия үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», деп мәлімдеді. «Трамп АҚШ экономикасының Германия эко­номикасынан айырмашылығы – бә­секеге әрқашан қабілетті бола бер­мей­тінін мойындайды», деді ол осы жө­нінде. Ресей Мемлекеттік думасының қаржы нарығы комитетінің төрағасы Анатолий Аксаков Трамптың шешімі жақсы нышан екенін, бұл оның өзге елдерге қарсы емес, Америка халқының мүддесіне сай әрекет ететін прагматик екенін көрсететінін атады. АҚШ президенті, сондай-ақ Канадамен және Мексикамен Солтүстік Америка еркін сауда ай­ма­ғы туралы келіссөзді қайтадан жүр­гізетінін де мәлімдеді. АҚШ президенті осы аралықта бірқатар маңызды тағайындаулар да жасады. Енді Трамп әкімшілігінің сыртқы саясатын (мемхатшы) Рекс Тиллерсон, қорғаныс министрлігін Джеймс Мэттис басқаратын болады. Илон Маск президенттің эко­но­микалық мәселелер жөніндегі ке­ңесшісі, Рональд Витиелло АҚШ ше­кара қызметінің басшысы қыз­ме­тіне, Нейла Горсич жоғарғы сот фе­дералды судьясы лауазымы­на та­ғайындалды. Сондай-ақ, пре­зи­денттің тапсырма­сын орын­да­ма­ғаны үшін бас про­ку­рор­дың мін­де­тін уақытша ат­қа­рушы Салли Йейсті қыз­метінен бо­сатты. Атап өтуіміз керек, АҚШ пре­зи­­денті жылына 400 мың доллар еңбекақы алады екен. Бұдан Д.Трамп бас тартып отыр. Осы мәсе­ле­ге байланысты сұраққа ол: «Бұған менің жауабым жоқ. Заң бойынша мен кемінде 1 доллар еңбекақы алуым керек. Енді мен 1 доллар еңбек­ақы алатын боламын», – деп жауап бер­ген. Ал «Forbes» журналы оның бай­лығын 3,7 миллиард долларға ба­ғалайды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»