• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
09 Қыркүйек, 2011

Қорапшалар осылай жасалады

478 рет
көрсетілді

Жақсыны білмек үшін біз қала шетінде орналасқан «Гофротара» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталатын кәсіп­орынға келдік. Бұдан бұрын серіктестік директоры Гүлнәр Қай­дарованы кездестіргенімізде  «Бизнестің жол картасы-2020»  бағдар­ла­масының  кәсіпкер­лер­ге көме­гі тие бастады. Осы жо­баның ар­қасында  жеңілдетілген несиеге де қол жетті. Қазір кә­сіп­ор­ны­мыз өндірісін бұрынғы қар­қы­ны­на қарағанда 2-3 есе ұл­ғайт­ты. Өйткені, жаңадан ал­ынған құрал-жабдықтар зауыт­­тан шы­ға­тын қағаз өнімдерінің са­па­сы­на да әсер етті деп еді. Гуілдеген цех іші. Қатты қағаз­дардан, яғни гофрокартоннан бір-бірі­мен жалғасқан автомат­ты құ­рыл­ғылардың соңына дейін аралап шыққанда не жаса­лып жат­қанын көзіңмен кө­ре­сің. Қарап тұрған адамға  мына ғажайып автоматты құрылғы­лар­дың ой­лап таппайтындары жоқ сияқты, бірі қағазды қиып жаста, екіншісі, өрнектеп, үшін­шісі, бүк­теп, сөйтіп әрі қарай кәдімгі өзіміз  күнделікті көріп жүрген жұмыртқа салатын гофрокартон қорапшалар пайда бо­лады. Цех іші тап-таза, кең де жарық. Шаң-тозаң деген жоқ. Бәрі де  ав­томатты желімен бас­қары­латын жаңарған, жаңа заман  кә­сіпорны деген осы. Жұ­мыс­шыларға қауіп-қатер жоқ. Ұзын желінің бір басына қой­ылған қағаз орамасы арнайы қондыр­ғылар арқылы шира­ты­лып, кесіледі де, екінші шетіне дайын қорап түрінде шығады. Ал желі бойында қалған қағаз қал­дық­тары әп-сәтте жиналып алы­нады. Кәсіпорын оны қайта өң­деуден өткізіп, өндіріске жара­тады. Жаңа технология қай кәсіп­орынның болмасын бағын аша­ды. Осының арқасында «Гофро­тара» серіктестігі бүгін­де елі­міздің қағаз өнімдері рыно­гы­ның 20 пайызын  алып отыр. Елі­міздің бүкіл өңірлері­мен жұ­мыс жасайды. Жуырда кәсіп­орын өнімдеріне қызығу­шы­лық танытқан Ресей, Тәжікс­тан бизнес өкілдері де келіп кетіпті. Гофрокартоннан жасалған қо­рапшалар сапалы қағаздар өнімі болғандықтан, бағалары тым арзанға түсе қоймайды. Өйткен, қорапшалар жасалатын қағаз құрамында целлюлоза бар. Ол Ресейден әкелінеді. Біздің  елімізде әзірге целлюлоза шыға­рылмайды. Сондықтан, шеттен келген  қағаз бағасы  қымбат. Ке­лешекте тетрапак қораптарын шығаруды ойластырып отыр. Ал кәсіпорыннан, негізінен, гофрокартон өнімдері мен елі­міздің құс фабрикаларына қа­жетті жұмыртқа салатын шұң­қырлы қорапшалар, азық-түлік қораптары шығарылады. Қағаз қораптар әртүрлі азық­тық тауарларға арналған, сұра­нысқа да ие. Мысалы, Қара­ғанды, Қостанайдың кәмпит­те­рін алайық, олар цехтардан ора­лып шыққаннан кейін қайда ба­рады, әрине, павлодарлық «Гофротара» серіктестігі шы­ғар­ған дайын қораптар күтіп тұрады. Гүлнәр басқаратын ша­ғын кә­сіп­орын осылайша отан­дық ры­нок­та жұмыртқа қорап­шаларын шығару арқылы та­ныла бас­та­ды.  Басқа емес, қо­рапшалардан бизнес жасау ойыңызға қалай кел­ді деген сұ­рағымызға бәл­кім, қызығу­шы­лықтан, осылай жасап көр­сек қалай болар екен деген талпы­ныстан туған болар деп ойлаймын. Алғашында не­ба­ры 100 мың шаршы метр қа­ғаз орамдарын шығардық. Көбі жарамсыз болып қа­лу­шы еді, себебі 1996 жыл­дары өндірістік желіміз ескі  болды, дейді кәсіпорын басшы­сы. Гүлнәр институт бітірген соң, Екібастұздың атақты ГРЭС-2 стансасына жас маман болып келді. Облыстағы Май ауданы, Жалтыр ауылында туып-өскен қыз бала электр инженері ма­ман­дығын алып,  өндірісте бірнеше жыл еңбек етті. Кейін, өз мамандығына сай бизнес жо­лын таңдағаны да сол еді. Ал, қазір ол басқаратын шағын кәсіпорын гофро-жұмсақ-бүртік картон жа­­­сайтын замануи жоғары тех­но­логиялық желі жүйесінде жұ­мыс жасайды. Еліміздің әр жерлерінен сұраныс көптеп түсуде, ал, қораптарға, жұмыртқа қо­рап­шаларына деген тапсырыс көбейген сайын кәсіпорын тіршілігі  де  алға басуда. Биыл «Бизнестің жол карта­сы-2020» бағдарламасына қаты­су­ға өті­ніш жасады. Жоба біраз уақыт қаралып, ақыры кәсіп­ор­ынның қаржыға да қолдары жетіпті. Сөйтіп, өңірдің индус­трия­лан­дыру картасы аясында өз өнді­рісін ұлғайтуға кіріскен кәсіп­орын Германия, Қытайдан ав­томатты желілер, қағаз қорап­тарды өлшейтін қондырғылар да сатып алды. Бұған 211 миллион теңге қаражат жұмсалды.  Бұрын бір айда 800 мың шаршы метр қағаз өнімдерін шығару мүмкіндігіне ие болса, қазіргі күні қуаты 2 миллион шаршы метрге жетіп отыр. Өйткені, кәсіпорын сатып алған жаңа қондырғылар  жо­ғары жылдамдықпен жұмыс жа­сайды. Мұның ішінде «Inline» деп аталатын автоматты қон­дырғылы желі бүгінде қағаз өнімдерін өндіру  бойынша әлем­дегі  замануи техника түрі­нен саналады. Әрине, серіктестік шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері үшін осындай жаңа­лыққа шын мәнінде  қол ұшын беріп, несиенің пайыздық жүгін жеңілдетуге көмектескен мемлекет қолдауына риза. Бұл күндері кәсіпорында 140 адам жұмыс жасайды. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.