• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
10 Қыркүйек, 2011

Ғибратты ғұмыр

488 рет
көрсетілді

Қазақ даласының солтүстігінде орна­лас­қан Мамлют ауданының Бостандық ауылындағы Есмұқан ақсақал мен Рысты ананың шаңырағында дүние есігін шыр етіп Ғазиз есімді бір сәби ашты. Ол саясаттың сызы өтіп, қазақ ұлтының азат басына қиянаттың құрығы төніп келе жатқан кез-тін. 1943 жылы Ұлы Отан соғысының нағыз қайнаған тұсында, әкелер қан майдан ортасында, аналар ауыр еңбек ішінде жан салып жүрген шақта бала Ғазиз Бостандық бастауыш мектебінің табал­ды­рығын аттады. Бүгінгідей сән-салтанат жоқ. Иықта дорба, үстінде жамаулы киім, түлкіқұрсақ жүрсе де сол кездің бала­лары мұғалімнің аузынан шыққан әрбір білімді сөзді қағып алуға аса ынталы еді. Сабақтан шыға сол жеткіншектер жұ­­мыстың ауыр-жеңіліне қарамастан үлкендермен бірдей қиямет бейнетке жегілетін. Сөйтіп жүріп, тағдырдың тарам-тарам соқпа­ғы­на шашылған несібе мен білімді жинап жеген жас Ғазиз 1955 жылы Қызылжар қаласындағы №5 мектепті үздік шәкірт­тер қатарында тәмамдап шықты. Мектеп қабырғасында жүргенінде-ақ математика, химия, физика, орыс әдебиеті секілді пәндерді сүйіп оқыған білімді жас Омбы ауыл шаруашылығы институтына түсіп, өзге ұлттың жастарымен жарыса жүріп, аса қажетті маман агроном мамандығын алып шығу мүмкіндігіне ие болды. Оқу іздеп Омбы асқан талдырмаш жігіт елге білімді маман боп оралды. Ол кезде Ғазиз Есмұқанұлы өз алдына ша­­ңырақ көтерген, қай жұмысқа салса да қайтпайтын қылшылдаған жігіт шағында еді. Алғашқы еңбек жолын Солтүстік Қа­зақ­стан облысына қарасты Булаев ауда­нындағы «Победа» кеңшарының бас аг­рономы болып бастады. Содан кейін Ленин ауданына қарасты «Бұлақ» кеңша­ры­ның бас агрономы қызметін атқарды. Осы ауданның В.Комаров атындағы кең­ша­рында партия комитетінің хатшысы болды. Бұл алдағы ұзақ жылға созылатын жауапты қызметтердің бастамасы ғана болатын. Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімін­де нұсқаушы болып қызмет етіп жүрген Ғазиз Есмұқанұлы 1972 жылдың көкте­мін­де Соколов аудандық партия комите­тінің екінші хатшылығына тағайы­ндал­ғандығы жөнінде нұсқау алады. Тап­сы­рылған жауапкершілікті абыроймен атқа­рып шығу өз алдына, ол кезде партия мү­шесіне неше алуан міндеттер де жүкте­летін. Тек сондай сан қырлы сынақтан сүрінбей шыққан адамға ғана аса жау­ап­ты лауазымдар сеніп тапсырылушы еді. Біз сөз етіп отырған Ғазиз Есмұқанұлы да сондай азаматтардың қатарынан табы­лып, 1974 жылдың тамызынан 1983 жыл­дың шілдесіне дейін Соколов аудандық атқару комитетінің төрағалық қызметін абыроймен атқара білді. 1977 жылы маусым айында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төралқа оты­рысы болады. Ол жерде Соколов аудан­дық атқару комитетінің іс-тәжірибесі ту­ралы есеп тыңдалып, мәжілісті басқарып отырған Үкімет басшысы Бәйкен Әшімов аудан басшысының еңбегіне оң баға береді. Бұл үлкен жетістік еді. Барлық аудан­дарға жылдық, бесжылдық жоспар деп міндеттеме берген партия, кеңес тара­пынан жоғары баға алу тек таза еңбек пен жоғарғы нәтиженің ғана көрсеткіші арқасында қол жеткізуге болатын мәрте­бе-тін. Жоспарды үнемі артығымен ор­ындап, Қызылжар қаласының тұрғы­нда­рын азық-түлікпен, ет, сүт, жұмыртқа, көкөніспен толық қамтамасыз етіп тұрған аудан лайықты марапатын алмай қайт­сін?! Төралқа отырысынан кейін, келесі күні сәті түсіп Ғазиз Ес­мұ­қанұлы Үкімет басшысының қа­был­дауына кірді. Елді-жер­ді көркейту мақса­ты­мен Ми­нистрлер Кеңесінің Төр­ағасынан аудан орталығын көркейтуге деп 100 мың сом қаржы, 1 мың шаршы метр жаяужолға төсейтін бетон тақта, ауылдық ке­ңес­тер үшін 4 жеңіл мә­ши­не сұрады. Бәйкен Әшім­ұлы ауыл азаматының тілегін қанағаттандырып, ал­­дағы өмір жолына оң сапар тілеп шығарып салды. Ғазиз Есмұқанов 1983 жылы Қазақстан Компар­тия­сы Орталық Комитетінің ауыл шаруа­шылығы бөлімі меңгерушісінің орын­ба­са­ры, 1985 жылдан 1988 жылға дейін Жез­қазған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарып, сол жылдары Қазақстан Компартия­сы­ның ХVІ съезінде Орталық Комитеттің мүшелігіне кандидат және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сай­лан­ды. 1988-1989 жылдар аралығында Қа­зақстан Компартиясы Орталық Комитеті Ауыл шаруашылығы бөлімінің мең­ге­руші және Орталық Комитетке мүше болып сайланды. 1989 жылдан 1993 жыл­дың маусымына дейін республика мемлекеттік агроөнеркәсіптік комитеті төр­аға­сының орынбасары, одан кейін Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары қызметін абыроймен алып жүрді. Министрліктегі кезінде Ғазиз Есмұқанұлы ауыл шаруашылығы салаларына ғылыми жетістіктерді, алдыңғы қатарлы озық тәжі­рибелерді енгізіп, ғылыми-зерттеу инс­титуттарына, салалық жоғары оқу ор­ындарына, техникумдар мен кәсіптік-техникалық училищелерге жетекшілік етті. Кадрларды даярлау және олардың білімін жетілдіріп, ұтымды пайдалану міндетін тиімді жүзеге асыра білгендігі үшін 1990 жылы Қытайдағы Үрімжі жәрмең­кесіне Қазақстанның агроөнеркәсіптік делегациясын бастап барды. Келер 1992 жылы агроөнеркәсіптік салада нарықтық экономиканы тиімді пайдаланудың жол­да­рын меңгеру мақсатымен Франция, Германия секілді дамыған мемлекеттерге еліміздің ша­руашылық басшылары мен мамандарын апарып, сол жылы күзде екінші рет Үрімжі жәрмеңкесіне қа­тысты. Ел игілігіне жа­рай­тын біршама келісімдерге қол қойылды. Күні бү­гінде қарқынды наси­хат­талып жатқан өсімдік­терді тамшылатып суару тә­жі­ри­бесімен танысудың сәті сол 1992 жылы Израиль мемлекетінде түсіп еді. 1993 жылы мамыр ай­ында Еңбек министрі Саят Бейсенов басқарған үкімет делегациясы Ұлан-Баторға барып, Моңғолия үкіметімен сонда тұра­тын және елге қайтқысы келетін қандас­тарымызды көшіру туралы мемлекет­ара­лық шарттың жобасын даярлаған еді. Ту­ған тіліміздің жанашыры ретінде «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына көп көмек көрсеткен Ауыл шаруашылығы министрі­нің орынбасары Ғазиз Есмұқанұлы осы делегация құрамында болып, ұлттың өзекті мәселесіне бел шеше кірісті. Еліміз есін енді жия бастаған тұста ою-өрнегін келістіріп киіз үй тігіп алғашқы наурыз тойын ұйымдастыру шарасы да жүрегі ел деп соққан ердің тірлігі. Тіл туралы қабылданған жаңа заңды іске асыруда академик Әбдуали Қайдар, Өмірзақ Айтбаев, Рабиға Сыздықова, Асылы Осман, Тұрсынбек Кәкішев, Рахманқұл Бердібаев секілді аға буын өкілдерімен ұлы істе тізе қосып қатар бейнеттенді. 1994 жылы мамыр айының соңында ТМД елдері мен көршілес мемлекеттер­дің босқындар, репатрианттар, қонысы өзгерген адамдар мен басқа да көші-қон үдерісінің мәселелері жөнінде Женевада аймақтық конференция өтетін боп белгіленді. Осы конференцияның құжаттарын даярлау үшін және Қазақстанның бұл мә­селеге байланысты көзқарасын, іс-әреке­тін басқа елдермен үйлестіру мақсатында бірнеше кездесулер ұйымдастырылды. Кө­ші-қон мәселесі қай елге болса да оңай шаруа болмағандықтан Бішкекте, Женевада, Ашхабадта 1995-1996 жылдары екі реттен осындай отырыстар болды. Атал­мыш мәселелердің маманы ретінде Ғазиз Есмұқанұлы қазақстандық жұмыс тобын басқарып, үлкен істің ішінде жүрді. Ат­қарылған шаруа жемісін беріп, кейін Иран Ислам Республикасынан, Моңғо­лия­дан қандастарымыз лек-легімен ағыла көшті. Жалпы ұлы көш басталған 1991 жылдан 1996 жылдың аяғына дейін 146 мыңнан аса қазақ туған жер топырағына табан тірепті. Ғазиз Есмұқанұлы Көші-қон департаментін басқарып тұрған үш жарым жыл ішінде аталмыш департаментті дербес мекеме жасау, көші-қон туралы жаңа заңның жобасы, жеке Қор құру туралы Президент Жарлығының, Үкімет қаулысының жобаларын даярлау, сол аралықта елге оралып жатқан қандас­тарымыздың басындағы ауыр жағдайды қозғап Елбасы атына, Үкімет назарына бірнеше хаттар жазумен тынбай айна­лыс­ты. Осыншалық үлкен мақсатты жүзеге асыру барысында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші ор­ынбасары марқұм Қалдарбек Найман­баев­тың көрсеткен азаматтық қолдауын, тигізген көмегін Ғазиз аға ыстық ықы­ласпен, адами сүйінішпен әрдайым еске алып отырады. 1997 жылы Ғазиз Есмұқанұлы зейнет демалысына шықты. Алайда, елге болсын деп тұратын азамат қол қусырып үйінде отыра алмады. 1997 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан су­ар­малы жерлерді жөндеумен шұғылда­на­тын жұмыс тобы құрылып, сонда кеңесші бо­лып тәжірибесімен бөлісті. 2007 жыл­дан күні бүгінге дейін Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ардагерлер кеңесінің төрағалығын абырой­мен атқа­рып келеді. Құдайға шүкір, елі үшін ерен еңбегін аямаған ерді Үкімет те ескерусіз қалдырмады. Жауапты да лауа­зымды қыз­меттерді сеніп тапсырумен қа­тар, төрт мәр­те «Құрмет Белгісі» орденімен, жеті ме­даль, Қазақ КСР Жоғарғы Ке­ңесінің Құрмет грамотасымен марапат­тал­ды. Бүгінде Ғазиз Есмұқанұлы әдемі қарт­тықтың әрін кіргізіп отырған сыйлы кісі. Кейінгі жас ұрпақ бес күндік жалғанды мағыналы өткізуде осындай тағдыр иесінен үлгі алса екен дейміз. Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.