• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
13 Қыркүйек, 2011

Сапар жалғасуда

352 рет
көрсетілді

Астана темір жол вокзалынан 10 қыркүйек күні «Менің Қазақстаным» ақпараттық-насихат пойызы бірінші кезеңнен кейінгі сапарын жалғас­тыру үшін жолға шықты. Мұның алдында, яғни 10-20 тамыз күндері солтүстік-шығыс өңірді аралаған пойыз енді 27 қыркүйекке дейін еліміздің оң­түс­тік-батыс аймақты жүріп өте­тін болады. Осы уақыт ішінде шараға қатысушылардың елді-ме­кендерде концерттер қойып, дәрігерлік көмек көрсетіп, жергілікті халықпен кездесулері жос­пар­ланып отыр. Бұл іс-шара Мәдениет министрлігі мен «Нұр Отан» ХДП-ның ұйымдастыруымен ел тәу­ел­сіздігінің 20 жылдығы ая­сын­да өткізілуде. Оған әлеуметтік қызмет, денсаулық сақтау, қаржы секторы, мәдениет, спорт қайрат­керлері және басқа да сала қыз­меткерлері қатысуда. Газетімізде бұған дейін хабарлағанындай, аталған шараның мақсаты – бар­лық өңір тұрғындарын ел Тәу­елсіздігінің 20 жылдық мерекесіне атсалысуға тарту, Тәуелсіздік әкелген жетістіктерді әрбір аза­матқа жеткізу, халықтар арасын­да бірлік пен ынтымақтастықты, саламатты өмір салты мен Ел­ба­сының Қазақстан халқына Жол­дауын насихаттау, шалғай елді-мекендерде тұратын азаматтарға түрлі көмек көрсету және мем­лекеттің жаңа әлеуметтік саяса­тының мәнін түсіндіру. Сенбі күні сағат таңертең Астанадан шыққан пойыз сағат 09.30-да Атбасарға келді. Осы жерде темір жол вокзалының ал­дында салтанатты шара өтті. Оған аудан әкімі Руслан Әубә­кі­ров, «Нұр Отан» ХДП-ның Ақ­мо­ла облыстық филиалы төраға­сының орынбасары Ғалым Шойкин, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, «Гүлдер» ансамблінің жетекшісі Жеңіс Сей­долла, аудандық туберкулезге қарсы диспансердің бас дә­рі­гері Бауыржан Ділдәбеков, сон­дай-ақ соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Иван Комиссаров қатысып, сөз сөй­леді. Осыдан кейін аудандық жұ­мыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында зей­нетақымен қамтамасыз ету, әлеуметтік сақтандыру, әлеумет­тік көмек беру, заңдық және банк­тік қызмет көрсету мәсе­ле­лері бойынша «Нұр Отан» ХДП-ның қоғамдық қабылдауы бол­ды. Сонымен бірге, аудандық ауруханада «Ашық есік күні» өт­кізіліп, онда халыққа дәрігерлік көмек-кеңес берілді. Аудандық жұмыспен қамту және әлеу­мет­тік бағдарламалар басқарма­сы­ның басшысы Сәуле Дүйсен­ба­е­ва­ның айтуынша, азаматтарға бар­лық мәселе бойынша көмек көрсетілді. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нис­трлігінің Бақылау және ха­лықты әлеуметтік қорғау комите­тінің сарапшысы Раушан Көш­кінбекова өзінің қабылдауында болған азаматтардың бәріне түр­лі кеңес берді. Оның қабылдау­ын­да 20-дан астам адам болып, зейнетақыны көбейту мәселесі ту­ралы мол мағлұмат алды. Со­ның ішінде Атбасар қаласында 30-40 жыл темір жол саласында жұмыс істеген азаматтар зейнет­ақыны өсіру туралы өтініштерін білдірді. Қазір олар 40 000 - 45 000 теңге зейнетақы алады екен. Бұл орташа зейнетақы болып са­налады. Елімізде ең төмеңгі зей­нетақы 16 000 теңге. Алайда бас­қа салаларда зейнетақы үсте­ме­леп беріліп жатса, темір жолдың бұрынғы қызметкерлеріне ондай жеңілдіктер қарастырылмаған кө­рінеді. Зейнеткерлер осы мә­селені тілге тиек етті. Сондай-ақ Халифа Батрудтинова деген қала тұрғыны өзі тыл ардагері екенін, бірақ оны растайтын куәгер­лер­дің жоқтығын айтып, осы мәсе­лені оң шешудің жолдарын сұ­ра­ды. Нәтижесінде осы мәселе бой­ынша аудандық ардагерлер кеңесіне қолдау хат жіберілетін болды. Қоғамдық қабылдауда бол­ған мүгедек ана Зәмзегүл Зей­тенованың үйіне су құбырын тарту туралы өтініші де қана­ғат­тандырылды. Ал ерлі-зайып­ты зейнеткерлер Бегендік пен Раш Жанабаевтар кездесуде Ел­ба­сы­ның аға ұрпақты қолдау­да­ғы аза­маттық ісіне ризашылық­тарын білдірді. «Нұр Отан» партиясының қа­былдау бөлімінде де біраз мәсе­ле қаралды. Партияның орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөл­месінің кеңесшісі Асқар Құ­мар­бай кездесуде екі мәселе шешілгенін айтты. Оның алғаш­қысы, әке-шешесі мүгедек бала­ның әскери училищеге оқуға түсу жөнінде берген өтініші болса, екіншісі жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жайы екен. Аудандық ауруханада жергілікті мамандар мен жыл­жымалы медициналық кешеннің дәрігерлері 729 адамды қабыл­даса, әрбір маман 40-45 азаматқа дәрігерлік көмек көрсетті. Мұ­ның алдында олар шараның бірінші кезеңінде 3 442 адамды қабылдаса, осы жолы 12 күннің ішінде 10 000-нан астам адамға көмек көрсетуді жоспарлауда. Осы күні Олимпиада чемпи­ондары Ермахан Ыбырайымов пен Юрий Мельниченко Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде шеберлік-сыныптарын өт­­кізіп, бапкерлермен, спортшы­лар­мен жүздесті. Одан кейін ау­дандық мәдениет үйінде Елбасы Н.Назарбаевтың балалық шағы туралы «Балалық шағымның ас­паны» атты көркем фильм мен шараға қатысушылардың халық­пен кездесуі, «Локомотив» ста­дио­нында спорттық іс-шаралар өтсе, оның соңы мерекелік концертке ұласты. Кешке әншілер Алтынбек Қоразбаев, Бағдат Сә­мединова, «Гүлдер» мен «Әл­қис­са» би ансамблі, «Бәйтерек» тобы қатысты. Ал кеше таңертең пойыз Хром­тауға келіп жетті. Вокзал алдын­да­ғы алаңда митинг өтті. Оған қа­лалықтармен қоса жақын жердегі ауыл тұрғындары да жи­налды. Салтанатты шарада Ақтөбе об­лысының әкімі Архимед Мұ­хамбетов, «Нұр Отан» ХДП Төр­ағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, Хромтау аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық қорының төрайымы Мариям Жұ­мағалиева акцияның мән-ма­ңызы туралы жұртшылыққа ке­ңі­нен әңгімелеп берді. Одан кейін «Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары Н.Нығматулин аудандық мәде­ниет үйінде қабыл­дау жүргізді. Бұл жерде де әртүр­лі мәселелер көтерілді. Мысалы, Мәдениет үйі­нің жанындағы ха­лық теат­ры­ның режиссері Ақті­леп Мал­ға­рин ірі өнеркәсіп өн­ді­рістері көп­теп шоғырланған қала­да та­ғы бір мәдениет ошағы қа­жет­ті­гін айтқан. Рас, мәдениет үйі бар көрінеді, бірақ ол 40 000 тұр­ғыны бар аудан үшін жеткіліксіз деді ол. Оның қойған мәселесі шешілетін болды. Енді 2013 жы­лы мәдениет үйінің іргесі қалан­бақ. Қоғамдық қабылдауға келген Ақтөбе мыс компаниясының ла­бо­ранты Айна Өтешова «Нұрлы көш» бағдарламасына соңғы 10 жылда өз тарихи Отанына қай­тып келген оралмандарды қосу­ды сұрады. Ол қазір бағдар­ламаға 2009 жылдан кейін келгендер ғана кіретінін айтса, кә­сіптік лицей оқытушысы Марал Біржанов ауыл-аймақтарда кадр­лар жетіспеушілігі мәселесін кө­терді. Осыған орай ол «Дипломмен – ауылға!» бағдарла­ма­сы ая­сында қамтылатындардың ішіне қазіргі кезде жоғары сұра­нысқа ие инженер, агроном, зоотехник сияқты мамандарды қо­су­ды ұсынды. Осыдан кейін жылжымалы медициналық кешеннің дәрігер­лері мен қаржы секторы, халық­ты әлеуметтік қорғау және ең­бекпен қамту саласы мамандары тұрғындарға көмектерін көрсе­тіп, кеңестерін берді. Сол күні кеш­ке мерекелік концерт қойылды. Бүгін ақпараттық-насихат по­йы­зы әрі қарай бағыт алды. Келесі аялдама – Қандыағаш қаласы. Одан кейін шараға қа­ты­сушылар Құлсары, Бейнеу, Қа­зақ­стан, Арал, Жаңақорған, Ар­ыс-2, Жаңатас, Отар, Үштөбе елді-мекендерінде болып, 27 қыр­күй­ек күні Астанаға қайтып оралмақ. Дастан КЕНЖАЛИН. Астана – Атбасар – Хромтау.