Бүгінде мемлекетіміздің электронды үкімет құру жөніндегі әрекеті біртіндеп жүзеге асып келеді. Қазіргі ақпараттық технологиялар заманында оның тілін жылдам меңгерген жандар үйінде отырып-ақ, төлқұжатын интернет арқылы ресімдеп, коммуналдық қызмет ақысын төлеп, тіпті некеге де отыра алады. Бұл электронды үкімет құрудағы қызметтердің бір парасы ғана. Қысқасы, Әділет министрлігі де автоматтандырылған мемлекеттік қызметтердің санын ұлғайтуда бірқатар шаралар қабылдауда.
Осының бір көрінісі – дүйсенбі күні Алматыдағы «Жас отау» орталық Неке сарайында жаңа жұп интернет арқылы жұбайлық өмірге жолдама алды. Осылайша, Алматы қаласында интернет арқылы неке рәсімін тіркеу туралы өтініш түсірген тұңғыш қазақстандық жұп некеге тұрды. Ендігі жерде тұрғындардың уақытын үнемдеп, жұмысын жеңілдететін мұндай тірліктер үйреншікті үрдіске айнала бермек. Бұл қызмет түрі тек Қазақстан Республикасының азаматтарына ғана көрсетіледі.
Сонымен Асхат Садырбаев пен Ерке Есмахан оңтүстік астанадағы Әділет департаментінің Әуезов аудандық АХАЖ бөлімі қызметіне бірінші болып 08.08.2011 жылы электронды түрде өтініш берген.
Қалай десек те, олар еліміздегі интернет арқылы тұңғыш бас қосқан жандар болып есептелмек. Бұларды жұлдызды жұп деп те атауға болады. Асхат – «Еларна» телеарнасы арқылы «Шіркін-лайф» бағдарламасының продюсері әрі жүргізушісі ретінде танылып келе жатса, Ерке Есмахан – «Іңкәр» тобының әншісі.
Осылайша, елімізде алғашқы электронды жүйемен жүргізілген неке қию салтанатына қазақстандық эстрада, кино және телевизия жұлдыздары да келді. Сол сияқты бұл игі шараға Байланыс және ақпарат министрлігінің және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өкілдері қатысты.
Еске сала кетейік, ендігі жерде Қазақстан азаматтары ғаламшардың кез келген нүктесінде тұрып, неке рәсімін тіркеу туралы өтінішті www.egov.kz порталы арқылы бере алады. Басты талап – жастарда электронды-сандық қолтаңбаның болуы.
Ал аталған қызметті қолданған алғашқы 50 жұп қазақстандық жұлдыздардың құттықтаулары жазылған бейнетаспаларды алады.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.
––––––––––––––––––––
Суретті түсірген Борис БУЗИН.