ЖЫЛДАҒЫ ДӘСТҮР БОЙЫНША АУЫЛ ОКРУГТАРЫНЫҢ ӘКІМДЕРІ ЕСЕП БЕРУДЕ
ТҮТІНІҢ ТҮЗУ ШЫҚСЫН, АТАМЕКЕН!
Әкім ауылдастарына Елбасымыздың әлеуметтік-саяси бағыттағы жаңа бастамаларын, көмек-қолдаудың арта түскенін жүйелеп түсіндіріп, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық қызметінің маңызынан мағлұмат берді.
КЕЛЕШЕКТЕН ҮМІТ ЗОР
Қамыстыбас ауылы, Санияз ауылы, №92 Сорбеткей темір жол бекеттері қарайды. Осы елді мекендерде 371 қожалықты қамтыған 2036 адам тұрады.
ТҮТІНІҢ ТҮЗУ ШЫҚСЫН, АТАМЕКЕН!
Жасыл ауылындағы есепті жиналыс әне-міне басталар тұста Атамекен ауылдық округінің әкімі Дауылбай Қапезов бізді зәулім мешіттің жанындағы еңселі үйге бастап жүрді. Төсегінен шайқала көтерілген қария баршамызды қуана қарсы алып, келініне “шай қамда” деп жатыр. Жасы 96-ға қараған Ұлы Отан соғысының ардагері Қайдар Сатыбалдинов ешкімнің сүйемелдеуінсіз төрге озып, “Елге тыныштық, патшаға таупық берсін” деп ақ тілек батасын айтты. Көп рахмет, деп біздің де көңіліміз өсіп қалды. Қайдар атамыз айтқандай, “ауылдың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген” әкімге де ризамыз. Мұны Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңындағы “Ардагерлерді ардақтайық” акциясының шеңберімен шектеуге болмайды, бұл – қазақы ауылдың кәдіулгі қымбат дәстүрі.
Бұдан бұрын әкім Жарқайың, Жаңа жол, Қаражар, Шиелі ауылдары тұрғындарының алдында есеп берген екен. Дауылбай Қалымұлының Жасыл ауылында да жарқырай сөйлеп, жақсы ойлар өрбітуінен-ақ кездесулердің көңілдегідей өткенін байқадық. Тұрғындардың осы жолы да белсенділік танытып, жанашырлық тұрғыдағы ой өрбітуінен басқосудың бәтуалы байламы болатынын аңғардық.
Әкім ауылдастарына Елбасымыздың әлеуметтік-саяси бағыттағы жаңа бастамаларын, көмек-қолдаудың арта түскенін жүйелеп түсіндіріп, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық қызметінің маңызынан мағлұмат берді. Бұл қазақ жұртында бұрын-соңды болмаған тарихи самғау, деді ол. Қазақстанның әлемдік абыройын асқақтата түсуге Атамекен ауылдық округі, оның ішінде Жасыл елі барынша үлес қосуы тиіс. Ол үшін ауылдарымыздың түтіні түзу шығып, бесігі бүтін тұруы керек. Есепті кезеңдегі жұмысымыз осылай түйіндеуге негіз қалайды.
Округ аумағында “Атамекен” ауыл шаруашылығы кәсіпорны, “Айдос” ЖШС, “Жасыл” астық қабылдау кәсіпорны және 51 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Диқан қауымы 12788 гектарға береке дәнін сеуіп, әр айналымнан 15,1 центнерден ырыздық дәнін жинады. Әдетте, үнемі артта қалады деген пікір қалыптасқан шаруа қожалықтары қарқын танытып, түсімділікті 18,8 центнерге жеткізу арқылы қалыс пікірді қақыратып тастаған. Мұны ел іші мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың, технологиялық соны өзгерістердің жемісі десек боларлықтай. Мал шаруашылығы негізінен жекеменшіктің үлесіне шоғырланғанымен, ірі кәсіпорындар да қуаттанып келеді. “Атамекен” мен “Айдос” қолда бар мал басын көбейтумен қатар, болашағы мол бизнес жобаларын ұсынып отыр.
Жиналыста мінберге көтерілген еңбек ардагері Жәмеш Сауытов (бұл ағамыздың жазушылығы бар, үш кітап жариялаған), жеке кәсіпкер Қазыбек Тәшенов, көп балалы ана Сәуле Байсақалова, Марал Айтжанова әкімдіктің ел тіршілігін үйлестірудегі еңбегіне қанағаттанарлық баға берді. Жасыл ауылындағы медициналық бекет күрделі жөндеуден өткізілген ғимаратқа қоныстанып, автоматты телефон стансасы жұмыс істей бастаған. Бұл іске “Жасыл” АҚК (Бауыржан Сәрсенбаев) мен “Көкшетау жолдары” ЖШС (Естай Қасенов) қаржылай және материалдық көмек көрсеткен. Аймақта жоқ еңселі мешіттің кіріс-шығыстары да аталған кәсіпорындардың мойнында екен. Сондай-ақ, қазір Астана қаласында тұратын ауыл тумасы Қанат Бекебаевтың демеушілік жасап тұратынына “бәрекелді” айтылды.
Ауылдарда 42 шілдехана тойы өткізілгені (былтыр 32) болашағымыздың бекемдігін бағамдайды. Осы ретте емхананың бас дәрігері Шаймұрат Жоладиновтің сөз алып, ел ішіндегі жағдайға жан-жақты шолу жасағанын, Қазақстандағы медициналық қызметті реформалаудың жаңа үрдісіне байыпты түсінік бергенін құптарлық санадық.
Өткен жылғы есепті жиналыста 9 өтініш-тілек тіркелген. Соның алтауы тиісті шешімін тауыпты. Жасыл ауылының басты түйткілі ауыз судың тапшылығы, моншаның жоқтығы, мүлікті жария етудегі шенеуніктік кедергілер болып тұр. Әкім бірінші мәселе бойынша “Көкшетау жолдары” ЖШС су жүйесін қайта салудың өндірістік-жоба құжаттамасын дайындауға 1 200 мың теңге қаржы бөлгенін мәлімдеп, ауыл тұрғындары арасынан астық қабылдау кәсіпорнының бұрынғы моншасын жалға алатын азаматтың табылмай тұрғанын айтты. Ал, жекешелендіру мәселесі бойынша Бурабай аудандық мәслихатының хатшысы Галина Марченко аудан әкімдігінің алдына арнайы мәселе қоятындығына сендірді.
Жиналыстың соңына қарай хат тасушы Бақыт Әлімжанова өзекті мәселенің бірін көтерді. Ауылдарда бұралқы иттер көбейіп кеткен. Әкім бұған тиісті қаржы бөлініп, былтыр 80 иттің атылғанын, жұмыс биыл да жалғасатынын мәлімдеді.
Есепті жиналысқа облыс әкімдігінің жауапты қызметкері Серік Смағұлов қатысып, белгіленген кесте бойынша ауылдық округ әкімдерінің 414 кездесуі жоғары деңгейде аяқталғанын хабарлады.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы, Бурабай ауданы.
КЕЛЕШЕКТЕН ҮМІТ ЗОР
Сыр аймағында ауылдық округ әкімдерінің ел алдында есеп беруі бастау алды. “Әкім есеп берді, ел не деді екен?” деген сауалды саралау мақсатында Арал ауданына қарасты Қамыстыбас ауылдық округіне атбасын бұрғанбыз.
“Ел құлағы – елу” дегендей, ауыл әкімінің тұрғындар алдында есеп беру жиынына облыс әкімі Болатбек Қуандықов пен аудан әкімі Нәжмедин Мұсабаев, облыстық сан түрлі сала басшыларының қатысатынын естіген жұртшылық көп жиналыпты.
Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі Н.Ділмағанбетовтің сөзіне қарағанда, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалын жақсартуда ауқымды істер атқарылған. Бұл ауылдық округке Қамыстыбас ауылы, Санияз ауылы, №92 Сорбеткей темір жол бекеттері қарайды. Осы елді мекендерде 371 қожалықты қамтыған 2036 адам тұрады.
Ауылдық округ тұрғындарының тіршілік көздері – төрт түлік мал өсіру. Бүгінде бұл ауылдағы мал саны: мүйізді ірі қара – 1410, жылқы – 120, түйе – 190, қой-ешкі 1936 басқа жетіп отыр. Өз төлдері есебінен мал басы жыл сайын көбейіп, халықтың тұрмыс-тіршіліктері жақсаруына өз септігін тигізіп келеді. Десе де, мал басының өсуіне байланысты мал азығын дайындайтын жер көлемі жетімсіз. Сондықтан да ауыл тұрғындары жергілікті биліктен Қамыстыбас ауылына жақын қоныс тепкен “Жаркөл”, болмаса “Мастат” шабындық алқабынан жер бөлуге сұраныс жасаумен жүр.
Сорбеткей тұрғындарын көптен бері алаңдатып жүрген ауыз су мәселесіне өткен жылы 6 млн. теңге қаржы бөлініп, жаңа су жүйесі тартылған. Ал, Қамыстыбас су айдау стансасына аудандық бюджеттен 15 млн. теңге бөлініп, су көтеру мұнарасы мен су қоймасы күрделі жөндеуден өткізілсе, 2 шақырым жаңа су құбыры тартылған. Ауыл әкімінің айтуынша, Қамыстыбас ауылы ішіндегі су жүйелерінің тозығы жеткен. Алдағы уақытта осы су жүйелері жаңартылса, ауыз су мәселесі түпкілікті шешімін таппақ.
“Жол картасы” бағдарламасына сәйкес ауыл халқын талай жылдар бойы толғандырып жүрген темір жол өткелі қайтадан орнына әкелініп, “Самара-Ташкент” автокөлік жолынан бастау алатын ауылға кіре беріс жол асфальттанып, жаңартылған. Осы бір игілікті істер үшін тұрғындар облыс әкіміне алғыс сезімдерін жеткізді. Айтқандай, “Жол картасы” бағдарламасына байланысты 27 адам маусымдық жұмысқа тартылып, сәл де болса тыныс-тіршіліктерін түзеп алған.
– Ауыл аймағы да жыл өткен сайын көркейіп келеді, – деді ауылдық округ әкімі Н.Ділмағанбетов. – Ауыл келбетін көтеру мақсатында ауылдың кіреберіс қақпасы жаңартылып, 2 панно орнатылды. Күл-қоқыстарды тастайтын арнайы орын белгіленіп, көгалдандыруға байланысты 1500 дана сексеуіл ағашы егілді. Өткен жылы ауылды абаттандыру жұмыстарына 1 млн. теңге қаржы бөлініп, толықтай, яғни 100 пайыз игерілді.
Ауылдық округке қарасты білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, байланыс салаларында да серпіліс бар сыңайлы. Бүгінгі таңда ауылдық округтегі бір орта, бір бастауыш мектепте 478 оқушы саналы тәрбие, сапалы білім алуда. Өткен жылы орта мектепті тәмамдаған 22 оқушының 17-сі ҰБТ-ға қатысып, қорытындысы бойынша орташа көрсеткіш 73,2 пайыз болған. Бір оқушы алтын белгі иегері атанса, үшеуі жоғары оқу орнына, төртеуі арнаулы орта оқу орындарына мемлекеттік грантпен түскен.
Тағы бір жағымды жаңалық, Қамыстыбас ауылына СДМА-450 АТС мұнарасы орнатылып, орталықтан 50 шақырым қашықтықта орналасқан бірнеше елді мекенді телефон байланысымен қамтитын болған. Сондай-ақ, Сорбеткей мен Санияз ауылдарына бір-бірден телефон нүктесі орнатылып, байланыс үздіксіз жұмыс жасауда.
Өткен жылы ауылда тұратын мүгедектерді, аз қамтамасыз етілген отбасыларын, мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік қолдау бағытында да ауқымды істер атқарылған. Саралап айтар болсақ, 34 отбасына 1 млн. 700 мың, 325 балаға 4,92 млн. теңге жәрдемақы тағайындалған. Сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасыларының 30 баласы “Ұландар” лагерінде ақысыз демалған.
Ауылдық округте жұмыссыздарды жұмысқа тартуда да оң өзгерістер бар екен. Яғни, 12 адам қоғамдық жұмысқа тартылса, 6 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Төрт жас маман алты ай келісім-шартпен жұмыс істепті.
Десек те, ауылдық округте көп көкейін толғандырып жүрген толғақты мәселелер де жетерлік көрінеді. Осы жайында ауыл тұрғындары атынан сөз алған зейнеткер Ә.Оралбаев:
– Ауыл клубы құлау алдында тұр. Ауыл тұрғындарының демалыс орындары жоқтың қасы. Содан да ауыл клубын жаңартуды, болмаса күрделі жөндеуден өткізуді сұраймын, – десе, С.Садақбаев:
– Өздеріңізге мәлім, Қамыстыбас стансасы көптеген елді мекен тұрғындарына қызмет етеді. Өкініштісі сол, осы станса ғимараты жекешеленіп кеткен, содан да жолаушылар қақаған қыс пен аптап ыстықта отыратын жер таппай жүр. Бұл – бір. Екіншіден, бұрын бар билет кассасы қазір жоқ, дегенді ашық мәлімдеді.
Осы есепті жиында Ж.Әбілдаев, Т.Сарыбаев, тағы басқалар өз ұсыныс-тілектерін айтып, жергілікті биліктен көмек қолдарын созуды сұрады.
Егер саралап айтар болсақ, шабындық жердің мардымсыздығы, клуб пен аурухана үйінің құлау қаупінде тұрғандығы, балабақша жоқтығы, Қамбаш көлі суының азайып бара жатқандығы, ішкі су жүйелерінің тозығы жеткендігі көпшілік көкейінде жазылумен келеді.
Жергілікті тұрғындардың бұл сауалдарына аймақ басшысы мен облыстың сан алуан сала басшылары тұщымды жауап берді. Ауыл тұрғындары билік басындағылардың уәделерінен үміттеніп қайтты.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы, Арал ауданы.