• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
13 Қыркүйек, 2011

Әлемнің азық-түлік қауіпсіздігі: шетелдік озық үлгілер мен еліміздің ішкі мүмкіндіктері

1178 рет
көрсетілді

2005 жылдың сәуір айында Әлемдік азық-түлік бағдарламасының үйлестіру кеңесі Қытай үкі­ме­ті­мен бірлесе отырып, мынандай мәлім­деме жасаған болатын: “Үстіміздегі жылдың аяғында Қытай сырттан азық-түлік көмегін алуды тоқтатады”. Осы­дан 25 жыл бұрын жүздеген миллион адамы аштықтан зардап шеккен бір жа­рым миллиард халқы бар алып ел үшін әлгіндей батыл мәлімдеме жасауға үл­кен негіз болған сыңайлы. Шын­ды­ғын­да да, солай болып шықты. Қытай дәл сол жылы шеттен келетін азық-түлікке тәуелділіктен біржолата құтылып қана қоймай, бір сәтте басқаларға өзі көмек ұсына алатын әлемдегі үшінші нәрлендіруші елге айналып шыға келді. Қытайдың қол жеткізген табыстары­ның басты сыры 1978 жылы ел ішінде іске асырылған экономикалық реформамен тікелей байланысты болатын. Тез арада қолға алынған батыл шаралардың нәтижесінде елде бұрыннан қалып­та­сып қалған ауылшаруашылық ұжым­да­ры жүйе­сі түгел таратылып, олардың ор­нын енді жеке отбасы фермалары басқан-ды. Әрбір елді мекенде жер жеке шаруа­шы­лықтарға ұзақ мерзімге жал­ға берілді. Бұл бетбұрыс жердің май­ын ішкен ең­бек­қор шаруалардың ынта-жігерін тасы­тып, 1986 жылы Қытайдың астық өнім­дері 1977 жылмен салыстырғанда бірден 50 пайызға көтерілді. Тез арада елдің экономи­ка­лық әл-ауқаты артып, жұрттың табысы молайып, халықтың демогра­фия­лық өсімі саябырлады. Жылдан-жылға ас­тық өндіру үлкен қарқын алып, бас-аяғы он жылдың ішінде Қытай мемлекеті азық-түлік жетімсіздігінен түбе­гей­лі арылды. Бұл тарихта бұрын-соңды болмаған ең озық жетістік болатын. Қытай аштықты еңсере бастаған кезде Африка Сахарасының оңтүстігі мен Үндістан субконтинентінің біраз ай­мағында азық-түлікке зәрулік, керісінше, үлкен қарқынмен өрши бастаған. Соның салдарынан дамушы елдердегі аштыққа ұшырағандардың саны 1996 жылы 800 миллион адам болса, 2003 жылы бұл көрсеткіш 830 миллионға жетті. Ал 2007 жылы әлгі үрдіс одан бетер ұлғайып, ашаршылықтан, ең алды­мен, жас балалар қатты зардап шеккен болатын. Әлемдік сарапшылардың пікірінше, 1950 жылдардан бермен қарай жаңа дамып келе жатқан елдердегі астық өнім­дері үш есеге ұлғайған. Мұның бас­­ты себебі мынау: Жапонияда сұрып­талған бидай мен күріш дақылдары мен Америка Құрама Штаттарында бап­тал­ған көп өнім беретін бұршақ гибрид­тері­нің тұқымдарын тиімді пайдалану Қытай, Үндістан және басқа да Шығыс Азия елдерінде қолға алынды. Оның үстіне суарма­лы жерлердің көлемі үш есеге арттыры­лып, тыңайтқыштар кө­лемі 11 есеге өсті. Бұл шаралар өз кезегінде әлемдегі егістік жерлердің шы­ғым­дылығын да үш есеге ұлғайтқан болатын. Солайы солай болғанмен, бүгінгі фермерлерді енді су тапшылығы, тың­айт­­қыш жетімсіздігі, климаттың өз­ге­руі, басқа мақсаттарға пайдаланудың сал­дарынан егіндік жерлер көлемінің қыс­қа­рып кетуі, жанар-жағармайдың қым­баттауы, өнімді көбейтетін аграр­лық технологиялардың заман талабы­нан қалып қоюы сияқты қиындықтар тығы­рық­қа тірей бастады. Оның үстіне бүгінгі таңда ауылшаруа­шы­лық өнім­деріне деген сұраныс ғалам­шарда бұ­рын­ғыдан бетер үдей түсуде. Себебі, әлем халқының саны жыл сайын 70 миллионға өсіп отыр. Дегенмен, фермерлер мен агрономия ғалымдары бұл қиындықтарды ең­серу­дің де тиімді амалдарын тапқан сияқ­ты. Біріншіден, құрғақшылық пен суыққа төзімді дақылдарды сұрыптап шығару жолға қойылды. Мәселен, Аме­риканың Канзас, Небраска, Оңтүстік Дакота, Сол­түстік Дакота және Миннесота штат­тарында әлгіндей дақылдарды егудің арқасында өнім анағұрлым көбейді. Егіндік жерлердің шығымдылығын арттырудың екінші жолы бір жылда екі рет өнім алуды қалыптастырумен тікелей байланысты. Мысалы, АҚШ пен Қытай, Үндістан және басқа да Азия­ның оңтүс­тік-шығысында орналасқан мемлекеттер бір жыл ішінде жаздық және күздік да­қыл­дарды қатар егіп, егістіктерден екі дүркін өнім алудың нәтижесінде бүкіл әлемдегі астық қоры көлемін 1950 жыл­мен салыстырғанда үш есеге арттыруға мүмкіндік туды. Солтүстік Қытай алқабында суыққа төзімді күздік бидай мен жүгері дақыл­дарын егудің нәтижесінде алынатын өнім көлемі АҚШ-тағы өнімге теңесуге жақын қалды. Америкада өсірілетін күздік бидай бір гектардан 40 центнерден өнім берсе, жүгері өнімі 50 центнерге дейін жетті. Сөй­тіп, бір гектар егістіктен алынатын өнім­нің жалпы көлемі 90 центнерді құра­ды. Ал Қы­тай­да бұл көр­сеткіш бір гек­тарға шаққанда 80 центнерге дейін жетті. Міне, бүгінгі таңда азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге бағытталып әлемде қолға алынып жатқан үлкен ша­ра­лардың бір парасы жоғарыдағыдай. Бірақ осы келтірілген деректер өз елі­міздің азық-түлік әлеуетінің қанша­лық­ты деңгейде екендігін бағамдауға және оның әлемдік азық-түлік қауіпсіздігіне тигізер әсерінің қаншалықты пәрменді екенін пайымдауға жеткілікті ғой деп ойлаймын. Аллаға шүкір, біздің халқымыздың маңдайына әлемде тоғызыншы орында тұрған ұлан-байтақ жер байлығы жа­зыл­ған. Егістіктерден жыл сайын алы­натын астық өнімдері еліміздің ішкі сұра­нысын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, өзге елдерге де қолұшын беруге жетіп жатыр. Мысалы, астық пен ұн экспорттаудан Қазақстанның әлемдегі ең ірі мемле­кет­тердің қатарына іліккені жоғарыда ай­тылғанның айқын дәлелі деуге болады. Алайда, еліміздің бұл саладағы мүмкін­дігі осымен шектелмесе керек. Егер өз елімізге АҚШ, Қытай, Үндістан немесе басқа мемлекеттердің астық өндірудегі ең озық агрономиялық және агротех­ни­калық үлгілерін кеңінен ендіретін бол­сақ, біздің мемлекетіміз­дің де бұл сала­дағы әлеуеті әлдеқайда ауқымды бола­тыны және әлемдік азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуде де ерекше мәнге ие болатыны күмән ту­дыр­майды. Бұлай деудің реті бар. Өйткені, қазір біздің ғаламшарға төніп келе жатқан қауіп-қатерлер күшейіп келеді. Олардың ішінде азық-түлік қауіп­сіз­дігіне тікелей қатысты қатерлер де бар. Мысалы, Америка Құрама Штат­та­рының астанасы Вашингтонда 2001 жылы құрылған “Жер саясаты инсти­туты­ның” президенті әрі іргелі де ой­шыл ғалым Лестер Р. Браун­ның (Lester R.Brown) 2008 жылы толықтырылып қайта шығарылған “Жоспар Б 3.0: Өр­кениетті сақтап қалуға жұмылу” (“Plan B 3.0: Mobilizing to Save Civilization”) атты 400 беттік құнды кітабының ал­ғы­сөзінде терең зерттеулер мен ауқымды сараптама негізінде атал­мыш ғалым­ның түйіндеген мына бір тұжы­рым­дарына көңіл аудармауға бол­майды: “Біз­дің әлем үлкен жылдамдық­пен өзге­ріп келеді. Осыдан екі жыл бұрын “Жоспар Б 2.0” (монография­сының атын ай­тып отыр – Ә.Ахметов) баспаға жіберілген кезде әлемдегі мұз­дар­­дың еру қар­қыны туралы мәліметтер жұртшы­лық­ты алаңдата бастаған еді. Ал бұл ту­ра­лы бүгінгі мәліметтер тым қорқынышты. Осыдан екі жыл бұрын экономи­ка­лары құлдырап бара жатқан бірнеше мемлекеттің бар екенін білуші едік. Ал олардың саны жылдан-жылға артып келеді. Ендеше, мемлекеттердің бұлайша құлдырауын бүкіл өркениетке төніп келе жатқан қатерлердің алғашқы белгілері деуге әбден болатын сияқты. Екі жыл бұрын мұнай өндіруді ұл­ғай­тудың мүмкіндігі алдын-ала жасал­ған ресми жоспарлардан көп төмен екен­дігінің кейбір белгілері байқала бас­таған болатын. Ал бүгін бұл үрдіс ша­рықтау шегіне жетіп, энергетикалық қауіп есікті қағып тұр. Өйткені, екі жыл бұрын мұнайдың бір баррелі 50 доллар бол­са, бүгін, осы кітап жазылып жатқан 2007 жылы, әлгі көрсеткіш 90 долларға жетті. Осыдан екі жыл бұрын ғана біздер астық өнімдерінен автомобильдерге ар­налған этанол шығаратын зауыттардың саны көбейе берсе, астықтың бағасы да күрт өсіп, мұнайдың құнына теңесетін болады деп топшылаған едік. Енді, міне, АҚШ-та бүгінгі күні астық өнімдерінің бестен бірін этанолға айналдыруға мүм­кіндігі жететін қуатты зауыттар жұ­мыс істеп тұр. Есесіне, жүгерінің баға­сы дәл қазір екі есеге өсіп кетті. Екі жыл бұрын біз соңғы алты жыл­дың бес жылында азық-түлікке жұмса­ла­тын астық көлемінің күрт кеміп кеткенін баяндаған едік. Ал соңғы сегіз жыл­дың алғашқы жетеуінің ішінде әлем­дік астық өнімдері қорының кемуі та­рихта болма­ған құлдырау шегіне жетті. Жер бетіндегі халықтар санының өте тез өсіп келе жатқандығы, су қоры­ның жетіспеушілігі, ормандардың азаюы, то­пы­рақтың эрозияға ұшырауы және жай­ы­лым жерлердің шөлге ай­налуы сияқты проблемалардың көбеюі әлжуаз мемлекеттер күрмеуі қиын әлгіндей қиындық­тарға төтеп бере алмай, күйреп қалудың аз-ақ алдында тұрғанын байқатып отыр. Әлемдегі мұнай қорының сарқылуы, климаттың күрт жылынуы немесе азық-түлік бағаларының шарықтап кетуінің сал­дары бүгінгі таңда ең алпауыт мем­лекеттердің өздерін де тығырыққа тіреуі ғажап емес. Экономикалық тұрғыдан, Қытай қазір кейбір негізгі ресурстарды тұтыну жөні­нен Америка Құрама Штаттарын басып озды. Бұл үрдіс Үндістанда да байқа­лады. Ал аталмыш ресурстардың көлемі жылдан-жылға азайып келе жатқаны айқын байқалып отыр. Сонымен, адамзаттың алдында қазір азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, энергетикалық қауіпсіздікті қалыптас­ты­ру, Жер климатын қалпына келтіру, халықтардың демографиялық өсім қар­қынын реттеу, кедейшілікті жою және ғаламшардың бүлінген экологиялық жүйелерін қайта қалпына келтіру сияқты үлкен-үлкен нысаналар тұр.” Дәл осы жерде ескере кететін өте маңызды фактор мынау: Лестер Браун­ның аталмыш еңбегі бүкіләлемдік дең­гей­де ғылымның әртүрлі саласында жүз­деп саналатын айтулы ғалымдардың ұзақ жылдар бойы толассыз жүргізіп келе жат­қан зерттеу жұмыстарының нә­ти­же­лері мен терең сараптамалық тұ­жы­рым­дардың негізінде жазылған. Шын­дап кел­генде, бұл ғылыми туын­дыда жинақ­тал­ған құнды ақпаратты мемлекетіміздің басқару жүйесінде қыз­мет істейтін әр азаматтың, әрбір ма­ман­ның білуі, біліп қана қоймай, әлгі­лердің ең құнды дегендерін сүзіп алып, іске жаратуы міндет дер едім. Өйткені, аталмыш монографияда көтерілген проб­лемалардың басым көпшілігі біздің елімізге де тән. Сосын оларды еңсеру­дің ең тиімді әдістері де тайға таңба басқандай, әдемі сипатталған. Ең бас­ты­сы, еліміздің барлық саладағы қауіп­сіз­дігін қамтама­сыз етуге ауадай қажет әлемде қолға алы­нып жатқан әрі тікелей іске асырылып жатқан нақты үлгілер мен озық шара­лардың тізбегін әр саланың мамандары жете зерттеп, оларды басшы­лыққа алса, еліміз ұтылмас еді. Сөз соңында мына бір пікірді де айта кеткен жөн болар. Жер бетінде ең халқы көп Аспан асты елі бұл күнде тек өзін ғана емес, басқаларды да асырап отырғанда, әлемде жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды иеленетін біздің елге ауылшаруа­шылық өнімдерінің қай-қайсысын да шеттен тасу үлкен сын емес пе? Ауыл шаруашылығына бөлініп жат­қан қаражат жылдан-жылға өсіп отыр­ғанда, оны тиімді жұмсап, ауыл­дық мекендерде жылыжай­лар­ды көптеп салып, жергілікті халықты сол жерде оқытып, жермен жұмыс істеуге үйретіп, әлемдегі ең озық техноло­гия­ларды пай­даланып, Қытайдағы сияқты озық тәжі­рибе тез қолға алынса, азық-түлік сала­сында елі­міз­дің ішкі сұраныс­тары­мен қатар әлем­дік азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етудегі мүмкіндігі де бүгінгіден бетер еселене түсер еді. Халықтың аузында жүрген “әр адам­ның өзім дегенде өгіз қара күші бар” деген аталы сөзге жете мән берген дұ­рыс болар деп ойлаймын. Өйткені, елімізде өндірілетін көкөністің басым көп­шілігін бұл күнде ірі ұжым қожа­лық­та­ры емес, жеке-жеке аула қожалықтары­ның қамта­м­асыз етіп отырғаны құпия емес. Мен бұл пікірді өмір бойы жермен жұмыс істеп келе жатқан маманның аузы­нан естідім. Демек, ауыл шаруа­шы­лығына мемлекет тарапынан бөлінетін субсидия ірі қожалықтармен қатар, әсі­ресе, аула қо­жа­лықтарына, алаланбай, тұтас жететін болса, әрі бұл мәселеге бақылау күшей­тіліп, Үкімет тарапынан жіті қадаға­лан­са, елді мекендердегі ха­лықтың ынта-жігері еселеніп, жергілікті тұрғын­дар­дың жерге деген көзқарасы тез өзгеріп, жер кәсіптің көзіне айналар еді. Сөйтіп, ауылдық жердегі жұмыс­сыз­дықтың та­мы­рына балта шабылар еді. Шынын айту керек, әзірше жермен жұ­мыс істеуге қолбайлау болып отыр­ған себептер бар­шылық. Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі бұл мәселеге жете мән беріп, тиісті шараларды тез іске асырса, көрші елдер қол жеткізген жетістіктерге біздің ел де жететініне кү­мән жоқ. Жақында Оңтүс­тік Қазақстан облысының бір азаматы біздің елде де банан өсіріп, жеткілікті өнім алуға бо­ла­тынына көз жеткізді. Демек, сондай азаматтарға қолдау көрсетіп, жеке ша­руа­лардың басқаларға үлгі бола­тын озық кәсіптерін ақпарат құралдары ар­қы­лы көпшілік қауымға үнемі дәріп­теп отырса, бойкүйездік, енжарлық, құнт­­сыз­дық және, ең бастысы, кезінде ұлы Абай сынап-мінеп кеткен еріншектік пен жалқаулықтың ауылы алыстар еді. “Жері байдың елі бай” деген аталы сөз бекер айтылмаған. Ендеше, айнала­мыз­да­ғы Жерді еміп отырған ағайындардан үлгі алып, құнарлы жерді кәсіптің көзі­не айналдырудың тетіктерін ойласты­рып, кезінде есепсіз оңды-солды бө­лін­ген құ­жат­тары дұрыс, бірақ қурай ғана өсіп тұр­ған жер телімдерін қайта іске қосу­дың заңды тетіктерін жасау Үкіметтің кезек күттірмейтін мәселесіне айналуы керек. Тек солай еткенде ғана ит-арқасы қияндағы сырт елдерден картоп немесе басқа өнімдерді тасу тоқталады. Демек, азық-түліктің бағасы да өз сабасына түсетін болады. Әділ АХМЕТОВ, сенатор, Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері.