• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
13 Қыркүйек, 2011

Нигер саадиге баспана берді

299 рет
көрсетілді

Нигер үкіметі Ливия көсемі Муамар Каддафидің баласы Саадиге баспана берген. Осының алдындағы күні ол өзінің жолбасшыларымен бірге Ливия жағынан Нигер еліне келіп кірген көрінеді. Нигердің әділет министрі Мару Амадудің айтуынша, әскери патруль Ливия шекарасы жағынан жоғары жылдамдықпен келе жатқан автомобильдер тобына назар аударған. Әскерилер колоннаны тоқтатқан кезде автомәшинелердің бірінде Саади Каддафидің бар екені анықталған. Оның қасында он адам болған көрінеді. ҚҰРБАНДАРДЫ ЕСКЕ ТҮСІРДІ АҚШ өткен демалыс күндері 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған тер­рорлық акт құрбандарын еске алды. Нью-Йоркте Бүкіләлемдік сауда орта­лығында қаза тапқандарға ескерткіш ашып жатқан кезде бүкіл америкалық арнайы қызмет жаңа терактіні күтумен болған көрінеді. Мәселен, Вашингтон әуежайында бірнеше сағат бойы бомба іздеген, бірақ дабыл жалған болып шыққан. АҚШ тарихында орын алған ең ірі террорлық акт салдарынан 19 терроршының сыртында 2973 адамның қаза тапқаны белгілі. ЛИВАН ЕГЕМЕНДІГІН МОЙЫНДАУДЫ ТАЛАП ЕТТІ  Египет билігі Израильден Ливанның егемендігін бұлтарыссыз мойындауды талап етті. Сонымен бірге, ресми Каир Израиль әскери-әуе күштерінің аталған елдің аумағымен ұшуын тоқтатуды да талап еткен. «Маарив» басылымында жазылғандай, Египет сыртқы істер министрлігі Каирдегі Израиль елшілігіне шабуыл жасалғаннан кейін екі күн өте салысымен осындай мәлімдеме жасаған. Әзірге Египет үкіметінің мұндай мәлімдемесіне Израиль жағы ешқандай жауап қайтармаған көрінеді. ӘЗІЛ ТҮБІ – ЗІЛ Жапонияның экономика, еңбек және өнеркәсіп министрі Йосио Хатиро «Фукусима» стансасындағы апатқа қатыс­ты сәтсіз қалжыңынан кейін отстав­каға кеткен. Daily Yomiuri басылымының хабар­лауын­ша, Хатироның «Фукусима-1» стан­сасына инспекциялық сапармен бару кезінде айтқан бірқатар әзілдері жанжалдың тууына себепкер. Ол атом электр стансасы жанындағы тұрғын аудандарды «елес-қалалар» деп атаған көрінеді. Сөйтіп, жұртшылықтың ашу-ызасынан кейін ол отставкаға кететіні туралы өтініш беруге мәжбүр болған. ӘСКЕРИ БАЗА ЖАНЫНДАҒЫ ЖАРЫЛЫС Ауғанстанда жанкешті жарылғыш тиелген автомобильді халықаралық күштердің әскери базасының қақ­пасы алдында жарып жіберген. Ауғанстанның Вардак провинциясында орын алған теракт салдарынан жаралы болғандар мен қаза тапқандар саны 110 адамға жеткен. Жарақат алғандардың ішінде АҚШ-тың 77 солдаты да бар. Талибтердің баспасөз хатшысы Забиулла Мод­жахедтің журналистерге хабарлауына қара­ғанда, жанкешті отырған автомәшинеде 100 килодан астам жарылғыш болған көрінеді. АТОМ ЭЛЕКТР СТАНСАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ Дүйсенбі күні Ирандағы тұңғыш «Бушер» атом электр стансасының бірінші энергоблогы іске қосылды, деп хабарлады РИА Новости агенттігі. Құрылыс Ресеймен бірлесе жүргізіл­гендіктен Бушерде өтетін іс-шараларға Ресей энергетика министрі Сергей Шматко мен Росатом басшысы Сергей Кириенко қатысады. Атом электр стансасының жобалық қуаты 1 мың МВт.-ты құрамақ. Таяу болашақта станса өз қуатының 34-40 пайызы мөлшерінде жұмыс істейтін болады. МҰНАЙШЫЛАРДЫ ІЗДЕУ ЖАЛҒАСУДА Мексика шығанағында 8 қыркүйек күні жоғалып кеткен он мұнайшының жетеуі тірі және оларды аман-есен құтқарып алған. Мұнайшылар 11 қыркүйек күні Мексика жағалауынан шамамен 80 шақырымдай қашықтықта табылған көрінеді. Құт­қару­шылар тірі қалғандармен бірге қаза тапқан 2 жұ­мысшының да денелерін тауып алған. Жоғалып кеткен соңғы мұнайшыны іздестіру әлі де жалғасуда. БЕЙБІТ КЕЛІССӨЗДЕРГЕ ОРАЛУҒА ШАҚЫРДЫ Израильдік ШАБАК және «Моссад» арнайы қызметтері ел үкіметіне Палестина жағымен бейбіт келіссөздерге қай­та оралудың тиімді екендігін мәлім­деген. Бұл туралы Израильдің қорғаныс министрі Эхуд Барактың төңірегіндегі ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, «Гаарец» басылымы хабарлаған. Арнайы қызметтің баяндама­ларында келтірілген көзқарастарды премьер-министр Биньямин Нетаньяхуға және үкіметтің басқа да мүшелеріне Барактың өзі жеткізген көрінеді. Оның айтуынша, егер Израиль қатаң бағыт ұстана беретін болса, мұның өзі елдің халықаралық қоғамдастықтан оқшау қалуына апарып соқтыруы мүмкін. БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛМЕЙТІН БОЛДЫ Египет билігі күшейтілген визалық бақылау жөніндегі осыған дейін қабылданған шешімнің күшін жойды, деп хабарлаған Associated Press агенттігі. Бұған дейін оңайлатылған схеманы пайдаланып келген елдердің азаматтарына шекарадан өткен кезде құжаттар толтыруға тура келетіндігі жөнінде хабарланған болатын. Египеттің туризм министрі Мунир Фахри Абдель Нур атап көрсеткендей, кабинет қабылданған шараларға қатысты жергілікті халық пен шетелдіктердің реакциясы елдің туристік секторы үшін болатын теріс зардаптарды білдіреді деген ортақ пікірге тоқталған. Осы орайда туристік саланың пирамидалар елі үшін аса маңызды орын алатынын айта кету қажет. ЯНУКОВИЧ ТҮРКІМЕНСТАНҒА КЕЛДІ 12-13 қыркүйек күндері Украина президенті Виктор Янукович ресми сапармен Түркіменстанда болады, деп хабарлаған мемлекет басшысының баспасөз қызметі. Сапар барысында экономикалық қызметтестікті одан әрі тереңдету, атап айтқанда, Украинаға түркімен газын жеткізуді қайта жолға қою мәселелері көтерілмекші. Өңірлер партиясы фракциясы басшысының орынбасары Анатолий Кинах атап көрсеткендей, сапар энергия көздерін жеткізу жолдарын әртараптандыруға ықпалын тигізетін болады. Интернет материалдары негізінде әзірленді.