Хакім Абайды тебірендірген махаббат адам қасиетінің асыл шыңы десек, қазақтың бас ақыны бұл арада ет пен терінің арасындағы әсіре қызығушылықты емес, ардың ісі болатын адал махаббатты айтып отырса керек. Ал осындай мәңгілік махаббаттан ғана өмірдің мәні кіретініне Қуандыр мен Құралай Бәйменовтердің тағдыры дәлел.
Әңгіменің әлқиссасынан бастайтын болсақ, олар о бастан бірі үшін бірі жаратылғандай көрінеді де тұрады маған. Қуандыр Қобда ауылынды туып-өсіп, еңбек жолын сол кездегі аудандық «сельхозтехникада» жас маман болып бастап, МАИ-ға ауысып, оның басшылығына көтерілген кезі-тұғын. Көршілес Орынбор облысында тұрған Құралайдың ата-анасы осы Қобда ауылына қоныс аударған-ды. Бір сөзбен айтқанда, екеуі көрші тұрды. Әнде айтылатындай, «көршінің қызы керемет еді». Еліктің лағындай әдемі де сүйкімді қыздан ауылдың жігіттерінің небір сен тұр, мен атайындары үмітті болатын. Орыс жерінде өсіп, шетте жүріп, намысын жібермеуге дағдыланған, тал бойында бір міні жоқ ару қыз талайының тауын қайтарған. Бірақ, көршінің ұлы ғана үйдің іргесінен әрлі-берлі өткенде көз қиығын да салмайтын сияқты. Табиғатынан өжет Құралайға бұл ұнай қоймады. Бір күні көршінің ауласындағы құдықтан су алуды сылтауратып жетіп бармасы бар ма. Құдықтың құлағын басуға әлі келмеген ол аулада жүрген Қуандырға көмектесіп жіберуін сұрады. Сөйтіп, таныстық басталып кетті. Алғашқыда бастауыш сыныптың мұғалімі болған Құралай аудандық пионерлер үйіне қызметке ауысып, көп кешікпей оның директорлығының тізгінін қолына алды. Құралай мен Қуандырдың осы таныстығы достыққа, достығы шынайы махаббатқа ұласты. Кіндіктен жалғыз Қуандырдың анасы Айман шаңыраққа алтын асықтай Құралай келін болып түскенде, жаны қалмады, жалғызына осындай қызды жолықтырған тағдырға мың тәубе айтты. Өмірге Дания мен Арман келгенде қарт ананың төбесі көкке жетті. Айман әже оларды бауырына басып, бағып-қақты. Жас жұбайлардың өз кәсіптерімен айналысуларына жағдай жасады.
Көпшілік шараларды ұйымдастыруға келгенде жанып кететін Құралай басшылардың назарына ілігіп, абырой биігіне көтеріле бастады. Адалдығымен әріптестері арасында беделге ие болған Қуандыр да қатарының алды болды. Жергілікті биліктің тізеге салуымен заңсыз жұмыстан шығарылып қалғанда да Құралай құрақ ұшып жүгірді. «Аққа құдай жақ» деген емес пе, артынан бәрі орнына келді. Алайда енді істе береке болмайтынын түсінген жас жұбайлар көп ойланбастан өнеркәсібі дамып келе жатқан Октябрь (қазіргі Мұғалжар) ауданының орталығы – Қандыағаш қаласына қоныс аударды. Қуандырға аудандық ішкі істер бөлімі күзет қызметіне басшылық жасау ұсынылды. Құралайдың ұйымдастырушылық қабілетін, іскерлігін, қандай ортаны да үйіріп әкететін қасиетін аңғарған аудан басшылары аудандық мәдениет үйінің директорлығы қызметін сеніп тапсырады. Бұл жұмысты да ұршықша үйіріп әкеткен жас келіншек жұмыстың қызығына енді қаныға бастаған кез еді ол. Әттең, сол бір қайғылы оқиға болмағанда Құралай Базарбайқызы қанша шаруаның басын қайырар еді деп ойлайсың қазір.
Қара алтынды өңірге КСРО Мұнай және газ министрі келетін болып, соларға мәдени қызмет көрсетуге жолға шыққан Құралай мінген «УАЗ» автокөлігі аудан орталығынан шықпай жатып биіктігі 8 метр көпірден аударылып кетеді.
– Маған Құралайдың жол апатына ұшырағанын МАИ-дың жігіттері хабарлады. Төбемнен жай түскендей болды. Жол апатына ұшыраған Құралайды бастапқыда аудандық ауруханаға жеткізгенмен, мұндағылардың күші жетпейтіні белгілі болғандықтан, облыс орталығындағы ауруханаға тікұшақпен әкелді. Атам Базарбай екеуміз көз ілместен үш күн бойы есінен танып жатқан Құралайдың қасында болдық. Басынан қатты жарақат алған екен. Сынған екі қабырғаны дәрігерлер алып тастады, бұғана мен сол тізесі, ең жаманы, омыртқа сынған. Осылардың бәріне ота жасауға шыдау үшін қанша жігер керек десеңші. Ал, Құралай шыдады. Есін жиған бойда айна мен ерін далабын әперші дегені бар емес пе. Мен оның қайратты, өзіне өзі сенімділігін білгенмен, мұнысын алғашқыда түсінбей қалдым, сөйтсем, қанша жан азабын тартып жатса да ешкімге қиналғанын білдірмегендегісі екен, –дейді Қуандыр сол бір жанын жүдеткен сәттерді еске алып.
Аурухана төсегіне төрт ай таңылған Құралайды Қуандыр үйге көтеріп алып келді. Күні кеше ғана өз аяғымен жүрген келіншегін осылай сал болып қалады деп ойлап па. Әрине, дәрігерлер енді аяғынан баса алмайды, керек десең мүлдем жатып та қалуы мүмкін деп әлденеше ескерткен. Тіпті ер адамға масыл боп, сал болып жатқан әйелден не үміт деп түңілдіргендері де жоқ емес. Қуандыр болса соның бәріне көңілі сенбеді, құлдыраң қаққан Құралайы ертең аяғына мініп кететіндей болды да тұрды. Сал болып қалған әйелдерін 90 пайыздан астам еркек тастап кетеді деген дәрігерге «сіз не айтып тұрсыз. Бұл менің сүйіп қосылған өмірлік жарым, оны былай қойғанда көгенкөз бүлдіршіндерімнің анасы емес пе» деп қайтарып тастады. Барлық үй шаруасын мойнына алды, қызметін де тастаған жоқ. Бұл жолда аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, подполковник Александр Шведко сияқты асыл азаматтар қол ұшын созды. Төсекке таңылған келіншегіне, балаларына қарауға жағдай жасады. «Басқа түссе баспақшыл» дегендей, тамақ пісіру, кір жуу дегенді әп-сәтте үйреніп алды. Құралайдың күтіміне де уақыт тапты. Қояр да қоймай жүріп қоларба тауып әкелді. Құралайдың көңіліне келіп қала ма деп оған әуелі өзі отырып, қалай басқару керектігін де үйретті. Оның ендігі бар арманы қайткенде де жан жарын қатарға қосу болды. Германияға апарып емдетуге талаптанып еді, қаржы таптырмады, мұнайшылардың өзі иіле қоймады. Содан Қарағандыдағы сауықтыру орталығына апарды, емдеген уақытта өзі қасында болып, ас-суын дайындап, күтіміне қарады. Мұндағылар Құралайдың қасы мен қабағына қараудан талмайтын Қуандырға риза болды. Қуандыр бұдан кейін талай жерге апарды арқалап, алайда нәтиже болмады. Бірақ, жансерігінің мен енді қоларбаға таңылып қалдым деп еңсесі түскен емес. Қайта жігерленіп, сен барда, балалар барда мен бақытсыз емеспін деп өмірге құштарлық танытты.
– Мен жол апатына ұшырағанда құдайдан іштей тек аман қалсам екен деп тілеп жаттым. Ал жарақаттарым жанымды қаншалықты сыздатса да шыдауым керек деген мақсат қойдым алдыма. Ауруымды елемес үшін палатада ән салатынмын, қанша ауырса да ешқандай емнен бас тартпадым. Ең бастысы мен қандай жағдайда да Қуандырдың қасымнан табылатынына құдайдай сендім. Имандай шыным, мені тастап кетеді-ау деген ой ешқашан қылаң берген емес. Мен оның махаббатына, адалдығына, азаматтығына кәміл сенімді болдым, – дейді Құралай Базарбайқызы.
– Ой несін айтасың, құдайға шүкіршілік қой. Ол кезде есеңгіреп қалдық емес пе. Жалғыз ұлдың жан жары мұндай күйге ұшырайды деп кім ойлаған. Тек жаны аман қалса деген тілеумен отырдық. Құдай тілекті берді. Құралай келінім емес қызымдай ғой, осы шаңыраққа түскелі бірге 35 жылда бір артық сөзін естімедім. Жаны жайсаң, мейірімді бала. Апалы-сіңілідей сырласатынымыз да бар, – деп сөзге араласты сексеннің сеңгірінен асқан Айман кейуана. Ерлі-зайыптылардың арасындағы махаббаттың сәулесі ене мен келін арасында шұғылалы шуаққа айналғаны қандай жарасымды.
Өмірге құштар Құралай төрт қабырғаға қарап жата беруге арланды, қайраттанды. Жолдасының алақанына салып аялағаны, өзінің өмірге іңкәрлігі оны тыныш жатқызбады, қоғамдық жұмыстарға араласуға итермеледі. Қандыағашта тұрғанда талай шаруаның басын қайтарды. Жергілікті теледидардан хабар да жүргізді. Қуандыр болса келіншегінің боркемік жан емес екеніне риза болды.
Бәйменовтер 1997 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аударды. Келе өзі сияқты бақытсыздыққа ұшырағандардың мәселесімен айналыса бастады. Екі жылдан кейін «Ақтөбе қаласы сал ауруларына шалдыққан азаматтар қоғамының» тұсауын кесті. Құралай Бәйменова қоғамның мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемасына енжарлығын жоюға күш салды. Әрине, бұл жолда бәрі оп-оңай бола қойған жоқ. Жолдасы Қуандыр жеке көлігімен ана мекеме, мына шенеунікке көтеріп апарып, қасынан табылды. Сөйтіп, қозғаусыз жатқан мүгедектер мәселесінің талай жылдан бері сірескен сеңі сөгіле бастады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың алғашқы бас қосуын ұйымдастыру, «Қол арбадағы арулар» байқауын, мүгедек балалар арасында «Синяя птица» шығармашылық фестивалін өткізу, мүмкіндігі шектеулі жандардың волейболмен шұғылдануына жағдай туғызу және басқа акциялар Құралай Бәйменованың бастамасымен дүниеге келді. Ақтөбе қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бір көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, оларды баратын жеріне жеткізу үшін арнайы жабдықталған көп орындық жеңіл такси бөлінді. Соңғы салынған нысандар мүгедектердің кіріп-шығуына ыңғайлы пантуспен жабдықталды. Осының бәріне Құралай Бәйменова өзі ұйытқы болды. Рас, облыс әкімі Елеусін Сағындықов оның ұсыныстарын ұдайы назарда ұстап, қолдап отырды. Өңір басшысы әрқашан мүгедектердің проблемасына оң қарап, қамқорлығын аяған емес. «Ақтөбе қаласындағы сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қорғау» қоғамдық ұйымының төрайымы Құралай Бәйменова қарақан басының қамынан гөрі қамқорлықты қажет ететін қаріп жандарға жаны ашиды.Оның араласуымен қаншама адамның тұрмыстық мәселелері шешілді. Бұл арбаға таңылса да арманын жоғалтпаған келіншектің атқарған шаруаларының толық емес тізімі ғана. Құралай жасаған жұмыстарды он екі мүшесі түгел атпал азамат та жүзеге асыра алмас еді. Кейде осындай қуат, осындай құштарлық тал бойына қалай сыйып тұр деп таңданасың.
Қазір Құралай инабатты келін, бақытты ана ғана емес, немере сүйіп отырған әже де. Ол осындай бақытқа қолы жеткені жолдасы Қуандырдың арқасы екенін айтудан жалыққан емес. Қасы мен қабағына қарайтын Қуандыры барда артына алаңдамайды. Оның үстіне қызы Дания да, ұлы Арман да өз жолын тапты. Соған шүкіршілік етеді.Еңбегі еленіп «Құрмет» орденімен марапатталды, Елбасының Алғыс хатына ие болды. Облыс әкімі ол басқаратын ұйымға «Волга» көлігін сыйға тартты. Өзі болса қазір Ақтөбедегі белсенді де белгілі адамдардың бірі ретінде жұртшылыққа танымал.
Жазушы Әзілхан Нұршайықов соңғы берген сұхбаттарының бірінде «Махаббат – ақылдың, ойдың, сезімнің, ең бастысы – сенімнің тұтас бірлігі» деген екен. Мен Бәйменовтер отбасын махаббаттың шуағы жылытып тұрғандай сезіндім. Құралай деп құрақ ұшқан Қуандырды, енесіне еркелеген келінді, келінін қызындай құрметтеген енені, анасын мәпелеген балаларын көріп бұлай ойламасқа шараң жоқ. Қандай тақсырет тартсаң да, қандай азапты арқаласаң да махаббаттың қуаты соның бәрін жеңілдететініне кәміл сендім.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.