Мемлекет басшысының атына Оңтүстік Қазақстан облысының зиялы қауым өкілдері атынан хат келді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Хат иелері еліміздің экономикасының өсіп-өркендеп келе жатқанын атап өтіп, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысының дамуына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келе жатқанына зор ризашылық сезімдерін білдірген. Одан әрі оңтүстіктік зиялы қауым өкілдері: «Оңтүстік өңірінде тұрғындардың әл-ауқатының артуына мемлекет барлық жағдай жасап келеді. Соның бір ғана айғағы – өткен жылы 75 денсаулық сақтау мекемесі, 60 білім беру нысаны ел игілігіне берілді. Елбасы бастамасымен қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» және «Балапан» бағдарламаларының аясында биылғы жылғы 1 қыркүйекте 17 мектеп, 7 балабақша жаңадан ашылды. Апаттық, үш ауысымдық мектептердің проблемалары оң шешімін тапты. Осының өзі тәуелсіз еліміз үшін әрбір жылдың толысу, кемелдену жылына айналғандығын айқын көрсетеді. Болашаққа нық қадам басып келе жатқан мемлекетіміз бұдан да орасан табыстар мен биік белестерді бағындыра алатынына кәміл сенеміз», деп жазады.
Президенттің ел мүддесі жолындағы ерен еңбегіне толайым табыстар, зор денсаулық және отбасына амандық-саулық тілеген хатқа Кеңес Одағының Батыры Т.Қауымбаев, Социалистік Еңбек Ерлері Б.Шүкірбеков пен Т.Ағабеков, ОҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері М.Байғұт, профессор Ә.Омбаев, облыстық славян мәдени орталығының төрағасы Ю.Кирюхин, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы И.Хашимжанов, Қазақстан корейлері ассоциациясы облыстық филиалының төрағасы Ю.Югай, еңбек ардагері, генерал-майор Ж.Сұлтанов, және т.б. қол қойған.