• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2011

Ауыл мұғалімі

1935 рет
көрсетілді

Жас жеткінге білімнен нәр беретін. Соңынан жүздеп шәкірт еретін. Баланың білгеніне мәз боп күлетін. Оқушысы топтан озса, бақытқа кенеліп жүретін. Өзге үшін күйетін. Ма­ман­дығын сүйе­тін. Үйретуден жалық­пай­тын. Жалақысы жетпесе де, та­рық­­пайтын. Болар баланы, со­надай­дан анықтайтын. Қанша қиын­дық болса да, қамықпайтын. Жыл өткен сайын шарықтайтын. Ол – ұстаз. Екі аяқты пенденің бәрі ұстаздың алдын көрді. «Тарыдай болып» та­бал­ды­рық аттағаныңда жылы жүзбен қар­сы алып, бар білгенін бала бойына сіңіріп, «таудай» етіп шығаратын да осы ма­ман­дық иелері. Олар бола­шақ­тың іргетасын қалайды. «Ұстазы мық­тының, ұстанымы мықты» дейтін халық тәмсілі осындайда айтылса керек. Өйткені, сенің алдымен адам, онан соң маман болуың да көп жағ­дайда осы оқытушыға байланысты. Өткен ғасырда мұғалім ең қадірлі мамандық болды. Оны мынадан-ақ білуге болады. Қаратабан баламыз. Мах­мұт деген атамыз болатын ауыл­да. Таяқты ат қып мініп, жердің ша­ңын көкке көтеріп жүргенде атамыз келе жатады. Сонда екі қолды алға са­лып, жүгіріп жетіп, сәлем бе­ретін едік. Сол кісі «о, мұғалім бол» деп бата беретін. Әдетте, ауыл ақсақал­дары «молда бол» дейтін. Бұл нені аң­ғартады? Қара танымаған қазақтың қара шалы мұғалімдікті бәрінен жоға­ры қояды деген сөз. Біздіңше, ұстаз болу үшін үлкен жү­­рек керек. Жұрттың баласын жақ­сы кө­ріп, солардың болашағына сеніп, әр тентекті тәрбиеге үйретіп, олар­дың сана­сы­на сәуле құйып, бі­лім­нің қайнар бұла­ғы­нан сусындату әр­кімнің қолынан келмейді. Ол тек үлкен жүректі азамат­тар­дың ғана қо­лынан келетін іс. Тыз етпе, шыдамсыз адамнан жөні түзу ұстаз да шық­пай­ды. Мұғалім аса жоғары сабыр­дың иесі болуы қажет. Ол өзі еккен бі­лім­нің жемісін жылдар бойына күтеді. Және сол білімнің далаға кетпеуін, ең­бе­гінің еш болмауын қадағалайды. Қыс­қа­сы, ұстаздық екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ. Осы сөзімізге әлдекімнің кекесінмен қарауы да мүмкін. Өйткені, осы күні мұғалімнің қадірі біз қалағандай болмай тұр. Анау бір тоқырау жыл­да­ры ұстаз­дар­дың ала қап арқалап, саудагерлікті кә­сіп етіп кеткені бар. Себебі, күнкөріс керек. Жауырды жаба тоқып қайтейік, сол тұста талай білікті маман базар жа­ғалады. Олардың мектепке қайтып орал­ғанынан, орал­ма­ғаны көп. Осы бір өлі­ара тұста мектептерге білімі дүдәмал, білігі сын көтермейтін адамдар қабыл­да­нып кетіп жатты. Сайып келгенде, осы­ның бәрі мұғалім беделінің түсуіне әсер етті. Дегенмен, сондай өтпелі кезеңде де мамандығына адал адамдар болды. Олар алтын ұясын аз ғана тиын-те­бен­ге ауыс­тырған жоқ. Балаға білім беруді басты шарт деп таныды. Ты­ным­сыз еңбек етті. Нарық заманы қос өк­песінен қысып, санасын қанша тұр­мыс билесе де, мектебін қиып кетпеді. Мамандығына адал ұстаздың бірі Рабия Шералиева. Атақты Нартай ақын ауылындағы №156 қазақ орта мектебінің мұғалімі. Ол Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институ­ның түлегі. Атал­ған жоғары оқу ор­нын қайта құрудың қызуы қайта бас­та­ғанда бітірген ол жолдамамен ауыл­ға келеді. Шиелі ауданы­ның шеткі ауыл­дарына барады. Қос­үйең­кі – Қа­ра­таудың қойнында жатқан ауыл. Ха­лық саны да аз. Арнайы автобус та қа­ты­намайды. Жас маман осындай жерге келіп, жұмысқа білек түріп кірісіп ке­теді. Алматыда жиған білімін алыс ауылдағы балаларға үй­рете бас­тай­ды. Ең­бек­қор­лығын елеген болар, оны ди­рек­­тор­дың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орын­ба­са­ры етіп тағайындайды. Кей­ін­­нен Нартай ауы­лына ауысады. – Сабаққа қажетті көр­­некі құралдарды тү­німен отырып өз қолы­мыз­бен жасай­тын едік. Жоспар жазу, балалар­дың саба­ғын тексеру, оған әл­гін­дей көр­некі құрал­дар жасау секілді ты­ным­­сыз жұ­мыстар уа­қы­тпен санас­тыр­май­тын. Себебі, белгілі. Бала білім алуы керек. Сенің салғырттығың, жұмысқа жүр­дім-бардым қарағаның оқушыға салқы­нын тигізбеуі тиіс, – дейді ұстаз. Жағрафия пәнін жалықпай оқы­тып келе жатқан ұстаздан тоқырау жыл­дарда­ғы жағдайды сұраймыз ғой, баяғы. Ал­ды­мен ауыр күрсініп алды. Сонан соң әңгімесін былай деп жал­ғады. «Егемендік алдық деп қуаны­шы­мыз қойнымызға симай жүргенде, оның қиыншылықтары болады деп ойладық па? Әбден «өкімет өлтір­мей­ді» деген психологияға үйрен­ген бізге, «өз күніңді өзің көр» принципіне үй­ренісу ауырға соқты. Азын-аулақ қана айлық. Оның өзі уақытылы қолға тимейді. Жарты жылдап жалақы көр­ме­ген шақтарымыз болды. Тіршілік тірі пендені өз иіріміне үйіріп алады. Содан болар, көптеген әріптестеріміз несібесін басқа жақтардан іздеді. Өз басым мектепті қиып кете алмадым. Жүздеген оқушының көзін жәудіретіп қалай қиып кетесің?» деп ол одан әрі бізге сұраулы жүзбен қарады. Ауыл зиялысы тап осындай-ақ болар деп ойладық сол сәтте. Рәбия Нұртазақызы азаттықтың ал­­ғаш­қы жылдарында білім берудің оңай болмағанын айтады. Өйткені, бұ­рынғы көрнекі құралдар мен оқу­лық­тар бүгін­гіге жарамайды. Содан жоқ­тан бар жа­сау­ға тура келген. Оның үстіне еліміз білім берудің бас­қа түріне өтті. Оның да өзіндік қиын­дықтары болды. Десек те, ел еңсесін тіктегеннен кейін ауыл мектептеріне айрықша қамқорлық жасала баста­ға­нын да жасырмайды. – Қазіргі жас мамандарға сабақ беру жеңілдеу. Интернет деген қосулы. Ол ар­қылы әлемнің әр түкпірінен ақ­парат алу­ға әбден болады. Одан бөлек интерактивті тақта деген бар. Құрал-жабды­ғы­ның бәрі алақаныңда тұр. Бұ­рынғы біз се­кілді түнімен көз­майын тауысып көр­некі құрал дайын­да­майды. Тек барды игеріп, балаға дұрыс тәрбие мен білім берсе болғаны, – дейді ол. Бүгінгінің оқушысы да бөлек. Олардың білмейтіні жоқ. Сондықтан мұғалімнің білігі бірінші орынға шықты. Осы ретте «ауыл мұғалім­деріне білімін арттыру үшін не істемек керек?» деген сауал туындайды. Рас, ұстаздардың біліктілігін арт­тыратын орталықтар бар. Олар Астана мен Алматыға барып та білімін жетілдіріп қайтып жатады. Бірақ ауылда да қарап отырмауы керек қой. Сол үшін не істемек керек? Біздің кейіпкеріміз бұған былайша жауап береді. «Өтпелі кезеңде есігіне қара құлып са­лын­баған тек мектеп қана еді. Қалған мә­дени-рухани ошақтардың барлығы дер­лік жа­былды. Сондай үде­ріспен талай кітапхана қараусыз қалды. Ең алдымен ауыл­дық жерлердегі кітапхана жұ­мы­сын жолға қою керек. Мы­салы, бізге әдіс­­те­ме­лік кітаптарды табу қи­ынға соғады. Сол себепті ауыл кітап­ха­на­ларына оқу-әдіс­те­мелік кітап­тар­ды көп­теп жинап, мұ­ға­лімге ыңғайлы жағдай жасау керек қой деп ойлай­мын». Ал бүгінгі ауыл мектебі мен ұстаздары­ның жай-күйі қандай? Баяғы­да айлықты айлап алмау деген жоқ қазір. Эконо­ми­камыз дамып, әлеу­мет­тік жағдайымыз арт­қан­нан кейін ұстаз­дар­дың жалақысына жыл сай­ын үстеме қосылып отыр. Оның үстіне Президент жақында білікті мамандарға жоғары ай­лық төлеуді тапсырды. Біз­дің кейіпкеріміз сол санатқа кіретін­дер­дің қатарынан. Сонымен қатар білім беру ісі де жыл сайын дамып келеді. Оған қажетті құрал-жабдықтарды мемлекет ауыл­дарға жеткізіп беріп отыр. – Ауылымызда жаңа мектеп са­лынып жатыр. Бұйыртса, келер жыл­ғы жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастаймыз деп отырмыз. Ал ол мектептің ішінде мұға­лім­ге керектің бәрі болмақ. Бұл да Тәу­ел­сіздіктің ар­қасы, – дейді ол. Осы арада жаңа мектептердің құрылысына қатысты мына бір деректі айтпай кетуге бол­майды. Кеңес өкіметі салтанат құрған 70 жылдың ішінде облыс бойынша 191 мек­теп салыныпты. Бір қарағанда аз емес сияқты. Алматы тәрізді алып қала бір қазақ мектебіне зар болып жүргенде, Сыр өңірінде мұншама оқу ошақ­та­ры­ның салынғаны көңілге медет беретін де секілді. Бірақ Тәуел­сіздік тұсында ел игі­лігіне берілген мектептердің санын көр­генде, әлгі ойдан бірден бас тарта­сыз. Екеуін салыстырып қарағанда, көз ұялады. Қазақтың өз қолы өз аузына жет­кеннен бері Қызылорда облысында 88 мектеп пайдалануға берілген. Айыр­ма­сы айтпаса да түсінікті. Айналасы 20 жылдың ішінде Кеңес өкіметінің 70 жылда жасаған «жақсылығының» жар­ты­сы салынып, жеткіншектер игілігіне берілген. Бұл үлкен көрсеткіш. Ширек ғасырға жуық мұғалімдік еткен Рабия Нұртазақызынан ұстаз­дың басты ұстанымын сұрадық. «45 жыл мұғалім болсаң да, 45 минуттық сабаққа дайындықсыз кіруге бол­майды», деп ол бір ауыз сөзбен жауап берді. Рас сөз. Өзің білмей, өзгеге үйрете алмайсың. Ал дайындық, білімді ұштау, білген үстіне біле түсу  ұстаздың басты ұстанымы болуы қажет. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда облысы.