• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
15 Қыркүйек, 2011

Заң жобасын Қоғамдық палата сүзгіге салды

415 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы еліміздегі маңызды мәселелерді талқылау үшін жиналып тұрады. Оның құрамына саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар басшылары, сарапшы мамандар мен ғалымдар, депутаттар енген. Кеше Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де палата «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын талқылады. Оған заң жобасын дайындаушы Дін істері жөніндегі агенттіктің басшылары мен маман­да­р­ы, дәстүрлі діндер өкілдіктерінің бас­шы­лары, БАҚ өкілдері қатысты. Отырысты Қоғамдық палатаның төрағасы, Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Бобров ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз заң жобасы туралы баяндама жасау үшін Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шәріпке берілді. Ол жаңа заң жо­басының мақсаты, қажеттілігі, әзірлеудің алғы­шар­ты, қолданыстағы заңнан өзгешелігі тура­лы баяндап берді. Соның ішінде ол осы уақыт­қа дейін Қазақстанда миссионерлік қызметтің, діни мазмұндағы кітаптарды таратудың, рухани оқу орындарын лицензиялаудың, сондай-ақ заңды тұлғалардың діни қызметпен айна­лы­суының бірегей талаптары болмағанын, ал атал­мыш заң жобасы басқа да өкілеттіктерімен қатар осы мәселелерді де реттеуге мүмкіндік бе­ретінін атап өтті. Төраға өзінің баян­да­ма­сында Елбасы Н.Назарбаевтың: «Біз Қазақ­стан­дағы барлық діндердің теңдігі мен дін­аралық келісімнің сақталуын қамтамасыз етеміз әрі оған кепілдік береміз. Біз исламның және басқа да әлемдік және дәстүрлі діндердің озық дәстүрлерін құрмет тұта, дамыта отырып, заманауи зайырлы қоғам құратын боламыз» деген сөздерін келтіріп, заң жобасын әзірлеу барысында осы талаптар ескерілгенін құлақ­қа­ғыс етті. Діни бірлестіктер туралы да жобадағы кейбір ерекшеліктер аталып өтті. Соның ішінде діни бірлестіктер басшылары жасы кәмелетке толмаған баланың ата-анасының біреуі қарсы болған жағдайда оның діни қызметке арала­суы­на рұқсат бермеуге міндетті екендігі айтылды. Қайрат Лама Шәріп заң жобасын дайындау барысында Армения, Ресей, Беларусь, Грузия, Литва, Испания және басқа да еуропалық мемлекеттердің тәжірибелері ескерілгенін атап өтті. Еуропа елдерінің тәжірибесінде діни бір­лес­тіктердің мәртебесі сол елге тарихи тұр­ғы­дан қатысты болуымен анықталады екен. Мы­салы, Италияда барлық діндер католиктік және католиктік емес болып бөлінеді. Литвада дәс­түрлі және дәстүрлі емес діни қауымдастықтар айқын түрде бөлінген. Бельгияда да мемлекет тарапынан танылған және танылмаған діндер деп жіктеу қалыптасқан, дей келіп шешен жаңа заң жобасы бойынша бізде діни бірлестіктердің тіркелу тәртібіне тоқталып өтті. Діни бірлестік 50 мүшеден кем емес адамның бастамасымен тіркеледі және оған жергілікті бірлестік мәр­тебесі берілетін көрінеді. Одан әрі мүшелердің санына қарай аймақтық, республикалық діни бірлестіктер болып тіркелуі мүмкін. Мұндай өзгерістерді енгізуде шетел тәжірибесі ескерілген екен. Еуропалық Одақтың мүшесі Румыния Еуропадағы дін туралы ең қатаң заңға ие мемлекет болып саналады. Олардың заңына сәйкес діни бірлестіктер мүшелері елдің жалпы тұр­ғын­дарының 0,1 пайызынан кем емес (яғни 23 мың адамнан кем емес) бөлігін құраған жағ­дайда ғана мемлекет тарапынан танылады, деді Қ.Лама Шәріп. Одан әрі баяндамашы ұсыны­лып отырған заң жобасында отбасын бұзуға бейім және соған мәжбүрлейтін, міндетті білім алуға бөгет жасайтын, азаматтардың иманды­лы­ғы мен денсаулығына зиян келтіретін діни бірлестіктердің қызметіне тыйым салу қа­рас­тырылғанын жеткізді. Заң жобасындағы жаңа нормалардың бірі – діни жоралар мен рәсім­дерді мемлекеттік органдарда, Қарулы Күштер мен құқық қорғау органдарында, қызметтері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қор­ғау­мен байланысты мекемелерде, білім беру ұйымдарының ғимараттары мен аумақтарында өткізуге тиым салынуы болып табылады, деді ол. Сөзінің соңында Қ.Лама Шәріп жаңа заң жобасын енгізуге байланысты қандай заңна­ма­лық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін санамалап берді. Мінберге екінші болып Мәжіліс депутаты, саясаттану ғылымдарының докторы Камал Бұрханов көтерілді. Ол бүгінгі күннің қауіп-қатерлерінің алдын алу ХХ ғасырдағы қауі­п­сіз­дікті сақтаудың дәстүрлі категорияларын қол­дану­мен шектелмейтінін атады. Сондай-ақ ол Америкада, Мәскеуде болған терактілердің және «Араб көктемі» деген атау алған Африка елдеріндегі бүліктердің бәрі де бүгінгі заман қауіп-қатерлерінің алдын алмағанның сал­да­ры екенін айтты. Біздің елдің Ақтөбе облы­сында болған оқиғалар да сондай оқиғалардың жалғасы іспеттес. Сондықтан да бүгін мем­лекетіміздің алдында қауіпсіздік шараларын мықтау міндеті тұр. Со­ның ішінде діни экс­тремизмнің алдын алу шарт. Осындайлардың алдын алмасақ біздің де зор қауіптерге ұшы­райтынымызды Ақтөбе оқиғалары көрсетіп бер­ген жоқ па, дей келіп шешен осылардың бәрі бізге діни қызмет және діни бірлестіктер туралы жаңа заң қа­был­дауға алғышарт бо­лып отырғанын жеткізді. Заң жобасы туралы ойларын айтқанда онда біздің еліміздегі өзге­ріс­терді ғана емес, бас­қа да демо­кра­тия­лық елдерде қабылданып жат­­қан өзгерістерді және бұрыннан қалып­тасқан дәстүрлердің ес­­керілуі қажеттігін ата­­ды. Депутат өз басы бірнеше мемлекеттің дін істері туралы заң­да­рын зерттегенін айта келіп, соның ішінде Бель­гияда 6 конфессия ғана ресми түрде таны­латындығын айтты. Бұ­лардың танылу себебі Бельгия жерінде олар кем дегенде онда­ған жылдардан бері бар және әрқайсысын бірнеше мыңдаған адам ұстанады. Сонымен бірге олардың қоғамға әлеуметтік тұрғыдан пайдалы екендігі ескеріледі екен. Міне, осы талаптардың үрдісінен шығатын конфессиялар ғана ресми түрде тіркеле алады. Франциядағы дін істерінің ерекшелігі қатарында елде ең көп тараған дін деп та­нылған католицизмнің епископтары жергілікті префектураның келісімімен ғана сайла­на­ты­нына назар аударды. Ал Италияда діндер ка­толик және католик еместер деп қана та­ны­лады. Мемлекет шір­кеу­мен арада конкордат (келісім) атты құ­жатқа қол қояды. Ол дінге Үкі­мет тарапы­нан кө­мек беруге мүм­кіндік береді. Бюджеттен бөлінген қаражатқа шіркеу қызмет­керле­ріне еңбекақы төленеді және шіркеулердің тарихи ескерткіш ретінде сақталуына жағдай жа­салады екен. Сондай-ақ төраға Чехияның ерекшелігіне де тоқ­тал­ды. Бұл елде шіркеу 10 мың адам келетіндігі расталса ғана тіркеуге алынатын көрінеді, сонда мемлекет тара­пы­нан көмек жасала­ды. Біз озық елдердің осы тәжірибелерін ескеріп, өзіміздің заңы­мыз­да олардың болуын қарастыруымыз керек, деді К.Бұрханов сөзінің соңында. Келесі сөз кезегі заң жобасын Парламентте қарауға дайындау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, депутат Рамазан Сәрпековке берілді. Ол заң жобасын әзірлеуге қандай себеп­тер­дің негіз болғанын атап өтті. Біріншіден, діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктердің қызметін оңтайландыру заңнамасын жетілдіру қажеттігі Президенттің 2006 жылғы шілдедегі Жарлығымен бекітілген «Азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұ­жы­рымдамасында» қарастырылған мәселе, деді ол. Екіншіден, қазіргі қолданыстағы діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заң 1992 жылдың қаңтарында қабылданған. Бұл Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі мерзімде ең алғашқы болып қабылданған заңның бірі болатын. Ол өзінің алдына қойыл­ған мақсаттарын түгел атқарды деп айтуға болады. Енді замана өзгерістері жаңаша қырға шыққаны белгілі. Біздің еліміз 20 жылда саяси, экономикалық, әлеуметтік, сондай-ақ діни се­нім-нанымда елеулі өзгерістерге қол жеткізді. Осыған байланысты «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасын дайындау қажеттігін тудырды, деді ол. Одан әрі депутат жаңа заң жобасындағы көптеген өзгешеліктер­ге тоқталып өтті. Соның ішінде діни бірлестіктерді құру, оның жарғысын дайындау және олардың мемлекеттік органда тіркелу тәр­тіптері, сондай-ақ тіркеуден бас тартуға негіз болатын себептерге қысқаша шолу жасап өтті. Сонымен бірге заң жобасында миссионерлікке қатысты шаралар, оның ұғымдары кеңінен берілген, деді ол. Осыдан кейін заң жобасын дайындаушылар мен оны Парламентте қарауға дайындайтын жұмыс тобы мүшелеріне бірнеше сұрақтар қой­ылды. Алғашқы сұрақты қойған академик М.Жұрынов діни бірлестікке мүше бола ала­тын азаматтардың жасы 18-ден басталғаны дұ­рыс, бірақ жоғарғы шегі де заңда көрсетілсе қа­лай болады. Мәселен, 18 бен 63 жас деп, яғни қызмет ететін мезгіл аралығындағы адамдар ғана бірлестікке мүше бола алады деп жазсақ қалай болады деп сұрады. Бұл сұраққа «мәселені депутаттардың қарауына ұсынып көрейік, шешімін солар айтсын» деген жауап берілді. Қазақстан Жазушылар одағының төр­ағасы Нұрлан Оразалин жобада діни бірлестіктерді қаржыландыру мәселесі қарастырылған ба, қарастырылса ол қандай жағдайда іске асырылады деген сұрақ қойды. Дін істері жө­ніндегі агенттік төрағасы мемлекет тарапынан қаржыландыруды емес, бірлестіктердің жалпы қаржыландырылуын қадағалайтын тетіктер жо­бада қарастырылғанын жеткізді. Профессор Оразалы Сәбден Қазақстандағы діни бірлес­тік­тер­дің саны 4551 екен, ал солардың әрқай­сын­да қанша мүше бар екені белгілі ме деген сұрақ қойды. Лама Шәріп бұл сұраққа нақты жауап бере алмаса да мұсылмандар саны шамамен 11 млн. адамдай болатынын айтты. Дос Көшім қызмет орындарында намаз оқитындарға жауапкершілік қарастырылған ба деп сұрады. Заң жобасын жасағанда біз мемлекеттік органдарда намазханалардың болмауы керектігін айттық, сондай-ақ жеке жұмыс орындарында да намаз оқуға болмайтындығы айтылды. Бірақ кейбір депутаттар бұл нормаға мүлде қарсы, деп жауап берді, Қ.Лама Шәріп. Евангелиелік лютеран шіркеуінің епископы Юрий Новгородовтың да сұрағы нақты болды. Ол ешкімге кедергі келтірмей, ешқандай шу шығармай өз үйімде өзіммен діндес 3-4 адаммен бірге жексенбі күні құдайға табынып, құлшылық етсек – бұл жаңа заң жобасының нормасын бұзбай ма, жауапкершілік тартпаймын ба деп сұрады. Егер бұл іс тұрғын үйде болса – сіз заңды бұзған боласыз, деген жауап берілді оған. Бұдан кейін де заң жобасын әзірлеушілер бірнеше сұрақ­тарға жауап берді. Осыдан әрі отырыс жұмысы пікірталасқа ұласты. Алғашқы болып сөз кезегін Қоғамдық палата төрағасының орынбасары, профессор Мақсұт Нәрікбаев алды. Ол дін істері туралы қолданыстағы заңның 1992 жылы әзірленуіне белсене қатысқанын еске ала отырып, өзінің бұл мәселедегі білігі әжептәуір екендігін ескертті. Әрине, ол кездегі жағдай мүлде басқаша болатын, ол уақытта дін жолына түскен адамдар саусақпен санарлық-ақ еді, деді ол. Қазіргі ахуал мүлде басқа, қазір дін жолына түскендер өте көп, маған белгілі мәліметтерге қарағанда ислам дінін белсенді ұстанатындар саны ғана  7 млн.-ға жуық екен, деді шешен. Одан әрі М.Нә­рік­баев заң жобасын әзірлеушілер тарапы­нан жол берілген кейбір жәйттерді сынады. Мәсе­лен, деді ол, жұмыс орнында намаз оқуды шек­теудің қандай негізі бар. Осы уақытқа дейін оқылып келгенде оның жұмысқа кедергі келтірген жері бар ма? Мысалы, мен өзім кабинетімде намаз оқимын. Егер мына заң жобасы осы күйінде өтіп кететін болса мені жауапқа тартпақшысыздар ма? Одан әрі шешен Ю.Новгородовтың өз үйімде, ешкімге кедергі келтірмей 3-4 адаммен құдайға құлшылық етсем заңмен қудаланамын ба деген сұрағына берілген жауапты да сынады. Осының өзі адамның діни бостандығын шектеу емес пе? Сіз Президенттің сөздеріне сілтеме жасайсыз, мен де Елбасының «Сындарлы 10 жыл» деген кітабына сілтеме жасап, адамның діни сенім бостандығын шектеуіне жол берілмейді дегенін тауып бере аламын, деді шешен. Сөзінің соңында ол жаңа заңның қажеттігін айтты, бірақ, шикі тұстарын әбден өңдей түсу керектігін жеткізді. Осыдан кейін пікірталаста Алтыншаш Жағанова, Оразалы Сәбден, Дос Көшім, православие дінінің өкілі владыка Геннадий, евангелиелік лютеран шіркеуінен Юрий Ногородов, католик дінінің уағызшысы Томаш Пэтэ және т.б. сөйлеп, заң жобасы туралы өздерінің ойларын білдірді. Отырыс соңында Қоғамдық палата алдын-ала дайындалған қорытындының жобасын бірауыздан қабылдады. Онда заң жобасын әлі де жетілдіріп, адамдардың құқы мен бостандығын шектемеу жағын ескеру қажет деп ұйғарылды. Жақсыбай САМРАТ.   * * * ИСЛАМДЫҚ ДӘСТҮРЛЕРДІ ҚҰБЫЖЫҚҚА АЙНАЛДЫРМАУ КЕРЕК Сатыбалды ИБРАГИМОВ, Мәжіліс депутаты: – Барлық діндердің толып жат­қан ағымдары болады. Соның ішінде еврейлер тұтынатын иудаизмде де, барлық Еуропа халықтары тұ­тынатын христиан дінінде де толып жатқан ағымдар бар. Бірақ сол ағымдарды бір-біріне қарсы қойып, арасын ашуға тырысушылар жоқ. Ал исламға келгенде, оның ағым­да­ры арасындағы сәл ғана айыр­ма­шы­лықтарды барынша үрлеп жа­лау­латуға, сөйтіп олардың арасын аша түсуге ұмтылушылар өте көп. Шын мәнінде исламдағы барлық ағымдардың да негізі бір: олар құдайды мойындайды, құранды шын, пайғамбарды хақ дейді. Демек олардың арасында илікпейтін бітіспестік жоқ. Сонымен бірге ис­ламдық дәстүрлерді құбыжық қы­лып көрсетуге тырысушылар бар. Соның ішінде хиджаб мәселесін алайықшы. Осы болмашы дүниені қаузаудың өзі халықты исламға қарсы қоюға тырысушылық. Хиджаб деген қазақ даласында ежелден бар, бірақ оның қазақша атауы жас әйелдер үшін жаулық, ал үлкен аналарымыз үшін кимешек бола­тын. Көбінесе ақ немесе ақшылт матадан жасалатын. Әйелдер шаш­та­рын көрсетпес үшін осындай ора­­малдардың астына жасырып ала­тын. Сондықтан онда ешқандай қауіп жоқ. Қауіп басқада. Ұятты жер­лерін барынша жарнамалап, бет-ауыздарын оңдырмай опалап, қолдарынан темекі мен сыра ши­шасын тастамайтын әйелдер мен қыздарды сынауымыз керек қой. Сол сияқты мұсылманның са­қал қойғанынан шошынатындар бар. Басқа діндегілер солай жүрсе оны ешкім қауіпті демейді, ал мұ­сылмандікі оларға ерсі көрінетіні қызық. Рас, исламның атын жамылып, кейбір радикалды әрекеттерге баратын топтар бар. Олар Алланы ауызға алу арқылы маңына топтар жинап, өздерінің ойларын іске асыруға тырысатын саяси күштер. Әйтпесе, дін ислам ешқашан тер­рор­лық әрекеттер жасап, жазықсыз адамдарды өлтіріп, зорлыққа бар демейді. Біздің дініміз ислам, біз осы діннің төңірегінде және өзімізге ежелден таныс, ата-бабамыздың дәстүрімен қанға сіңген Ханифа мазхабынан айнымасақ, тіліміз де, діліміз де түзеліп, еліміз өркендей беретін болады. Дін туралы заң бізге осыны қамтамасыз етуі керек. * * * АРАНДАТУШЫЛАРДЫҢ МАҚСАТЫ БЕЛГІЛІ Бекболат ТІЛЕУХАН, Мәжіліс депутаты: – Меніңше, елдің тынышты­ғы­на нұқсан келтіретін әрекеттерге қар­сы заң жобасын барынша қатай­ту керек. Бізді қазір дініміз арқылы бұзғысы келетін, ортамызға от жаққысы келетін сыртқы күштер бар. Олар алдымен біздің саяси жүйе­міздің осал тұсын іздеді, кейбіреулерге сырттан стипендиялар төлеу арқылы қолтықтарына су бүр­кіп, іріткі салуға тырысты. Бірақ елдегі ұстамды саясаттың арқасында қолдарынан түк келмеді, Қазақстан тұрақ­ты­лы­ғын сақтап қалды. Одан кейін эко­номикалық қиындыққа ұшыратпақ болды, одан да ештеңе шығара ал­ма­ды. Әлеуметтік саладан да осал тұсымызды таппақ болды, одан да тауы шағылды. Енді біздің діни сеніміміз арқылы арамызға іріткі салуды қолға алып отыр. Сөйтіп, мемлекетіміздегі тұрақты­лық­ты шайқалтпақшы. Кейбір мұ­сылман мемлекеттері арқылы кіретін «Союз исламистов» деген сияқ­ты ұйымдар осыны көздейді. Біз олардың арандатуына ермеуіміз керек. Оған және жалғыз заңмен ғана тосқауыл қойылмайды, өрелі аза­маттарымыздың, еліміздің келешегін ойлаған барлық адамдары­мыз­дың саналы әрекеттері арқылы ғана арандатушылыққа жол берілмейді. Ал исламның ең дұрыс дін екенін әлемдік есімдері бар дінтанушылар баяғыда-ақ мойындаған. Мұсыл­ман­шылық – ол ізгілік. Ізгілік дегеніміз қоршаған ортаңа жақсылық жасау. Адамдардың бір-бірін, елін, жерін сүюі. Ал исламның арасына экстремистік, радикалды пиғылдар сырттан таңылуда. Ол пиғыл­дар­дың мақсаты тек біздегі тыныш­тықты жою, сөйтіп өздеріне пайда түсіру.