Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Осыған орай біздің тілшіміз академия бастығы, генерал-майор Талғат Есетовпен әңгімелескен еді.
– Талғат Малғаждарұлы, таяуда сіз басшылық ететін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясы өзінің 80 жылдық мерейтойын тойламақшы. Осыған орай сөз етпек боп отырған жоғары оқу орнының арғы-бергі тарихынан сөз қозғасаңыз...
– Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясы – тағылымды тарихы бар білім ордасы. Ол 1931 жылғы 26 желтоқсанда құрылған болатын. Содан бері бұл әскери білім ордасы білімді де білікті, мамандығын жан-жақты меңгерген шекара офицерлерін мыңдап шығарды. Ғасырға жуық уақыт ішінде осы жоғары оқу орнының 300-ден астам түлегі генерал деген жоғары әскери атаққа ие болды. Түлектеріміз мемлекеттік шекараға бөгде қолдың сұғылмауын қамтамасыз етумен қатар, Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының сұрапыл жылдарында ерліктің ұмытылмас үлгісін көрсете білді. Отан қорғау жолындағы жанқиярлық ерлігі мен қайсарлығы үшін көптеген отандастарымыз ордендермен, медальдармен марапатталса, олардың 44-і Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Осындай жетістіктеріне орай біздің әскери оқу орны Октябрь Революциясы және Қызыл Ту ордендерімен марапатталды.
Өзінің 80 жылдық тарихында бірнеше рет өзгертіліп, қайта жасақтаудан өткен бұл оқу орнына 2011 жылғы 19 наурызда Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясы деген жоғары атақ берілді. Осы өзгерістер қазақ даласындағы шекарашы мамандар даярлайтын бірден-бір әскери жоғары оқу орнына одан да күрделі, жауапты міндеттер жүктеді, үлкен сенім артты. Сондықтан, біз қазір оқу-тәрбие жұмыстарымен қатар қайта жасақтау, Шекара қызметінің бөлімдері мен құрылымдарынан білікті әскери кадрларды тарту, олармен тәжірибе алмасу, оқу үдерісінің материалдық-техникалық базасын жетілдіру сияқты келелі істерді атқаруға кірісіп те кеттік.
Еліміз егемендік алғалы алты мыңнан астам шекарашы-офицер өмірге жолдама алды. Сонымен қатар мемлекетаралық келісімдер негізінде тәжік, қырғыз, ауған елдеріне сол елдің азаматтарын оқыту арқылы мамандар дайындаудамыз.
– Бұл күндері Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясын тәмамдаған, түлеп ұшқалы отырған курсанттарға үлгі боларлықтай, елге еңбегі сіңген қандай азаматтар бар?
– Шекара академиясының жылнамасында біздің түлектердің Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарындағы, Даманск аралындағы, Жалаңашкөлдегі оқиғаларда мемлекеттік шекараны қорғаудағы, Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеудегі және тәуелсіздік жылдарындағы ерліктері мен өрліктері, батырлықтарының жарқын беттері сақталған. 44 түлекке ең жоғары Кеңес Одағының Батыры және Ресей Батыры атақтары берілді. Көпшілігі орден, медальдармен марапатталған.
ТМД-ға мүше елдердегі шекара әскерлері қолбасшыларының көпшілігі кезінде бізде оқыған жандар. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің басшылық құрамы түгелдей дерлік Шекара академиясының түлектері. Атап айтсақ: генерал-лейтенант Б.Закиев, генерал-майорлар Б.Қырғызбаев, М.Мәжитов, Т.Уажанов, Ә.Ілиясов, Ш.Өтепов, Е.Жаңабергенов және т.б.
– Әңгімемізді Шекара академиясының материалдық базасы, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, әскери оқыту барысы жөнінде өрбітсек...
– Елбасымыз атап көрсеткендей, «Мемлекеттік шекара – ата-бабамыздан қалған ұлы мұра». Демек, бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған, бізге аманат етіп жеткізген қасиетті шекараны күзету – ардың ісі. Бүгінде мыңдаған шекарашылар ел шебінде қырағы қызмет атқаруда. Ал, біздің академия шекараны күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті мамандармен қамтамасыз етіп келе жатқан көп салалы жоғары оқу орны болып табылады. Офицер кадрларды даярлау мына бағыттар бойынша жүзеге асырылады: ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметтік-жауынгерлік іс-қимылдарын, әлеуметтік-тәрбиелік салаларын, оперативтік іздестіру қызметін, шекаралық бақылауды басқару; ҚР ҰҚК кинология қызметін басқару; психология саласының маманы. Сондай-ақ қазіргі уақытта 2 мамандық бойынша магистратура мен докторантура; қосымша кәсіби білім беру, азаматтық жоғары білім базасындағы бір жылдық курстар; 2 аптадан 2 айға дейін созылатын Шекара қызметі офицерлерінің білімін жетілдіру курстары жұмыс істеуде.
Шекара академиясында (негізгі базада және далалық оқытуды қамтамасыз ету басқармасында) заманауи техникалық құралдармен жабдықталған 7 дәрісхана залы, 4 лингафон кабинеті, 5 компьютерлік сынып, 122 орындық арнайы кітапхана, 12 орындық электронды кітапхана, автодром, танкодром, атыс алаңы, 2 автосауытты танк техникаларының паркі, баспахана, 720 орындық кинозалы бар мәдениет сарайы жұмыс істейді. Академияда жеке құрам мен ауыспалы құрамның дене тәрбиесіне баса назар аударылады, 2 жабық спорт залы, 2 бассейн, 2 тосқауыл жолағы, 2 гимнастикалық қалашық, 2 стадион, 5 ойын алаңы және теннис корты бар. Қысқасы, Шекара академиясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарына жоғары білікті кадрларды даярлау үшін жемісті еңбек етуге қажетті жағдайдың бәрі бар деуге болады.
– Әскери қызметтің ғылыми әлеуетін көтеру, жалпы әскери ғылым саласын жетілдіру бүгінгі таңдағы кезек күттірмейтін мәселенің бірі екендігі айғақ. Осы тұрғыда өзіңіз басқарып отырған әскери оқу ордасындағы негізгі ғылыми жаңалықтарға тоқталсаңыз?
– Әрине, кез келген саланың дамып, жетілуіне, қарыштап қадам басуына ғылымның қосар үлесі мен алар орны ерекше. Оның үстіне әскери сала болғандықтан оның стратегиялық, тактикалық және оперативтік тұрғыда сала-салаға жіктеліп, зерттелуі қажет. Осыған орай, 2008 жылғы 2 шілдеде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім беру және ғылым саласын бақылау комитетінің шешімі бойынша біздің оқу орнында әскери ғылым докторларының диссертациялық жұмыстарын қорғау негізінде Диссертациялық кеңес құрылған болатын. Бұл Қазақ елі тарихында тұңғыш ашылған әскери ғылыми алқа болып табылады. Мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау және әскери педагогика мен психология салаларына негізделген кеңестің құрылуы көптеген білікті мамандардың тың бастамалар мен іргелі ізденістерге түрен салуына кеңінен жол ашты. Қазақстандық әскери ғалымдармен қатар Ресей мен Украинаның жетекші әскери жоғары оқу орындарынан арнайы мамандар тартылды.
Білікті басшы, саяси ғылымдар докторы, генерал-майор Бауыржан Елубаев төрағалық еткен, құрамында 13 ғалым тұрақты жұмыс істеген Диссертациялық кеңес санаулы уақыт ішінде 36 диссертациялық жұмыстың қорғалуына ықпал етіп, 8 әскери ғылымдардың докторы мен 3 педагогика ғылымдарының докторын дайындап шығарды.
Осыған қоса оперативтік-тактикалық факультетке қарасты магистратура мен докторантура бөлімдерінің де бүгінгі күнде жемісті еңбек етіп жатқанын жаңалық ретінде айта кетсем, артық етпес. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімдері мен құрылымдарын басқару мамандығы бойынша қабылданған алғашқы 19 түлек 2006 жылы өздерінің магистрлік диссертацияларын сәтті қорғап, алған білімдерінің негізінде республикамыздың түкпір-түкпіріне басшылық қызметтерге жіберілді. Жылына 20-30 әскери маман қабылданатын бұл бөлімдерде А.Москалев, Н.Асылов, Р.Каратаев, Р.Аязбекова, Б.Жақыпақынов, Е.Ақшолақов сияқты тәжірибелі оқытушылар мен профессорлар жемісті еңбек етуде.
– Академия қабырғасында курсанттардың, сарбаздардың бойына отансүйгіштік, ұлтына деген сүйіспеншілік сезімін ұялату үшін тәрбие жұмыстарының алатын орны ерекше. «Отанды сүй, халыққа қызмет ет», деген өнегені болашақ офицерлердің бойына қаншалықты сіңіруге атсалысып жүрміз деп ойлайсыздар?
– Біз осы уақытқа дейін тілді, ұлттық рухты насихаттау жолында қыруар істі атқардық десем, артық айтпаған болар едім. Енді соның нәтижесін көретін кез келген сияқты. Себебі, өз Отанына, ұлтына деген мақтаныш сезім ғана адамды заңғар мақсаттарға жетелейтінін түсінеміз. Менің ойымша, барлық халықтар мен ұлттардың тамаша дәстүрлері мен мұраларынан қажетін алып, пайдаға асыра отырып, оларды әскери өмірдің қажеттіліктеріне жарату керек. Бұл әскердегі ұлттық саясаттың алтын қазығы.
Осыған байланысты академия қабырғасында тұңғыш рет І, ІІ, ІІІ республикалық «Үш бақытым» атты әскери ақындар айтысы өткізілді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Н.Оразалин және қазақтың қарымды қаламгерлері, қабырғалы қайраткерлерінің қатысуымен М.Мақатаев атындағы әдеби-өнертану бірлестігі ашылды. Республика өнер, мәдениет қайраткерлерінің, мәдени ұжымдарының қатысуымен «Жырлайды жүрек» атты поэзия кеші, «Ар-намысым, қасіретім, қасиетім – Желтоқсан» атты тарихи-танымдық, әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
Бұлардан басқа, академияның курстық бөлімшелері арасында «Жігіт сұлтаны», «Тілдер фестивалі» сияқты түрлі конкурстар, сонымен қатар, қазақтың көрнекті де зиялы қауым өкілдерімен кездесу, әдеби кештер сияқты іс-шараларды жыл сайын өткізу дәстүрге айналған. Ай сайын курсанттар мен сарбаздар бөлімшелерінде «Тіл тағдыры – ел тағдыры», «Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты», «Қазақ тілі – қарым-қатынас тілі», «Қазақ тілінде сөйлеу мәнері», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» тақырыптарында ашық сабақтар, саяси-тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп отырады.
Курсанттарымызды, сарбаздарымызды театрға, ұлттық мұражайлар мен көрмелерге алып бару да назардан тыс қалмайды.
– Қазіргі таңда Шекара академиясы Қазақстандағы шекарашыларды дайындайтын жалғыз оқу орны. Болашақта алдарыңызға қойған қандай жоспарларыңыз, мақсат-мұраттарыңыз бар?
– Бүгінде оқу орнының, ұжымның алдында мемлекеттік маңызы бар үлкен міндет тұр. Ол – біздің республикаға және ТМД елдеріне офицер кадрларды даярлаудағы оқу-тәрбие үдерісін одан әрі жетілдіре түсу мақсаты.
Шекара академиясының даңқты тарихы, игі дәстүрлері, жылдар бойы қордаланған бай тәжірибесі XXI ғасырда да өзінің заңды жалғасын табуда. Жаңа ғасыр – жаңа кеңістік ғасыры, Шекара академиясы қызметкерлерінің кәсіби деңгейінің өсу кезеңі, біздің курсанттар мен жас сарбаздардың жауынгерлік дәстүрлерінің, батырлық, табандылық, ерлік, өрлік істерінің айшықталар дәуірі болмақ.
Қазақ халқында аманатқа қиянат жасамайтын, керісінше, адалдық танытып, оны ар-намыстың биік шыңына бағалайтын тамаша дәстүр қалыптасқан. Мұны сабақтастық дейміз. Міне, бүгінгі күнде біздің жоғары әскери оқу орнына да дәл сондай жауапты да сауапты жүк артылып отыр. Ширек ғасырдан астам мерзім ішінде өзіндік соқпақ салып, дәстүр қалыптастырған Шекара академиясының үлкенді ізетке, кішіні күзетке қоя отырып, бабалар аманаты мен келешек ғаламаты үшін аянбай тер төге беретіндігіне кәміл сенемін.
Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.