• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
16 Қыркүйек, 2011

Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер

413 рет
көрсетілді

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астрахань қаласына барып, Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық VIII ынтымақтастық форумына қатысты Астрахань – Қазақстан үшін жат өңір емес. Осы өңірдің то­пы­ра­ғында қазақтың күй өнеріне өшпес мұра қалдырған Құрман­ға­зы Сағырбайұлы мен ел та­рихында өзіндік орны бар Бөкей ордасын құрушы Бөкей хан мәң­гілік тыныстап жатыр. Бұл күн­де­рі Ресейдің осы өңірінде 150 мыңнан астам қандасымыз тұра­ды. Ресей аумағында болғанымен тарихи атамекенінен табан аудар­маған қандастарға Елбасының да ықыласы ерекше. Кеше Қазақ­стан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумына қаты­су үшін Астрахань қаласына келген Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­ты Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев ұшақ трапынан арнайы күтіп ал­ды. Мемлекет басшыларының екі­жақты кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев алдымен ресейлік әріп­тесі Дмитрий Медведевті туған күні­мен құттықтап, Ресей елінің келешегі, Қазақстанмен ынты­мақ­тас­тықты кемелдендіре түсу ба­ғытындағы еңбегіне табыс тіледі. Екіжақты кездесуде Қазақстан мен Ресейдің 2011-2012 жыл­дар­ға арналған бірлескен іс-қимыл­дар жоспарының кейбір тармақ­та­рының орындалу барысы, отын-энергетикалық кешенін да­мы­ту, Кеден одағының тиімділігін арттыру, «Байқоңыр» ғарыш айлағын бірлесе пайдаланудың шарттық-құқықтық базасын жетілдіру, трансшекаралық су ны­сан­дарын пайдалану және қорғау, сондай-ақ, интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі халық­ара­лық мәселелер талқыланды. Ресей Президенті Д.Медведев екі­жақ­ты кездесуде тамыз айында өткізілген бейресми саммит бірнеше халықаралық мәселелердің түйінін тарқатуға арқау бол­ға­нына тоқталды. Ол сонымен қа­тар, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың Мәскеуде өтетін ҰҚШҰ саммитіне қатысуын қалайтынын жеткізді. Жалпы, Қазақстан мен Ресей­дің бір-бірімен ынтымақтастық байланысының тамыры тым те­реңде жатыр. Екі елдің ежелден қалыптасқан көршілік хақы өз алдына, тәуелсіздік желісі тарты­лы­сымен, 1992 жылғы 25 ма­мырда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы ара­сын­дағы өзара достық пен ынты­мақ­тастық, сонымен бірге, бір-біріне көмек беру жөнінде келісімге қол қойылған. Ежелгі көрші мем­ле­кеттердің дипломатиялық қарым-қатынасы да сол жылдың қазан айы­нан тамыр тартады. Содан бергі 20 жылға жуықтаған кезең­де Қазақстан-Ресей қарым-қаты­насы биік деңгейге көтерілді. Эко­номиканың барлық дерлік са­ла­сында, соның ішінде, мұнай-газ өнеркәсібі, отын-энерге­ти­ка­сы, ғарыш, банк секторын дамы­ту секілді жетекші салаларды өр­кендетуге басым бағыт беріліп келеді. Кезінде Қазақстанның Ресейдегі, Ресейдің Қазақстандағы жылы өткізілді. Экономикалық, әріп­тестік, іскерлік байланыс­тар­дың буынын бекіте түсу мақ­са­тында үкіметаралық комиссиялар жұмыс жасайды. Бұл күндері екі елдің ара­сын­да шешімін таппайтын мәселе жоқ деуге негіз бар. Бұрын әсі­ресе, екі мемлекеттің шекаралас өңірлерінде кездесетін транс­ше­ка­ралық мәселелерді оң шешуге батыл қадамдар жасалды. Осы орайда Қазақстан мен Ресей пре­зиденттерінің қатысуымен жыл сайын шекаралас өңірлердің ын­ты­мақтастық форумы өтеді. Бұл форумды өткізудің өзіндік ма­ңызы айрықша. Алдымен, әрине, Қазақстан-Ресей арасындағы стра­тегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету болса, екіншіден, шекаралас өңірлердің сауда-эконо­микалық байланысын жетілдіру. Үшіншіден, трансшекаралық жо­ба­ларды бірігіп іске асыру, сон­дай-ақ, шекаралас өңірлер ара­сын­дағы тікелей тасымал бағы­тын қалыптастыру. Өйткені, ТМД елдерімен шектесетін Ресей Фе­дерациясының 27 субъектісінің он екісі Қазақстанның 7 об­лы­сы­мен шектесіп жатыр. Сол себептен, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен 2003 жылы алғаш рет екі елдің шекаралас өңір­ле­рі­нің форумы Омбы қаласында өткізілді. Бұдан бір жылдан кейінгі форум Қазақстанда жал­ға­сып, кейіннен мұндай форумды өт­кізудің маңызы айқындала түс­ті. Ал 2008 жылы Ақтөбеде өткен шекаралас өңірлер форумында оған қатысушылар қатары едәуір толықты. Қазақстан жағынан Астана және Алматы қала­лары­мен, Қарағанды облысымен, Ресейден бұған Мәскеу, Санкт-Петербург қалалары, Свердлов облысы мен Татарстан Рес­пуб­ликасы қосыл­ды. Сөйтіп, енді Қазақстаннан 8 облыс, Ресейден 13 субъекті қа­тысатын бұл бас­қосу аймақ­ара­лық ынтымақ­тас­тық форумы деген мәртебеге ие болды. Әр жыл сайын өтетін форумда көтерілетін мәселелердің ма­ңыз­дылығына басым бағыт беріледі. Әр форумнан соң екі елдің әріптестік байланысы кеңейе тү­сіп, өзара тауар алмасудың жан­дан­ғаны мына бір деректің өзінен байқалады. Мәселен, 2010 жылы Қазақстан-Ресей ынты­мақтас­ты­ғының нәтижесінде сауда ай­на­лы­мы 27,8 пайызға өсіп, 15,8 миллиард АҚШ долларын құра­ған. Демек, бұл Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы жаңа белестерге көтерілгенінің тағы бір айқын дәлелі болмақ. Жыл аяғына дейін екі елдің сауда айналымы 20 миллиард доллардан асып қалуы ғажап емес. Көршілес елдердің ынтымақтастығы тек эконо­ми­ка­лық байланыстарды жандан­ды­ру­да ғана емес, өзге де салаларда бай­қалады. Бұл кеше Астрахань қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінің VIII аймақ­ара­лық ынтымақ­тас­тық форумында талқыланған мә­се­лелердің ма­ңыз­дылығымен та­ғы бір рет ай­шықтала түсті. – Біздің форум – бұрынғы ке­ңес­тік кеңістіктегі екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тиімді қадамның бірегей үлгісі. Ол аймақтарды жақындастыру арқы­лы Кеден одағын құруда да пай­далы механизм бола алды, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Енді бір­тұтас экономикалық кеңістіктен Еуразия экономикалық одағына қарай қадам басу керек. Бүгін кезекті форум өткізіліп отырған Ас­трахань қаласын «Еділдің Вене­циясы» деп тегін атамайды. Бұл – өнеркәсібі қарқынды дамыған, өзін­дік тарихы, келісті мәдениеті де бар шын мәніндегі еуразиялық қала. Бұл өңірде бірнеше ұлт пен кон­фессия өкілдері тату-тәтті өмір сүрсе, бұл жерде біздің тарихи һәм мәдени тамырымыз біте қайнасқан. Елбасы бұдан әрі аймақ­ара­лық ынтымақтастық форумының маңызына айрықша тоқталды. Бұл форум, деді Нұрсұлтан Назарбаев, посткеңестік кеңістікте екіжақты ынтымақтастықты да­мы­тудың жарқын мысалы бола алады. Кеден одағын құруда, со­ны­мен бірге, біздің елдеріміздің өңірлерін бір-біріне жақын­дас­ты­ра алған ең тиімді тетік болды. Қазір кедендегі және сауда са­ла­сындағы барлық кедергілер алы­нып тасталды. Біртұтас эконо­ми­калық кеңістік құрудың қалыпты қағидалары жасақталуда. Бұл біздің елдеріміздің арасындағы тау­ар айналымының өсімінен бай­қалады. Биылғы бірінші жар­ты­жылдықтың өзінде тауар айна­лымы 40 пайызға артып, 11,5 мил­лиард долларды құрады. Ал форумның күн тәртібіне шы­ғарылған негізгі тақырыпқа ойыс­қанда, алдымен мына мәсе­ле­ге баса назар  аударылды. Бұл – транс­ше­каралық сипаттағы тө­тен­ше жағдайларға бірлесе ден қою. Бұған назар аударудың бірнеше себебі бар. Қазір әлемде техногендік апаттарға, соңы үл­кен зардаптар мен шығынға ұшы­ратқан табиғаттың тосын құбы­лысы азай­май отыр. Бұл көптеген ел­дер­дің экономикалық, әлеумет­тік және демографиялық әлеуеті­не орасан зор зардабын тигізуде. Сол себептен, тек құтқарушы­лар­дың ғана емес, тиісті органдар мен қызметтердің өзара бірлесе әрекет ету қажеттілігін алға тар­тады. Қазақстан да, Ресей де тө­тенше жағдайларда жедел әрекет етуде толымды тәжірибе жинақ­таған. Ресей – Қазақстанмен өнер­кәсіптік апаттардың, төтен­ше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою жөніндегі келісім жасаған ал­ғаш­қы мемлекет. Қазақстандық және ресейлік құтқарушылар ТМД күштерінің корпусына мүше ретінде кіреді. Сонымен бірге, Ұжым­дық қауіпсіздік шарты ұй­ым­ның құрамына да мүшелікке қабылданған. Екі елдің құтқару­шы­ларында трансшекаралық тө­тенше жағдайлар төнген сәтте бірлесіп әрекет етудің жоспар­ла­ры бар. Мәселен, өткен жылы Павлодар облысы мен Алтай өл­кесіндегі табиғи өрттерді сөндіру кезінде трансшекаралық төтенше жағ­дай­лар жөніндегі жедел ақпа­рат ал­масудың тиімділігі айқын­далды. – Төтенше жағдайлардың ал­дын алу және оларды жоюдағы біздің елдердің ынтымақтас­ты­ғын одан әрі нығайта беру қажет. Бұл біздің аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің маңызды шар­ты, – деп атап өтті Президент Нұр­­сұл­тан Назарбаев. – Бұл орай­да Қа­зақ­стан мен Ресейдің ұстанған бағыты айқын. Алдағы уақытта да төтенше жағдай­лар­дың ал­дын алу және оны бол­дыр­мау үшін біз бірлескен іс-қи­мыл­дары­мыз­ды жандандыра тү­суі­­міз қажет. Бұл – шекаралас өңір­лердің қауіп­сіздігі мен тұ­рақ­­тылы­ғы­ның кепілі үшін ең қа­жет қадам. Нұрсұлтан Назарбаев осы орайдағы ынтымақтастықтың бас­­ты бағыты ретінде төтенше жағдайларды бағдарлау және мониторинг жүргізудің бірлескен желісін құру қажет деп есептейді. Бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру үшін төтенше жағдайлар болуы мүмкін аумақтардың ға­рыш­тан түсірілген картасын жа­сақ­тау қажет. Біздің құтқарушы қызметтеріміз үшін орман және дала өрттері, трансшекаралық өзен­дерде, Каспий теңізі аква­то­риясында болуы мүмкін су тас­қы­ны күтпеген апаттардың қата­ры­на жатқызылмауы тиіс, деді Нұрсұлтан Назарбаев. «Тіршілік үшін судың маңызы айрықша бол­ғандықтан, оған тек тауар ретінде ғана қарамау қажет» деп түйін жасаған Елбасының Жайық өзені секілді трансшекаралық су көздерін қорғау жөніндегі ұсы­нысына Ресей Президенті Дмитрий Медведев қолдау білдірді. Осы орайда азаматтық қорға­ныс­ты жандандыру мақсатында ғы­лы­ми әлеует пен осы заманғы жаңа технологияларды қолдану екі ел ынтымақтастығының, әріп­тес­тік серіктестігінің басты тар­мағы болуы қажеттігіне назар аударылды. Қазақстан үшін табиғи-тех­но­гендік тәуекелді, жер сілкінісінің болу ықтималдығын қысқа мерзімде бағдарлай алу жөніндегі инновацияның маңызы артып отыр. Әрине, осы мақсаттағы жұ­мыстың қарқын алуы маман­дар­дың біліктілігімен ұштасатын­ды­ғы даусыз. Соған байланысты Қа­зақстан осы салаға жоғары білімді мамандар даярлау және олар­дың біліктілігін арттыруды басты мақсат етіп қойып отыр. Қазіргі статистикалық мәліметтерге қа­ра­ғанда, әлемде болатын техногендік апаттар мен жойқын за­лалдардың 70 пайызы адам фак­то­рымен байланысты болатын­дығы дәлелденіп отыр. Бұл көр­сеткішті төмендету білікті мамандар даярлаумен тығыз бай­ланысты болатындығы дау ту­дырмайды. Мамандар біліктілігін арттырумен бірге, құт­қару­шы­лар­дың, өрт сөндіруші­лер­дің, дис­петчерлер мен оператор­лар­дың беделін көтерудің де қажет­тілігі қозғалып қалды. Өйт­кені, аталған кәсіп иелері жөнінде толық ақпарат берілмейтіні өз алдына, осы салаға мамандан­ған­дар, олардың жетістіктері жөнін­де көп айтыл­май келеді. – Біз аймақаралық ынтымақ­тас­тықты нығайта түсуге келістік. Нұрсұлтан Әбішұлы атап өт­кендей, бұл біздің елдеріміз үшін өте маңызды. Бізге екі­жақты қатынастарға, аймақ­ара­лық қаты­настарға міндетті түр­де назар аудару қажет, – деді Ресей Президенті Дмитрий Медведев. Қазақстанның Төтенше жағ­дай­лар министрі Владимир Божко, Ресейдің Азаматтық қорға­ныс, төтенше жағдайлар және апат­тардың зардабын жою ісі жөніндегі министрі Сергей Шойгу, Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Астрахань облысының губер­на­то­ры Александр Жилкин транс­ше­каралық сипаттағы төтенше жағдайларда бірлесе әрекет ету­дің маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшыларының қа­ты­суымен екі елдің ынтымақ­тас­тығын одан әрі нығайта түсуге тың серпін беретін маңызды үш құжатқа қол қойылды. Бұл құ­жаттар негізінде біріншіден, Қа­зақстан-Ресей үкіметтері арасын­да «Алтай» трансшекаралық ре­зер­ва­тын құру туралы келісім жасалды. Екіншіден, Қазақстан-Ресей ара­сын­да 2012-2017 жыл­дарға арнал­ған өңіраралық және шекара ма­ңын­дағы ынтымақтас­тық бағдар­ламасы бекітілді. Үшін­шіден, Қа­зақстан–Ресей мем­лекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзге­ріс енгізілмек. Соңғы құжатқа байланысты нақтылай айтар бол­сақ, екі ел үкіметтерінің келісімі 1998 жылғы 23 желтоқсанда жа­салған екен. – Біздің жоғары деңгейдегі кез­десулеріміз – жаңа жобаларды іске асыруға, нақты келісімдерді бекітуге жасалған оң қадам, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форумнан кейін журналистерге берген сұхбатында. – Біз бүгін екі елдің барлық салалар бойынша бірлескен іс-қимылының келешектегі бағдары туралы тал­қы­ладық. Әсіресе, ғарыштан зерттеу жүргізу, көлік инфра­құры­лы­мы, отын-энергетика кешені, транс­шекаралық су көздерін қор­ғау және тиімді пайдалану қажет дейтін мәселелерге басымдықтар берілді. Біздің интеграциялық бай­ланыстарымыз тереңдей береді. Инновациялық байланыс­тары­мыз да нығая түседі. Келесі жы­лы екі ел арасындағы достық, ынтымақтастық пен өзара көмек туралы келісімнің және мемлекеттер арасындағы дипломатия­лық қатынастардың орнағанына 20 жыл толады. Мен біздің үкі­мет­терге осы мерейтойлық күн­дер­ге арналған шараларды өткізу туралы ұсыныстар енгізіп, келісуді ұсынамын. Шындығында, Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері ара­сындағы ынтымақтастық байла­ныс бұрынғы жарасымды көр­ші­лік деңгейінде қалмай, ендігі ке­зең­де сенімді әріптестікке ұлас­қандығын байқатты. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан – Астраханьнан. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.