Кеше Парламент Сенатында спикер Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы Декларациясының жобасын талқылау бойынша кеңес болды.
Кеңеске Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев, Сенат Төрағасының орынбасары А.Судьин, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Ж.Кәрібжанов, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донақов, Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов, Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиев, Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед, Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы Ғ.Әбдірахымов, сондай-ақ жұмыс тобының мүшелері – Парламент депутаттары қатысты.
Кеңеске қатысушылар алдындағы сөзінде Қ.Мәми Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы Декларациясын қабылдауға әзірлік аясындағы бұл кездесудің маңыздылығын атап өте келіп, осы бастама «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 13-бабына сай екеніне тоқталды. Парламенттің бесінші сессиясының ашылуында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Декларация қабылдау туралы біздің бастамамызға қолдау білдірді. Мемлекет басшысы атап өткендей, ол біздің қоғамымызды топтастырудағы жаңа маңызды құжат болады, деді Қ.Мәми.
Сенат Төрағасы құжат бойынша пікір алмасу оның мазмұнын жақсарта түсуге қызмет ететініне сенім білдірді. Қ.Мәмидің хабарлауынша, құжат жобасында қазіргі заманғы табысты мемлекет құрылысындағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрнекті рөлі аталып өтіледі. Мемлекет басшысының жетекшілігімен экономикалық және түбегейлі саяси өзгерістер жүзеге асты. Декларация жобасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы белгілеген бағыттың өзін-өзі ақтағаны және «Қазақстанның даму жолы» ретінде дүние жүзінде мойындалғаны айтылған. Сонымен қатар, спикер Декларацияда халықтың әл-ауқатының арта түсуін және сыртқы қатерлерге орнықтылықты қамтамасыз еткен экономикалық реформалардың қорытындылары көрсетілгенін, индустриялық-инновациялық даму, әлеуметтік жаңғыру, кадрлар стратегиясы, еңбекпен қамту жүйесі салаларындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижелеріне ерекше назар аударылғанын жеткізді. Сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше орын берілгені және Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайту көрсетілгені айтылды.
Жобада Қазақстан сыртқы саяси қызметіндегі негізгі басымдықтар да аталып, еліміздің халықаралық беделді ұйымдар ЕҚЫҰ және ИЫҰ-ға төрағалық етуі мен әлемдік дәстүрлі діндер лидерлері съезін тұрақты өткізіп келе жатқаны айтылғаны белгілі болды. Одан басқа, ядролық қаруды таратпау, өзара тиімді экономикалық ынтымақтастыққа бағытталған интеграциялық үдерістерді дамыту және аймақ пен тұтас әлемдегі қауіпсіздік шараларын нығайту саласындағы Қазақстанның бастамалары жария етілген. Өркендеген егеменді еліміздің символына айналған елордамыз – Астанаға арнайы орын берілді, деді Төраға.
Сөзінің соңында Декларацияны талқылау және қабылдау барысын ақпараттық тұрғыда қолдау қажеттігі, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы да ойларын ортаға салды. Бұл шараларға Парламент депутаттары белсенді түрде қатысуы тиіс деп атап өтті.
Кеңес отырысында Сенат Төрағасының орынбасары, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы Декларациясының жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Александр Судьин сөз сөйледі. Ол кеңеске қатысушыларды атқарылған жұмыстар туралы хабардар етіп, құжаттың құрылымы мен мазмұнына тоқталды. Құжаттың тарихи маңызын, оның ізгілікті идеялық бағдарын атап өте келіп, А.Судьин Декларацияның негізгі мәні – тарихи өміршеңдігін айғақтап отырған мемлекетті дамытуға және нығайтуға қуатты үндеу екенін атап өтті. «Декларация жобасын жетілдіру жөніндегі жұмыстар жалғасуда, таяу уақытта жұмыс тобы мүшелерінің ескертпелері ескеріле отырып, құжаттың түпкілікті нұсқасы әзірленеді», деді А.Судьин.
Осыдан кейін қатысушылар өздерінің пікірлерін білдірді. Соның ішінде Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев 20 жылдың ішінде ғасырларға татитын шаруалар жасалғанын атап өтті. Сондықтан осындай Декларация қабылдау табиғи жағдай ғой деп ойлаймын, деді ол. Одан әрі Мемлекеттік хатшы 1991 жылдың 1 желтоқсанындағы сайлауда халықтың дұрыс таңдау жасап, Нұрсұлтан Назарбаевты Президенттікке сайлағанын, содан бері еліміздің дұрыс саяси бағыт ұстанғанын атап өту керектігін ескертті. Елбасының әлеуметтік ұстанымды бағдарға алған экономика құруы, «Қазақстан – 2030» Стратегиялық бағдарламасы, ядролық қарудан өз еркімен бас тарту, сондай-ақ халықтың мәдени мұрасын қайта өрлетіп, рухани жағынан байыту мәселелерін де Декларацияда атап өту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, оның қабылдануы Тәуелсіздік күнінің алдындағы соңғы аптада, яғни 14 желтоқсан, сәрсенбінің сәтінде қабылдануы туралы ұсынысын мәжіліске қатысқандар бірауыздан мақұлдады. Қалған ұсыныстар жазбаша түрде берілетін болды.
Жақсыбай САМРАТ.