Көне өркениет ордасы бұл өңір қашан туризм орталығына айналады?
Туризм. Бұл жақсы сала, жақсы игілік көзі. Бірақ әңгіменің ашығын айтсақ, кей өңірлерде бәсекелестікке қабілетті туристік индустрияны құру жұмысы жоғары деңгейде емес. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында экологиялық туризмді, Түркістан мен Отырар аумағындағы тарихи-мәдени мұралар арқылы танымдық саяхаттарды дамытуға мүмкіндік мол. Алайда, статистикалық мәліметтерге жүгінсек, туристік фирмалармен (резиденттер емес) өткен жылы елімізге 39 640 адам келсе, соның 324-і ғана атбасын Оңтүстік Қазақстан облысына бұрыпты. Дегенмен, бейресми мәлімет бойынша, өздігінен әулие аралап келетін туристер саны жылына 150 мыңға жуық. Ішкі туризмді алайық, өткен жылы туристік фирмалардың қызметін елімізде 157 998 адам пайдаланса, Оңтүстікке барғаны – 1309 адам. Биылғы бірінші тоқсанда 88 адам оңтүстік өлкесіне барған. Айта кетелік, келушілердің басым бөлігі Ақмола облысы мен Алматы және Астана қалаларында болуды қалайды екен. Тағы бір дерек, туристік фирмалармен қызмет көрсетілген келушілер саны өткен жылы еліміз бойынша 459 337 болса, оңтүстікте – 6103 адам болған. Жалпы, өткен жылы туризм түрлері бойынша туристік фирмалар қызмет көрсетілген сырттан келушілер 9 пайызды құраса, сыртқа шығушылар – 56, ішкі туризм 35 пайыз болған. Әрине, туристік фирмалардың көмегіне жүгінбейтіндер де жоқ емес. Осы арада айта кетелік, Туризм және спорт министрлігінің сайтында туризм жөнінде ақпарат мүлде аз. Барының өзі жаңалауды қажет етеді. Статистика агенттігінің сайтынан алынған жоғарыдағы мәліметтер оңтүстік өңірінің мүмкіндігі толық пайдаланылмай отырғанын аңғартады.
2004-2007 жылдары «Мәдени мұра» және «Ежелгі Отырарды жаңғырту» мемлекеттік бағдарламалары аясында, Отырар қалажұртының бірқатар ескерткіштерін (XIV ғ. жұма мешіті, XVI ғ. тұрғын үй орамы, XI-XII ғғ. тұрғын жайлары, қабырғалар, орталық қақпа және «Дарваза-и суфи» («Сопы қақпасы»), стратиграфиялық шурф, XIV ғ. моншасы) зерттеу, консервациялау және музейлендіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Шұрат ескерткіштері Көк-Мардан, Құйрықтөбе, Жалпақтөбе, Уәсиж қалашықтары, Талтақай және Қоңыр мазараттары кешенді зерттеуден өтті. Аэрофотоқұжаттау іске асырылды, ең жаңа компьютерлік жетістіктерді пайдалана отырып өңірдің ежелгі ирригациясы зерттелді. 8 мыңнан астам аэросуреттер түсіріліп, геоақпараттың негізі жасалды. Мамандардың айтуынша, бұл Қазақстан археологиялық ғылымында жасалған ең ақпаратты және ауқымды жүйе. Айта кетелік, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тарихымыз бен мәдениетімізде аса маңызды орны бар 73 ескерткіш қайта қалпына келтірілді. Бірақ соның іс-жүзінде жүзеге асқандары шамалы. Яғни, кей жағдайда құрғақ уәдемен іс тындырып жататынымыз да жасырын емес. Бүгінгі таңда Қазақ елі археологиясының жауһары саналатын Отырарды халыққа, туристерге толық таныту-таныстыру мақсатында қос мұражай қызмет етіп келеді. Туризмді дамытуға қосар үлесі де, ел тарихын сақтап-насихаттау, әлемге таныту мақсатында да маңызы мол нысандардың бірі – 1979 жылы қыркүйекте ашылған Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі.
Отырар өңірінің мәдени құнды мұралары сақтаулы тұрған қорық-музейдің ашылуына жергілікті ұстаз, өлкетанушы, республикамызға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Асантай Әлімов ерекше еңбек сіңірсе, мұражайдың жұмысын жандандырып, мамандар даярлауда халқымыздың көрнекті қайраткері, тарихшы-этнограф, ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлесі мол. Сырдария мен Арыс өзендерінің екі жағасында орналасқан мәдени ескерткіштердің әрқайсысы ашық аспан астындағы музей іспетті. Отырар аймағындағы ежелгі және ортағасырлық қалалар мен қалашықтар – Отырартөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан, Алтынтөбе, Ақтөбе, Оқсызтөбе және Арыстанбаб әулие кесене-мешіті осы өңірдің тарихында ерекше маңызды орын алатын Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштер. Сонымен қатар, Отырар аймағы ортағасырлық ислам мәдениетінің гүлденген шағында өмір сүрген, бүкіл қыпшақ даласының атын әлемге әйгілі еткен философ, астроном, математик, алғашқы музыка зерттеушісі, ғұлама ғалым Әбу-Насыр әл Фарабидің еңбектері арқылы зерттеушілердің назарына іліккені мәлім. Бұл өлкенің мәдени мұрасын зерттеуде Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музей қызметкерлері өзіндік үлес қосып келеді. Ескерткіштерді сақтау, қайта қалпына келтіру, бұрын белгісіз болып келген ескерткіштерді іздестіру, тізімге алу, рухани және заттық мәдениетімізге қатысты дүниежүзілік деңгейдегі көне қолжазбалар мен кітаптарды, жәдігерлерді жинау, экспедиция ұйымдастыру жұмыстары қорық-музейде жақсы жолға қойылған. Археологиялық және этнографиялық жәдігерлер туралы ізденген ғалымдар қор сақтау бөлімінен толық түрде ғылыми мәлімет ала алады.
Қорық-музей директоры Пердехан Жаппарқұловтың айтуынша, музей экспозициясындағы көрермендердің назарына ұсынылған археологиялық, этнографиялық көрнекіліктер қор бөлімі арқылы ауыстырылып, толықтырылып отырады. «Қордағы жәдігерлер көбейген сайын сақтау бөлмелері тарлық етіп келеді. Болашақта бұл бөлімге жеке ғимарат салынады деген үміттеміз», – дейді директор.
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі «Мәдени мұра» бағдарламасының шеңберінде «Отырар жәдігерлері», «Отырар алқабы», «Отырар энциклопедиясы», «Сәдуақас ақын», «Тәушен», «Отырар ескерткіштері» секілді бірнеше кітаптар мен буклеттер шығарыпты. Бұл да өңірді туристерге танытуда үлкен септігін тигізетін еңбек. Сондай-ақ, қорық-музей мамандары орталығы Отырартөбе болған 12 ескерткішті зерттеуге қатысқан. Қазба барысында жаңа компьютерлік технологиялар пайдаланылған. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылған елеулі еңбектің бірі – Әбу-Насыр әл Фарабидің туған жері Отырардан топырақ алып, ұлы ойшылдың Дамаск қаласындағы «Баб ас-Сағир» – «Кіші қақпа» мазаратындағы қабіріне салынған, ал қабір топырағы Арыстанбаб мазаратына әкелінді.
Сөзімізді жоғарыдағы жәйтпен сабақтастырсақ, Отырардағы «Руханият – Әбу-Насыр әл Фараби мұражайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының алар орны да ерекше. Мұражай биылғы наурызда ашылған. Басты мақсатына келсек, отандық білім, ғылым, мәдениет жүйелерін дүниежүзілік озық үлгідегі деңгейде дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты пәрменді жүргізу бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру. Сондай-ақ, еліміздегі рухани, материалдық құндылыққа қатысты экспонаттар, көне қолжазбалар, сирек кітаптар мен басылымдарды, басқа да тарихи жәдігерлерді, адамзаттың ежелгі өркениет дәстүрлерін Еуразия кеңістігіне таратқан «Александрия кітапханасының» идеяларын одан әрі жалғастыра, түркі өркениетінің гүлдену дәуірінің негізін қалаған «Отырар кітапханасының» үзіліп қалған дәстүрлерін қайта жаңғырту мұражай үшін маңызды міндет. Еуразия кеңістігіндегі өркениет жетістіктерін мұражайға шоғырландырып, фарабитану, ғылыми аударма, әдебиет және өнер, ғылыми зерттеу бөлімдері арқылы атқарылатын жұмыстарды кешенді түрде жүзеге асыру да мұражай міндеті болып табылады. Бұл мұражайдың тарихы тереңде жатыр. Дегенмен, ресми мәртебе алып, ашылғаны жуырда. Игі істің басы-қасында жүрген өлкетанушы, этнолог-ғалым, әдебиеттанушы Абдулла Жұмашовтың айтуынша, «Руханият – Әбу-Насыр әл Фараби мұражайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны облыс әкімі А.Мырзахметовтің қаулысымен биылғы наурызда ашылыпты. Музейге Отырар ауданының әкімі Бейбіт Сыздықов ғимарат берген.
Елбасы Н.Назарбаев 2002 жылы оңтүстікте болған сапарында Арыстанбаб кесене-мешітінде болып, Арыстанбаб кітапханасына арнайы соққан. Сол жердегі Отырар руханият – Әбу-Насыр әл Фараби кітапханасы тарапынан қойылған көрмені көріп, жоғары баға берген екен. Сондай-ақ, Елбасы араб, парсы, көне түркі, шағатай тілінде жазылып қалған тарихымызды, ислам құндылықтарын жинап, музей ашып ел игілігіне айналдыру қажеттігін айта көпшілікке ой тастаған болатын. «Елбасының осы пікірі музейдің ашылуына зор ықпал етті. Мұражай қорында мыңдаған көне қолжазба кітаптар, археологиялық, этнографиялық, фольклорлық жәдігерлер бар. Бұл мәдени мұралардың көпшілігі оқырмандар оқымаған, ғылыми ортаға белгісіз, яғни ғылыми айналымға түспеген дүниелер. Қайталанбас біртума жәдігерлер де көп. Мысалы, фарабитанушы ғалым Ақжан Машанов тапсырған Әбу-Насыр әл Фарабидің «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы» атты трактаты, «Музыканың ұлы кітабының» қолжазбасы, Сирия сапарында елге әкелінген әл-Фарабидің ондаған трактаттары, Қазыхан Серікбаев тапсырған Арыстанбабтағы мұсылман кітапханасының қорындағы әдебиеттер, Асантай Әлімұлы тапсырған киіз үйдің оймышты ағаш есігі, Мәделінің дабылы, Құлыншақтың күмістелген белдігі, ұлы сазгерлер Сүгір мен Төлегеннің, Шәмшінің музыкалық аспаптары, Қызыл жырау, Зияш, Сәдуақас, Балтабай, Қазанғап, Көпбай, Орынбай сынды ақындардың қолжазбалары, өздері тұтынған этнографиялық бұйымдар баға жетпес құндылықтарымыз», – дейді музей директоры А.Жұмашов.
Қорыта айтқанда, Отырардағы қос мұражайда елге, шетелден келген туристерге көрсетер, таныстырар құндылықтар жетерлік. Қазақ елінің ешбір ауданында дәл Отырардағыдай 2 музей жоқ. Қос мұражайда мыңдаған экспонат бар және осындай тарихи өлке үшін екі музей көп емес. Өңірді туризм орталығына айналдыру үшін Туризм және спорт, Білім және ғылым, Мәдениет министрліктері бірігіп, бірлесе көптеген шараларды атқаруы тиіс. Сөзіміздің басында айтып кеткеніміздей, туризмді дамытуға бірден-бір септігі тиетін инфрақұрылым жоғары деңгейде емес. «Арыстанбабқа-түне, Қожа Ахметтен – тіле» деген нақылды иманына серік етіп «Бабтардың бабы – Арыстанбабқа» келетін сансыз саяхатшылардың талап-тілегі көп жағдайда өз деңгейінде орындала бермейді. Мұсылман мемлекеттері, кешегі кеңестік аумақтағы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан тәу етіп келетіндерді құшақ жая қарсы алғанымызбен, олардың тамақтанып, демалатын орын жайларына келгенде аздап қысылатынымыз жасырын емес. Таяуда Арыстанбаб кесенесі жанынан, елімізге танымал кәсіпкерлер өз қаржысына жаңа мешіт салып, пайдалануға берді. 50-60 адамға арналған қонақ үйі де бар. Десек те, ол жеткіліксіз. Мысалы, 2-3 автобус жалдап, арнайы саяхаттап келген қонақтарды бір мезетте тамақтандырып жіберетін асхана, орын ұсынатын қонақ үй әлі де аздық етеді. Яғни, сапалы қызметтің барлық талабына жауап беретін қонақ үйлер мен дәмханалар әлі де жеткіліксіз. Сауран, Отырар, Яссы секілді көне қалалардың тарихы отандық және шетелдік саяхатшылардың қызығушылықтарын арттырары анық. Сол саяхатшыларыңыз көбіне Арыстанбабта болып, Түркістаннан қайтып жатады. Түркістанға өткен жылы 24600 адам, ішкі туризм бойынша 580900 адам барған екен. Биыл бұл көрсеткіш өсе түспесе, азаймасы анық. Міне, осы саяхатшы немесе зиярат етушілер Отырарға атбасын бұрса, ел тарихына қанығып, рухани байып қайтар еді.
Туризмді дамыту тұрғындардың тұрмысына да оң әсер етері анық. Жергілікті тұрғындар қолөнермен айналысып, кәдесыйлар жасаса, ұлттық нақышта ою-өрнектер салынған бұйымдарды, тоқылған кілем-кестелерді туристерге ұсынса, ер-азаматтарымыз ат арба, түйелерін қомдап «Отырартөбе – Арыстанбаб – Түркістан» бағыты ақылы қатынайтындай жағдай туса, жұмыссыздық азайып, халықтың тұрмысы жақсарары мәлім. Яғни, мемлекеттің абырой-танымалдылығын, экономикалық-әлеуметтік жағдайын арттыратын туризмнің жергілікті тұрғындарға да пайдасы көл-көсір. Отырардың туризм орталығына айналғандығын қалайтынымыз да сондықтан.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.
Оңтүстік Қазақстан облысы.