• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2011

Пошта қызметі қожырамауы тиіс

488 рет
көрсетілді

Жұманың жаңбырлы күні Ал­маты қаласының «Сайран» шағын ауданының тұрғындары қуа­нып қалды. Қаладағы халқы ең тығыз орналасқан аумақта «Қаз­пошта­ның» жаңа бөлімшесі ашы­­лып, оң­ды оқиға орын алды. Алмалы ауда­нының барлық тұр­ғындары үшін ыңғайлы орна­лас­қан №5 пошта бай­ланысы бө­лім­шесі «Тастақ» ба­за­рынан жоғары Прокофьев кө­ше­сі 148-ғимара­тына орын тепті. Жасыратын несі бар, осыдан аз ғана жылдар бұрын елімізде пошта қызметі қожырап, оның қызметіне мұқтаж халық жазыл­ған газет-журналдарын дер кезінде ала алмай, басқа да оның қызметіне қатысты келеңсіз жай­ларға тап болып жататын.  Енді ондай оқиғалар орын алмақ емес. Ел поштасы  – өз беделін бекемдеп, еңсесін қайта тіктеп келеді. Осылайша, бірқатар қиын­дық­тарға қарамастан, ел пош­та­сы байланыс бөлімшелерінің қа­тарын көбейтіп, қызмет көрсе­ту­дің сапа­сын көтеріп, жалпы пошта бай­ла­нысының келбетін жақ­сартуға қол жеткізе бастағаны қуантады. Ал, Сайран» шағын ауданы­ның тұрғындары осы уақытқа дейін хаттары мен сәлемде­ме­лерін 1956 жылы ашылған ескі ғимараттан жіберіп, пошта қыз­ме­тіне қатысты өзге тірліктерін сонда тындырып жүрген. Жұрт­ты кәдімгідей қуантқан 5-ПББ енді алаңы 310 шаршы метр болатын жаңа ғимаратқа көшті. Жаңа пошта бөлімшесі қай жағынан алсаңыз да – заманына сай құрал-жарақтармен жаб­дық­­та­лып, жарқырап тұр.  Мү­гедек жандарға арнайы пандус қойыл­ған және лифт орнатылған. Сол сияқты мұнда қосымша операциялық терезе ашу мүм­кін­дігі пайда болды. Бөлімшедегі ақ­ша айырбастау жөніндегі опе­ра­ция­лық терезелер ҚР Ұлттық Бан­кі­нің талаптарына сай жаб­дықталған. Осының бәрі жаңа жұмыс орындарын ашуға да септігін тигізіп отыр. Бөлімшенің салтанатты түрде ашылған тұсаукесеріне аудан хал­қымен қоса, жергілікті мәс­лихат депутаттары, «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің мүшелері, пошта саласының ардагерлері мен корпоративтік клиенттері қаты­сып, «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Аркен Арыстанов: – Пошта – пошта байланысы бөлімшесінен басталады. Біздің басты мақсатымыз – еліміздің әр­­­бір тұрғынын пошталық және қар­жылық қызметтің барлық тү­рімен қамтамасыз ету болған­дық­тан, осы пошта бөлімше­сі­нің аш­ылуы бүкіл Қазақстан бой­ынша пошта бөлімшелерінің қа­ла­лық және аудандық жүйе­лерін жаңарту жө­ніндегі ауқым­ды жо­ба­ларына жол салып береді, – деді. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.