• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
28 Қараша, 2016

Павлодар рингі күштілерді анықтады

176 рет
көрсетілді

Павлодарда бокстан Қазақстан біріншілігі мәресіне жетті. Еліміздің барлық аймағынан келген былғары қолғап шеберлері он салмақ бойынша өзара мықтыны анықтады. Сенбі күні жарыстың жартылай финалдық кездесулері өтті. Бұл жерде барлығын тізбектемей-ақ, тек 56 килодағы бәсекеге тоқ­талсақ. Осы салмақта бақ сы­на­ған Қайрат Ерәлиев пен Ілияс Сүлейменовтің ұрысы жан­күйер­лердің айызын қандырды. Финалға татитын жекпе-жек дер­сің... Жаңа салмаққа ауысқан І.Сүлейменовтің асығыстау қи­мыл­дағаны болмаса, жеңіске деген жігері көпшіліктің көңілінен шықты. Алғашқы раундта Қ.Ерәлиев белсенділік танытып, бірінші нөмірмен өнер көрсетті. Ал келе­сі кезеңде Сүлейменов жойқын соқ­қыларымен таразы басын теңес­тіргендей еді. Әйткенмен, соңғы раундта көптен бері осы салмақта ысылған Ерәлиев өзіне сенімді көрінді. Төрешілер де шым­кенттік жігіттің 29:28 есебі­мен жеңіске жеткенін айғақ­тап берді. Сонымен, жартылай финалда жиырма боксшы іріктеліп, ақтық айқасқа беттеді. Турнирді аса жеңіл салмақтағы Теміртас Жүсіпов пен Жомарт Ержан бас­тады. Шайқас тартысты өтке­ніне қарамастан, бұлардың бірін­шісі 3:0 есебімен ұтты. 52 ки­лода Азамат Исақұлов топ жарса, Оңтүстіктен келген Қай­рат Ерәлиев (56 кг) финалда қар­сыласын қиналмай жеңді. Өске­мендік Әділет Құрметов те (60 кг) осымен екінші мәрте ел чемпионы атанды. Сондай-ақ, алтыннан алқа таққан Бекдәулет Ибрагимов (64 кг) пен жас пері Абылайхан Жүсіповтің (69 кг) шеберліктерін ерекше атап өтуге болады. 75 килода сынға түскен Әбілхан Аман­құл жойқын соқ­қы­ларын қарсыластарына дөп ти­гізіп жүріп, биік тұғырдан көрінді. Рио Олимпиадасында жолы бол­мады демесеңіз, қалған тур­нирлердің барлығын жеңген Жәнібек Әлімханұлы жаңа сал­мақ – 81 килоны жатсынбады. Павлодар төрінде ол алдымен ¼ финалда өзімен аттас Жәнібек Қартбаевты мерзімінен бұрын жарыстан шығарды. Ал жартылай финалда жастар арасында әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Вадим Казаковты төрт (!) рет нок­даунға жіберді. Әлім­ханұлының жарқын әрі ашық ұрысын сырттай бақылаған оның келесі қарсыласы Нұрдәулет Жарманов финалда түк бітіре алмады. Тіпті, Жармановқа соңғы раундта екі рет есеп ашылды. Осылайша, Алматы облысының өрені бұл салмақтың иесі кім екенін көрсетті. Жартылай финалдың алдында Алматы облысының аға жат­тықтырушысы Тұрсынғали Еділовтің тамырын басып көр­генбіз. Бапкер бұл турнирде Әлім­хан­ұлына тең келер ешкім жоқ екенін, оның сол қолмен ұрған соқ­қысына екінің бірі шыдас бере алмайтынын айтқан-ды. Айтқаны айдай келді. 91 кило салмақта жұдырық­тасқан Антон Пинчук те ешкімге есесін жібермеді. Қостанайлық боксшы қолының ұзындығын тиімді пайдаланып отырды. Фи­налдағы қарсыласы Серік Мұ­саділовке құрмет көрсетуге болады. Спорт шеберлігіне кандидат бола тұра, ол соңғы раундта Пин­чукке біршама соққы дарыта алды... Аса ауыр салмақта Олжас Боқаев­тың бағы жанды. Павлодарлық бокс­шы жартылай финалда оңтүс­тікқазақстандық шебер Нұржан Бекзатовтың жолын ке­с­кеннен кейін, жергілікті жан­күйерлер оған үлкен үміт арта бастады. Олжас жерлестерінің сенімін ақтады. Ол ақтық сында өзінен әлдеқайда ұзын, денелі Қамшыбек Қоңқабаевпен теңдей ұрысып, бас жүлдені өліспей беріспейтінін аңғартты. Нәти­же­сінде, үш төрешінің екеуі ұпай ба­сымдығын Боқаевқа бер­ді. Біріншілікке Қазақстанның барлық аймақтарынан мықты деген 186 боксшы қатысты. Мұн­­да тек Данияр Елеусінов, Әділ­бек Ниязымбетов, Василий Левит және Иван Дычко тәрізді Олим­пиа­да жүлдегерлеріне де­малыс бе­ріліпті. Сондай-ақ, құра­ма­ның бұрынғы мүшелері Біржан Жа­қып, Олжас Сәттібаев және Бе­рік Әбдірахманов бұл сыннан көрінбеді. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыс­тары мен Астана қаласы турнирге 15 боксшыдан қосты. Ең аз былғары қолғап шебері Қы­зыл­орда, Қостанай, Солтүстік Қазақ­стан және Батыс Қазақстан облыс­тарынан келген. Олардың әр­қайсысынан – 9 боксшы. Қалған аймақтан 10-12 былғары қолғап ше­берлері өнер көрсетті. Бас бапкер Мырзағали Айтжа­новтың айтуынша, жүлдеге ілік­кендер алдағы уақытта түр­лі дең­гейдегі жарыстарға қатысады. Өз мық­­тылығын дәл­ел­дегендер ке­лер жылы Азия және әлем бірін­ші­­лігінде ұры­суға мүмкіндік алады. Алмас МАНАП, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР Суретті түсірген Данияр МАЙЛЫБАЕВ

Чемпиондар тізімі

49 кило. Теміртас Жүсіпов – Ақмола облысы. 1988 жылы туған. Бокспен шұғылданғанына – 8 жыл. Қазақстанның 3 дүркін (2013, 2014, 2016 ж.ж.)  чемпио­ны, Азия чемпионы (2013 ж.). 52 кило. Азамат Исақұлов – Маң­ғыстау облысы. 1991 жылы туған. Боксты 11 жылдан бері серік етеді. Қазақстан чемпионы (2011, 2016 ж.ж.). Қазақстан Спарта­киадасының финалисі (2015 ж.). 56 кило. Қайрат Ерәлиев – Оңтүстік Қазақстан облысы. 1990 жы­лы туған. Бокспен шұғыл­дан­ғанына – 10 жыл. Әлем бірін­шілігінің қола жүлдегері (2013 ж.), Рио Олимпиадасына қаты­сушы. 60 кило. Әділет Құрметов – Шығыс Қазақстан облысы. 1994 жылы туған. 11 жылдан бері бокспен айналысып келеді. Қазақстан чемпионы (2013, 2016 ж.ж.). 64 кило. Бекдәулет Ибрагимов – Оң­түстік Қазақстан облысы. 1995 жылы туған. Бокспен шұғыл­данғанына – 5 жыл. Қазақстан Спар­такиадасының жүлдегері (2015 ж.). Спорт шебері. 69 кило. Абылайхан Жүсіпов – Қарағанды облысы. 1997 жылы туған. Жасөспірімдер арасында әлем чемпионы.  Боксты 12 жылдан бері серік етеді. Рио-де-Жаней­рода өткен ХХХІ жазғы Олим­пиадасына қатысушы. 75 кило. Әбілхан Аманқұл – Жамбыл облысы. 1997 жылы туған. 8 жылдан бері бокспен шұғылданып келеді. «Астана-Арландары» кәсіби бокс клубының мүшесі. Жастар арасында Азия чемпионы. 81 кило. Жәнібек Әлімханұлы – Алматы облысы. 1993 жылы туған. Азия (2013 ж.) және әлем чем­пионы (2013 ж.). Азия ойын­дарының чемпионы (2014 ж.). Рио Олимпиадасына қатысушы. 91 кило. Антон Пинчук – Қос­танай облысы. 1988 жылы туған. Қазақстанның үш дүркін чем­пио­ны (2012, 2013, 2016 ж.), Азия (2013 ж.) жә­не Азия ойын­дарының чемпионы (2014 ж.). +91 кило. Олжас Букаев – Пав­лодар облысы. 1992 жылы туған. Қазақстан Спартакиадасының фина­лисі (2015 ж.). Бірнеше халық­аралық турнирдің жеңімпазы.

Мамандар пікірі

Ермахан ЫБЫРАЙЫМОВ, Сидней Олимпиадасының чемпионы: – Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Барлық салмақта бәсекелестік бар деп айтуға болады. Тек 60, 64 килода сынға түскен балаларға әлі де болса шыңдалу керек. Жәнібек Әлімханұлы мен Абылайхан Жүсіповтің рингтегі өнерлері жақсы әсер қалдырды. Марат МӘЗІМБАЕВ, кәсіпқой бокстан IBA чемпионы: – Халықаралық аренада 56, 69, 81 және 91 кило салмақта нәтиже болатынына сенімдімін. 69 килоға ауысқан Абылайхан Жүсіпов бұл турнирде жақсы айқасты. Бірақ аздап қателіктері де бар. Егер де бапкерлер онымен дұрыс жұмыс жасап, кемшіліктерін түзейтін болса, онда бұл бала Серік Сәпиев ағасы секілді үлкен жетістікке жетеді. Серік СӘПИЕВ, «Астана-Арландары» кәсіби бокс клубының директоры: – Әрбір жекпе-жекті тапжылмай қарап отырдым. Жігіттердің қарымы жақсы. Жүлдегерлердің арасынан «Астана Арландары» сапына жарайтындар жетер­лік. Алдағы уақытта құрама жаттықтырушыларымен ақылдасып, бірнеше боксшыны қатарымызға қосатын боламыз. Жалпы, турнир жаңа таланттарды табу жөніндегі мақсатын жақсы орындады.