• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2016

Елінің алтын діңгегі

180 рет
көрсетілді

Мұхит үстіндегі сеңді еріту оңай шаруа болмағанымен, адам көкірегінде жатқан арман – сеңді жібіту әлдеқайда қиын екеніне ғасырлар бойғы тарихымыз куә. Адам санасындағы сеңді бұзып шығып, келешекке жол ашу асқан қайратпен тәуекелшілдікті бойына дарытқан, еліне сенімі мол, Қазақ елінің алтын діңгегі бола білген, халқын қадірлеп, Отанын ардақтаған Н.Ә.Назарбаевтың ғана қолынан келді. Өткен ғасырдың 90-жылдарының ба­сындағы Одақ тарағаннан кейінгі ел жағдайын бір сәт еске алайықшы. Сол кездегі сірескен қиындықтарды көре тұ­рып, жауапкершілікті «арқалап», 17 миллионнан астам халқына пана болуына, бел шешіп кіріскен азамат – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болды. «Ел бастау қиын емес, қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес, шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көрген жоқпын», – деген екен Бұқар жырау бабамыз. Елба­сының қыл көпірдің талайынан таймай өткеніне куәгерміз. Ұшы-қиыры жоқ кедергілерді жеңу үшін әр өңірдің, әр шаруаның айырмашылығын ескере отырып қиындықтарды жасырмай, оларды түзету жолдарына халықтың көзін жеткізіп ынтасын арттырып отырды. Мұнымен қатар, тәуелсіздікті баянды ету үшін, мемлекеттік шекараны анық­тап бекіту, дипломатиялық корпусты қа­лып­тастыру, тоқтап қалған өндірістерді іске қосу, халықтың әлеуметтік әлеуетін жақ­сарту, заңдылықты сақтау, халықтың өз еліне деген сенімділігін аттыру, мек­теп­тердің, басқа оқу орындарының үз­дік­сіз жұмыс істеуі, жастарға жаңа та­лапқа сай жағдайлар жасау, шетелдерде оқыту, пат­риот­тық рухын көтеру, шет мемлекеттерден инвестиция тарту сияқ­ты және т.б. мә­се­ле­лердің байыпты болуын қамтамасыз ету керек болды. Бұ­лар айтуға ғана оңай еді. Н.Ә.Назарбаевпен бірінші рет жүзбе-жүз кездесуіміз 1976 жылы Әзербайжан Республикасының астанасы Бакуде өт­кен Бүкілодақтық Азия және Африка елде­рімен ынтымақтастық комитетінің есеп беру, сайлау сессиясында болды. Сес­сияға делегаттар: Н.Назарбаев, Е.Сер­­кебаев, Е.Лизунова, Ш.Мұртаза, Ө.Жә­нібековпен бірге қатыстық. Азия және Африка елдерінен келген қонақтар болды. Олар өз елдеріндегі отарлық қыс­пақтарды жеңіп, жеке мемлекет болып қалыптасудың, әлеуметтік қиындықтарды шешу жағдайларының қиындықтарын айтып, біздің елге рахметтерін жеткізді. Арамызда шетелдермен кездесу жиналысына бірінші болып қатысқан партия қызметкері, талапты да талантты жас Нұрекеңнің алды ашық болатынына зор сеніммен тілектер айтыстық. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Ор­та­лық партия комитетінің өндіріс жөнін­дегі хатшысы болып сайланғанымен құт­тықтап, жақында жарық көрген өзімнің кітапшамды ұсындым. 2003 жылы Астанада әйелдер мере­­кесі – 8 наурыз қарсаңында Н.Ә.Назарбаев қатысқан үлкен республикалық жиналыс өтті. Оған Парламент мүшелері, ми­­­нис­трлер қатысты. Бұрынғы астана – Ал­ма­тыдан бір топ делегат кел­генбіз. Келешегі зор жас қала Астананы құт­тықтап, жүзі көркем, айбыны биік, еліміздің өсіп-өркендеуіне бас болсын деген жақсылық тілектер айтқан едім. 2005 жылы Астанада Президент сайлауы қарсаңында өңірлік ардагерлер Кеңестерінің жетекшілері бас қосқан кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлының халыққа арнаған ойларын тыңдадық. Осы сапар барысында Еліміздің ардақты ақсақалдары – Бәйкен Әшімов бастаған ел ағалары Нұрекеңе сайлау алдында батасын берді. Ұлы Жеңістің 65 жылдығын Астанада қарсы алдық. Алматы қаласынан 20 шақты Отан соғысының ардагерлері, ішінде ота­ғасы Шапағат Әлбазарұлының (Берлинді алу операциясына қатысқан) салтанатты мәжілісте бірінші аты аталып, Нұрекеңнің қолынан «Құрмет» орденін алды. Тәуелсіздіктің әр жылына куәгер болып, оған ат салысу 1992 жылдан басталған екен. Алматы қалалық ардагерлерінің Жас­тар коммиссиясын басқа­рамын. Отан соғысына қатысқан, соғыс жылдары тылда еңбек еткен беделді аза­мат­тармен бірге мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында жастармен мәнді кездесулер, дөңгелек үстел, конференциялар өткіземіз. Зиялы қауым өкілдері өздері жүріп өткен өмірлері туралы айтып, жас­тарға білімді маман болуды, үш тілді мең­геруді, күнделікті өмірге икемделуді, халық­тар арасындағы татулықты сақтау, Қазақстандық патриоттық сезімді нақты істермен көрсетуді насихаттайды. Арда­герлердің қоғамдық жұмыстарға қатысқан еңбектері еш кеткен жоқ. Бір жарым миллиондай халқы бар, 130-дай ұлт өкілдері шоғырланған, әсем қала Алматыда, сондай-ақ бүкіл елімізде тыныштық пен татулық салтанат құрды. Мен тауды бұзып, тас жарған адам емеспін. Отан соғысы жылдары жер жыртып, егіс егіп, оны жинап мемлекетке өткізу мәселесінде көмекшілер қатарында болғаным бар. Атқарып келе жатқан еңбегім – жастарымыздың адал болуына, білімді болуына, ұлттық әдет-ғұрып пен, пат­риоттық рухта тәрбиеленуіне шама келгенше көмектесіп, жасым 90-ға жақындап отырса да ел бірлігіне үлес қосып отырғаныма тәубе деймін. Жер жүзі мемлекеттеріне үлгі көр­сеткен, адам көкірегіндегі сеңді бұзып, қазақ елін Мәңгілік жолға бастаушы Тұң­ғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Алла жар болсын! Мере­ке құтты болсын, еліміз­ге таусылмас табыс, зор абырой тілеймін! Бижамал РАМАЗАНОВА, Алматы қаласының құрметті азаматы, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі