• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2016

Дана Нұрсұлтаннан бала Нұрсұлтанға ақ бата

254 рет
көрсетілді

Арқа төсіндегі кен өндірісінің алыбы саналатын Жезқаз­ған аймағына Елбасы Н.Ә.Назарбаев сан мәрте ат басын бұрды. Қоңсылас жатқан Жезқазған, Сәтбаев қалаларын­дағы халықтың әл-ауқатын, өндірісті шаһарлардың өсіп-өркендеу жолындағы игілікті істерін көзбен көріп, оң істерге сәттілік тілегенін қалың жұртшылық жақсы біледі. Әр сапарында Елбасы ел игі­лігі­не қажетті, маңызды әлеу­мет­тік нысандар мен ірі жоба­лар­дың тұсауын кесіп, жан бі­тір­ді. Мұн­дай істе еліміздің Тұң­ғыш Пре­зи­дентінің қол­таң­басы қал­ғанын қос қаланың азаматтары мақ­тана да, мадақтай да айта алады. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің қасиетті мекенге табан тіреген сапарларында кеншілер қаласын да назардан тыс қалдырған емес. Әлемдік деңгейде алпауыт компания атан­ған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің мұрындық болуы­мен бой көтеріп, қайта жөндеуден өткен әлеуметтік нысандардың ашы­лу салтанатында құрметті қонақ болды. Қарап отырсақ, Президенттің шағын шаһарда болуының өзі тарихи оқиғаларға толы. Жоғары­да атап өткендей, «Қа­зақ­мыс» корпорациясының қар­жылан­дыруы­мен қайта жан­данған, не болмаса еңсесін тік­теген ғимарат­тар Сәтбаев қала­сына сән беріп, халыққа қал­т­қысыз қызмет етуде. Осындай ны­санның бірі де бірегейі ретінде компанияның көмегімен тамырына қан жүгірген қалалық орталық аурухананы айтуға болады. Кеншілер қаласына деген ком­панияның мұндай сыйына Елбасы өзі куә болған еді. Тоқ­са­­ныншы жылдардың тоқы­рау­ына тап келген қаладағы жал­­­­­ғыз емхананың алдағы тағ­ды­­­рына алаңдаған компания бас­­­­шылары да, Елбасы да оның ха­­лыққа қолайлы жағдайда жұ­мыс жасауына көп көңіл бөлді. Ем­­ха­­наның күрделі жөндеуден ке­йін қайта жанданған сәтіне ха­лық­пен бірге қуанып, мұндағы білік­ті мамандардың ісіне сәт­тілік тіледі. Бұл 2003 жылдың жиырма бесінші қазаны болатын. Содан бері арада он үш жыл өтті. Осы тарихи оқиғаның бірден-бір куә­гері ретінде кеңінен сөз қоз­ғай ала­тын қалалық орталық ауру­хананың бас дәрігері Жо­март Ахановтың айтуынша, Нұр­сұлтан Әбішұлы емхананы ашу салтанатына қатысқанда талай адамның тағдырына тікелей әсерін қалдырған... Иә, дәл солай. Кеншілер қа­ла­­сындағы жалғыз орталық ауру­хананың ашылу салтана­тына келгенде Президент халықтың «Енді бұл емхананың алдағы тағдыры не болады екен?» деген алаңдаушылығын бір сейілтсе, Президенттің осы сапарымен тұспа-тұс өмірге келген сәбилерге де аталық ақ батасын берді. Мен сөз еткелі отырған сол сәби бүгінде ат жалын тартып мініп, құрбы-құрдас, дос-жарандарының арасында білімпаздығымен, өнерімен дараланып жүр. Ол қаламыздағы алдыңғы қатарлы білім ошағы саналатын, сұңғыла жырдың дара­бозы Сәкен Сейфуллиннің атын еншілеген гимназияның 8 сынып оқушысы Нұрсұлтан Нұржігіт. Онымен жүздесуге арнайы білім ошағына іздеп бардым. Бір көргеннен көпшіл, үлкенді сыйлап, кішіге ізет білдіретін па­йым-парасаттылығымен көзі­ме оттай басылған Нұрсұлтан зеректігін байқатты. – Дүние есігін ашып жатқан миллиондаған сәбидің ішінен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ма­ған өз есімін қойып, куәлігіме «Бақытты бол!» деп ақ пейіл ті­леу­лестігін білдіруі мен үшін үл­кен абырой әрі үлкен жауап­кер­­шілік. Оң-солымды енді танып жатқанда анам маған «Сенің есіміңді тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті қойған. Балам, сондық­тан осы атаққа лай­ықты азамат бол», деп үнемі ай­тып отыратын. Әрине, мұның мә­нісін енді түсініп, бұл есімнің қа­дір-қасиетін ұғынғандаймын. Нұрсұлтан атаның қазақ елі­не жасаған игі істерін, еліміздегі тату­лық пен біртұтастық идея­сын қалыптастырудағы өзіндік сара жолын газет-журналдар мен теле­арналардан үнемі бақылап, өзімді-өзім анам айтқандай абырой­лы азамат болып ержетуге шыңдай­мын. Елбасына елік­теп, үнемі білім­ге, білуге құмар­тамын. Ол кісінің өмір жолы жай­лы деректерді оқып, кинолар­ды көргенде бала жасы­нан оқуға, білуге құштар бол­ғанын байқадым. Менің өмір­дегі жолыма жарық сәуле сый­лаған Нұр атаның «Бақытты бол!» деген сөзі сәл мұңайған сә­тім­де сейілтіп, серпін береді. Елбасының бұл сөзі маған «Мәңгілік қазақ елінің, айбынды да айбарлы еліңнің қамқор азаматы бол, сонда сенің бақытты жұл­дызың жанады» деп рух берет­індей. Ал жауапкершілігіне келер болсақ, менен көп ізденуді, оқып, білім алып, келешекте елімнің еңселі азаматы болып өсуге тәрбиелей­тін­дей,– дейді бала Нұрсұлтан. Ұстаздарының айтуынша, Нұрсұлтан өте алғыр. Ол, әсіресе, математика пәнін құмарта оқи­ды. Бос уақытын спорт залында, кі­тапханада өткізетін дарынды баланың сабақ үлгерімі өте жақ­­сы. – Мектебімізде мұндай ба­ланың тәлім мен тәрбие алып, бі­лім­ге сусындауы біз үшін де мақ­таныш. Адам кімге еліктеп, кімді үлгі тұтса сол адамның жолын өзіне сара жол етіп таңдап алады ғой. Нұрсұлтан Елбасы жолын таңдап, еліне етене ұл болып жатса, нұр үстіне нұр емес пе? – дейді гимназия директоры Гүлбану Сүйінжанова. Тәуелсіздік – бізге теңдік пен бос­тан­дық таңын сыйлаған аса кие­лі ұғым. Сан ғасырлар бойы ата-баба аңсаған азат күннің Қазақ елі­­нің кө­гінде көтеріліп, көк Туы­мыз­дың желбіреуі ұлттар мен ұлыс­­тар үшін баға жетпес бай­­лық. Ши­рек ға­сыр ішін­де шежі­ре­лі та­ри­хын қа­лып­тас­ты­рып, ең­­се­­сін тіктеген еліміз Ел­басы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал сая­саты­­­­ның арқасында әлем елде­рі­нің қа­­та­ры­­нан ойып тұрып орын алды. Қазақтың бағына біткен мұн­дай тұлғаның тағылымы – елі­міздің келешегі деп сенім артқан жастарға үлгі. Бағдат ҚАЗКЕНОВ, журналист Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы