• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2016

Ұлы көштің ұйытқысы

203 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда «Қазақстан Республикасы», «Қазақ елі», «қазақ халқы» деген атаулар бүкіл әлемге таныс. Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен ерлігі мен көреген саясатының арқасы. Қазақ халқын болашақтың даңғыл жолына бастап, биік белестерге жетелеген де Елбасымыз. Елбасының Тәуелсіздік жолын­дағы тағы да бір тарихи ерлігі сол – аласапыран жылдары тарыдай шашы­раған қазақтың басын қосып, ата­мекеніне, Отанына шақыруы. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ радиосы арқылы «Алыс­тағы ағайынға ақ тілек» жол­дап, осы ақжолтай хабарды қысыл­таяң, қиын сәттерде төрткүл дүние­нің төрт бұрышына жайылған қандастары­мыздың құлағына өз дауысымен терең тебірене жеткізген еді. Іле-шала 1992 жылдың 28 қыркүйегі мен 5 қазаны аралығында сол кездегі аста­на­мыз Алматы қаласында әлем қазақ­тарының тұңғыш құрылтайы өтіп, онда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Азаттықтың арқасында тарихи Отанының топыра­ғына табандары тиіп, әлемнің алты құр­лығы­нан атажұртқа, осы Құрылтайға жинал­ған ағайын қауымдастыққа төраға етіп Тәуелсіз Қазақ елінің Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты бір ауыздан сайлады. Елбасы Жарлығымен Көші-қон департаменті құрылып, 1993 жылдан бастап алыс-жақын шетелдерден Қазақстанға қоныс аударғысы келетін этникалық қазақтарға квота белгіленіп, көші-қон мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілді. Мұның бәрі – халқының қамын, ұлтының жарқын болашағы мен кемел келешегін ойлаған, мем­лекетінің мәртебесін асқақтат­­қан көреген Елбасының Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасын­дағы ұлан-ғайыр айбынды Алаш дала­сын қазаққа толтырсам деген асқақ арманына деген үлкен ұмтылыс еді. Бұл арманы орындалып, әлі күнге дейін Қытай, Түркия, Иран, Монғолия, Өзбекстан, Ауғанстан сияқты көптеген елдерден қандастарымыз атамекеніне оралуда. Бір ел, бір халық болып бүкіл қазақ халқы бірігіп, жаңа, тәуелсіз Қазақстанымыздың көркеюі үшін өз үлестерін қосып, барын салды. Еліміздің демографиялық ахуалына да, салт-санасы мен әдет-ғұрпының жаңғыруына және мәдени саласы мен оқу-ағарту бағыттарына қосқан сүбелі еңбектері өз алдына бір бөлек әңгіме. Елбасы қазақтардың Дүниежүзілік құрылтайын өткізіп тұруды үрдіске айналдырды. Құрылтайда шетелде тұратын қазақ өкілдерін Қазақстан­ның жоғары оқу орындарында оқыту үшін жағдай жасау, сондай-ақ тарихи Отанына инвестициялар орналастыру мүмкіндіктері, бизнес байланысын нығайту, еліміздің әрбір өркендеп дамыған, жеткен жемісті жетістіктері мен бағындырған биік белестерінен шетте жүрген қандастарымыздың толықтай ақпарат алуына ықпал ету, кәсіпкерліктің даму жағдайы, мемлекет пен бизнес-қоғамдастықтардың өзара қарым-қатынасы секілді мәселелер қаралады. Міне, Елбасы сүбелі үлес қосып, өзі төрағалық еткен қазақтардың Дүние­жүзілік құрылтайына 24 жыл, Тәуел­сіздігімізге 25 жыл, алғашқы табан тіреген көшке де 24 жыл толды. Осы алғашқы көшпен біздің де атамекенге оралғанымызға 24 жылдан асып барады. Біз отбасымызбен атамекенге көшіп келіп, мəуелі бəйтеректей жайқалып өсіп-өндік. Қазіргі таңда еліміздің гүлденуіне өз үлесімізді қосып келеміз. Əкем Өміртай өз мамандығы бойынша ұстаздық қызметін осында жалғас­тырып, он жеті жылдан кейін зейнет­керлікке шықты. Анамыз Зейнелхан жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Қазіргі таңда екеуі де зейнеткерлікте. Отбасында он баламыз. Əрқайсымыз əр салада еңбек етіп ел игілігіне өз септігімізді тигізудеміз. Əулетімізде ұстаз да, дәрігер де, заңгер мен эконо­мист те, кәсіпкер де, журналист те, суретші де бар. Біздің осындай жарқын болашаққа қол жеткізуіміз Елбасының арқасы, Тәуелсіздіктің игілігі мен жемісі деп білеміз. Мұның барлығы шетте жүрген қандас бауырларына, қазағына тарту еткен баға жетпес сыйы мен бақы­ты десек, артық айтқанымыз емес. Тәуел­сіздіктің тəтті ұғымы мен бос­­тандық саясында өскен өзімді бақытты сезінемін. Ғасырға бергісіз 25 жылдың ішінде қазақ деген ұлтты, халықты, Қазақстан атты елді БҰҰ құрамындағы барлық мемлекеттер мойындап, тәуел­сіздігін таныды. Елінің қамын ойлап, татулығы мен бірлігін жарастырып жүрген Елбасына тек қана алғыс айтамыз. Елінің алғы­сына бөленіп, ақ батасын алған Елба­сы­мыздың мерейі асқақ, еліміздің мәр­тебесі биік болсын, ағайын!  Ания ӨМІРТАЙ Алматы облысы, Өтеген батыр кенті