• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
23 Қыркүйек, 2011

Ұлттық тарих – тәуелсіздік тұғыры

426 рет
көрсетілді

Жуырда Астанада Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі: қалыптасуы мен даму көкжиегі» деген тақырыпта республика тарихшыларының тұң­­ғыш конгресі болып өтті. Бұл басқосуда ел тарих­шы­лары алдында тұрған мақсаттар айқындалып, міндеттер белгіленді. Кеңестік дәуірде тарих көбінесе коммунистік идео­логияның ықпалында болғандықтан, көп нәрсе сол тұрғыда жазылды, ақиқатты айта алмады. Егемендігімізбен бірге елі­міздің шынайы тарихын қалыптастыру қолға алынды. Әлемдегі іргелі мемлекеттер­­­дің көрнекті басшыларының көп­­ші­лігі кезінде өз қоғамының өт­пелі кезеңінде ең алдымен мемлекет тарихына алаңдап, оның ақ-қарасын анықтап алуға барынша көңіл бөлгені тарихтан белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­ры­нан бастап-ақ тарихи сананы қалыптастыру, тарих ғылымын же­тілдіру Елбасы Н.Ә. Назар­ба­ев­тың көреген саясатының басым бағыттарының бірі болып келеді. Президенттің бастамасымен 1995 жылы «Қазақстан Республикасы тарихи сананы қалыптастыру тұ­жырымдамасының» қабылдануы, 1998 жылдың «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жа­рия­лануы, ал 2004 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама­сы­ның қабылдануы осының айғағы. Президенттің «Тарих толқы­нын­да», «Сындарлы он жыл», «Қа­зақ­стан жолы» атты еңбектері өтке­німізді түсінудің, зерттеудің негізін қалыптастырды. Археологиялық зерттеулер, «Мә­дени мұра» бағдарламасы бой­ынша жарияланып жатқан том-том кітаптар тарихымыздың тым те­рең­де жатқанын дәлелдейді. Тәу­ел­сіздіктің арқасында Қазақ елі көш­пелілер өркениетінің ор­та­лы­ғы, түркі халықтарының атажұрты ретінде әлемге таныла бас­тады. Ен­дігі жерде тарихымызды әлем­дік деңгейге көтеру мәселесі cөз болып отыр. Өйткені, тарих ұлт бірлігі мен отаншылдыққа тәрбие­л­еудің басты факторла­ры­ның бірі, халықтың зердесі, тәу­елсіздіктің ал­тын тұғыры болып табылады. Осы жиында ел та­ри­хын зерттеп, зерделеу мәселесі жан-жақты сөз болды. Әсіресе, Білім және ғылым министрі Ба­қыт­жан Жұмағұ­лов­тың республика тарихшыларының басын қоса­тын бір ғылыми үй­лестіру орта­лығын құру жөніндегі пікірі өте орынды деп білеміз. Сонымен қатар, конгресте Отан тарихынан жаңа көптомдық іргелі еңбек дайындау жайлы әң­гіме қозғалып, аймақтар тарихы бойынша да осындай кітаптар шы­ғару жөнінде ұсыныстар ай­тыл­ды. Осыған орай, Оңтүстік тарихшыларының басын қосып, өңір тарихын ғылыми түрде ба­ян­дайтын іргелі еңбек даярлау жай­ын ақылдасу кезек күттірмес, ау­қымды жұмыс деп ойлаймын. Сейдехан ӘЛІБЕК, тарих ғылымдарының докторы. Оңтүстік Қазақстан облысы.