Өткен жексенбі күні Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Қытай Халық Республикасы Халық өкілдері бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы У Бангомен кездесіп, келіссөз жүргізді.
О.Мұхамеджанов өзінің сөзінде Парламент Мәжілісі Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікке ерекше көңіл бөлетінін және оның дамуына үлес қосатынын айта келе, қос мемлекет арасындағы ынтымақтастық байланыс екі ел мен екі ел халықтарының талаптарына толық жауап беретінін жеткізді. Қазақстан мен Қытай арасындағы көршілес елдердің тұрақты достық қарым-қатынасы – халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі, деді Парламент Мәжілісінің Төрағасы.
О.Мұхамеджанов сондай-ақ соңғы жылдары қос мемлекет арасында жоғары деңгейде жүргізілген кездесулер мен келіссөздер ынтымақтастықтың өркендей түсуіне жол ашқанын атап көрсетті және мәртебелі мейманды Қытай Халық Республикасының құрылғанына 62 жыл толуымен құттықтады.
У Бангоның ресми сапармен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында келіп отырғанын айта келіп, осы кезең ішінде мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген сарабдал саясат арқасында Қазақстан халықаралық деңгейде бейбітшілік пен қауіпсіздікті, ұлтаралық және дінаралық үнқатысуды нығайтуға, ядросыз әлем орнату ісіне айтарлықтай үлес қосқанын көлденең тартты.
Бұл күнгі екіжақты кездесу шеңберінде Қазақстанның 2010 жылы ТМД елдерінің арасынан бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткендігі, соның нәтижесінде аталған ұйымның қызметіне жаңа серпіліс берілгендігі, соңғы 11 жылдан бері өтпей келген ЕҚЫҰ Саммитін Астана қаласында шақыруға мүмкіндік туғандығы, қабылданған Астана декларациясының ЕҚЫҰ-ның беделін көтере түсуге негіз қалағаны атап көрсетілді.
Биыл Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына жетекшілік ету жөніндегі маңызды міндетті өз жауапкершілігіне алғандығы белгілі. Осы тұрғыда халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайту, Ислам әлемі мен Батыс арасындағы үнқатысуды жақындастыру бағытында қандай мәселелерге көңіл бөлініп отырғандығы да назардан тыс қалмады. Мәжіліс Төрағасы бұл ретте еліміздің экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы жетістіктерін мысалға келтірді.
Қос мемлекеттің қарым-қатынасын арттыруда парламентаралық байланыстың рөлі де зор екені анық. 2007 жылдан бері Қазақстан Парламентінің Мәжілісінде 24 депутаттан тұратын Халық өкілдері бүкілқытайлық жиналысымен ынтымақтастық тобы жұмыс істейді. Ал өткен жылғы қараша айында Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Төрағасы Цзя Цинлинь елімізге келген болатын. Қазақстан Парламенті қытайлық әріптестерімен экономикалық өрлеу және әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың заңнамалық қамтамасыз етілуі тұрғысында тығыз байланыс орнатып келеді.
Мәжіліс Төрағасы, атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес секілді бірқатар халықаралық ұйымдар мен форумдар шеңберінде Қазақстан мен Қытайдың өзара қарым-қатынасы жоғары деңгейде екенін жеткізді. Алдағы уақытта да екі елдің халықаралық істерде бір-біріне стратегиялық әріптестік қолдау көрсетіп отыратынына сенім білдірді. Сөзінің соңында О.Мұхамеджанов екі елдің арасындағы байланыс алдағы уақытта тереңдей түсетіндігіне үміт артты.
У Банго ең алдымен жылы қабылдап, еліне ықылас танытқандары үшін қонақжай қазақ еліне алғыс білдірді. Көп жылдан бері Қазақстан Қытаймен арадағы ынтымақтастықтың дамуына айрықша назар аударып келгені анық. Және осы жылдар бедерінде қазақ жұрты қос елдің сан салалы байланысының өрістеуіне айтарлықтай үлес қосты. Мұндай әріптестік болашақта да дами түседі деген ойдамыз. Қытай сіздердің қос тарап арасындағы байланыстың дамуы бағытында атқарып жатқан жұмыстарыңызды жоғары бағалайды. Бұл – Қазақстанға жасаған алғашқы сапарым. Мен Алматы қаласында болып, енді міне, Астана қаласына келдім. Аз ғана уақыт болған күннің өзінде сіздердің елдеріңіз, әсіресе, Астана маған үлкен әсер қалдырды, деді У Банго.
Бұдан кейін ол Қазақстан мен Қытай арасындағы қалыптасқан байланысты дамытудың жолдары, соның ішінде, парламентаралық ынтымақтастық, халықаралық парламентаралық ұйымдарда өзара ықпалдастықты нығайта түсу жөніндегі өз ойларымен бөлісті. Бүгінде Президент Н. Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстандағы қоғамдық-саяси тұрақтылық берік қалыптасып келеді. Ел ішінде жоғары экономикалық өрлеу бар. Қазақстанның ұстанымы нығайып, әлемдік беделі өсуде. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш ретінде сіздердің елдеріңіз Орталық Азияда жетекші елге айналды. Сол себепті біз өз тарапымыздан сіздерді жеткен жетістіктеріңізбен құттықтаймыз. Болашақта бұл жетістіктеріңіз еселене түседі деген сенімдеміз, деді Тұрақты комитет Төрағасы. Сөзінің соңында У Банго Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановты ресми парламенттік сапармен Қытайға келіп кетуге шақырды.
Кездесуден кейін Мәжіліс Төрағасының шақыруымен У Банго Мәжілістің құрметті қонақтар кітабына тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.