• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2011

Қазақ теледидарының жаңа дәуірі

1460 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік тойы қарсаңында рухани өмірімізде екі бірдей шын мәніндегі ғажайып оқиға болып өтті. «Қа­зақ­стан» ұлттық телеарнасы 1 қыркүйектен бастап толық қа­зақ тілінде хабар таратуға көшсе, ел Тәуелсіздігінің ме­рей­тойы­на тағы бір рухани тарту – «Мәдениет» телеарнасы дүниеге келді. Кеше Тәуелсіздік сарайында осынау қос қуанышқа және де бал­ғындарға балтамызғы – «Балапан» телеарнасының ашылғанына 1 жыл толуына арналған мерекелік шара өтті. Қазақ елі өз алдына тәуелсіз ел ретінде көк туын желбіреткелі талай тарихи оқиғаға куә болып келеміз. Ел мерейін өсі­рер қуаныштың бәрінің жөні бө­лек екені рас, алайда солар­дың ішінде рухты өткірлейтін, намысты жанитын ең ерекшелері ел есінде мәңгі қалып қоя­ты­нын ескерсек, тіл құдіретінен, ана тілінің айбынын асырудан асқан парыз жоқ дер едік. Сол ежелгі ата-бабалар өсиетіне адал­дықтың ең ізгі иірімінің «Қазақстан» ұлттық телеар­на­сы­нан басталуы жайдан-жай бол­маса керек. Бүгін аспа­ны­мыз бұлттан шайдай ашылып, тіл шуағы құлпыра шашылғандай әсерге бөленіп жатырмыз. Қазақ елі тағы да өзінің рухани бір тұма бұлағының көзін ашып, шат­тық­қа кенелуде. Елімізде болып жа­та­тын түрлі жаңалықтарға құла­ғы­мызды тосып елеңдеп отыра­ты­нымыз рас. Алайда мынадай қуанышты хабарды, тәуелсіз ел­дің жиырма жылға жуық тари­хын­да алғаш рет өзінің таза мемлекеттік тілінде ғана хабар та­рататын арнасын ашуы туған ті­лі­нің алға басып кете алмай жат­қанына көңілдері құлазып жүр­ген талай қазақ баласының жердегі басын көкке тигізіп, кеудесіндегі үміт отын тұтатып жат­қанын білеміз. Соның ендігі кездегі аяқ алысы өсер жұрт­тың өне­гесіне лайық жобалармен алға баса берсін деп тілек айт­қан­ның артықтығы бола қоймас. Халқымыздың тамаша дәс­түріне сай әсем әнмен өрілген тұсаукесер кеште ортаға са­лын­ған ойлар мен құттықтау сөз­дер бірінен соң бірі жал­ғасып жатты. Әуелгі құттықтау сөзді Президент Әкімшілігі Бас­шысының орынбасары М.Әшім­баев сөйледі. Бүгін біз мұнда екі бірдей тарихи оқи­ғаның куәсі болып отырмыз, – деді Мәулен Сағатханұлы. – Біріншісі, «Қа­зақ­стан» те­ле­­­арнасының жүз пайыз қазақ тілінде хабар таратуы болса, екіншісі, елімізде тұңғыш рет жаңадан «Мәдениет» телеарнасының тұ­сауы кесілуде. Екі жоба да ел Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев­тың тікелей тапсырмасымен жүзеге асып отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бұл телеарна егемендігімізді насихат­тауға, елде болып жатқан жаңа­лық­тар мен табыстарымызды ха­лық­қа жеткізуге үлес қосып келеді. Жиырма жылдық шежірені қа­лыптастыруда оның атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз екенін білеміз. Бүгінгідей ірі оқиға келешекте мұның одан да биік жетістіктерге қол жеткізіп, қазақ теледидарына жаңа тарихи мүмкіндіктер ашарына сенеміз. Қазақстан тарихында таза қазақ тілінде хабар тарату құқына ие болған «Қазақстан» ұлттық арна­сын бүгінгі қуаныштарымен құт­тықтаймын, алдағы атқаратын жұмыстарына табыс тілеймін. Ал «Мәдениет» телеарнасына келетін болсақ, бүгінгідей жаһандану заманында мұндай ауқымды жо­ба­ның жүзеге асуы әбден көкейге қонады. Ұлттық мәдениетті, мә­дени мұраны кеңінен насихаттау арқылы ғана байырғы рухани құндылықтар тәуелсіздік рухы­мен жаңғыра түспек. Бұл сала­дағы әлем жұртшылығына қа­зақ­тың әлі таныстырар, үлгі етер өне­гелері жеткілікті. Елдің өрке­ниеті сол елдегі мәдениетке деген көзқараспен өлшенері белгілі. Сол себепті де жаңадан құ­рыл­ған ұлттық арнаның қызметі қай кезде де ұлттық мүддеге қызмет ете берсін деп тілеймін, деді М.Әшімбаев. Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев келе жат­қан Тәуелсіздік мерекесіне осы жаңалықтардың өте лайықты рухани тарту еке­нін атап өтті. Ел­ба­сының тап­сырмасымен жүз па­йыз қазақ тілінде хабар таратуға көшкен ұлт­тық телеарна мен жа­ңа­дан тұ­сауы кесіліп отырған «Мә­де­ниет» телеарнасының ал­да­ғы жұ­мыстарына табыс тіледі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы ақпан айын­да республикадағы жетекші БАҚ өкілдерімен өткізген сұх­батын­да «Қазақстан» телеар­на­сы­на толық қазақ тілінде хабар беруге көшуі қажеттігін жүкте­ге­ні белгілі. Осыған байланысты 1 қыркүйектен бастап, елімізде тұң­ғыш рет хабарларын тек қазақ тілінде жүргізетін рухани ошақ жұртшылықты айтулы ұлттық жо­ба­лармен таныстырып үлгер­ге­нін білеміз. Жарты ғасырдан ас­там тарихы бар ұлттық арна­ның жаңа кезеңіндегі тынысынан көңіл қошын кіргізер жаңа бағдарламалар көрініс таба бас­тағаны көрерменнің ризашылық сезімін туғызуда. «Кеш жарық», «Таңшолпан», «Екі жұлдыз» сияқ­ты бұрыннан бар бағд­арлама­лар­дың соңғы кездері өзгеше үлгіде қайта жаңғыра бастауы телеарна деңгейінің өсе түсуінің бір ай­ға­ғы. Бүгінде «Кеш жарыққа» кеш қалмайық дейтін болды халық. Оның әрқайсысы белгілі бір та­қы­рыпқа негізделіп, нақты тұлға­лар мен жалпы шығарма­шы­лық адамдарының туынды­лары­на ар­налуы көрермен қызы­ғушылы­ғын арттыра түсуде. Сон­дай-ақ жүргізуші шеберлігінің өсіп келе жатқаны байқалады. Қандай да табысқа болсын тек тыңғылықты дайындық арқылы жету мүмкін екенін ескерсек, ұлттық телеар­на­ның бүгінгі шы­ғып отырған шыңы да көп жылғы еңбектің нәтижесі деу ләзім. Бұл ретте тұсаукесер кешінде экран­нан бірталай жаңа бағдар­ла­ма­лар­дың көрерменге жол тартып жатқаны айтылды. Олардың ішінде «Саз толғау» музыкалық-танымдық ток-шоуы, «Дауа» ме­ди­циналық бағ­дарламасы, «Алаң» пікірталас клубы, «Иман айнасы» хабары, «Отандастар» деректі фильмдер топтамасы, «Тәуелсіздік шежіресі» деректі фильмдер жиын­тығы, «Даму» индустрия­лан­дыру ток-шоуы, «Екі жұл­дыз» музыкалық ойын-сауық шоуы­ның 4-ші ке­зеңі, «Болашақ» отандық теле­сериа­лы, «Өзек­жарды» жобасы арна ажарын ай­шықтай түседі деген үміт бар. «Қазақстан» РТРК арқауында былтыр қыркүйектің 27-сі күні «Балапан» телеарнасы өзінің кіш­кентай бүлдіршіндерін тәтті өнімдерімен қуантып тастаған. Шаңырақ көтергеніне бар-жоғы бір жылдың жүзі толған балғын арнаның сол уақыттан бері түрлі жанрда қызықты бағдарламалар әзірлегені, әлемнің үздік анима­циялық туындыларын ана тіліне тәржімалап ұсынуы сәбилердің нағыз көңілді отауына айналып үлгергенін аңғартады. Аталмыш арна кейінгі жас ұрпақты елдік мұраттарға бастап тәрбиелеуде қыруар іс тындыруда. Жыл бойы «Шеберхана», «Кел, ойналық», «Ән салайық», «Айжұлдыз», «Ай­­­гөлек», «Еркетай», «Толағай» сынды көптеген бағдарламалар балғын санаға бал татырса, келешекте «Санамақ» танымдық бағ­дар­ламасы, «Жүзден жүйрік» та­нымдық, спорттық, ойын-сауық­тық бағдарламасы, «Тентегім» әзіл-сықақ бағдарламасы, «Неllo, Балапан!» оқу-танымдық бағдар­ла­масы, «Бауырсақ» танымдық бағдарламасы, «Құлыншақ» бағ­дарламасы, «Балдырған» мульт­сериалы сынды үздік жобалар сәбилер әлемінің әрлі бояуынан сыр тарқатады. «Мәдениет» теле­арнасы 80 пайыз мемлекеттік, ал 20 пайыз өзге тілдерде хабар таратып, отан­дық және әлемдік мәдениет­тің озық үлгілері мен інжу-мар­жан­дарымен таныс­ты­рып отыру­ды нақты мақсат етіп қойып отыр. Қазақстан халқы­ның тарихи және мәдени мол мұрасын сақтап қалуды, қазақ тілін, рухани адамгершілік құнды­лық­тарды насихаттауды мұрат етеді. Республика жұртшылығы спутниктік арналар арқылы теле­энциклопе­дия­ларды, ең үздік қа­зақ кино­сын, Кеңес одағы тұ­сын­дағы көр­кем туындыларды, деректі фильм­дерді, әлемдік режис­сер­лердің озық туындыларын, тарихтан жә­не атақты тұлғалардың өмірбая­ны­нан сыр шертетін бағ­дарла­ма­ларды, ғылыми-ағарту­шылық си­пат­тағы дүниелерді, опера және концерттік бағ­дарла­ма­ларды, те­ле­қойылымдар мен балет өнерін тамашаламақ. «Ақ­сарай» музы­ка­лық-танымдық ха­бары бағдар­ламасында респуб­ли­калық дәс­түр­лі және клас­си­ка­лық театр­лар­дың үздік туынды­лары көрер­мен­ге жол тартса, «Сол жылдар» танымдық бағдар­ла­масы зерттеу тақырыптарына құрылып, кейіпкерлері отандық мәдениеттің қа­лып­тасуы мен дамуына ат­салыс­қан тұлғалар бол­мақ. «Өркениет» бағдарла­м­а­сы қазақ халқының бір­туар тұл­ғаларының пікіртала­сы­на құры­лып, жаһандану мәсе­ле­лері мен заманауи мәдениеттің қазіргі қо­ғам­нан алатын орны туралы ой­лар ортаға салынады. «Қыл­қа­лам» хабары Қазақстан бейнелеу өнері шеберлерінің әй­гі­лі картиналары жайында сыр шертсе, «Ғасырлар пернесі» бағ­дар­ламасы барысында халқы­мыз­дың ғажайып дәстүрлі музы­ка­лық шығармалары мен түркі мәдениетінің баға жетпес үздік мұралары көрерменмен қауыш­пақ. «Алтын көмбеде» жастарды кітап әлемінің сыршыл ғаламына жетелейді. «Әлі есімде» бағдар­ла­ма­сында қазақ эстрадасының хал-жайы баяндалса, «Кітапхана» бағдарламасы қазақ әдебиеті­нің әйгілі туындылары мен тарихи басылымдарымен таныстыру­ды мақсат еткен. «Жүздесу» ха­бары шығармашылық адам­дары өздерінің өнер жолындағы қол жеткен табыстары мен ізденістері жайында сұхбат өргізсе, «Абай» бес сериялы деректі фильмі қазақтың бас ақынының өмір өнегелерін өсер ұрпаққа үл­гі етіп ұсынады. «Қазақ дала­сы­ның құпиялары» он сериялы деректі фильмдер топтамасы бо­йын­ша түрлі өңірлердің өзіне тән өзгеше бояулары таныстыры­ла­ды. «Көкжиек» телелекция үлгі­сін­дегі ғылыми-танымдық жоба­сы да көрермен талғамына сай өрбиді деген сенім бар. «Мәде­ниет» бағдарламасы елімізде өтіп жатқан түрді мәдени оқиғаларға шолу жасай отырып, осы сала­дағы кез-келген жаңалық жайын­да толыққанды мағлұмат береді. Сондай-ақ «Легенды и мифы оперного», «Раскрытая партитура», «Неслучайные встречи» бағ­дар­ламаларында отандық өнер саң­лақтарының тағдыры, класси­ка­лық жауһарлар жайында әңгі­ме­лер қозғалады деп күтілуде. Тағы бір айта кететін нәрсе, жаңа арнаның «Қазақстан» респуб­ли­калық телерадиокорпора­циясы­ның негізінде ашылуы мен отан­дық өнімді жұртшылықтың спутник, интернет және кабельдік желі арқылы тамашалай ала­тын­дығы. Мерекелік кешке қатысушы мәдениет пен өнер өкілдері ішінен құттықтау лебізін әуелі КСРО халық әртісі Бибігүл Төле­генова жеткізді. «Көш жүре түзе­леді» деген, қазір Қазақ­стан­да жағдай жаман емес, соңғы жыл­дары қаншама мектептер, қазақ тіліндегі балабақшалар ашы­лып жатыр. Мәдениетіміз өр­кендесін десек, келешекте өзі­міздің ана тілімізді үйренуіміз керек. Кейде шет елге барған өнерпаздарымыз классикалық шы­ғармаларды жиі орындап жа­татынын көреміз, ал ондағы халық біздің дәстүрлі музыка­мыз­ға анағұрлым қызығу­шы­лық танытып жатады. Ендігі жерде біздің де мәдениетімізді өзгелерге кеңінен насихаттауға «Мәдениеттің» тигізер ықпалы мол болады деген сенім білдірді. Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов «Мәдениет» телеарнасы келешекте классика­лық, дәстүрлі музыкаларды қатар дәріптеуші арна болсын деген тілек білдіріп, әннен шашу шашты. Композитор Төлеген Мұха­мед­жанов ұлттық арнаның таза ана тілінде хабар таратуы өзінің ұлттық деген атауына шын ла­йық­ты екенін көрсетіп берді, деді. «Балапан» арнасы сәбилердің қазақ тілін бойына сіңіріп өсуіне ықпал ете берсін, бүгінгі тәй-тәй басқан қадамы құтты болсын десе, белгілі опера әншісі Жаннат Бақтай «Гауһартас» әнімен сергітіп тастады. Ақын Фариза Оңғар­сынова «Балапан» бағдарла­ма­сын сәбилердің қызыға тамаша­лай­тынын, осындай қазақ тілді хабарларға әсіресе, шалғайдағы ауыл адамдары сусап отырғанын айтып, келешекте телеарна қазақ жастарының рухын көтеретін хабарларды көптеп таратса деген тілек білдірді. Телеарна басшы­лы­ғына ризашылығын жеткізді. Сұлтан Оразалин «Қазақстан» теларнасының тарихына тоқтала келе, толқындар сабақтастығы үзілмесе, ұлттық арнаның бағын­дырар биіктері мұнан да асқақ бола беретініне сендірді. Кеш соңында «Қазақстан» ұлт­­тық телеарнасының басқарма төрайымы Нұржан Мұха­мед­жанова мерекелік кешке қаты­сушыларды отандық теледидар­дың айтулы жобасымен құттық­тап, мәдениет пен өнер тарлан­дарын «Мәдениет» телеарнасын­дағы бағдарламалар төңірегінде ой бөлісуге шақырды. Кез-келген ақпарат құралы өзінің қолдау­шыларынсыз, жанашырларынсыз жақсы өнімге қол жеткізе ал­майтынын, сол үшін ортақ іске қашанда қолдау керектігін, ең бастысы, Елбасы жүктеген тап­сыр­маның ойдағыдай орындалып отырғанын жеткізді. Сонымен, кеше Қазақ теледи­дарының жаңа дәуірі басталды деп айтудың әбден реті бар. Қуанышымыз ұзағынан болсын, қадірменді көрермен. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.