Еңселі ел экономикасының дамуы, әрине, кәсіпкерлік саласымен тығыз байланысты. Бүгінгі күні облыс көлемінде шағын және орта бизнесті дамыту Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауынан туындаған 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму, «Бизнестің жол картасы-2020», Үкіметтің «2010-2014 жылдарға арналған қазақстандық қамтуды арттыру жөніндегі», Жаңа Кеден одағы бизнесті жүргізуде әкімшілік кедергілерді азайту, «Жұмыспен қамту-2020», т.б. бағдарламалар, іс-шаралар аясында жүргізілуде.
Елбасының тапсырмасы бойынша аймақта жүзеге асырылып жатқан индустриалық-инновациялық жобалардың маңызы ерекше. 2010 жылы жалпы сомасы 26,0 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба іске қосылып, жаңадан 401 жұмыс орны ашылса, таяудағы жылдары облыс өңірінде 54 жоба жүзеге асырылады. Қазірдің өзінде 22 жоба қолға алынып, қазығы қағылып, кірпіші қаланып жатыр.
Шағын және орта бизнеске бірден-бір үлкен көмек көрсетіп, жол ашып отырған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында біздің облысқа республикалық бюджеттен 3,0 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Осындай көмекке ие болған жобалардың бірі – сауықтыру кешенін салған (жабық бассейн мен фитнес орталығы) «Темірхан» ЖШС екенін айта кеткен абзал. Ескі ғимараттың орнына 300 орындық балабақша салған «Сымбат Ойл», темір-бетон өнімдері өндірісін кеңейтуге кіріскен «АдемЖан» компанияларының да еңбегі ерен. Сондай-ақ, бұл бағдарламаның басқа да мүмкіндіктері арқылы кәсіпкерлерімізге сервистік қолдау қызметтері тегін көрсетілуде, «Назарбаев Университеті» базасында кәсіпкерлердің біліктілігі арттырылуда.
Сонымен қатар, «Өндірістік инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша былтырдан бастап кәсіпкерлеріміз үшін маңызды болып табылатын өнеркәсіп алаңы, индустриялық аймақ және «Қамбаш демалыс» аймағы ұйымдастырылып жатыр.
Мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлыққа бизнес өкілдері жауап ретінде әлеуметтік жауапкершілікті арттыру бағытындағы іс-шараларды белсене ұйымдастыруда. Жыл сайынғы өткізілетін қайырымдылық акциялары, «Сыр мейірімі», «Жүрек жылуы», мектеп жәрмеңкесі, бағаны тұрақтандыру бағытындағы іс-шараларда, тіпті басқа облыстарда болған апаттарға да өз қамқорлықтарын белсене көрсетіп, облыс экономикасын дамытуға қомақты үлес қосып отыр.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ынтымағы жарасқан елімізге тыныштық, береке-бірлік пен даму жолында биік белестерден көріне беруіне тілектестік білдіремін.
Алмас ТҰРТАЕВ, Қазақстанның «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы Қызылорда филиалының директоры.