«Еуразия» кинофестивалінің бас жүлдесін «Нөсер алдында» картинасы алды
Алматыны думанға бөлеген VII халықаралық «Еуразия» кинофестивалі де мәреге жетті. Киносүйер қауым бес күн бойы 7 бағдарлама аясында 20 елдің картиналарын тамашаласа, осы аралықта қазылар алқасы 12 картинаны сарапқа салды.
Фестивальдің ашылу салтанаты да, марапаттау рәсімі де Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өтті. Осының арқасында қазақ кинематографистері мен әлемнің киножұлдыздары Жастар қалашығында студенттеріміздің қошеметіне бөленді.
Аты төрткүл дүниеге мәшһүр қонақтардың қатарында Джон Кьюсак, Сигурни Уивер, Настасья Кински мен Нед Беллами, режиссер Чак Рассел, ресейлік актерлер Владимир Еремин, Вадим Колганов, Елена Корикова және Сергей Астахов болды. Ал режиссер Егор Кончаловский кинофестивальдің ашылу салтанатында «А»-ға оралу» атты картинасының тұсауын кесу құрметіне ие болды. Бұл фильм – қазақстандық және ресейлік кинематографистердің бірігіп түсірген лентасы.
Жетінші рет ұйымдастырылған «Еуразия-2011» кинофестивалінің биылғы жаңалықтары мен маңызды өзгерістерін бұрын да баяндағанбыз. Дегенмен, фестиваль аясындағы «Қазақстандық киножобалар рыногы» шарасы ең басты оқиғалар қатарынан орын алды. Бұл да күндердің күнінде кинематографистеріміз үшін нағыз кәсіпқой алаңға айналуы тиіс.
Бастапқыда киножобалар байқауына келіп түскен 65 өтініш ішінен 8-і іріктелініп алынса, ең соңында үш сценарий түпкілікті түрде таңдап алынған. Ендігі жерде бұл киножобалар қай жағынан болса да қаржыландырылып, еуропалық киностудиялардың көмегімен прокатқа шығатын болады. Режиссерлер үшін сирек туатын мұндай мүмкіндікке Әділхан Ержанов, Талғат Бектұрсынов пен Әмір Байғазин ие болды. Сондай-ақ, фестиваль барысында «Ерекше оқиға» бағдарламасы аясында өткен ерекше оқиғалар төмендегідей. Биылғы кинофестивальдің қазылар алқасына төрелік еткен режиссер Ким Ки Дук өзінің «Ариранг» атты картинасын, қазылар алқасының тағы бір мүшесі Рүстем Әбдірашев «Балалық шағымның аспаны» фильмін көрермен назарына ұсынды. Бұл бағдарлама режиссер Сламбек Тәуекелдің «Жерұйық», Карлос Саурдың «Фламенко, фламенко» картиналарын қамтыды.
Фестивальде бақ сынаған фильмдерден бөлек, конкурстан тыс жүрген көрсетілімдер де отандық кинематографияның аяқ алысын көрсетіп берді. Мәселен, мұны «Ырғақты дамып келе жатқан қазақстандық кино» бағдарламасына қатысты айтып отырмыз. Аталмыш бағдарлама аясында өз елімізде түсірілген ең көрнекті жұмыстар көрсетілді. Ал «Виртуалды Батыс» бағдарламасына қазылар алқасының мүшесі Жиль Маршан ең соңғы жұмысы «Қара аспанды» ұсынып, алматылықтар бұған қоса Ларс фон Триердің атышулы картинасы «Меланхолия» фильмін көруге мүмкіндік алды.
«Өзгермелі Шығыс» бағдарламасы «Капитан Абу Раед» (Иордания) пен «Ләйләнің туған күні»( Палестина) фильмдерін насихаттады. Бұл екі картина да Шығыс мемлекеттеріндегі қазіргі өзекті мәселелерді шыншыл тұрғыда көрсете алғандығымен бағаланды.
Сонымен, оңтүстіккореялық Ким Ки Дук бас болып, РФ халық әртісі, режиссер Владимир Хотиненко, француз режиссері әрі композиторы Жиль Маршан, жапон режиссері, 2007 жылы «Еуразия» кинофестиваліне қатысқан Йоити Сай мен өз режиссеріміз Рүстем Әбдірашев қостаған қазылар алқасына да ең үздік жұмыстарды таңдау оңайға түспеген. Бұл туралы Ким Ки Дук кинофестивальдің бас жүлдесі – Гран Приді өз қолымен режиссерлер Сано Синдзю мен Ерлан Нұрмұхамбетовке табыстап тұрғанда айтты.
– Бізге ең үздік фильмді таңдау өте қиын болды. Тіпті қазылар алқасының мүшелері дауыс беруде дауласуға дейін барды, – деді Ким Ки Дук.
Сонымен, биылғы кинофестивальдің бас жүлдесі жоғарыда аталған режиссерлер бірігіп түсірген «Нөсер алдында» (Жапония-Қазақстан) картинасына бұйырды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде иелеріне табысталатын жүлделер қатарында «Ең үздік режиссура» атағы бар. Бұл жүлдеге – режиссер Нариман Төребаевтың «Шуақты күндер» (Қазақстан) картинасы лайық деп табылды.
«Ең үздік ер адам рөлі» жүлдесі – Исландия режиссері Рунар Рунарссонның «Жанартау» фильмінде басты рөлде ойнаған Теодор Жулиоссонға берілді.
«Ең үздік әйел рөлі» жүлдесін Ресей кинорежиссері Игорь Волошинннің «Бәдауи» картинасындағы жұмысы үшін Ольга Симонова иемденді.
Сол сияқты соңғы жылдары дәстүрлі түрде беріліп жүрген халықаралық кинематографиялық басылымдар федерациясының – ФИПРЕССИ жүлдесіне филиппиндік режиссер Ораус Солитоның «Бусонг» картинасы лайық деп табылса, НЕТПАК қазылар алқасы өзбекстандық режиссер Зұлфықар Мұсақовтың «Мырыш» атты фильмін марапаттады.
Ал «Еуразия-2011» кинофестивалінің жабылу салтанатының сәні – голливудтық мега-жұлдыз Сигурни Уивер болды. Сигурни ханым да Қазақ еліне тұңғыш рет келіп отыр екен. Бұрын көрмеген елдің салт-дәстүрі мен қошеметі атақты актрисаға ұнағаны байқалып-ақ тұрды. Сигурни ханым да «Еуразия» кинофестивалінің сахнасында тұрып, «Әлемдік кино өнеріне қосқан үлесі үшін» сыйлығымен марапатталды.
Осылайша VII халықаралық «Еуразия» кинофестивалі де аяқталды. Ал Ермек Аманшаев мырза сегізінші кинофестивальге дайындық келесі күннен-ақ басталатындығын мәлімдеді.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.
Суреттерде: Гран-При алған қос режиссер; Сугруни Уиверге көрсетілген қошемет; жүргізушілер.