Кеше Қаржы министрлігіне қарасты Астана қалалық қазынашылық департаментінде PEM PAL қазынашылық қауымдастығының халықаралық семинары басталды. Семинар ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.
1-14 қыркүйек аралығында өткен Халықаралық валюта қоры миссиясы Қазақстанда бюджеттің атқарылуы және қазынашылық қызметі жалпы және тұтас алғанда халықаралық стандарттарға сай келеді деп баға берген болатын. Оған қоса, Қазақстан қазынашылығы ақпараттық жүйесінің табысты қызмет етіп жатқандығы жүйеге деген таяу және алыс шетелдердің қызығушылығымен қуатталып отыр.
Елімізде өтіп жатқан «Қазынашылық операцияларында ақпараттық технологиялардың қолданылуы» атты халықаралық семинар PEM PAL қазынашылық қауымдастығының жетекші тобы мен Қаржы министрлігінің қазынашылық комитетінің, сондай-ақ Астанадағы Бүкіләлемдік банк кеңсесінің қолдауымен өткізілуде. Семинарға таяу және алыс шетелдерден 70 адам қатысуда. Олардың қатарында Албания, Армения, Беларусь, Босния және Герцеговина, Македония, Оңтүстік Корея, Франция, Германия, Австралия, Кения, Дания және басқа да елдердің сарапшылары бар.
Семинардың басты мақсаты Қазынашылық қауымдастығына кіретін елдердің мамандары мен практиктерінің қазынашылық жүйесіне заманауи ақпараттық технологияны енгізу саласындағы тәжірибе алмасуы болып табылады. Аталмыш жүйе қазынашылық саласындағы ақпараттандырудың көкейкесті деңгейге шығуын қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттік қаржы саласын басқару жүйесінде де реформалардың алға жылжуына себін тигізуі керек. Үш күндік семинар барысында Бүкіләлемдік банктің мемлекеттік қаржы саласындағы ақпараттық жүйелер бойынша жетекші маманы Денер мырза осы тақырыпқа байланысты жуырда жүргізілген зерттеулер нәтижелерін жариялайды деп күтіліп отыр. Шараның алғашқы күнінде Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Байғожина, Ақпараттық технологиялар басқармасының бастығы Ерлан Шалғымбаев еліміздің қазынашылық жүйесіндегі ақпараттық технологиялардың енгізілуінің тұсаукесерін жасады. Ал ертең осы мәселелер бойынша арнайы шақырылған Оңтүстік Корея, Дания, Франция және Ресей елдерінің сарапшылары өз инновациялық шешімдерімен бөліспек.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.