Жексенбі күні түнде Ұлыбританияның астанасында болған екі лаңкестік шабуыл салдарынан кем дегенде 48 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Лондонның жедел жәрдем қызметі.
«Біз Лондондағы бес ауруханаға 48 науқасты жеткіздік және оқиға орнында жеңіл жарақат алғандарға медициналық көмек көрсеттік», - делінген қызметтің Twitter-дегі жазбасында. Жексенбі күні түнде Лондон орталығында екі лаңкестік шабуыл жасалды. Лондон көпірінде шағын автобус шамамен жиырмадай бір топ жүргіншіні соғып өткен. Куәгерлердің айтуынша, көліктен үш адам атып шығып, 30 сантиметрден ұзындау пышақтарымен маңайдағыларға шабуыл жасаған. Бұл Ұлыбританиядағы соңғы 2,5 ай ішіндегі үшінші теракті.