• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Маусым, 2017

Ауылын оздырған азамат

179 рет
көрсетілді

Осыдан алты жыл бұрын Қызылорда қаласындағы колледждердің бірінде дәріс оқып жүргенімде, ерте көктемде студент жас­тарды қаланың батыс жағында орналасқан аты республикаға танымал «Аб­зал и К» серіктестігіне бастап бардым. Мақсатым − жастар еңбек адамының өмір жолымен, компанияның тыныс-тірші­лігімен таныссын, өмірге деген құш­тарлығы, бизнеске деген қы­зығушылығы артсын дегендік еді.

Алдын ала келісілген мерзімде бізді серіктестік басшысының өзі қарсы алды. Ысылсын деген оймен әдейі жастардың өзі­не сұрақ қойдырдым. Сол сәтте сту­дентім Бердібек Сафаров: «Ағай, сіз осы мамандыққа қалай келдіңіз?» деп сұрап үлгерді. Ол кү­лім­сірей қарап: «Менің негізгі маман­ды­ғым құрылыс инженері ғой, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын «құрылыс инженері» мамандығы бойынша бітіргенмін. Еңбек жолымды 80-жылдардың соңында «Қызылорда үй құрылысы» комбинатында шебер болып бастағанмын. 80-жылдардың соңындағы экономикалық тоқырау маған да, менің отбасыма да өз салқынын тигізді. Комбинат жалақы орнына құрылыс материалдарын беретін, айлап жалақы алмаған кезіміз болды. Алдағы күннен үмітті жас жігітпіз ғой, үйленіп отбасын құрсам қажет болар деп жинаған құрылыс материалдарын азық-түлікке, күрішке айырбастадық. Ай­ырбас сауда, бартер дегеннің дәмін алғаш рет сол жылдары таттық.  Сол жылдары Сыр өңірінде өндірілетін мехнаты көп күріш дақылының барынша төмен бағаланатынын біліп іштей қынжылатын едік. Осылайша бизнес деген белгісіз әлемнің есігінен ептеп енгенбіз», деді Абзал Жұмашұлы.  Осы сәтте және бір студент: «Ком­пания қалай құрылды? Қанша адам болды?» деп жеделдете сұрағын қоя бастады. «Жаңа айтып өткенімдей сол кезде компанияның басшысы да, жүкшісі де өзім болдым. Уақыт тығыз, 25-50 кило күріш салынған қаптарды тасу да, жеткізу де оңай емес еді, әрине. Бірақ, мен қалай да табыс табамын, ата-анамды, бауырларымды алға шығарамын деп тырыстым. Ата-анам десем, ауылым еске түсетін. Ауылдың көркейген келбетін, ата-анамның дәулетті тұрмысын көргім келетін. «Жалғыз ағаш орман емес» дегендей, жаныма бауырларым Мұрат, Марат Сәрсенбаевтар келді. Сөйтіп, компанияның іргетасы 1994 жы­лы қаланды», дейді компания басшысы. Күріш зауыты дегенге жүздеген, мыңдаған адам еңбек ететін зауыт па десек, бәрі жинақталған, жүйеленген өндіріс ошағы екен.Тап-тұйнақтай таза аула, жерден төбеге дейін ұқыпты жиналған күріш салынған қаптарға сірескен қоймалар, күріші бөлек, күрмегі бөлек, тек пультпен басқарылып тұратын неміс, корей, қытай технологиясымен жабдықталған зауытыңыз осы. Ал келесі кереметке көз тоймай қарадық. Наурыздың қатқақ қары сөгіле бастаған мезгілде жайнап тұрған баққа кез болдық. Бұл – компанияның гүл өсіретін жылыжайлары еді. Іште 25-30 градус температура көрсетіп тұрды. Осы жылыжайда өсі­ріл­ген гүлдер Нағи Ілиясов ауылының кө­ше­лерін көмкеріп, көркемдеп тұрады. Компания өнім өндіруден тәжірибе жинақтай отырып, әлемнің күріш өсіруші елдерінің технологиясын өз өндірісіне қосты. Қазірде де ба­тыстың яки неміс технологиясының іс­ке қосылуы нәтижесінде сағатына 5 тон­на­дан астам күріш ақтап, жылына 30-35 мың тонна күрішті өңдеп, сұ­рып­тап саудаға шығаруда. «Абзал и К» се­рік­тес­тігінің өнімдері әлемдік стан­да­рт­тың сұ­ранысына жауап береді. Абзал азаматтың туған ауылын көркейту үшін жасаған еңбегі халықтың шынайы ризашылығын туғызды. Шылқыған байлық пен сән-салтанатты өмір сүріп жатса да, қаріп-қасер мен жетім-жесірге қарай­лас­пайтын қайырсыздар толып жатыр емес пе? Ал біздің кейіпкеріміз нағыз «Аты­мтай жомарттың» өзі. Бір өзі екі ауыл­ды бірден көркейтіп гүлдендіруге уа­қытын да, қаржысын да аяған жоқ. Абзал Ералиев өз әріп­тес­тері мен ауылдастарының еңбегіне сай ақы төлеп, 3 отбасына өз қаражатынан бас­пана тұрғызып берді. Халқының риза­шы­лығын тудырған тағы бір қарекеті − 2015 жылы қаланың «Ақмешіт» шағын ау­данынан күмбезі көкке жарқыраған имандылық үйі − мешіттің салынып пайдалануға берілуіне мұрындық болған да осы Абзал азамат. Әлеуметтің әлеуетін көтеруге мей­лін­ше мол үлес қосқаны және ауылды абаттандырудағы ерекше еңбегі үшін Абзал Ералиевке «Қазақстанның Еңбек ері» атағы берілді. Еңбектің өтеуі қайтқан деген осы. Қазақстан байтақ ел, бейбіт Отанның әрбір тауы мен тасы, сылдырап аққан бұ­лағы, сағымдай созылған сар даласы ер­лердің еңбегімен жайнап, жасарып келеді. Күрішті атыздарда күні-түні заманауи техникамен жұмыс жасайтын кезең туды. Әйтсе де, ата кәсіп жүзі күнге шағылысқан кетпенді арқалаған ағам Ешмұрат күріштің нарқын көтеріп, бәсекеге бел шеше кіріскен Еңбек Ері Ералиевке сенеді. Егемен елдің еңбек торысы Ералиев ел үмітін ақтады.

Кенжегүл ҚАДІРОВА,  С.Әлжіков атындағы  №144 орта мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары, жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі