• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Маусым, 2017

Теңгерімді саясат өзара серіктестікті нығайтады

184 рет
көрсетілді

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) алқа мүшесі, ЕЭК-тің Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі, Қырғызстан өкілі Мұқай Қадырқұловпен әңгіме

– Мұқай Асанұлы, Қырғызстан осы­дан бір жарым жылдан астам уақыт бұрын Еуразиялық эконо­мика­лық одақтың толыққанды мүшесі болып қабылданды. Сіздің ойы­ңызша, осы аралықта қандай нәти­желі жұмыстар жүзеге асырылды?  – Қырғызстан үшін еуразиялық экономикалық интеграцияның орны бөлек. Біз үшін аталған Одаққа мүше­лік­ке өтудің өзіндік маңызы бар еді. Нақтылай айтқанда, бұл бірлестік аясында экономикалық тепе-теңдік саясаты сақ­талады, сондай-ақ, өзара байланыс­тар­да еліміздің ұлттық ерекшеліктері мен дәстүрлі моральдық және мәдени құн­дылықтары, қоғамымыздың тарихи ас­пектілері барынша ескеріледі.  Одақ аясында қабылданған шарттар мен келісімдердің, түрлі шешімдердің талаптарын орындау мүше мемлекеттер үшін міндетті болып табылады. Қазіргі таңда көптеген жоғары деңгейлі құжаттар қабылдануда. Мұндай құжаттарды дайындауда, оны қабылдауда Қырғызстан өзге мүше елдермен бірдей құқыққа ие. Яғни, Қырғызстанның келісімінсіз ЕАЭО-ның бірде-бір құжаты заңды болып есептелмейді.  Біздің еліміз Одаққа қабылданбай тұр­ған кезде де мүше мемлекеттер –Армения, Беларусь, Қазақстан және Ресеймен түрлі салада тығыз байланыста болып келген. Дегенмен, өзара қарым-қатынастар теңгерімді жағдайда жүргізілуі тиіс болатын. Енді, міне, бұл қ­атынастар Одаққа ортақ ереже­лерге сәй­кес тең құқықта жүзеге асыры­луда. ЕАЭО – тек миллиондаған адамдардың на­рығы ғана емес, ол жоғары бәсекелестік ала­ңы. Оның талаптарын еңсеру үшін бү­кіл қоғамның тынымсыз еңбегі қажет. Жалпы, ЕАЭО аясында көптеген игі­лікті істер атқарылуда. Қырғызстан Одақ­қа толыққанды мүше болған тұс­та бірінші кезекте қазақ-қырғыз ше­ка­ра­сындағы кедендік бақылау жойылды. Біздің азаматтарымыз өздерінің жүктерін Одақ аумағында еркін алып жүре алатын болды. Әсіресе, Қазақстан мен Ресейде жұмыс істейтін біздің еліміздің азаматтары үшін бұл өте ыңғайлы болып тұр. Бұл сұрағыңызға қайтарған жауа­бым­ды қорытындылар болсам, Қырғызстан өзге мүше мемлекеттер секілді Еура­зия­лық экономикалық одақтың мүм­кін­дік­терін біртіндеп пайдаланып келеді. ЕАЭО елдерінің барлығы еуразиялық интеграцияның игіліктерін көріп отыр. – Еуразиялық кеңістіктегі инте­гра­циялық процестерді іске асыру ор­тақ кеден саясатын жүргізуден бас­т­ау алды. Дегенмен, мүше мемлекеттер арасында аталған сала бойынша қа­­тынастарды тереңдете түсу әрекеті бай­­қалуда. Негізінде, өткен жылдар­да осы мәселеге қатысты қандай та­быс­тар­ға қол жеткізілді? ­– Кедендік реттеу, бұл – интеграция үшін өте маңызды. Аталған саланың жұмысын ілгерілету бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Бірлестікті қалып­тас­тыру барысында ортақ нарықта тауар­ларды өткізу бойынша 23 кедергі анық­тал­ды. Қазіргі таңда олардың басым бөлігі жойылды. Өткен жылы Комиссияның кедендік блогы тиісті рәсімдерді оңайлату және жеделдету бағытындағы 70 нормативті акт дайындады. Бұған қоса, тауарлар мен көлік құралдарын декларациялау бо­йынша талап етілетін ақпараттар санын азайтуға қатысты бірқатар жеңілдіктер қа­растырылды. Сондай-ақ, былтыр ЕАЭО елдерінің сыртқы экономикалық қыз­­метіне байланысты «бір терезе» қағидатын іске асырудың дайындық кезеңі аяқталды.  Одақтың сауда саласындағы стра­тегиялық әріптесі Қытай Халық Рес­пуб­ли­касымен ақпарат алмасу бағытындағы келі­сім әзірленуде. Біз қытайлық әріп­тес­терімізбен тауар және көлік құ­рал­да­ры туралы ақпарат алмасуға келістік. Мұн­дай мәселеде ақпарат алмасу ұлт­тық реттеуіштер арасындағы сенімді нығайтады әрі сыртқы экономика саласында қызмет ететіндердің жұмысын жеңілдетеді.  Бұдан бөлек, Вьетнаммен еркін сауда туралы келісім аясында кедендік ақпарат алмасу бойынша келіссөздер басталды.  Былтыр Еуразиялық экономикалық комиссия мен Дүниежүзілік кеден ұйы­мы арасында өзара түсіністік туралы ме­морандумға қол қойылды. Бұл бізге ке­ден саласындағы халықаралық озық тәжірибелерді зерделеуге мүмкіндік береді.  Бұл барлық қадамдар Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасу ке­зеңі­нен өткенін, сондай-ақ, әлемдік эко­номикалық қоғамдастық алдында күшті, сенімді, ұзақ мерзімді ойыншы ретінде мойындалғанын білдіреді.  Әрине, бірлестіктің 2016 жылғы бас­ты жетістігі ретінде Кеден кодексін әзір­леу жұмыстарының аяқталғанын ай­т­у­ға болады. Кеден кодексі – ЕАЭО-ны құру жөніндегі шарттан кейінгі ма­ңыз­ды құжат. Ол Одаққа мүше елдер­дің мемлекеттік органдары мен биз­нес-қоғамдастықтардың өкілдері қа­тыс­тырыла отырып, ыждаһаттылықпен дай­ындалған ауқымды құжат болып та­былады. – Мұқай Асанұлы, аталған Кеден кодек­сінің негізгі жаңалықтарына тоқ­тала кетсеңіз. – ЕАЭО-ның бұл жаңа Кеден кодексі толықтай электронды технологияға сәйкестендірілген. Қағазбастылық мәсе­ле­сі болмайды. Тауарларды декл­а­ра­ция­лау­­да азаматтар тиісті орынға келіп әуре-сар­саңға түспейді.  Біз жаңа Кеден кодексін сыртқы экономикалық қызмет жүйесіндегі «бір терезе» қағидаттарына негіздедік. Бұл ЕАЭО аумағында бизнес істерін цифрлық әдіспен жүзеге асыру бағытындағы ма­ңызды жоба болып саналады. Тауарлар дек­ларациясын тіркеу, тауарды өткізу туралы шешімдер автоматты режімде, инспектордың қатысуынсыз жүзеге асырылады. Қосымша тексеру жұмыстары да адамдардың қатысуынсыз, яғни ком­пьютер арқылы жүргізіледі. Бұл өз кезе­гінде уақытты үнемдеуге, адамдар тара­пынан жіберіліп жататын кейбір қате­ліктерді болдырмауға мүмкіндік береді.  Цифрлық технологияға негізделе түзілген жаңа Кодекстің арқасында тау­ар­ларды өткізу уақыты алты есеге қысқарады. Бұл – жай ғана айтыла салған сөз емес. Жаңа Кодекс талабы бойынша тауар декларациялық тіркеуден өткен сәттен бастап 4 сағаттың ішінде өз бағытымен жіберілуі тиіс. Со­нымен қатар, бұл жаңа Кеден кодек­сінің тағы бір ерекшелігі ретінде уә­кі­летті экон­о­ми­калық оператор (УЭО) мәр­те­бесінің нақтылана түс­кенін айтуға бо­лады. Бұл бизнес үшін жа­ңа мүм­кін­діктерге жол ашады. Та­сы­мал­да­на­тын тауарларды ба­қы­лау­дың жоғары с­тандарттарын ұс­тану ісін­де оператор айтарлықтай артық­шы­лық­тарға ие болады. Уәкілетті эко­но­ми­калық оператор институты мемлекетпен сенімді әріптес бола алады.  – Еуразиялық экономикалық ко­мис­сия өз қызметін жүзеге асыру ба­ры­сында қандай ұстанымдарға кө­бі­рек назар аударады? – Комиссия өз жұмысын ашық жүр­гізеді. Бұл өз кезегінде Комиссияға деген сенімділікті күшейтеді. Негізінде, Одаққа мүше мемлекеттердің биз­нес­­мендері интеграциялық процес­терге толық қатыса алады. Нақтылай айт­қанда, бизнес-қоғамдастықтардың уә­кілетті өкілдері Комиссия тарапынан жа­рия­ланатын барлық нормативтік-құ­қықтық актілерді әзірлейтін жұмыс жә­не сараптамалық топтардың толық мү­шелері болып табылады. Сонымен қатар, Еуразиялық эко­но­ми­калық комиссия министрлерінің же­тек­шілігімен консультативтік коми­тет­тер жұмыс істейді. Біз бұл коми­теттерді бизнес ісінде кездескен қиындықтарды әділ әрі ашық талқылап, олардың заңдық тұр­ғыда шешімін табуына жол ашу мақ­сатында құрдық. Кедендік блокта Кедендік реттеу және ЕАЭО-ның ке­дендік шекарасындағы бақылау ор­ган­дарының өзара ынтымақтастығы жө­нін­де­гі екі консультативтік комитет жұмыс іс­тейді. Қорыта айтқанда, Комиссия ұсынған ше­шімдердің жобаларына қатысты қандай да бір ескертпелер мен ұсыныстар айтылып жатса, ол жоба қайта қарауға жіберіледі. Бұл орайда бірде-бір шешім бизнес-қоғамдастықтың келісімінсіз қабылданбайды.  – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»