• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Маусым, 2017

Жолайрықтағы қазақ қоғамы

1147 рет
көрсетілді

Әлеуметтану ғылымында қоғам дамуының тарихын Аграрлық, Индустриялық және Ақпараттық деп үшке бөліп қарастыру дәстүрі бар.

Бірінші кезең – Аграрлық қоғам осыдан 10 мың жыл бұрын Месопотамияда, қазіргі Ирак, Сирия, Түркия, Иран елдерінде басталған. Адамзат терімшілік-аңшылық дәуірінен егіншілікке ауысып, жабайы жануарларды қолға үйретіп, отырықшы өмір салтын қалыптастырған. Бұл ежелгі өркениетке қазіргі қазақ даласы 4 мың жыл бұрын алма жемісінің тұқымын, 3 мың жыл бұрын асау үйретіп, үй жылқысын қосқан. Сондай-ақ, біздің заманымызға дейінгі 120-жылдардан бастап, Орталық Азия Ұлы Жібек Жолының негізгі бөліктерінің бірі болған.

Екінші кезең – Индустриялық төңкеріс Англияда XVIII ғасырдың ортасында басталған. Қол еңбегі механизацияланып, еңбек өнімділігі күрт өседі. Алғашқы кезеңнің ғаламшарға түгел тарауына мыңдаған жылдар қажет болса, жалпы әлем индустриялизацияның игілігін барды-жоқты көруге екі-ақ ғасыр жеткілікті болыпты.  

Үшінші кезең – Ақпараттық қоғам 1960-жылдары Америка Құрама Штаттарында басталды. «Пост-индустриализм» (Дениэл Белл), «Технократиялық заман» (Збигнев Бжезинский), «Үшінші толқын» (Элвин Тоффлер) және «Байланыс қоғамы» деген түрлі атаулармен белгілі қазіргі заман адамзатты тағы да сынақ көпірінен өткізуде.

Жаңа заман жақсылығын барша адам бірдей көре қояды деген сөз емес. Бүкіл әлем басшыларының басын жылда Давоста қосып жүрген Дүниежүзілік экономикалық форумның құрылтайшысы әрі басшысы Клаус Шуаб «Төртінші индустриялық төңкеріс» кітабында «Индустриалды революцияның символы – электр қуатынсыз әлемнің 17% халқы немесе 1,3 млрд адам күн көруде. Әлемнің жартысының немесе 4 млрд халықтың қолы ақапарттық заманның игілігі – интернетке әлі жете қойған жоқ» деп жазыпты.

Әр кезеңнің қызығын сол заманға тән технология мен энергия көзін игерген халықтар алғаш болып көріп отырған. Мәселен, Аграрлық қоғамның құралы – арба мен соқа, ал қуат көзі – жан-жануар күші болса, Индустриялық қоғамның технологиясы – электромеханика, қуаты – қазба байлықтары – көмір, мұнай, газ, уран... Бүгінгі Ақпараттық заманның еңбек құралы – компьютер, сандық технология, жасанды зерде, қуат көзі – жасыл энергетика – күн, жел, судан алынатын электр энергиясы. 

Жоғарыдағы үш түрлі қоғам, үш түрлі тарихи кезең тып-тыныш келе салмапты. Қоғам ауысқан сайын қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық шиеленістер орын алып отырған. Мәселен, Англияда механизацияланған алғашқы зауыттар пайда бола бастағанда тоқымашылар, теміршілер және басқа да қол өнер шеберлері іргесі енді қаланған зауыт-фабрикаларға бұзақылық шабуыл жасаған. Ағылшынша «луддиттер» деген (luddites) атау кейіннен жаңа технологияға қарсыларды суреттейтін ортақ термин сөзге айналып кетті.  Олардың қарсы шығып жүрген себебі кез келген технологиялық өзгеріс дәстүрлі жұмыс орындарының қысқаруына әкеп соғады. Жаңа заманға үйрене алмағандар жаңалыққа қарсыласқаннан басқа амал таппайды. Көптеген соғыстар мен төңкерістер қоғамдық формация кезінде орын алған екен. Тіпті Америка азаматтық соғысы (1861-1865) құлиеленушіліктен құтылудың емес, Аграрлық оңтүстік пен Индустриялық солтүстік арасында болған қақтығыстың жарқын көрінісі деседі.

Ал енді қазір Ақпараттық қоғамға өтпелі кезеңде де солай болып жатыр. Тағы да Клаус Шуабтың жазуынша, ХІХ ғасырдың басында АҚШ-тағы жұмыс күшінің 90%-ы ауыл шаруашылығында болса, қазір дәл сол жұмысты еңбекке жарамды халықтың 2%-ы ғана игеріп отыр. Өткен екі ғасырды емес, соңғы жиырма бес жылды алсақ, Америка автокөлік индустриясының отаны Детройттағы капитализациясы ең көп үш компанияда 1990 жылы 1,2 млн адам жұмыс істесе, қазір Калифорниядағы Кремний алқабындағы ең алпауыт үш корпорацияда небары 137 мың адам жұмыс жасайды. Ширек ғасырдың өзінде екі кезеңнің ең үлкен үш компаниясы жұмысшыларының айырмашылығы 10 есеге жуық.

***

Өткен аптадағы ғаламдық маңызы бар жаңалық – АҚШ-тың Париж климат келісімінен шығуы болды ғой деп ойлаймын. АҚШа президенті Дональд Трамп бұл әрекетін «Америка көмір индустриясындағы 2 миллионнан астам жұмыс орнын сақтаймын» деп түсіндірді.

Трамп мырза бұл шешімімен жұмыс орындарын ұзақ сақтап тұра алмауы әбден мүмкін. Төрге жылыстаған Ақпараттық қоғамның талаптары енді ауыздықтата қоймас! Америкалық ғалым  Карл Фрей 2013 жылы болашақ жұмыс орындары туралы еңбегін жария етті (The future of employment: How susceptible are jobs to computerization?). Фрей болашақта жойылатын 702 кәсіптің тізімін шығарып, индустриясы да, ақпараттық технологиялары да дамыған Американың өзінде еңбеккерлердің  47%-ына жұмыссыз қалу қауіпі төніп тұрғанын дәлелдеді.

Трамптың Париж келісімінен бас тартқаны Батыс әлемін идеологиялық қайшылыққа әкеліп тіреді. Себебі, 195 елдің басын қосып, бүкіл әлемді көміртекті жағуды азайта түсуге көндіру Батыс Еуропа мен АҚШ-қа оңай тимеген екен. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1992 жылы қабылдаған Климат конвенциясынан (Framework Convention on Climate Change) 2015 жылғы желтоқсандағы Париж келісіміне дейінгі бақандай 23 жылғы еңбек. Әсіресе, дамушы елдер көп тулаған. Оған негіз де жоқ емес. Батыс елдері қазба байлығының күшімен мемлекеттерін индустрияландырып алды да, өрлеудің кезегі Қытай, Үндістан және басқа да дамушы елдерге келгенде көміртегін пайдалануға "шектеу" шықты.

Америка сарапшылары АҚШ-тың "әлемдік көшбасшылық рөлін Қытайға беріп қойып жатқанын" жазуда. Оған қоса, болашақты көмір, мұнай мен газға байлау - өскендіктің емес, өшкендіктің белгісі деп бағалап жатыр.

Қалай болған күннің өзінде, Ақпараттық қоғам иек артатын жасыл энергетика қозғалысы тоқтамауға бағыт алған. Еуропа Одағы 2020 жылға таман электр қуатының бір бөлігін таза көздерден аламыз деп келіскен. Оның ішінде, Ирландия мен Норвегияның энергетика саласы қазірдің өзінде толығымен қайта қалпына келетін көздерге өткен екен.

Қытай қазір жасыл энергетика дүмпуін бастан кешіп жатқандай. 2017 жылдың бірінші тоқсанында Қытайдағы күн қуаты өндірісі 80% өскен. Қалпына келетін энергетика агенттігінің (the International Renewable Energy Agency) мәліметіне жүгінсек,  2016 жылы Қытай күн қуатына қатысты салада 2 млн адамға жұмыс тауып берген. Әлемде күн энергетикасында қызмет ететін әр үш адамның екеуі қытайлық екен. Көршіміздің күн қуаты мамандары осы саладағы америкалықтардан 8 есе көп көрінеді.

"Қайта қалпына келетін" деп аталып жүрген (renewable) күн, жел және су қуатының бүгінгі таңдағы негізгі қолбайлаушысы – оның бағасы. Жер астындағы "ағаларына" қарағанда қымбаттау.

Бірақ Блумберг агенттігі (Bloomberg New Energy Finance) 2030 жылы күн қуаты әлемдегі ең арзан энергия болады деп болжап отыр. Ал жел қуаты 2040 жылға қарай 40% арзандамақ.

Осы жылдың ақпанында Гардиан газеті Лондонның Империал колледжіндегі Грехэм институты мен Көмірсутегін бақылаушы бастама қорының баяндамасына сілтеме жасай отырып, «Электр қуатымен жүретін көліктер мен күн панелдері бағасының арзандауы 2020 жылға таман мұнай мен көмір өндірісі өсімін тоқтатады» деп жазды.

Ғалымдардың айтуынша, көміртегін бүгінгідей жаға берсек, 2100 жылдары күннің қызуы 3.6 градусқа көтеріледі екен. Ал Парижде келісілген межеге жетсек, температура тек 2.8 градусқа жоғарламақ.

Адамдардың күн қызуына қаншалықты қатысы бар екенін дөп басып айту қиын, екіұдай көзқарас бар. Сырттай қарағанда, халықаралық саясаттағы трендтер мен таластардың Жер жылуына емес, қоғамдар аусар алдындағы өтпелі кезеңнің көріністеріне көбірек ұқсайтындай. Аса көрнекті болашақты болжаушы Элвин Тоффлер өзінің сонау 1980 жылы шыққан «Үшінші толқын» кітабында Ақпараттық қоғамға өтпелі кезең 2025 жылға дейін созылатынын жазған.

АҚШ-тың Париж келісімінен шығуы таяқ болып тек Трампқа тие ме, әлде Америка жұлдызының өше бастағанынан xабар бере ме, ол жағына дәл шатағымымыз шамалы. Бізді алаңдататыны – ел тағдыры.  

Осыдан мыңдаған жылдар бұрын басталған Аграрлық қоғам аң аулап, жеміс теріп жүрген адам баласына отырықшылық мәдениетті алып келсе, көшпелі өркениеттің соңғы сүлейіндей болған қазақ қоғамы өткен ғасырда ғана бір қонысқа ат басын байлады.

Индустриялық қоғамды бағыт бастаған Англиямен емес, соңғы вагондарына ілініп кеткен КСРО-мен бірге құрыппыз. Қазақтың жалпысы бақылаушы, жалқысы ғана қатысушысы болған. Осы уәжге көрнекі бір мысал келтіре кетсек, индустриялизация Еуропаға уақытпен санасушылықты (punctuality) үйреткен екен. Зауыт-фабрикада істейтін адамның уақыты шектеулі. Жұмыс сағат 9-00-де басталып, 6-00-де аяқталады дегендей. Ал уақытпен санаспау Аграрлық қоғамға тән екен. Қазақтың бойында кешігу, уақытында келмеу деген қасиеттер болса, ол онда Аграрлық заманның сарқыты.

Еліміз егемендік алып, индустриаландырамыз деп жатқанымызда жан-жақтан Ақпараттық қоғамның талаптары бүйректеп қояр емес.

Бейнелеп айтар болсақ, Ақпараттық қоғамның жетістігі – смартфонмен сөйлесіп, Индустриялық қоғамның жетістігі – көлікке мініп, Аграрлық заманның қасиеті – жиын-тойға кешігіп келетініміз рас болса, бүгінгі қазақтың бойында осы үш қоғамның да қаны бар.

Тоффлердің пайымдауынша (40 жыл бұрын жазған), қазір бүкіл әлем елдері Ақпараттық қоғам атты жарысты бастар сызықтың алдында тұр. Оның ақылы бойынша, Бірінші толқындағы (Аграрлық қоғам) мемлекеттер индустриялизацияның машақатын тартып, ұлттың өмір салты мен болмысын өзгертудің қажеті жоқ екен. Себебі, Аграрлық және Ақпараттық өркениеттің ерекшеліктері бір-біріне ұқсас. Алғашқы толқынға тән патриархалды аграрлы қоғам өмір салтына Үшінші толқынның жоғарғы технологиясын кіріктірсе, Ақпараттық заманның жаңа қоғамы пайда болатын көрінеді.

Соған қарағанда, қаймағы бұзылмаған қазақ қоғамының жаңа заман көшбасшыларына қосылуға әбден мүмкіндігі бар. Ақпараттық қоғамның қуат көзі – жасыл энергетикаға арналған ғаламдық Astana EXPO – 2017 жобасы қалың қазақ бұқарасының дамуына дүмпу туғызатын оқиғаға айналса екен деп тілейміз!

Шыңғыс МҰҚАН,

Гарвард университетінің магистранты,

АҚШ, Бостон